Ұлы қазақ халқы өзінің төл мәдениеті мен өнерін, тілін қастерлеуді талап етеді, жаңа әндері мен билерін шығарарда, қолөнері мен соның ішінде ұлттық киімді көркемдеуге көп мән бөлінген



Дата17.07.2016
өлшемі92.63 Kb.
#205690
Ұлттық ою-өрнек,сахналық костюм, қолөнер, эстетикалық тәлім-тәрбие, қыздар киімі, ерлеркиімі, киім үлгілері, балалар киімі, көркемдеу әдістері.
Ұлы қазақ халқы өзінің төл мәдениеті мен өнерін, тілін қастерлеуді талап етеді, жаңа әндері мен билерін шығарарда, қолөнері мен соның ішінде ұлттық киімді көркемдеуге көп мән бөлінген.

Ұлттық мотивтегі сахналық би костюмдері қазіргі сәнгер-суретшілердің шығармашылық шабытынан туындайды.

ӘОЖ 793.31:7.016:7.048



ҚАЗАҚ БИІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОЮ - ӨРНЕКТІҢ МАҢЫЗЫ
МЫРЗАБАЕВА ГҮЛБАНУ ЕЛУБАЙҚЫЗЫ
Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университеті
Би қойылымында қимыл, музыка және бишінің сыртқы ажары бір-бірімен байланыста. Осы үш тұтастық бірдей көркемдік жоғары деңгейде орындалса, бидің сахналық образының құндылығын көре аламыз.

Көп жағдайларда хореографиялық ұжымдардың жетекшілері ұлттық билерде, әсіресе қазақ билерінде, бидің сыртқы пішіндерін көркемдеу мәселелеріне мән бермейді.

Негізінен мұндай жағдайлар қазақ билерінде көп кездеседі, мысалы, музыкасы қимылына сәйкес емес, немесе музыкасына сахналық киімдері сай емес, я болмаса, бишілердің костюмдері би қимылдарын орындауға кедергі жасайды. Сондықтан, осындай кәсіби жетілмеген қойылымдар сахнаның деңгейін төмен түсіреді.

Ұлы қазақ халқы өзінің төл мәдениеті мен өнерін, тілін қастерлеуді талап етеді, жаңа әндері мен билерін шығарарда, қолөнері мен соның ішінде ұлттық киімді көркемдеуге көп мән бөлінген.

Бүгінгі таңда халықтың дәстүрлі өнерін қайта жаңғыртып,эстетикалық тәлім-тәрбие беру мүмкіндіктерін пайдалануға зор көңіл бөлінеді, хореографиялық ұжымның жетекшісі, қазақ биінің маманы жас жеткіншектерге қазақ ұлтының мәдениетін және қазақ тарихының жаңа беттерін ашып, оларға қолөнерінің құндылығын көрсетіп, ғасырлар бойы халықтың жинаған ұлттық киімдердің үлгілерімен таныстырып, жастардың мақтаныш сезімін оятуда. Бірақ, қазақ ұлтының киімдері жайлы оқығанда бір жәйді ұмытпау керек, сахнада орындалатын би қойылымына арналған костюм мұражайдағы үлгінің көшірмесі болмауы (қазақ биінің костюміндегі ою-өрнектері де, пішіп-тігілуі де).

Әрине, қазақтың ұлттық киімінің негізгі тігілу әдістері, түстік тіркесімдері, ою-өрнектердің түрлері мен атаулық сипатын ұмытпай, қимылдарды орындауға ыңғайландырып және киім маталары да жеңілдетіліп, ою-өрнектері мен әшекейлік бұйымдары жәй, бірақ сахнада мәнерлі көрініп, костюмнің стилін және ұлттық колоритін жоғалтпау керек.

Қазақтың ұлттық киімдері, әсіресе қыздардың киетін киімдері ерекше, пішіп-тігілуі де, ою-өрнектері де, әшекей бұйымдары да. Қыздар бойжеткенше бастарына тана, күміс шытыра тағып, үкілі тақия киіп жүрген. Тақияның да бірнеше түрлері бар. Қыздар қос етек көйлек киіп, барқыттан тіккен кеудеше, мойнына қызыл маржан таққан. Шаштарын тарамдап өріп, аяғына аласа өкшелі етік киген. Он бес-он алты жастағы бойжеткендер етегіне екі-үш бүрмелі желбіршек салған ұзын көйлек, белі қынамалы, жеңсіз оқалы қамзол киіп, қаптырмамен қабыстырған. Шаштеңге, шашбау, шолпы сияқты әшекейлерді бұрымдарына байлап, қолға жалпақ білезік салып, шынжырлап жүзік ілген, құлағына үзбелі күміс сырға таққан. Бас киімдері оқалап, зерлеп тіккен үкілі құндыз тақия мен кәмшат бөрік болып, оның үстіне қызыл жібек орамал жамылған.

Қазақ әйелдерінің киімдері, әсіресе бас киімдері өзгеше: қалыңдық басына үкілі сәукеле,үлкен ақ жібектен желек жамылады; жас келіншектер балалы болғанға дейін басына сулама немесе сәукеле жаулық тартып, қызыл жібектен шашақты шәлі салған; келін алғашқы баланың анасы болған соң алдын қызыл маржанмен шеккен кимешек киіп, оның үстінен жібек шашақты ақ шәлі жамылатын болған; әйелдер 30 жастан кейін басына кимешек киіп, оның сыртынан әр түрлі сәнді күндік ораған; кексе әйелдер кимешегінің артқы етегі ұзын болады, оның сыртынан күндік орайды [1,].

Қазіргі кезде республикамыздың барлық облыстарының киім үлгілері араласып кетті. Қазақтың ұлттық киімдерінің үлгілері жақсы сақталған және мұны ұлттық би өнерінде орнымен пайдалануға да мүмкіндік мол.

Әлбетте, қазақтың ұлттық киімдері мен әшекей бұйымдары тамсанарлықтай әсемдігімен ерекшеленеді, бірақ cахналық биді көркемдегенде бұл материалдардың біршамасын қолданбағаны жөн.

Балаларға арналған қазақ биінде мұндай жағдайда біріншіден, әйелге ғана тән заттардан бас тарту керек. Сонымен бірге, кішкене қызбалаларға әйелдердің бас киімін кигізбегені дұрыс: сәукеле, кимешек және ақ жаулық. Балалар биін көркемдегенде, ұлттық киімнің түп нұсқасын алмай, күрделі ою-өрнектерден бас тартып, балаларға арнап бөлек киім үлгісін жасағаны дұрыс.

Қазақ халқының ою-өрнегі өнері – байырғы ұлттық өнердің ішіндегі ең ежелгі, әрі кең тараған саласы. Бұл – ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, адам жанына ләззат сыйлайтын, эстетикалық мәні зор өнер.

Қазақ ою-өрнектерінің түрлері де, атаулары да көп. Жалпы бүгінгі таңда зерттеушілер қазақ ою-өрнектерінің екі жүзден астам түріне ғылыми анықтама берген. Ою-өрнектерде көшпелілер дүниетанымы, эстетикалық талғам-түсінігі, табиғаттағы бояу түстерінің сыры мазмұндалған. Оның ішінде кеңістік жан-жануарлар, ауқыт-космогониялық, ал кеңістік пен уақыттың біртұтастығы - өсімдік, геометриялық ою- өрнектер де заттанған көрініс алады .

«Ою», «Өрнек» бір мағана береді. Бедері түсірілген үлгіні ойып, кесіп, қиып немесе екі затты оя кесіп, орналастыру ою деп аталады. Ал киім-кешекке, түс киізге, т.б. қолөнер бұйымдарына кестелеп бейнелейтін бедер, және де алашаға, басқұрға, қоржынға түсірілетін түрлі геометриялық бедерлерді өрнек дейді. Өрнекті тасқа, ағашқа күйдіріп, қашап, бояп түсіруге болады.

Сахнаға арналған би костюмдері әртүрлі тәсілдермен әрленеді, бірақ осы тәсілдерді келесі талаптарға бағындырған жөн:


  1. ұлттық өрнектің стилін сақтау және сонымен қатар, сахналық мәнерлі өрнектер болу,

  2. өрнектердің орындалуы қиын болмағаны дұрыс және

  3. жуған кезде оңып кетпеу.

Қазақ халқының ұлттық киімдері, сән-салтанаты халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіне, табиғат жағдайына байланысты бірнеше үлгіге бөлінеді, сонымен қатар қолөнері мен киімдерінде өзіндік айырмашылық бар. Киімдерді көркемдеу үшін, түрлі-түсті жіптер мен маталар арқылы аппликация тәсілі қолданылады. Бұл әдісті балалар костюмін көркемдеу кезінде де қолдануға болады, өйткені ақырғы эффект декоративтік қанық көрініс береді және де орындау тәсілі де қиын емес.

Ою-өрнектері бар дайын маталарды да қолданып, теріп тоқу арқылы көп мәнерлі өрнектер түсіруге де болады. Теріп тоқу бұл ең қиын әдістердің бірі, бұл тәсілді қолдануға болады, әрине сіздердің ұжымдарыңызда уақыт жеткілікті болса, сахналық киімдер де көп болса.

Сахнаға арналған костюмдердің өрнектері де қарапайым болса, майда детальдарсыз, ұлттық нақыш негізінде жаңа өрнектер құрастырып, орындау техникасы да барынша жәйша болса.

Би қойылымдарында барлық костюмдердің өрнектері бірдей немесе бір сипатта орындалуы тиіс. Ою-өрнектегі алабажақтық және әр түрлілік - жалпы би қойылымына көрермендер үшін әсер бермейді.

Балалар костюмдерін көркемдеу әдістерінің бірі – ою-өрнекті бояп түсіру – мұның орындалуы тез және тиымды, бірақ көптеген кемшіліктері де бар. Егерде боялған костюмдерді жумайтын болсаңдар, акварельдік бояумен немесе тушпен, қалаған сулы бояулармен трафарет арқылы, я болмаса қолдарыңмен ұқыпты қолдануға болады. Боялған өрнектері бар костюм көп қолданылатын болса, өрнектерді бөлек матаға түсіріп, дайын костюмге әр жерінен тігіледі және киімдерді жуатын кезде жаңағы қосылған матаны сөгіп, орнына басқа өрнектелген матаны қолдануға болады.

Қазақ қол өнерінде қолданылатын түстердің символдық мәні бар: көк түс – аспанның, қызыл – оттың, сары – ақыл-парасаттың, қайғы-мұңның, қара – жердің, жасыл –жастықтың, көктемнің символы [2,26 бет]. Осы түстердің мәнін би жетекшілері балаларға арналған қойылымдарды көркемдеу кезінде дұрыс қолданса демекпін. Әрине, киімнің кез-келген жеріне кесте тігуге немесе жапсырма жапсыруға болмайды. Бәрі ретіне қарай, өз орнымен қолданылып биік талаптың тұрғысынан шығуы тиіс.

Ою-өрнектердің көлемі, түсі жалпы түсімен, көлемімен және салмағымен сәйкес келуі қажет. Көйлектердің етектеріне негізінен түрлі кестелер төгіледі, желбірлер тігіледі.

Киімді өрнектеуден бұрын оның дәл орнын анықтау керек. Әр нәрсе тек өз орнында тұрғанда ғана тартымды болатыны аян.

Алдымен, әшекейленетін өрнектің көлемі және орны есептеп алынады. Содан соң сол өрнектің түсі немесе түстері анықталады. Қазақ кесте түсін таңдағанда екі бағытты ұстанған. Біріншісі – матаның немесе кестенің өңін ашып көрсету. Бұл үшін кестенің түсі негізгі матаның түсіне қарама-қарсы (контраст) болады. Сол себепті ақ матаға қара ою, қызыл матаға жасыл жапсырма жабыстыру содан қалған. Екінші тәсіл – тектес түрлер арқылы кесте тігу. Қызылдың немесе көктің, яки жасылдың ашық, қалыпты, солғын, көмескі, ақшыл түстері арқылы сол бояудың бүкіл әлемін көзге елестетуге болады. Тектес бояулар бір-бірін толықтыру үшін қолданылады. Дұрыс ретін таба білсе, тектес түрлер арқылы қайталанбас түстердің үйлесімін құру мүмкін. Ол үшін суретші-сәнгер қиялы ұшқыр әрі бай болуы міндетті.

Қазақ түстердің өзін өмірмен, тіршілікпен атастырған. Қай түсті қандай жағдайда қолдануды ойластырған. Бояулардың қаншама түрін біле тұрып, қазақ сол бояулардың әрқайсысының астарын ашқан, оған әлеуметтік мән берген.

Қазақтың ұғымында көк түс – аспан асқан паңдықты (асқақтық), биіктікті әйгілейтіні себепті көк көйлекті қыздар көлбеңдеп, өздерін жоғары ұстаған. Аспан түстес болудың ар жағында мәңгілік, яғни мәңгілік жастық түсінігі жатыр.

Қызыл түс – көзге отты, күнді елестетуіне қатысты қызыл көйлекті қыздың мінезі де от сияқты лапылдап тұрған. От –жастықтың бір таңбасындай. Қызыл түсті киімдерді, негізінен жастар киетін болған. Жасы үлкен адамдар қызыл түстен киім кимеген.

Ақ түс тазалықтың, пәктіктің белгісі деп бағаланған. Ақ түс адалдықты, шындықты әйгілеп тұрған. Ақ түс бақыт әкеледі деп санаған. Сол себепті ақ түсті көйлектерді қалыңдықтар тойға киетін дәстүр қалыптасқан. Мұның өзі – шаңырақты жаңа аттанған жастарға бақыт, ақжол тілеудің белгісі.

Сары түс – сабырдың, ақылдың нышаны. Сары түсті киімді әйелдер сарықарын тартқанда, келіншектен енді әйел, одан әже боларда киген. Күз – жемістің, берекенің уақыты. Ендеше, адамның сары түсті табыс, ақыл, сабыр, байлыққа балауының қисыны бар.

Оның есесіне қара түс топырақты танытқан. Еңбек пен бейнеттің түсі деп танылған.

Жасыл түс кез-келген адамды жайнатып жібереді. Жасыл түс көктемді елестетеді. Сондықтан, көктемдей көк өрім жастар жасыл көйлек, жасыл тақия, бөрік киіп құлпыратын болған. Ақ көйлекке жасыл түсті кесте тіккізген.

Сонымен, қандай түс болмасын негізсіз түспеген. Олардың әрқайсысының өз ролі, айтар ойы болған. Осындай тәжірбиелік білімдерді бүгінгі жастардың да ұмытпағаны дұрыс[3,97 бет].

Халық киімдері, театр реквизиттері, декорация, жарықпен сахнаны көркемдеу - хореографиялық образдар жасауда негізгі компоненттер. Сондықтан, би қойылымдарында драматургиялық заңдылықтарға сүйене отырып, образ мазмұнын ашуда қолданылуға берілген және костюм тарихынан қысқаша мағлұмат ала отырып, оның биге арналған үлгісін (эскиз) қалай жасауға болады, әр халықтың киім үлгісінің айырмашылығы қаралады. Балетмейстер би қою процесінде әрбір қойылымына арнап костюм үлгілерін дайындау керек, әрине, сәнгер-суретшілердің көмегімен орындалатын жұмыс. Ұлттық мотивтегі сахналық би костюмдері қазіргі сәнгер-суретшілердің шығармашылық шабытынан туындайды. Сахна киімдері өте ашық түсті, көңіл көтерерлік, есте сақталатындай болуы тиіс. Ондай костюмдер ұлттық киімнің нәрін сақтай отырып, би мазмұнына сәйкес болуы қажет.

ХХ ғасырдың қазақ мәдениетінің әйгілі таңбасы – суретші, режиссер, хореограф Аубәкір Исмаиловтың шығармашылығымен жас өнер иелері таныс болса демекпін. Ол кісі өмірге «Ақсақ киік», «Қарасай», «Дауылпаз», «Өрмек биі», «Сайыс биі», «Қылыш ойыны» және басқа билерді сахнада қойып, үлкен абыройға оранды.

Этникалық бидің табиғи иеленушісі ретінде Аубәкір аға би өнерін сақтаушы және дамытушы ғана болмай, суретші ретінде сахна үшін этникалық костюмдерді жобалап, тіккізіп, қазіргі уақытқа шейін классикалық үлгілерін қалдырды.

Әлеуметтік, әр топтың уәкілдеріне жас жақтарына лайықтап тартымды этникалық бояуларды пайдаланған. Осы суреттер белгілі қазақ хореографы Д.Әбіровтың «Қазақ ұлттық билері» кітабына кірген. А.Исмаилов уақыт кеңестіктерін көне заманнан жалғастырып, алтын көпір салып кетті.
Пайдаланған әдебиеттер:


  1. Ш.Жиенқұлова «Сымбат», Алматы, «Өнер», 1987.

  2. М.Өмірбекова «Энциклопедия. Қазақтың ою-өрнектері», А, 2005.

  3. Б.Асанова, А.Птицина, Ұ.Әбдіғаппарова «Қазақ ұлттық ою-өрнектерінің тарихы және теориясы», Астана, 2008.

  4. «Қазақстан», Ұлттық энциклопедия, Алматы, 1998.

  5. «Қазақстан балет әлемі», №2(7), 2011.

Резюме


Сценический танцевальный костюм – очень важный компонент в создании художественного образа.

Особенно велико его значение в сценических композициях, созданных на этнографически-фольклорных основах. Сценический костюм помогает выявлению красоты и гармоничности танцевальных движений, средствами которых выражаются представления народа об идеалах национальной пластики.

Танцевальный костюм должен содержать в себе народную традиционность силуэта с приближением к подлинности фактуры, не бьющей в глаза своей мнимой эффектностью – атлас, блестки, мишура. В украшении костюма необходимо строго соблюдать национальные традиции узоров и орнаментовки.

Цветовая гамма костюма должна отвечать эмоциональному настрою сценической композиции.

Мырзабаева Гүлбану Елубайқызы

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Хореография кафедрасы, академ.доцент

120014, Қызылорда қаласы, Жақаев көшесі,

87242275027

Murzabaeva_qulba@mail.ru

Қазақ биіндегі ұлттық ою-өрнектің маңызы



Секция «Мамандарды кәсіптік даярлау және қайта даярлау: жағдайы және даму болашағы»

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет