СӨЗ СОҢЫ
Мен 1928 жылы күзге таман сол кездегі Қазақстан астанасы Қызылордаға бірінші рет қызметке шақырылдым. Үлкен ағам мұғалім Хамит мені Қожабай көлінің басынан Лебяжі темір жол стансасына алып шықты.
Станса жолы осы маңайдағы бес-алты ауыл Сибан зиратының қасынан өтетін. Соқыр қари Исахмет, осы елдің ерекше бір ақкөңіл адамдары Тайжан ұста, Нарғожа, Сүлеймен ақсақалдар зират аралап жүр екен.
Біз жақындап келгенде Исахмет қари құран оқи бастады. Алдында күнге шағылысып жарқырап тұрған әппақ тас орнатылған бейіт жатыр. Біз де жаяулап келіп соларға қосылдық.
Қари қазақ шежіресінен хабары бар, бүгінгі заманға да құлағы түрік, зирек адам. Естіген-білгенін қорыта алатын ойы да бар. Қари болғанымен діндар да емес. Оның діні көкірек тазалығынан көп әрі аса бермейді.
Құранын оқып болған соң қари менен:
— Ғабит, сен бұл кімнің бейіті екенін білетін шығарсың? — деп сұрады.
— Білемін. Тастағы жазуын да оқып отырмын. Ұлпан шешеміздің бейіті,— дедім мен.
— Шешеміздің дегенің бүкіл Сибанның құлағына жағатын сөз! Ұлпан шешеміз аты жоққа ат берген асы жоққа ас берген. Кедейге пана болған. Өзі Есенейдің ен байлығынан түк қызық көрмей өткен адам,— деді қари.
Қаридың сөзін қасындағы қарт адамдар да қостай сөйлеп кетті:
— Ондай адам қайда! — деп Нарғожа қарт күрсініп қойды.— Адалдығына қарасаң әулие ме дерсің, ерлігіне қарасаң еркек пе деп қаларсың дейді екен бұрынғылар...
— Есенейдей адамды көзі тірісінде билеп алып, осы елді ел қылған сол шешең,— деп Тайжан ұста Нарғожаны қолдады.
— Ұлпанның тұсында Сибанның әр үйінде бір жүйрік ат, әр ауылында бір балуаны болған екен.
— Ұлпан сөйлегенде Керейдің болыс-билері қайсымызды түйрей кетер екен деп қысылмай отыратын күні болмапты.
— Аяғында сол Керейдің болыс-билері күндесе-күңірене жүріп Торсан жалмауыздың дозағына апарып құлатты ғой!
«Торсанның, дозағына апарып құлатты» дегендері маған қатты ұнады. Дозақ — тамұқ деген сөз. Олай болса Торсанның Ұлпанға көрсеткен қорлық-зорлығы тамұқ азабындай болғаны ғой!
— Ұлпан әулие адам болғаны рас шығар,— дейді Тайжекең.— Мына бейітіне қарашы, топырағы бір олқы түскен емес, опырылған емес. Жаңа бейіттей жоны бұзылмаған қалпында жатады да қояды.
— Олай емес, Тайжеке! — дейді Нарғожа қарт,— осы елдің барлық әйелі Ұлпанның бейітін бес жыл күтіпті. Топырағы олқы түсе бастаса, ақ жаулықтарына түйіп топырақ әкеліп салады екен... содан бұзылмай келеді.
— Мынау ақ тасты Ұлпанның басына Торсан қойдырған ба?
— Жоқ, Торсан емес, осы Сибан орнатты. Ұлпан қайтыс болған соң Торсан асығыс-үсігіс бір арзан көк тас орнаттырған екен екі жылдан кейін Сибанның азаматы ол көк тасты жұлып тастап, Ұлпан ақкөңіл, Ақнар атанған кісі, оған ақ тас лайық деп осы тасты әкеліп орнатқан.
Мен Ұлпанның басындағы ақ тасты әрі қарап, бері қарап, қандай тас екенін айыра алмадым. Тегі ақ мрамор болу керек. Бірақ, жұлдызданып, күнге шағылысып жарқырап тұратыны бар. Зернистый деп аталатын мрамор болса, сол шығар дедім де қойдым.
Тайжекең Ұлпан әулие адам еді деген сезіне қайта оралды:
— Ұлпан әулие адам болмаса айтқаны келер ме еді? Өлерінде Торсанды «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін!» деп қарғаған екен сол қарғысы келмеді ме? Бәрің де көрдіңдер, Торсанның шаңырағы бір күннің ішінде құрып бітті ғой!
— Кеп жылдар бойы араздасып жүріп, әрең татуласқан біздің әкеміз де Ұлпанды әулие адам деп етті. Намазынан тастамайтын еді,— деп Еменалының кіші баласы, таза жанды адам Сүлеймен де өз ойын айтып қалды.
Тайжекең, сөзінде мен де жақсы білетін шындық бар. Әуелі Торсанның үлкен ұлы Шақан болыс әкесінің, бір ауыр зұлымдығынан өзін-өзі пышақтап жарылып өлді. Содан кейін 1920 жылы Торсан өзі өліп еді, балалары бір күннің ішінде быт-шыт болып тарап кетті: екеуі — қайнына, біреуі — туысқан еліне. Торсан шаңырағы құлап, қыстауы аңырап қалды. Аяқтап келгенде бір кезде болыс болған, мырза атанған Торсан балалары қайыршылыққа ұшырап барып құрыды. Бұл менің өз кезіммен көрген жайларым.
Торсанның бейітіне ешкім келіп құран оқымайды екен. Бұл енді қорлаудың үлкені. Бейітінде, тым болмаса, бір шыбық шанышқан белгі де жоқ, бет тақтайлары көрініп опырылып жатыр. Балалары әкесін көмген күні, ұмытып та болған. Осының бәрін ел Сибан Ұлпанның қарғысынан деп есептейді.
— Ұлпан шешеміздің қазасы неден болды екен? — деп сұрадым мен.
— Оның дәл анығын көрген де, білетін де өзіңнің үлкен әжең Шынар еді. Ол кісі өле-өлгенше аузын ашпай кетті.
— Ол кісі таң атпай келіп, Ұлпанның қаза болғанын бірінші болып көрген. Ұлпанды арулап, ақ киізге орап, үш жерден байлап берген де сол кісі. Жерлегенде ішінде болдық. Жүзін көре алғанымыз жоқ. Бала болатынбыз.
— Ел өтірік айтпайды, қате ұстап қалып, сол қатесін өзі түсінеді де, соны өңдеймін деп, кейде өзгертіп алатыны болады,— деді қари.— Ұлпан жайындағы әңгіменің ұзын-ырғасы осы, дұрыс. Кейбір жерлерінде артық-кемі де жоқ емес...
Біздің үлкен атамыз Мүсірептің бейіті де осы зиратта. Бейіттің бас жағына шыққан екі айуан ақ қайыңы бар. Қайыңдар қолдан отырғызылған емес, өздері шыққан.
— Үлкен атаң Мүсіреп Ұлпан бәйбішенің ең жақын дос адамы болыпты,— деді Нарғожа қарт.— Бала күнімізде Мүсекеңнің атын суарып келуге таласушы едік. Жақсы ат мінетін. Шынар әжең де балалардан барын аямайтын мырза кісі ед. Әжең ертерек қайтыс болды да, атаң қартая келе көп жоқшылық көрді. Кіші баласы Ботбай ойын-сауық қуып кетті. Үлкен баласы шаруа басын құрастыра алмайтын момын кісі еді ғой.
Ақ мраморға қашап жазылған, үстінен «алтын боталмен» зерлеген жазуды тағы бір шолып өттім де мен жүріп кеттім.
Осымен соңғы сөзді аяқтаса да болар еді. Бірақ Ұлпан аты маған тағы бір рет кездесіп еді, оны да айта кетейін. Өйткені бұл жолы тіпті орайсыз кездесті.
1941-інші, соңғы соғыс басталған жылдың күзінде мен Қызылжардан машина сұрап алып, елге қарай жүріп кеттім. Күн шелектеп құйып тұр. Асфальт жоқ. Грейдер жолы шылқылдап жатқан майбатпақ. Ескіріп қалған «Пикап» машинасы Қызылжардан шыға бере-ақ билей бастады. Жолдың біресе оң жағына, біресе сол жағына барып соғылады. Біраз өкіріп, жөтеліп-шашалып алады да, тағы жүріп кетеді. Шофер соғыстан жараланып қайтқан мүгедек адам, машинаға ие бола алмай келеді. Бірақ, боқтауға теңдесі жоқ шебер екен. Ол өнерін қаладан шыға бере көрсете бастап еді, ұзай келе тіпті өндіріп кетті. Жаңбырды да боқтайды, жолды да боқтайды. Жаңбырды боқтағанда, миллиондаған совет әскері белшесінен су болып окопта жатқанын қоса айтады. Соны біле тұра жаңбырын төгіп тұрған құдайды сыбап келеді.
Бір ретте құдайдың шешесін келістіріп тұрып боқтады. Ондай боқтауды өмірімде естіген емеспін. Құдайдың шешесін боқтап келді де — одан жоғары тағы бір қырық шақырымды! — деді.
Мен сақылдап күліп, ұзақ алақан соқтым...
Осылай жылжи-жылжи отырып, қараңғы түнде бір қалаға жеттік. Қала жатып қалған. Жылтыраған бір шам жоқ. Ешкім есігін ашпайды, үн шығармайды.
Қаланың орта тұсында жылтыраған бір шам көрінді. Шофер үйге кіріп қонуға лұқсат сұрап келіп еді, түсірмепті.
— Бұл колхоз кеңсесі. Мен күзетші, жалғыз кемпірмін. Қорқамын,— деп есігін іштен бекітіп алыпты. Мен шоферді қайта жұмсадым.
— Нанымыз бар, шайымыз бар, колбаса, арағымыз бар деп айт,— дедім.
Ақыры кемпір лұқсат етті. Биік қарағай үйдің бір кішкене бөлмесінде тұрады екен. Бұрын бір бай адамның, болған адамның үйіне ұқсайды.
Шай ішіп, азырақ арақ ішкен соң күзетші кемпірдің көңілі жадырап:
— Моншаға түсесіңдер ме? Әлі қайнап тұр,— деді. Біз қуанып кеттік.
Екі бөшкеде су толып тұр. Шофер ыстық суды пештің ішіне періп жіберіп еді, ыстық бу моншаны толтырып әкетті. Шофер саналанатын биікке менен бұрын шығып алып:
— Тағы бір-екі жауылша су беріп жібермесеңіз жылына да алмаспыз! — деді.
Мен ұзын сапты қаңылтыр бақырашпен пештің ішінде балқып жатқан тастарға екі рет су шашып қалдым. Бір тастан «Ұлпа» деген жазу шыға келді. Жазу сонша таныс көрінді, мен іркілместен «Ұлпан» деп оқыдым. «Н» әрпінің жоқтығына бөгелгенім жоқ. Оқыдым да аң-таң болып отырып қалдым. Жаңа іркілмей оқып қалған Ұлпан атының бұл пештің ішінен кездесуге орайы жоқ секілді көрініп кетті...
Аяусыз қолдар ақ мраморды талқандап сындырып моншаның пешіне салыпты. Ұлпан маған сол пештің ішінде өртеніп жатқандай сезілді.
Ертеңіне елге келе сала Исахмет қарияға жолығып, моншада көргенімді айтып едім, ол менің ойымдағы күдікті оңай шешіп берді:
— Ғабит-ау,
Ұлпан сорлының көрмеген азабы бар ма!.. Ана бір жылдардағы ауыр кезде Ұлпанның басына қойылған ақ тас жоқ болып кеткен. Осы елдің жігіттері сатып жіберді деген өсек те бар...— деді мұңайып. Қария анығын айтқандай еді. Мен сұрамадым.
Менің ойыма өз заманынан бұрын туып, арманда кеткен үлкен жанның бейнесі біржола ұялап, шегеленіп қалды. Қанша жыл ойымда жүрсе де, қашанғы әдетім бойынша кешігіп жарық көрген «Ұлпан» сол бейнеге, сондай бейнелерге арналады.
Достарыңызбен бөлісу: |