2. Болжамның логикалық құрылымы
Өзінің логикалық табиғаты жағынан, болжам бір алғышарты не оның бір бөлігі белгісіз ой тұжырымы болып табылады. Болжамдарды ұсынғанда аналогияны, индукцияны, дедукцияны пайдаланады, алайда болжамның өзіндік ерекшеліктері бар. Индукция мен дедукциядан болжам өзі қарастыратын мәселелерінің аумақтылығымен ажыратылады. Бұл мәселелер бір-бірімен байланысты және түсіндіруді қажет етеді. Болжам, жалпы алғанда, тек бір ой тұжырымы емес, қайта тұжырымдардың күрделі, өзіне индукцияның да, дедукцияның да, аналогияның да мүмкіндіктерін қосып алатын ойлау жүйесі болып табылады. Түсіндіру қажеті — деректерді зерттеудің бастапқы кезеңінде аналогия мен терең индукция басым болады. Кейін ұсынылған болжауды тексерген кезде, рас қорытындылары бар дедуктивтік әдістер көбірек қолданылады. Кейде болжам дедукцияның негізінде де пайда болады. Мысалы, К.А. Тимирязевтің фотосинтез туралы болжамы дедуктивті түрде энергияның сақталу заңынан шығады.
Болжамды қарастырған кезде, ой белгілі құбылыстар мен оқиғалардан олардың әлі байқалмаған, бірақ ықтимал себептеріне, даму заңдылықтарының бірізділігіне қарай жүреді. Болжам көптеген жағдайда, өтіп кеткен құбылыстар себептерін бұрын болған зандылықтар негізінде анықтауға бағытталған. Олар өтіп кеткенмен, бірақ әрекет етіп отырған жүйелердегі деректер оларды растайды. Гипотезаларға, мысалы, Күн жүйесінің қалыптасуы, Жер өзегінің жағдайы, Жерде тіршіліктің пайда болуы, адамзаттың қалыптасуы туралы білімдер жатады.
Гипотезаларды құрастыратын болжаулар, өзінің логикалық формасы жағынан пайымдаулар болып табылады. Олар проблематикалық сипатта болады және нақтылы құбылыстар себептерін ықтималдық деңгейде білдіреді. Бұл білімдер растайтын деректер келтірілмей, ақиқат болып есептелмейді. Сонымен қатар, болжамдарды жай ойдан шығарылған құрылымдар деп есептеуге де болмайды. Бұлар — деректі және логикалық негіздерге сүйенген ғылыми қағидалар. Ғылыми гипотеза мынадай талаптарға сәйкес болуы керек: а) ол осы үдеріс немесе деректер тобының бірден-бір моделі болу керек; ә) ол осы құбылысқа қатысты жағдайлардың көпшілігін түсіндіруі керек; б) ол өзі білдіретін деректік және логикалық жүйелерден басқаларына шығу мүмкіндігіне ие болуы керек. Тек осы жағдайда болжам ғылыми теорияға ауыса алады.
Гипотеза ғылыми дәлелденген қағидаға айналуы үшін, төмендегі жағдайлардың тым болмаса біреуіне сәйкес болуы қажет:
1) ықтимал себепті тікелей байқау мүмкіндігі бар;
2) гипотезадан шығарылатын салдар эксперимент арқылы тексеріле алады;
3) гипотезаның мазмұны дедуктивті түрде ақиқат алғышарттардан шығарылады.
Эспериментте тексерілген, ғылымда жаңашылдық қабілеті бар гипотеза расталған пайымдау дәрежесіне көтеріле алады. Бұл — гипотезаның жасампаздық белгісі. Гипотеза ғылымға бағдар бере алады, шығармашылық ойды молайтады, белгісізден білімге апаратын жол болып табылады.
Болжамның ғылыми көрегендік үшін де маңызы зор. Барлық түбегейлі ғылыми жаңалықтардың дайын күйінде пайда болмайтындығы белгілі, олар болжаулар ретінде ұсынылып, кейін деректік негізде ғылыми теорияларға апаратын ұзақ жолдан өтеді.
Гипотезаны құрастыруда ой үдерісі бірнеше кезеңдерден өтеді. Болжамды ұсынудың және оны дәлелдеудің мынадай сатылары бар: I кезең. Бұрынғы теориялар мен гипотезаларға сәйкес келмейтін және жаңа болжамды қажет ететін деректер тобын анықтау. II кезең. Гипотеза құрастырудың екінші сатысына осы деректердің мүмкін себебі туралы болжау жасау жатады. Бұл болжау, бастапқы кездерде аз ықтималды және шамалас болады. Әдетте, басында гипотеза тәжірибелік деректерге сүйене отырып және индуктивтік зерттеу мен аналогия әдістерін қолдана отырып жүзеге асады.
Гипотеза дамуындағы III кезең — алынған мүмкін себептен дедуктивті түрде салдарды шығару және оларды тәжірибе деректерімен салыстыру. Мұнда гипотезаны тәжірибе арқылы тексеру, сонымен бірге оны ары қарай дамыту, ғылыми қалыптастыру және осы құбылыстың себебін айқындай түсу іске асады.
Гипотезаның логикалық қалыптасуындағы IV кезең — оны дәлелдеуге немесе бекерлеуге жеткізетін дәйекті тексеру. Алынған гипотезадан шығатын салдарды нақтылы деректермен салыстыра тексеру, ең ұтымды гипотезаны табу үшін оны басқа болжамдармен салыстыру, оларды сұрыптау — бұл гипотезаның ғылыми теорияға айналуындағы маңызды әрекеттер. Дәлелденбеген гипотеза не өзгертіледі, не басымырақ негізделген гипотезамен алмастырылады.
3.Болжам түрлері
Гипотезалар мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жалпы; 2) жеке; 3) ғылыми; 4) жұмыстық.
Жалпы Гипотеза дегеніміз- құбылыстың не олардың топтарының себебін тұтас түсіндіретін болжау болып табылады.
Жеке Гипотеза — бұл құбылыстың немесе оқиғаның белгілі бір қасиетін түсіндіретін болжау. Мысалы, пайдалы қазбалардың шығуы туралы болжам — бұл жеке Гипотеза.
Ғылыми Гипотеза — табиғат пен қоғамдағы құбылыстардың даму заңдылықтарын түсіндіретін болжау. Оларға мысалы, күн жүйесінің пайда болуы, таулардың қалыптасуы туралы және т.б. жатады.
Жұмыс Гипотезасы — бұл Гипотезаны қалыптастыру кезінде қолданылатын уақытша болжаулар.
Егер жұмыс Гипотезасы белгілі бір құбылыстың себебін дұрыс түсіндіре алмаса, онда ол басқа болжамдармен алмастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |