Ұлы Отан соғысы: Қазақстандағы әскери өнертабыстар



Дата25.02.2016
өлшемі146.68 Kb.
#20629
Ұлы Отан соғысы: Қазақстандағы әскери өнертабыстар
Ұлы Отан соғысы: Қазақстандағы әскери өнертабыстар

(Қазақстан Республикасы Президенті

Мұрағатының материалдары бойынша)

 

1941 ж. Отанға төнген соғыс қатері КСРО халық бұқарасын ұрыс және еңбек ерліктеріне, барлық күш-жігер мен білімді басқыншыларды тез арада жеңуге жұмылдырды. Кеңес елінің мыңдаған патриоттары күннен күнге өндіріс үрдісін ұтымды ету және техникалық жетілдіру негізінде еңбек өнімділігін арттырды. Жеңіс жолындағы майдандағы ұрыс пен тылдағы еңбек бірдей қарқында жүрді, сонымен қатар ой еңбегінің де маңызы кем түспеді. Жүздеген өнертапқыштар соғыс машиналары, қару-жарақ түрлері, құрлық, су және әуе соғыс көліктері, тағы басқа соғыс құралдарын және бұрынғы үлгілерді жетілдіру туралы тұжырым жасап, жауды жеңудің түрлі тәсілдерін,сондай-ақ жаралыларды емдеу үшін медициналық жаңалықтар ойлап тауып, билікке ұсынып жатты. Құнды өнертабыс авторларының арасында тек соғыс жағдайында Қазақстанға эвакуацияланған ресей ғалымдары ғана емес, сонымен қатар жергілікті жерлердегі қатардағылар, мектеп оқушылары мен студенттер де болды. Отан соғысы жағдайындағы бұл қозғалысты өрістету аса маңызды міндеттердің бірі болды. Оның табысты түрде іске асуы үшін әскери комиссариаттар мен олардың саяси органдарының байсалды көңіл бөлуі, авторларға нақты көмек берілуі, жағдай жасалуы, ынталандырылуы тиіс еді. Осындай пікірді айта келіп, Қазақ КСР әскери комиссары П. М. Щербаков рационализаторлар мен өнертапқыштарды анықтау мақсатында және ол жұмысты реттеу үшін Қазақстан К(б)П жанынан Соғыс өнертабыстарын іске асыру жөніндегі республикалық комиссия құру туралы билікке ұсыныс жасады [1].



Аталған Комиссия Қазақстан К(б)П ОК бюросының1941 ж. 8 желтоқсандағы №132-30 қаулысымен құрылды [2]. Төрағасы – Қазақстан К(б)П ОК өнеркәсіп жөніндегі хатшысы – Е. Досымов, 1942 ж. 6 наурызынан бастап қорғаныс өнеркәсібі жөніндегі хатшы болған А. Қойшығұлов, мүшелері: Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы орынбасары – Н. А. Ерофеев, Қазақстан К(б)П ОК әскери бөлімінің меңгерушісі – П. Б. Алексеев, Қазақ КСР Ішкі істер халкоматының орынбасары И. И. Глина, республикалық әскери комиссар П. М.Щербаков болды. Сол сәттен бастап-ақ облыстарда, аудандарда, қалаларда осындай комиссиялар құрылып, өнертапқыштар өздерінің оқ, қару-жарақ түрлерін жасап, комиссия қарауына өткізіп жатты.

Қорғанысқа қабілеттілікті күшейту үшін 1941 ж. 5 наурызда КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі соғыс жағдайында өнертабыс және техникалық жетілдіру, оны қаржыландыру реттері туралы №448 Ережені бекітті. Аталған Ереже бойынша қорғаныс мақсатында жасап шығарылған өнертабыстар мемлекеттік құпия болып табылды. Авторлар құпиялылықтың сақталуына жауапты болды. Комиссияда қаралған барлық мәселелер құпия түрде жүргізілді, сәйкесінше осы мазмұндағы түзілген құжаттар мұрағаттарда «аса құпия» деген белгімен құпияландырылып тасталды. Тек 2010 ж. ғана ҚР Президентінің Мұрағаты кеңес жылдарында барлық құпияландырылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің құжаттарын кезең-кезеңімен құпиясыздандыру жұмысын жүргізді. Осындай кешенді жұмыстың нәтижесінде «Құпиясыздандырылған соғыс: Қазақстан К(б)П ОК ерекше папкілері» атты құжаттар, атап айтқанда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақстан К(б)П ОК бірлесіп қабылдаған қаулылар жинағы жарыққа шықты. Олардың ішінде оқ-дәрі, қару-жарақтың кейбір түрлерін өндіру туралы қаулылар да бар[3].

Ойлап табылған бұйымдарға сынақ жасалып, авторлар түсіндірме жазбалар, суреттеулер дайындалып, арнайы мамандардың қорытындысымен комиссия қарауына беріліп отырды. Сынаққа мемлекетттік қауіпсіздік, ішкі істер халкоматы органдарының басшылары, әскери инженерлер, әскери жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысып, ол акт, қорытынды сияқты кесімді құжаттармен негізделді. Комиссия отырысында автор жалпы түсіндірме жасап шыққаннан кейін, сынаққа қатысқан арнайы маман иелері, салалық ғалымдар жасалған бұйымның жарамдылығын не жарамсыздығын айқындап отырды. Комиссияда мақұлданған өнертабыстар іске асырылуы үшін авторларымен қоса Москваға Қорғаныс халық комиссариатына, Әскери комиссариатқа, Орта Азия Әскери Округы (ОАӘО) Штабының Әскери дайындық бөлімі сияқты тағы басқа тиісті органдарға, басқа тиісті қалаларға жөнелтіліп отырды.

Ойлап табылған өнертабыс бұйымдарының жасалуына қойнауы табиғи ресурстар мен шикізатқа бай Қазақстан ыңғайлы келді, әрі өндіріс анағұрлым арзанға түсті.

Осы мақаланың көлемінде Комиссияда мақұлданып, және орталық әскери органдарданоң және жоғары баға алған өнертабыстарды қарастырайық.

Әскери өнертабыстар жөніндегі республикалық комиссияның 1942 ж. 18 сәуірдегі №4 хаттамасында[1. 23-24-п.] доцент, медицина ғылымдарының кандидаты М. Н. Русановтың эфирлі ингаляциялық наркозға арналған газға қарсы тұмылдырығы(противогаз) қарастырылған. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Денсаулық сақтау халкомының орынбасары В. Г. Ермолаев «Бұл соғыс жағдайында қолданылып жүрген бірегей жоба. Мұндай әдіс бойынша 70-ке жуық ота жасалынған. Әдеттегі газға қарсы тұмылдырықпен Омбредана маскасын пайдалану жобасы эфирлі ингаляциялық наркозды саңлаусыз, ауа кірмейтін жағдайда қабылдауын қамтамасыз етеді және ота жасалатын адамды улы, лас ауадан сақтайды. Наркозға арналған газға қарсы тұмылдырық құрылысы пайдалануға қарапайым әрі ыңғайлы, алайда шағын техникалық жетілдіруді – ота жасалатын адам құса қалған жағдайда қабылдағыш қосуды талап етеді» деп оппонент болып сөйледі.



Комиссия аталған жобаның меңгеріліп, өндіріске шығуын мақұлдады. Оның авторы М. Н. Русанов газға қарсы тұмылдырық үлгісімен қоса Москваға Қызыл Әскердің Медициналық-санитарлық жабдықтау басқармасына жіберілді. 1942 ж. 14 мамырда Қазақстан К(б)П ОК-не Қызыл Әскер бас әскери-санитарлық басқармасынан бас оташының орынбасары С. С.Гирголав қол қойған М. Н. Русановтың аппараты әскерді жабдықтауға қабылданғаны туралы жеделхат келді[4].

Республикалық коммиссияның 1942 ж. 26 маусымдағы хаттамасында[5.] орта танк командирі, аға сержант, майданда алған жарақаттан кейін Түркістан-Сібір темір жолының Матай станциясында емделу демалысында жатқан М. Т. Калашниковтың Қызыл Әскер мен флоттың командалық-саяси құрамы, парашют десанттары, партизан отрядтары, әуе сауытты танк әскерлерінің жеке құрамы үшін ойлап тапқан пистолет-пулеметі қаралды. Пистолет-пулемет қарудың автомат түріне жатады. Ұнтақ дәрі жанған кезде пайда болатын газдың күші арқылы тетігін бір басқанда бірнеше дүркін атылады. Пистолет сабының сол жағындағы көрсеткі бағытын 1-ге жылжытса, от бір рет қана шығатын болады. Аталған қару әрқайсысына 14 патроннан сиятын екі оқтізері (ствол) бар. Қажетті ұрыс жағдайда жүз патрон сиятын немесе бір мезілде әрекет ететін 71 патрон сиятын  оқжатармен (магазин) жабдықталады. Бір рет қана ату немесе тоқтатпастан ату түрлері қажетті ұрыс жағдайларында ғана пайдаланылуы тиіс. Минутына 650 рет атылады. Бұл пистолет қарсыластардың ұсақ, топтық, жалғызілікті көзделген 600 метр қашықтықтағы нысаналарды жоюға болады. Комиссия үлгіні толық қабылдап, оны Ташкент қаласына Орта Азия Әскери Округы (ОАӘО) Артиллериялық басқармасына сынақ жасауға жіберді. Ұсынылған қаруды зерделей келіп, ОАӘО әскерлерінің командашысы П. С. Курбаткин мен Әскери Кеңес мүшесі [?]Шишкин құрастырылған автоматты аяқталмаған құрал деп таныды. Алайда автор қарау жасауда асқан табандылық көрсетіп, көп күш жұмсағандықтан оған 1000 рубль сомасында ақшалай сыйлық беруді ұсынды және қаруды жетілдіре түсуге нұсқау берді. Осы жылдың 28 қазанында қайта өңделген пистолет-пулеметке тағы сынақ жасалынды. Салмағы 2,4 келі, ұзындығы жайылған күйінде 770 мм., жиналған күйінде 520 мм. пистолет өзінің құрастырылу шарттарын толық ақтап шыққанын мойындап,сынақ актісінде комиссия мүшелері оның тағы мынадай басымдықтарын атады: ату алдында бекітпе (затвор) алдыңғы жақта қалады. Бекітпе мен соққыш (ударник) бөлек орнатылған, бұл алғашқы атуды нысанаға дәлдеп тигізуді және ату кезінде патронның кедергісіз ағылуын қамтамасыз етеді. Пистолеттің дүмбісі жиналмалы, бұл атуды бір қолмен жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аз габариттілік пистолеттің жиналған күйінде танк, самолет, сауытты машина экипаждарында, сондай-ақ таулы аймақтарда, елдімекендерде және биік өскінді жерлерде қолдануға болады. Аталған қару қанағаттанарлық нәтиже берді. Комиссия сонымен қатар, аздаған өзгерістер жасау қажеттігін көрсетті:  дүмбісін бекіту тәсілін өзгерту; оқжатарын (магазин) бекіту тетігін өзгерту; қаруды арқаға асып жүру үшін белбеу бекітілетін тұтқа орнату; ілмекте түтіктерді бекітуді оңайлату қажет; мүмкіндігінше атылу қарқынын бір минутта 550-600-ге дейін азайту; ұңғы тежегішін ойластыру қажет. Құрылғыны қайта өңдеуге Москва Авиациялық Институты Оқу-өндірістік шеберханасының инженер майоры[А]. Казаков жетекшілік етті.Қажеттіліктерді жетілдіргеннен кейін пистолетті тағы бір сынақтан өткізу туралы шешім шығарды. Қайта жетілдірілген пистолет 1942 ж. 19 желтоқсанда қайта сыналды. Соңғы сынақ комиссия мүшелерін толық қанағаттандырды. Қарудың практикалық мәні зор деп танылды. Авторларды Қызыл Әскердің Бас артиллериялық басқармасына ақырғы қорытынды жасауға аттандырды. 1943 ж. 21 қаңтарында КСРО ХКК жанындағы Қазақ КСР ХКК Тұрақты Өкілі И. Шәріповтан А. ҚойшығұловқаМ. Т. Калашниковтың қару үлгісі  жоғары баға алды деген үкіметтік жеделхат келді. М. Т. Калашников ерекше үлгілі пистолет-пулемет ойлап тапқаны үшін Қызыл Әскер Бас артиллериясы басқармасының бастығы, генерал-полковник [?]Яковлевтің бұйрығы бойынша 5000 рубль сыйлық алады. 23-п.

1942 ж. 31 тамыздағы Комиссия қаулысында[7] 1-рангтағы әскери техник К. Ю.Юковтың төмендегідей үш ұсынысы қаралды. 1. Роталық миномет,  салмағы 8 келі, 270 градуста айналады, атуға ыңғайландырылған арақашықтық краны бар, крансыз да атылады. 2. Өздігінен зарядталатын 37 мм миномет арақашықтықтан атылады, 50 ден 500 м-ге дейін қашықтыққа атылады, салмағы 3,5 келі, көздеп атылады.  3. Өздігінен жүзетін көпір, салмағы 25 тонна, ұзындығы 80 м., басқа жаққа көшірілгенде өздігінен қозғалады. 10 тоннаға дейін жүк көтереді. 25 адам сияды.

Комиссияда алғашқы екі ұсыныс қабылданып,  оны іске асырылуы үшін автор Ташкент қ-на ОАӘО Командашысына аттандырылды. Соңғы ұсынысқа баға беретін маман жоқ болғандықтан ОАӘО қарауына жіберілді. ОАӘО басшылары, атап айтқанда, ұрысқа даярлау бастығы майор [?]Свирский мен инженерлік бөлім бастығы[?] Федоров оны бағалау үшін арнайы маманның жоқтығына салып, материалдарды жіті зерделеместен, алғашқы екі ұсынысты «толық негізделген қорытындысымен бірге Дзержинский атындағы Артиллериялық академиясына» және соңғысын «Куйбышев ат. Әскери-инженерлік бөліміне жіберілсін» деп қарындашпен қаулының артқы бетіне жазып бере салады. Бұған қанағаттанбаған К. И. Юков Қазақстан К(б)П ОК әскери бөлім меңгерушісі П. Б. Алексеевке шағымдана келіп, «қажетті материалдар мен станоктармен және кез келген заводта немесе шеберханада 8 сағаттық  6 кешкі ауысыммен 1 токарь, 8 сағаттық 1 кешкі ауысыммен 1 автодәнекерлеуші бөлсеңіз, 10 күн ішінде сынаққа арналған 50 мм маркасын жасап шығарам. Қажет болса 37 мм немесе сынақтан кейін 50 мм. маркалы роталық миномет шығарамын» – деп жазды 1942 ж. 7 қыркүйектегі хатында (7. 4-п.)  Бұдан хабардар болған Қазақстан К(б)П қорғаныс өнеркәсібі жөніндегі хатшысы Қойшығұлов осы жылдың 21 қазанында ОАӘО Командашысы П. С. Курбаткинге әскери басшылардың немқұрайды қылықтарын айта келіп, К. И.Юковтың түсіндірме материалдарын қайта қарастырып, қорытынды берулері тиістігін қатқыл жазады. Қайта жіберілген материалдарды – 37 мм. өздігінен зарядталатын миномет пен 50 мм. роталық минометті  Ворошилов атындағы №702 заводтың ОСК бастығы[?] Панов пен құрастырушы инженер [?]Александров зерделеп, қорытынды жазады. Онда бірнеше кемшіліктер тауып, олар қару ретінде пайдалануға болмайтынын және қайта толық жасалуы қажеттігін жазады.Осындай жауап алғаннан кейін автор роталық минометке еш жетілдіру жасамастан комиссия жинап, Алматы жаяу әскер училищесінде тағы бір сынап көрді, күткеніндей оң нәтиже алды. Сынаққа қатысқан училище бастығы, генерал-майор  [?]Стриженко 1942 ж. 7 желтоқсандағы Алексеевке аталған қарудың соғысқа жарамдылығын айтып, №3 заводқа сынақ үшін роталық минометтің үлгісін жасауға бұйрық беруін өтініп хат жазады.

1943 ж. 21 мамырда Қазақстан К(б)П хатшысы Н. А. Скворцовқа Орта Азия Әскери Округының Әскери кеңесі Әскерлер командашысының орынбасары, генерал-майор А. Н.Первушиннен К. И. Юков ұсынған минометтің жаңа үлгісі қаралып, мақұлданғанын, минометтің 3 данасын Алматыдағы заводтың бірінде жасап, КСРО Қорғаныс халкоматына жолдауын сұраған хат келеді. (7. 17-п.).

Республикалық комиссияның 1943 ж. 27 қаңтардағы хаттамасында[8] Ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлеу бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты филиалының профессоры міндетін атқарушы, инженер Я. М. Жуктың ұрыс алаңындағы зақымданған танкілерді эвакуациялайтын жартылай автоматты шынжыр құрылғысы қаралды. Ұсынысты Комиссия бірден мақұлдап, сынақ үлгі жасап, Алматыдағы танк гарнизонында танкке шынжыр ілетін тетіктер жасап, байқау жасалсын деп шешті. Комиссия сондай-ақ, Я. М. Жук ойлап тапқан Дегтярев жаяу әскер пулеметінің (ДП) оқжатарларын (магазиндерін) жабдықтауға арналған ЖШ-41 және ЖШ-42 маркалы құрылғыларын Қызыл Әскер Бас артиллериялық басқармасы қарады. 1942 ж. 23 сәуірде өнертабыс авторы әскери комиссар П. Б. Алексеевтен оның ЖШ-42 маркасы қабылданғанын хабарлады және оның 100 данасын шығарып, майданға жолдауларын, онда тағы баға берілетін айтты[8. 4-п.].

Комиссияның 1942 ж. мамырдағы №5 хаттамасында[1. 48, 50-51, 72-п]Жер бөлу халкоматы Қостанай қаласындағы МТМ-да директоры А. Н. Кимельфелдтің ВДДК-1 – Екі әрекетті жарғыш (Взрыватель двойного действия Кимельфельда)[9]  өнертабысы миналар мен қопармаларды (фугас) жаруға арналған. Онымен нысандарды миналауға, шекаралар мен елді мекендерді қорғауға болады, тиімді әрі бірегей. Жауды ішке кіргізбеуге және жоюға таптырмайтын қару. 1942 ж. 15–17 ақпан күндері Қостанай қаласындағы Масленников атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді мемлекеттік №42 заводта аталған жарғышқа полигонды-заводтық 87 сынақ жасалды. Бас әскери-инженерлік басқармасының 2 рангтағы әскери технигі И. М. Спорыхин, №42 заводтың бас құрастырушысының орынбасары инженер Ф. Е. Иванов және автор А. Н. Кимельфельд қатысты. Комиссия мынадай қорытындыға келді: Біріншіден, ВДДК-1 жарғышы ағытқыш қаптаманы басу арқылы және ағытқыш қаптаманы босату кезінде сенімді нәтиже береді. Екіншіден, жарғыштың мынадай артықшылықтары бар: екі әрекетті құрылғысын және тәсілін жақсы білмейтіндер минаны заласыздандыра алмайды, жарылыс әрекеті сенімді және онымен жұмыс істеу қауіпсіз. Үшіншіден, жарғышты қарсылас әскерді алдау операциясында, жаяу әскер миналарында және танкке қарсы миналарда қолдануға болады.

Комиссия осы сынақ қорытындысында ВДДК-1 жарғышы сынақ бағдарламасында көрсетілген тактикалық-техникалық талаптарға толық сәйкес келеді, оны әскер қаруландыруға қабылдауға болады деп шешті  [10] және ресей мамандарының қарауына жолдады.

Осы сынақ материалдарды қарап, Қызыл Әскер Бас Әскери Инженерлік Басқармасы(ҚӘ БӘИБ) Инженерлік комитеті бекіткен 1942 ж. 3 сәуірдегі қорытындыда аталған жарғыштың қорғау функциясы жоқ, сондықтан қауіпті, оны танкіге, жаяу әскерге қарсы қолдануға болмайды, тек алдау операциясы үшін ғана пайдаланылады. Ауа өткізбейтіні оны ылғалды топырақта пайдалануға болмайды, яғни соғыста пайдалануға болмайтыны айтылды. [10. 25-п.]. Құзіретті органның ВДДК-1 жарғышы туралы мұндай қорытынды беруі завод құрастырған нұсқаманың түсініксіздігінде еді. Автор Кимельфельд жарғышты сынаудың мақсатын, әдісін, тәжірибесін тәтпіштеп қайта бағдарлама жасайды және құрамына Қазақстан К(б)П ОК екінші хатшысы Ж. Шаяхметов, Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы В. Ф. Мельников, Қазақ КСР Ішкі Істер халкомының орынбасары, мемлекеттік қауіпсіздік майоры Н. К. Богданов және 2 әскери басшылар қатысқан комиссия құрылып, сол жылғы 17 сәуірде тағы бір сынақ жасалады. Комиссия жарғыштың жаудың басқыншылық шабуылы кезінде қорғаныста аса күшті және тиімді қару екенін айқындады. Автор бұл сынақ нәтижесі туралы Сталинге де жазды. Қызыл Әскер Бас әскери-инженерлік басқармасына әскерді қаруландыруға қабылдауын және шұғыл түрде өндіріс орындарына тапсырма беруді ұсынды. [10. 18-34-п.].

Осыған сәйкес КСРО Жер бөлу халкоматы 1942 ж. 22 мамырда №9 бұйрығымен Қостанай МТМ-на Кимельфелдтің ВДДК-1 жарғышын және оның қосалқы бөлшектерін өндіруді тиісті заводтарға жүктеді. 1942 ж. 30 қарашасындағы Қазақ КСР Жер бөлу халкоматының КСРО Жер бөлу халкоматы Әскери бөлімі мен Қазақстан К(б)П Әскери бөліміне берген есебінде жарғыштың 3000 данасын және оның қосалқы бөлшектерін өндіргенін, сондай-ақ   даяр болған өнімді әскер өкілдеріне тапсырғанын көрсетті[1. 72-п.].

Әскери өнертабыстар жөніндегі республикалық коммиссияның 1942 ж. 21 шілдедегі №6 хаттамасында[1. 64-п.] Бүкілодақтық кинофото ғылыми-зерттеу институтының №10 лабораториясының жетекшісі, доцент А. Н. Качеровичтің «Инфрапеленгатор» атты баяндамасы бойынша лабораторияның жау самолеттерін түнде атуға арналған инфра пеленгатор жасау – инфра қызыл сәулелерді пайдалану арқылы самолеттің қараңғыда қай жерде ұшып бара жатқанын анықтап, оқты дәл тигізетін құрал туралы жұмысы тыңдалды[11]. Көрсетілген барлық материалдар мен нәтижелер бойынша комиссия әуедегі қорғаныс техникасында қолдануда маңызы зор, үлкен қызығушылық туғызатын жоба деп есептеді. Жобаны  КСРО Қорғаныс халкоматына,аталған Ғылыми-зерттеу институтына жөнелтті. Аталған институт жобаны зерделей келіп,инфрақызыл сәулелерді пайдалану арқылы көзделген нысанды дәл табу шындығында да зор қызығушылық туғызады, сондықтан да мұндай тәжірибеніңөндіріс ұйымдары мен зерттеу орталықтарында жүргізіліп жатқанын және іс жүзінде қолданылып жүргенін және осы жұмыс авторларының тым кеш келгенін айтты.Дегенмен материалдарды Ленин атындағы Бүкілодақтық электротехникалық институтына жіберуді ұсынды[12. С. Орджоникидзе атындағы Москва авиациялық институтының сарапшыларының1942 ж. 21 шілдедегі мәжілісінің  хаттамасы].

Осы комиссия техника ғылымдарының кандидаты И. Липецк пен инженер Л. Яковлевтің жаңа соғыс құралдары өнертабыстары жөнінде қарады. Жау техникасын талқандау үшін аспанда қалың шаң қалыптастырып, оны тұтандырып, жарылыс жасау арқылы іске асыруға болады.Мұндай ұсыныс бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде болған екен. Шаңды көмірден, аллюминнен, крахмалдан,  бидай т. б. табиғи өнімдер мен шикізаттардан алуға болады.  Шаңды іштен жанатын двигатель цилиндрінің ішіне ауамен бірге кіргізіп, тұтандырып, жарылыс жасайды деп есептелген. Алайда, әдіс іс жүзінде қолданылмаған.

Дегенмен авторлардың бұл ұсынысы бұрынғыдан өзгешелеу, себебі ауадағы шаңды жандырғыш маймен тікелей жарылыс жасап, көзделген нысананы істен шығаруға болады. Тек таңдап алынған шикізаттың табиғи болмысына қарай қажетті температурада тұтандыру қажет. Әдісті авиация бомбаларында, торпедода, артиллерия снарядтарында, әр түрлі миналарда, қол гранаталарында, танктерде, сауытты машиналарда шабуылдауда да, қорғану мақсатында да қолдануға болады. Авторлар бұл ойды ірі өндірістерде – диірмендерде, рудниктерде шаңның шамадан тыс будақталу себебінен болған адам өліміне және ғимараттың жартылай қиратылуына алып келген жарылыстардан алған.

Қатысқан ғалымдар осындай әр түрлі пікір айтып, нәтижеге толық көз жеткізу үшін физикалық, экономикалық тұрғыдан есептеу жүргізетін арнайы топ құрып, алдын ала лабораториялық сынақ жасау керек деп шешті. 3 күн ішінде сынақ жүргізу жоспарын даярлау тапсырылды.

БССР Ғылым академиясының академигі Н. Акулов 1942 ж. 6 шілдедегі  қорытындысында:«Бұл әдісті іске асыру жолдары күрделі, бірақ назарға алуға тұрарлықтай және әлі де пысықтау жұмыстарын жетілдіруді қажет етеді. Сонымен қатар, әдістің принципті жағынан, атап айтқанда қоспаны тозаңға айналдыру және тұтандыру – аса қиындық туғызбайды. Жаңа құрал толық іске асып кете ала ма? Мәселе осында. Шаңның бір нысананы қирататын қуаты қаншалықты екенін, жарылысты қажетті сәтте және қажетті жерде жасалу мүмкіндігін анықтау қажет. Сонымен мынадай міндеттерді шешу қажет: ненің (көмір, элеватор, аллюмин) шаңын алу керектігін таңдап, оны зерттеу; шаңға айналатын шикізатты тозаңдандыру тәсілін жасау; оны жасырын тұтандырудың тәсілін қарастыру; сынақ жасау» – деп жазды [12. 13-29-п].

1942 ж. 17 тамыздағы авторлар қатысқан жиналыста Москва Авиациялық институтының директоры М. Ф. Семичастнов әзірше тек полигондық сынақ жасалсын деп шешті. [12. 29-п.]. Бұл толық іс жүзіне асырылмаса да жауды қиратудың қызықты, әрі арзанға түсетін тәсілдерінің бірі болды.

Ұсынылған өнертабыстардың барлығы да жеміс беретіні ғалымдар ғана емес, қарапайым адамдардың да ақылына қонымды екені анық. Аталған қару-жарақтардың ұрыс алаңдарында қолданылғаны, қолданылмағаны туралы мәліметтерге көз жеткізу үшін ресей әскери мұрағаттарын және мұражайларын зерделеу қажет. Дегенмен, ҚР Президенті Мұрағатында Қазақстан Компартиясы ОК-не келіп түскен қорғаныс өнеркәсібі мәселелері жөніндегі есептердің бірінде Ұлы Отан соғысы кезінде заводтарда жасалған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің жаңа үлгілерінің тізімін береді. Онда қарастырылып отырған қару-жарақтардың бірқатары, атап айтқанда:мина-50 мм, 37 мм жарқырағыш артиллериялық снаряды, 76 ммжарықшақты және фугасты артиллериялық снаряды да кездеседі[13].

Калашников автоматы әйгілі қаруға айналды. Қару туралы мәліметтер орта мектеп бағдарламасының бастауыш әскери дайындығы курсына да енгізілді. Мектеп оқушылары Калашников автоматын шашып, қайта жинап үйренді,әрбір тетігінің атауын, қалай қызмет ететінін зерделеді.

Жоғарыда баяндалған бірегей өнертабыс авторлары тегінен көріп отырғанымыздай дені еврей ұлтының өкілдері еді. Олардың қарсыластырын жоюға бағытталған қару-жарақ ойлап табуы – Екінші дүниежүзілік соғыстың алпауыты А. Гитлерді тіксіндірген терең ақыл-ой иелерінің болмысындағы сапасының ең бастысы еді.

 

ҚР Президенті Мұрағатының бас сарапшысы А. Ә. Сейсенбаева, сарапшысы Ж. М. Әсенова



 

Түйін

 

«Ұлы Отан соғысы: Қазақстандағы әскери өнертабыстар» мақаласындамұрағат құжаттары негізінде 1941 ж. құрылған Әскери өнертабыстар жөніндегі республикалық комиссия қарауында мақұлданып, орталық әскери ұйымдардан жоғары баға алған қару-жарақ түрлері және жауды жеңудің түрлі тәсілдері авторларымен қоса талқыланған.



 

Пайдаланылған дереккөздер мен әдебиеттер:

 

1. ҚР ПМ. 708-қ. 6/1 т. 689 іс, 16-17-п.



2. Сонда, 5/1 т. 140 іс, 171–172-п.

3. «Рассекреченная война: Особые папки ЦК К(б)П Казахстана», Құжаттар жинағы, Алматы, 2010, 148, 151, 224, 243-244,256-257, 306,327, 519-б.

4.Сонда, 6/1-т. 712 іс, 1-14 п.

5. Сонда, 6/1 т. 702 іс, 1-2п.

6. Чиликова Е. В. «Я твердо и настойчиво буду испытовать новый образец…». Документы АП РК о разработке М. Т. Калашниковым пистолета-пулемета. 1942–1943 гг. //Отечественные архивы. – 2010. – №2. – С.97–106.

7. Сонда, 6/1 т. 722 іс, 1-21-п.

8. Сонда, 6/1 т. 715 іс, 19-п.

9. Грибанова Е. М. Из истории минно-взрывных средств периода Великой Отечественной войны: взрыватель «Казахстанец» инженера Кимельфельда. //История. Память. Люди: Материалы 5-международной конференции. 28 октября 2010 г., Алматы – Алматы. – 2011. – С.72–73.

10. Сонда, 6/1т, 705 іс. 21-22-п.

11. Сонда, 6/1-т. 704 іс, 2-12-п.

12. Сонда, 6/1 т. 708 іс, 19-23-п.

13. Сонда, 7/1-т. 147 іс, 53-п.



Мақала «Қазақстан – 2050 Стратегиясы және тарихшы жас ғалымдар міндеті» жас тарихшы ғалымдардың 5 Халықаралақ ғылыми-тәжірибелік конференциясы материалдарында (20 мамыр 2014 ж. – 207- 211б.) жарияланды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет