4.2.Ұғымдарды бөлу
Егер анықтамалар көмегімен ұғымның мағынасы ашылса, онда ұғым көлемін айқындау міндеті бөлу деп аталатын басқа логикалық операция көмегімен шешіледі.
Сонымен бөлу дегеніміз — бастапқы ұғымда ойлаған нәрселерді топтарға бөлу. Мысалы, құқықтық нормалар құқықтық міндеттеуші және құқықтық тыйымдаушы, құқықтық рұқсаттаушы деп бөлінеді.
Әдетте үшбұрышты (1) теңжақты және әржақты; (2) теңбұрышты және әрбұрышты деп бөледі. Ал соңғы бөлуде барлық үшбұрыштарды (3) сүйір бұрышты, доғал бұрышты және тік бұрышты деп нақтылай түсуге болады. Бұлайша бөлуге кейбір белгілерінің: 1) жағдайда — үшбұрыш жақтарының қатынасы, 2) жағдайда — бұрыштарының, ал 3) жағдайда үшбұрыш бұрыштарының оның өлшеміне қатынасы негіз болғанын байқау қиын емес. Нәтижесінде осы ұғым көлеміне жататын барлық нәрселердің жүйелік шолуы алынады.
Бөлу операциясы, біріншіден, осы ұғым көлеміне кіретін мүдделі нәрсенің кез келген түріне еркін қол жеткізуді қамтамасыз етеді, екіншіден, қарастырып отырған ұғым көлемін жадта оңай сақтайтындай формаға әкеледі.
Бөлу құрылымы. Ол: бөлінетін ұғым, бөлу мүшелері және бөлу негізі деген үш құрамдас бөліктен тұрады.
Көлемінде ықтимал түрлері ашылып көрсетілетін ұғым бөлінетін деп аталады.
Бөлінетін ұғым көлемі (нің) бөлінетін ұғым түрлері бөлу мүшесі деп аталады.
Бөлу мүшелеріне сәйкес ашылатын белгіні бөлу негізі дейді.
Бөлу кезінде кездесетін аздаған қиындық — бұл бөлу жүзеге асатын белгіні таңдау. Бөлу неғұрлым қатаң болу үшін белгі ойда өте анық бейнеленуі тиіс. Формальды түрде нәрсені кез келген белгісіне қарай бөлуге болады.
Мысалы, Х.Л. Борхес сияқты жануарларды түйе жүнінен жасалған қылқаламмен күріш шиінен жасалған қағазға салынған жануарлар және мұндай мәртебеге ие бола алмағандар деп бөлуге де болады. Мұндай бөлуге логикалық жағынан қарсы болуға негіз жоқ. Бірақ әдетте бізге мұндай дәстүрден тыс бөлу қажет емес. Немесе, мысалы, келісімшарттарды таныс және бейтаныс адамдар арасындағы келісімшарттар деп бөлу. Бұл бөлу алдыңғыға қарағанда біраз дұрысырақ, бірақ солай бола тұра, заң теориясы мен тәжірибесі үшін берері шамалы.
Осындай талдаулардан кейін бөлу негізі мәнді белгі болуы тиіс деген қорытындыға келуге тура келеді.
Кездесетін қиындықтардың тағы бірін бейнелеу үшін оқулықтардың бірінде келтірілген С.Е. Лецтің «Таралмаған ойлар» еңбегінен алынған мысалды қарастырайық: «Өзара әңгімелесіп отырған бірнеше кісі адамдарды түрліше бөлу туралы пікір бөліседі. Біреуі: «мен адамдарды ақылды және ақымақ деп бөлемін» десе, екіншісі: «адамдарды әрқалай бөлуге болады. Адамдар және адам еместер деп те бөлуге болады» дейді. Сонда таңқалған жазалаушы: «Ал мен оларды бас және дене деп бөлемін», — деді».
Өкінішке орай, адам табиғаты ұғым көлемін логикалық бөлудегі нәрсені бөліктерге мүшелеп бөлумен шатастыруға бейім келеді. Ал соңғы нәрсе физикалық бөлу деп аталады. Адамдарды ерлер мен әйелдерге бөлейік, осылай бөлу кезінде біз бөлу мүшесі ретінде әрқайсысы да адам болып табылатын екі биологиялық түрді аламыз. Жоғарыдағы мысалға қайта оралсақ, онда алғашқы екі адамның бөлуі дұрыс болады. Жазалаушының бөлуі нәтижесінде енді ол адам болмайды. Міне, осындай өлшемді басшылыққа ала отырып, анықтау керек, мысалы, «университет факультеттерге бөлінеді» — бұл да физикалық бөлу. Ұғым көлемін бөлу дегеніміз — тектерді түрге бөлу. Тектүрлік қатынас тек туралы не айтуға болса, түр туралы да соны айтуға болатындығымен сипатталады. Ал мұндай қасиет бүтін мен бөліктің қатынасына тән емес. Басқадай айырмашылығы: ұғым көлемін бірлік нәрселерге бөлуге болмайды, ал оны мүшелеп бөліктерге бөлуге болады.
Бөлу түрлері. Белгінің сипатына байланысты бөлу негізіне жататын анықтамадағыдай бөлудің де түрлері бар.
Егер біз бөлу кезінде кейбір жиындар нәрселерінде қандай да бір белгінің тек бар не жоқ екеніне ғана, яғни таза сапаға мүдделі болсақ, онда мұндай бөлу дихотомиялық деп аталады. Бұл салыстырмалы тұрғыда бөлудің қарапайым түрі болғанымен, күнделікті өмірде де, ғылымда да жеткілікті дәрежеде кең тараған. Сонымен, табиғат өліге және тіріге, химиялық элементтер металл және металл еместерге бөлінеді. Дихотомиялық бөлу көбіне заң саласында да жиі қолданылады. Қылмыс қасақана және абайсыз істелген, азаматтар еңбекке жарамды және еңбекке жарамсыз болып бөлінеді және т.б. Дихотомиялық бөлуде бөлу мүшелері әрқашан қарама-қарсы ұғымдар болып келеді (А және А-емес). Осыдан бөлудің бұл түрінің артықшылықтары мен кемшіліктері шығады. Артықшылығы сол, оның нәтижесінде тектік ұғымның көлемі әрқашан толығымен ашылады. Кемшілігі - А-еместің шамасы едәуір белгісіз: онда сапасы жағынан сан алуан нәрселер болуы мүмкін.
Дихотомиялық бөлу ойда ұғым көлемін мейлінше анық, түсінікті бейнелейді әрі белгілі эвристикалық мәнге ие. Ол мүдделі нәрсені іздеп табу үшін қажетті жағдай туғызады, яғни нәрселер шеңберін бірізді және тез тарылтуға көмектеседі. Сол үшін біз дихотомиялық бөлуді пайдаланамыз. Мысалы, Шамалған ауылында болған кісі өлімі туралы іс бойынша аңшы мылтығының оғы табылды және ол оқтың тығыны «Новое поколение» газетінен жасалғаны анықталды.
Мейлі А — Шамалған ауылында тұратын тұлғалар жиыны болсын; В — осы ауылдағы аңшы мылтығы бар тұрғындар; онда В емес — аңшы мылтығы жоқ тұрғындар жиыны; С — «Новое поколение» газетін алатын адамдар жиыны, онда С емес — бұл газетті алмайтын тұлғалар жиыны болсын. Енді тергеушіге Шамалған ауылынан күдіктілерді С — белгілерін қанағаттандыратын топтың ішінен іздеуге тура келеді. Мұндай жолмен дихотомиялық бөлу бірден іздеуге болатын объектілер шеңберін тарылтуға мүмкіндік береді. Оны графикалық түрде былай бейнелеуге болады:
Егер бөлудің негізіне жататын белгі баса көрсетілген түрлерге әртүрлі дәрежеде тән болса, онда бұл белгі түр өзгерісі бойынша бөлу деп аталады. Мысалы, бұрыштар тік, доғал және сүйір болып бөлінеді, климат суық, қоңыржай және ыстық деп, талан-тараж ұрлыққа, тонауға, қарақшылыққа бөлінеді және т.б.
Бөлудің бұл түрінің де өзіндік артықшылықтарымен қоса, кемшіліктері де бар. Салыстырмалы түрде дихотомиялықтан артықшылығы сол, барлық баса көрсетілген аумақ азды-көпті мөлшерде анықталған, ал кемшілігі — мұнда тектік ұғым көлемі толық ашылмауы мүмкін. Сондықтан жетістігі мен кемшілігін азайту, үйлестіру үшін аралас бөлуді қолданады, яғни бір мезетте бөлудің екі түрін бірдей пайдаланады.
Бөлу ережесі. Бөлуде кездесетін қателіктер. Ұғымды бөлу айрықша ережеге бағынады:
1. Бөлу мөлшерлес болуы тиіс. Ол дегеніміз — бөлінетін ұғым көлемі бөлу мүшелері көлемімен толық қамтылуы тиіс. Бұл ережені сақтамаған жағдайда мынандай екі қателік жіберілуі мүмкін:
а) толық емес бөлу тектің барлық түрі толық көрсетілмеген жағдайда туындайды. Мысалы, «сот билігі және атқарушы билік болады» (мұнда заңнама қалып қойған);
ә) кең бөлу немесе артық мүшелермен бөлу, мысалы, биліктің аталған үш бұтағына «төртіншіні» — БАҚ — бұқаралық ақпарат құралын қоссақ, саясатқа айтарлықтай әсері болғанымен, олардың билік беретіндей мәртебесі жоқ. Олар бар-жоғы әдеби шолушы.
2. Бөлу тек қана бір негіз бойынша ғана жүргізілуі тиіс. Әрқашан бөлу негізі ретінде тек бір ғана белгі қолданылуы мүмкін. Егер бұл ереже бұзылса, онда кейбір логика мамандары айқасқан немесе жаңсақ бөлу деп атайтын қателіктер туады. Мысалы, егер біз қала тұрғындарын — әйелдер, ерлер, қарттар мен балалар деп бөлсек, онда бұл жынысы мен жасына қарай негіздеудің араласуы. Бұл ереже дихотомиялық бөлуге жатпайды, екі немесе одан да көп негіздермен жүргізілетін оның күрделі формасына жатады.
Мысалы, «студент» ұғымын «қабілетті» және «еңбек сүйгіш» деген екі белгісі негізінде 4 топқа ажыратуға болады:
а) қабілетті және еңбекқор;
ә) қабілетті, бірақ жалқау;
б) қабілетсіз, бірақ еңбекқор;
в) қабілетсіз әрі жалқау.
3. Бөлу мүшелері бір-бірінен тыс болуы керек. Бұл ереже алдыңғы ережемен тығыз байланысты. Ол бөлінетін ұғым көлемінің элементі тура бөлудің бір мүшесіне кіруі мүмкін, яғни, бөлу мүшелері өзара қатар бағыныңқы, бірақ бірде-бір жағдайда олар қиысатын ұғымдар болмауы тиіс.
Мысалы, қылмыс қасақана, абайсыз және шаруашылықта жасалған болуы мүмкін. Мұндағы бұзылған ереже - өзгеше жағдай. Шаруашылық қылмыстар да қасақана және абайсыз жасалған болады.
4. Бөлу бірізді және үздіксіз болуы тиіс. Осы ереже көпсатылы бірізді бөлуге жатады. Оның бұзылуы «бөлудегі секіріс» деп аталатын қателікке әкеледі.
Тектен алғаш жақын түрге, содан соң таяу түрдің топтарына өтуге болады.
Мысалы, сөйлемдерді жай және салалас құрмалас сөйлемдер деп бөлсек, оңда бөлу дұрыс болмайды. Алдымен сөйлемдерді жай және құрмалас деп, содан соң ғана бұл түрлерді өзінің ішкі топтарына бөлу қажет.
Классификация (жіктеме) туралы түсінік
Ғылыми зерттеулерде, педагогикалық, оқу және заң тәжірибесінде туындаған міңдеттерді шешу жолында кейбір кластардың (жиындардың) нәрселері туралы ақпараттардың зор көлемін есте сақтау жиі талап етіледі. Сонымен бірге мұнда бұл кластағы нәрселердің барлық жиыны оңай шолынатын болуы тиіс. Міне, дәл осыған бөлудің классификация (жіктеме) деп аталатын жеке жағдайы арналған. Классификация бірізді көпсатылы болу нәтижесінде пайда болады. Ол жүйелі таңдалған негіз бойынша өтеді, нәтижесінде мүдделі белгілердің қайсысы нәрселер түрлеріне тән, қайсысы жоқ екенін нақты анықтап береді. Мұндайда ол түрлер кейбір мағынасында өте жоғары деңгейде толық суреттелетін болады. Классификация түрлік ұғымдардың тармақталған жүйесін береді. Бөлу мүшесі мұнда класс деп аталады, классификация деп аталуы да сондықтан. Ғылымда классификация кең қолданылатындықтан, неғұрлым күрделі және жетілген классификациялардың дәл осы салада кездесуі де табиғи нәрсе. Сіздер Д.И. Менделеев элементтерінің периодтық жүйесі, өсімдіктер, тірі және өлі табиғат классификацияларымен мектеп қабырғасынан бері таныссыздар.
Бөлудің жоғарыда қарастырылған түрлерінен классификацияның айырмашылығы — ол ғылымда және күнделікті өмірде ұзақ уақыт бойы қолданылатын орнықты жүйені білдіреді. Ол неғұрлым жетілген жаңамен алмаспайынша өзінің мәнін сақтайды.
Классификацияны табиғи (ғылыми) және жасанды (көмекші) деген екі түрге бөледі.
Жасанды классификация объектілерді, оларға тән емес белгілерді, ең соңында осы объекті атауларының алғашқы әріптеріне сілтеме жасауды (әліпбилік көрсеткіш, топтағы студенттер тізімі, кітапханадағы атаулық каталогтар және т.б.) реттеуге дейін қолданылады. Табиғи классификацияның негізі ретінде реттелуші объектілердің көптеген туынды қасиеттері шығатын мәнді белгілер алынады (қылмыстық құқықтағы қылмыстар классификациясы немесе криминалистикадағы қарулар классификациясы). Жасанды классификация өзінің объектілері туралы өте мардымсыз, таяз білім береді (мысалы, сіздердің фамилияларыңыздың топ тізімінде әліпби бойынша тұруы білімдерің, қабілет, мінездерің туралы еш нәрседен хабардар етпейді, ол тек бар-жоғы қажет боп іздегенде сіздің фамилияңызды тез табуға көмектеседі). Табиғи классификация олар туралы анағұрлым маңызды ақпараттарды жүйеге келтіреді (мысалы, психологияда адамдарды мінездерінің типі бойынша классификациялау).
Достарыңызбен бөлісу: |