Бірінші белгі бойынша салықтар тура және жанама болып бөлінеді.
Тура салықтар – салық төлеушінің кірісі мен мүлкінен тікелей төленетін салықтар. Олар өз кезегінде нақты және жеке салықтарға жіктеледі. Нақты салықтар салық төлеушілердің мүлкінің (меншігінің) кейбір түрлеріне (үй, жер, кәсіп, ақшалай капитал және т.с.с.) салынады. Жеке тура салықтар – бұл жеке адамдар мен заңи ұйымдардың табыстары мен мүлкіне салынатын салықтар. Нақты салықтардан айырмашылығы – жеке салық салу әрбір салық төлеушінің жеке табысы мен мүлкінде, оның қаржылық жағдайында ескеріледі.
Жанама салықтар – бағаға немесе тарифке үстеме түрінде белгіленетін, салық төлеушінің кірістерімен және мүлкімен тікелей байланысты емес салықтар. Жанама салықтарға қосылған құн салығы, акциздер жатады. Жанама салықтарға сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтен түсетін түсімдер де (кедендік баждар түріндегі, экспортқа және импортқа салынатын салық түріндегі кедендік кірістер, ішкі рынокта сатылатын тауарлар бағасы мен олардың фактуралық құнының айырмасы) жатады.
Жанама салықтар мемлекеттің фискалдық мүдделерін білдіреді. Оларды саналы қолдану баға белгілеудің үдерісіне жағымды ықпал жасауы және тұтынудың құрылымына әсер етуі мүмкін.
Жанама салықтар салудың мәні салықтың тауар бағасына (немесе қызметтің тарифіне) қосылатындығында, кіріктірілетіндігінде. Бұл жағдайда салықты тауардың (қызметтің) нақты тұтынушысы төлейді, алайда тұтынушы мен мемлекет арасында тікелей байланыс болмайды.
Салықты алатын және оған билік жасайтын органға қарай орталық (жалпымемлекеттік) және жергілікті салықтарды ажыратады.
Пайдалану тәртібіне қарай барлық салықтар жалпы және мақсатты (арнаулы) болып бөлінеді. Жалпы салықтар тиісті деңгейлердегі бюджеттерде шоғырландырылады және жалпымемлекеттік қажеттіліктерді қаржыландыруға пайдаланылады. Арнаулы салықтардың қатаң белгілі бір арналымы болады (мысалы, бұрын Жол қорын қалыптастыруға пайдалынылатын көлік құралдары салығы, көлік құралдырын сатып алу салығы).
Объектінің экономикалық белгілері бойынша табысқа салынатын салықтар және тұтынуға салынатын салықтар болып ажыратылады. Табысқа салынатын салықтар төлеушінің салық салынатын кез келген объектіден алған табыстарынан алынады. Тұтынуға салынатын салықтар – бұл тауарлар мен қызметтерді тұтыну кезінде төленетін шығынға салынатын салықтар.
Салық салу объектілерін есепке алу және оларды бағалау амалдарына қарай салық алудың мынадай төрт әдісі қолданылады: кадастрлық*, салық төлеушінің мағлұмдамасы бойынша, табысты алу көзінен ұстап қалу, патенттік негізде.
Кадастрлық әдіске сәйкес салықты есептеу мен оны алу, салық салу объектілерінің нақты табыстылығын есепке алмай табыстылық (жер салығы, мүлік салығы) нормасын көрсете отырып, олардың тізімдемесі негізінде жүзеге асырылады.
Мағлұмдамада салық төлеуші табыстың мөлшерін, қажетті жеңілдіктерді, шегерімдерді көрсетеді және салық сомасын есептеп, төлейді.
Үшінші әдіс бойынша салық төлеуші жұмыс істейтін заңи тұлғаның бухгалтериясы одан салықты табыс алынған жерде есептеп, ұстайды (төлейді).
Анықтау мен олардың көлемдерін есепке алу қиын қызметтің саналуан түрлерінен алған табыстары үшін салық патенттік негізде төленеді.
Салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпаратты қорытындылау және жүйелеу, сонымен бірге салықтар мен бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдерді есептеу және салықтық есептемені жасау мақсатында салық төлеушінің (салық агентінің) есептік құжаттаманы жүргізу үдерісі салықтық есеп деп аталады.
Салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепті жүргізуді салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда есептемелер әдісі бойынша жүзеге
асырады.
Есептемелер әдісі бойынша табыстар мен шегерімдер ақы төлеудің уақытына қарамастан жұмысты орындау, қызмет көрсету, тауарларды өткізу және мүлікті кіріске алу мақсатымен тиеп жіберу мезетінен бастап есепке алынады. Бұл әдіс салық службалары үшін қолайлырақ және оны Қазақстанның барлық төлеушілері қолдануға кабылданған. Төлеушілер үшін оның кемшілігі – салықтық төлемдер жеткізілім тіпті уақытында төленбеген жағдайда да аударылуы тиіс, бұл айналым қаражаттарын оқшауландыруға ұрындырады.
Қазақстан Республикасының салық жүйесі салықтардың, алымдардың және баждардың түрлерін, салықтық қатынастарды реттейтін кұқықтық нормаларды және салық службасының органдарын (Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен оның жергілікті органдарын) кіріктіреді.
Салық салудың әр түрлі шарттары қарастырылған қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші қызметтің мұндай түрлері бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсаттарында салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің есебін бөлек-бөлек жүргізуі тиіс.
Қазақстан Республикасында салық салу практикасында әр түрлі салықтар, алымдар және салық сипатындағы төлемдер қолданылады, олардың тізбесі мыналарды кіріктіреді:
Достарыңызбен бөлісу: |