Ұлы Отан соғысының ардагері, торқалы тоқсан жастың төріне қадам басқан Сәрсенбай Бақтыбаев көп сөзге жоқ, өзі жайлы айтуға сараңдау жан болып шықты. Соғыс туралы, Ұлы Жеңіске өзінің қатысы туралы тіпті сараң сөйлейді



жүктеу 54.6 Kb.
Дата16.06.2016
өлшемі54.6 Kb.

АРДАГЕР


Ұлы Отан соғысының ардагері, торқалы тоқсан жастың төріне қадам басқан Сәрсенбай Бақтыбаев көп сөзге жоқ, өзі жайлы айтуға сараңдау жан болып шықты. Соғыс туралы, Ұлы Жеңіске өзінің қатысы туралы тіпті сараң сөйлейді. Майдан қыл суырғандай суыртпақтап отыр­мыз. Сәрсенбай ағаның да балалық, жастық шағы аласапыран жылдарға дөп келіпті. Елді жайлаған аштық, күнкөрістің қамы бозбаланы буыны бекімей жатып, қара жұмысқа жек­­ті. Жасы келген әкесі Сүйкен мен анасы Аршаны бағып-қағу, от­ба­сының өзге де тірлігі жас Сәр­сен­байдың мойнына түсті. Қа­лада ту­ып, жастайынан базар көріп өс­кенімен ыңғайлы жұмыс табу де­ген оңай шаруа емес-ті. Бойы ке­ліскен бозбаланы сол кез­дері асау Сырдарияның бойын бой­лай өскен ну орманнан отын дай­ын­дайтын Амудария кеме зауы­тына қа­расты шағын мекеме өздеріне жұ­мысшы етіп қабылдады. Елсіз құм аймағында, шөлді жерде өсе­тін сексеуілден отын, батпақты, сор өлкеден жиде-жыңғыл кесіп дай­ындау, оны арбамен дария бой­ындағы арнайы порттарға тасып, кемеге тиеу, тиісті орынға жөнелту жұмыстары оған жалданған жұмыс­шылардың үзіліссіз әрі мезгілсіз жұмыс істеуін талап ететін. Ең­беккүн есептелетін, әрине, қазіргі ұғыммен қарасаңыз, болар-болмас тиын-тебен ғана. Алайда, отбасының анау-мынау қажеттілігіне жетіп жа­­татын. Әлі есінде, алғашқы ең­бек­ақысын әкелгенінде анасы Ар­ша балаша қуанып, өзі ауырып жүр­се де жақын жердегі дүкенге жү­гіріп кеткен-ді. Сол күні “ба­лам­ның алғашқы табысы” деп көрші-көлемге жеті күлше пісіріп таратқаны, шағын дастарқан жасап, екі-үш үй әріректе тұратын үлкен кісіні шақырып, баласына батасын алдырғаны бар. Сәрсенбай сонда “өзі де болар-болмас ақшаны босқа шашқаны қалай, үнемдесе қайтеді?” деп ойлаған. Кейін ой жібере қа­раса, анасының бұнысы бауыр еті баласының азамат қатарына қо­сы­лып, еңбекпұл тапқанына, әке-шешесіне өзінің адал еңбегіне келген нанын жегізгеніне шүкіршілік етке­ні, осы сәттің жалғаса береріне сен­гені екен. Қайран ана, баласының ал­дында аумалы-төкпелі сындарлы ке­зеңнің күтіп тұрғанын қайдан білсін.

Батыстан соғыс өрті лап ете қалғанда Сәрсенбай 17 жасқа енді қадам басқан бозбала тұғын-ды. Ағаш кесіп, отын дайындауға, оны кемеге тиеп жөнелтуге әб­ден ма­шықтанып алған-ды. Ел қор­ғау­ға баруды, туған жерді, Отан­ды басқыншы жаудан азат ету­ге атсалысуды өзінің борышы сана­ған ол әскери комиссариаттың ша­қыртуын асыға күтті. Ол күн де ке­ліп жетті. 1942 жылдың тамы­зында Кеңес армиясы қатарына шақырылып, өз тұстастарымен бір­ге Мәскеу қаласынан бір-ақ шықты. Сыр бойынан бірге шыққан отыздан астам жігіт үш ай бойы соғыс қимылдарына жаттықты, соғыс қаруын ұстап, пайдалану, оқтан қорғану, нысананы дәл көз­деу секілді әрекеттерді меңгерді. Сол жылдың желтоқсан айының қақаған суығында 33-ші дивизиясы 77-ші гвардиясының құрамында еліміздің Батыс майданына бет ал­ды. Алыстан көздейтін миномет­шілердің қатарында бөлім жетекшісі ретінде соғысқа енген Сәрсенбай Бақтыбаевтың от пен оқтың арасын­дағы жан алып, жан беріскен күндері Великие Луки майданында бастау алды.

Соғыстың аты соғыс, онда аяу­шылық деген атымен жоқ,– дейді сол күндерді еске алған ардагер.– Бас­қыншылардың бас көтеруіне мүм­­кін­дік бермеуіміз керек. Майдан да­ласының “әншісіне” айналған “Ка­тюша” менің айнымас серігіме ай­налған. Одан әрі рухтанып, “Отан үшін, ел үшін” деп жауып жатқан оққа қарамай, алға ұмтыламыз.

Иә, жаны таза, жүрегі пәк, туған жерді басқыншы жаудан қорғауды, оларды өз ұясында талқандауды мақсат еткен кеңес жауынгерлерінің қимылы ширақ еді. Олар өздерінің іс-әрекеттерінің әділетті екеніне сенді. Өйткені, соғысты бастаған өзге емес Германия, оның басшысы Адольф Гитлер болатын. Бейбіт жатқан елдің шекарасын бұзып өтіп, бейбіт елге оқ атқан да солар еді. Демек, кеңес әскерінің жан алысып, жан беріскен сәттері, соғыс өрті шарпыған аймақтардағы әскери қатал тәртіпті ұстануы соғыс заңына сай болатын. Әркім өз Отанын, кіндік қаны тамған жерін басқыншы жаудан қорғауы керек емес пе?! Он бес одақтас республиканың ортақ Отаны ол Кеңестер Одағы, содан да болар кеңес жауынгерлері әр село, әр елдің тоқымдай жері үшін жан алысып, жан беріскен. Отан үшін от кешкен Сәрсенбай Бақтыбаев өз майдандастарымен бірге Украи­наның Смоленск қаласын, Белорус­сияның Минск қалаларын жаудан азат етуге атсалысты.

Минск қаласын азат етуге бара жатқан сәттері Сәрсенбайдың әлі есінде. Белоруссияның астанасында немістің бір двизиясы қалып қойыпты. Оларды көп шығынсыз жаулап алу жоспары жасалды. Ди­визия штабының алдын ала жасаған жоспары бойынша бұлардың полкі түн қараңғысында барып, қалаға жақын аймаққа бекінді. Азанда екі-үш танкісін алға салып, жаудың жаяу әскері Мәскеу-Минск тас жо­лы­ның бойымен жолға шықты. Алаң­сыз келе жатқан жау әскері өз­деріне жақындай бергенде Сәрсен­бай берілген бұйрық бойынша “Катюшаны” ойнатып қоя берді. Зең­біректен үстін үсті атылған он алты оқ жауды есеңгіретіп-ақ тас­тады. Онсыз да майдан даласында кеңес әскерлерінің тұтқиылдан болатын шабуылдарынан зәрәзап болып, өз ұясына қарай шегініп бара жатқан жау әскері тегеурінді қарсылық көрсете алмады. Көп өт­пей-ақ қолдарына ақ жалау кө­теріп, қаруларын тастап, берілді. Сәрсенбай Бақтыбаев осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін “Қызыл Жұл­дыз” орденімен наградталды.

Грозный қаласы маңындағы кескілескен ұрыс қимылдары да жадында. “Үш күннен кейін тозаққа да үйренеді” деген рас, әсілі. Ерсілі-қарсылы атылған снарядтар, қардай бораған оқ, қазылған траншеялар бойымен жүгіріп жүріп, кездескен жаумен қолма қол айқас – бәрі де бастан өтті. Жау оғы тиіп құлаған жаныңдағы жауынгердің жарасын таңуға уақыт жоқ, тек оны қауіпсіз жерге жеткізуге күш саласың, ал жарасын санитаркалар таңады. Егер қасыңдағы жауынгер оққа ұшса көзін жауып кетуге ғана мұршаң бар, өйткені, өзіңнің де оққа ұшуың ғажап емес. Жан алысып, жан беріскен алмағайып заманда көз жұмған майдандасыңды ұрыс даласынан соғыс өрті саябырсыған сәтте іздейсің. Арулап көму қайда, бет сипап қай ұлт болса да бауырластар зиратына жерлейсің де алға озасың. Соғыстың аты соғыс, кейін қарайлауға мұрша жоқ. 1944 жылдың қыркүйек айында Польшаны азат ету барысында жақын маңға түскен жау снарядынан жарақат алып, есін госпитальда жинады. Операцияға түсті, тоғыз ай бойы госпитальдан госпитальға ауысып жүріп, емделді. Жеңіс кү­нін емдеу палатасында қарсы ал­ды. Үш жыл бойы майданда көр­сеткен ерлігі үшін “І дәрежелі Отан соғысы” орденімен, Кеңес Ода­ғының маршалы Г.К.Жуковтың ар­найы медалімен наградталды.

Ұлы Жеңістен кейін де кеңес әскерлері бірден елге қайта қойған жоқ. Соғыс өрті шарпыған аймақтардағы қайта қалпына кел­ті­ру жұмыстарына белсене атса­лысты. Енді бірқатары Жапон со­ғы­сына қатысты. Мәселен, Сәр­сен­бай Бақтыбаев Уфа қаласын­да жасақталған ІІ атқыштар пол­кінің құрамымен Польшаға қай­та жіберілді. Шамасы, екінші дү­ние­жүзілік соғыстан кейін кеңес­тік жолға түскен бауырлас елдің бү­лінген, қираған қалаларын қалпына келтіруге жіберген болар. Алайда, бұлар мінген эшелон жары жолдан кері қайтарылды. Уфа қаласына қайта келіп, МАЙ қызметкері бол­ды. Елге 1946 жылы оралды.

Соғыстан кейінгі ауыр жылдар ел еңсесін езе қоймады. Төрт жылға созылған ауыр соғыстың Жеңіспен аяқталуы көптің көңілін көтеріп, оларды жаңа істерге құлшындырды. Сәрсенбай аға да жұмыс таңдап жатпады. Соғыстан әбден тұралаған ел экономикасын көтеруге атсалысу мақсатында облыстық өндірістік комбинатында ағаш кесетін станокта уақытпен санаспай еңбек етті. Абыройсыз да болмады. Алайда, соғыстан алған жарақаты сыр беріп, оның үстіне сауаты бар Сәрсенбай ауылшаруашылық техникаларына түрлі детальдар босататын қойма жұмысын қолға алды. Қойма меңге­рушісі деген аты болмаса барлық жұмысы өз қолынан өтетін-ді. Араға жылдар салып, облыстық байланыс торабына жұмысқа ауысты. Ұзақ жылдар бойы байланыс саласының ыстығы мен суығына шыдай жү­ріп, талай белестен өтті. 1984 жылы зейнеткерлікке шықты. Омырау­ында өзге наградалармен қоса “Ле­нин­нің 100 жылдығы”, Ұлы Же­ңістің 20, 30, 40, 50, 60 жылдығы және “Астана қаласына – 10 жыл” мерекелік медальдары жарқырайды.



Жылдар жаңғырған сайын Ке­ңес Одағының, оның әскерлерінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік істері айбарланып, айбаттанып келеді. Қазіргі ұрпақ көзімен қарасаңыз, төрт жылға созылған соғыс, ондағы аталар ерлігі ертегі секілді. Әр жылғы Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Үкімет омы­рауына мерекелік медаль тақса, мек­теп оқушылары, жастар кездесу кештеріне шақырып, әңгіме айтқы­зады. Сәрсенбай аға үшін соғыс жылдарын, майдан даласында көз жұмған қаруластарын еске алудан ауыр ештеңе жоқ. Бүгінгі және болашақ ұрпақтың ондай зұлматты бастарынан өткермеуін жан жүре­гімен тілейді. Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақ елінің аспаны ашық, адамдарының жүздері жарқын болуын, туған жерде молшылық пен бейбітшіліктің мәңгі орнауын тілейді. Алпыс төрт жылдан бері бірге өмір сүріп келе жатқан Ерік әжей екеуінің арманы ортақ. Ұрпақтарының бақытты ғұмыр кешкені – олар үшін сарқылмас бақыт.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет