V.Білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау және бағалау
1. Оқу тапсырмаларының барлық түрлері бойынша білім алушының оқудағы жетістіктері білімді бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесімен бағаланады.
2. Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау оқу пәнінің әр тақырыбы бойынша өткізіліп, дәрісханалық және дәрісханадан тыс сабақтардағы бақылауды қамтиды. Ағымдық бақылау бағасы (жіберу рейтингінің бағасы) дәрісханалық сабақтардағы және білім алушының өзіндік жұмысын тапсырудағы ағымдық бақылау мен аралық бақылау бағаларынан жинақталады.
3. Үлгерімнің ағымдық бақылауы кезінде білім алушылардың оқу жетістіктері, әрбір орындаған тапсырмалары (күнделікті сабақтардағы жауап, үй тапсырмаларын орындау, білім алушының өзіндік жұмысы, аралық бақылау) 100 балдық (100 пайыздық) шкала бойынша бағаланып, ағымдық бақылаудың соңғы қорытындысы академиялық кезеңде алынған барлық бағалардың орта арифметикалық қосындысы ескеріле отырып есептеледі.
Осындай әдіс аралық және қорытынды аттестаттау кезеңінде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау кезінде де қолданылады.
4. Пән бойынша бақылау түрі тек курстық жұмысты (жобаны) қорғау болған жағдайда, білім алушының білімін бағалау сараланған (дифференциалдық) сынақ түрінде 100 балдық (100 пайыздық) бағалау жүйесіне сәйкес қойылады. Білім алушының курстық жұмысты (жобаны) орындауына 100 пайызға дейін, салмақтық үлесі 60%, курстық жұмысты (жобаны) қорғауы 100 пайызға дейін, салмақтық үлесі 40% болып есептеледі. Бұл жағдайда курстық жұмыстың (жобаның) бағасы мемлекеттік стипендияны, курстан курсқа көшіру балына есептеуде ескеріледі.
Пән бойынша курстық жұмысты (жобаны) тапсыру беріліп, бірақ сол пәннен бақылау түрі емтихан болған жағдайда курстық жұмысты (жобаны) бағалау пән бойынша ағымдық бағалауға енгізіледі. Аталған пән бойынша жіберу рейтингісін алмаған білім алушылар қорытынды бақылауға (емтиханға) жіберілмейді. Курстық жұмыстарын (жобаларын) тапсырмаған білім алушылар тиісті пән бойынша емтиханға жіберілмейді.
5. Үлгерімді ағымдық бақылаудың бағасы (жіберу рейтингісінің бағасы) пән бойынша қорытынды бағаның 60%-ын құрайды және емтихан бағасы пән бойынша қорытынды бағаның 40 %-ын құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |