Логика ғылым ретінде


Ой тұжырымының типологиясы



бет9/21
Дата18.10.2023
өлшемі1.1 Mb.
#481013
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21
лекция Логика ғылым ретінде

Ой тұжырымының типологиясы

Ұғым мен пайымдауға қарағанда неғұрлым күрделі ойлау формасы болғандықтан, ой тұжырымы өзінің көріну формасы бойынша айтарлықтай бай. Әрі мұнда белгілі бір заңдылық та бар.


Ойлау тәжірибесін шола келе, ой тұжырымының соншама сан алуан түрлерін көруге болады. Олар: алғышарттарының саны бойынша — бір, екі және одан да көп;
пайымдау типі бойынша — қарапайым немесе күрделі; пайымдау түрі бойынша — атрибутивтік не релятивтік; тұжырымының ықтималдық дәрежесі бойынша — нанымды, ықтимал және т.с.с. болып бөлінеді.
Сонда, ой тұжырымын типтерге бөлуде осы белгілердің қайсысын негіз етіп алуға болады? Әлбетте, әңгімені ең алдымен, ойлаудың бұл формасының сонау терең мәнінен бастау керек. Өйткені, жалпы кез келген ой тұжырымы оның формасына қатыссыз, өздері бір білімнің басқадан шығуын көрсетеді. Демек, осы салдардың сипатына байланысты. Яғни, ой тұжырымындағы ойдың өрбу бағытынан барлық келесі тұжырымдалған білімді талдаудың негізін қалайтын түбірлі, іргелі үш типін атауға болады екен. Бұлар дедукция, индукция және традукция (немесе аналогия бойынша ой тұжырымы).
Дедукция дегеніміз (латында deduсtio— шығару, қорыту) — неғұрлым жалпы білімнен жалқыға жылжитын ой тұжырымы. Дедукцияға ежелден келе жатқан типтік мысалды келтірейік:
«Барлық адамға өлім хақ».
«Сократ — адам».
«Сократқа өлім хақ».
Индукция дегеніміз (латында inductio — кіргізу, әкелу) — жалқы білімнен неғұрлым жалпыға қарай өрбитін ой тұжырымы.
Мысалы, жинақ ведомостіне топтың әр студентінің қысқы сессияны тапсырған нәтижесі жазылып және барлық пәндердің жақсы бағаға тапсырылғанын көздері көрген деканат қызметкерлері «Барлық топ қысқы сессияны табысты аяқтады» деген жалпы қорытынды жасайды.
Традукция дегеніміз (латында traductio — аудару, ауыстыру, алмастыру) — алғышарттары да, қорытындысы да жалпылықтың бірдей дәрежесінде болатын ой тұжырымы. Тағы да классикалық мысал келтірейік: «Жерде атмосфера, күн мен түннің, жыл мезгілінің ауысуы бар сияқты, сондай-ақ тіршілік те бар. Жердегіге ұқсас, Марста да атмосфера, күн мен түннің, жыл мезгілінің ауысуы бар. Марста да тіршілік болуы мүмкін» (біз білгендей, тұжырым бекітілмеді).
Егер ой тұжырымының осы типтерін теориялық-танымдық тұрғыдан қарастырсақ, онда біз дедуктивтік ой тұжырымының білімді өзгерту құралы екенін көреміз. Ол алғышарттары ақиқат болғанда, қорытындының да ақиқаттығына кепілдік береді. Яғни, сенімді болып табылады. Алайда сенімділік үшін әр кезде ақы төлеу қажет. Дедуктивтік ой тұжырымының сенімділігі ой тұжырымын жасаған субъектінің білім көлемін кеңейтпеуге негізделеді. Қорытындыдағы ақпараттар алғышарттағы ақпараттардың тек аздаған бөлігін ғана құрайды. Біз жоғарыда келтірген мысалдардағы, Сократқа өлім хақтығы туралы білім, барлық адамдарға да өлім хақ деген білімнен шығып тұр және «Сократ — адам» дегенде де сол ой тұспалданады.
Дедуктивтік ой тұжырымының бұл белгілерін XVII ғасырдың өзінде-ақ Френсис Бэкон мен Рене Декарт атап көрсеткен. Олар индуктивтік ой тұжырымдары туралы сындарын осы бақылауға негіздеген және осыдан барып Бэкон жаңа индуктивтік, ал Декарт конструктивтік логика қажет деп қорытындылайды.
Дедуктивтік ой-тұжырымдарының теориялық-танымдық сипаттамасы олардың құндылығын едәуір төмендететіндей көрінеді. Себебі, ғылымда да, күнделікті өмірде де біз жаңа ақпараттар алуға ұмтыламыз. Дегенмен жаңаны ашу ғылым мен әдеттегі қарым-қатынастың тек бір бөлігін ғана құрайды. Олардың басқа маңызды құраласы ашылған теоремалар мен заңдардың дәлелденуінде, біздің бағалауымыз бен бақылауымыздың дұрыстығында, өзіміздің және басқа адамдардың көзін жеткізуімізде болып табылады. Тура осы аумақта дедуктивтік ой тұжырымы өзінің қолданылу артықшылығына ие болады. Оның үстіне бұл заң тәжірибесіне қатысты. Оны белгілі Шерлок Холмстың қалай керемет қолданғанын еске түсірсеңіздер де жеткілікті.
Индукция мен традукция дедуктивті емес ой тұжырымына жатады. Дедукцияға тән сенімділік, дедуктивті емес ой тұжырымдарында жоқ. Бірақ бұл — оның орнына, олар басқа бір артықшылыққа ие шығар дегенді білдіреді. Олай болмағанда, бізге сенімсіз ой тұжырымдары не үшін керек еді.
Дедуктивті емес ой тұжырымдары біздің білімдерімізді кеңейтеді. Міне, сол себептен олар ғылымда, шешендік тәжірибеде және біздің күнделікті өмірімізде қодданылады. Ендеше, дұрыс дедуктивті емес ой тұжырымында алғышарттары ақиқат болғанда , қорытындының жалған болуы мүмкін. Яғни, олардың ықтимал сипатта болу қаупі бар. Бұл қауіп, олардың көмегімен біздің білім көлемімізді кеңейтуіміздің төлемі болмақ.
Ой тұжырымының әрбір типі өз кезегінде айрықша түрлер мен әртүрлілікке ие. Оларды кезекпен қарастыруға көшеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет