Қазақстан Республикасы Үкіметіне бақылау сферасында кең өкілеттіктер берілген. Үкімет Қазақстан Республикасы дамуының индикативтік жоспарын, экономиканың сфералары мен секторларының, салалардың, өңірлердің даму бағдарламаларын, инвестициялық қызметтің маңызды бағыттарын жасап, қарау үдерісінде алдын ала бақылауды жүзеге асырады. Көрсетілген іс-қимылдарды орындау барысында Үкімет олардың жүзеге асырылуына, сондай-ақ ауқымына, мезгілдігіне, атқарушылар бойынша мақсатты қаржыландырудың толымдылығына ағымдағы бақылау жасайды, мемлекеттік бюджеттің жасалуы мен атқарылуын бақылап отырады, мемлекеттің қаржылық саясатын жүзеге асырады.
Жалпымемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдарға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Ұлттық банкі, салалық министрліктер мен ведомстволар жатады.
Қаржы министрлігі, оның Қаржылық бақылау комитеті және аумақтық қаржы органдары әлеуметтік-экономикалық сфераның қаржы саласын тексереді. Олар жоспар, қаржыландырудың дара жоспары және қаржылық тәртіптің сақталуын, кірістерді есептеудің дұрыстығын, толымдылығын және дер кезділігін, мемлекет қаражаттарының жұмсалу заңдылығы мен мақсатқа сәйкестігін, бухгалтерлік есеп-қисаптың және есептеменің дұрыстығын бақылап отырады. Қаржылық бақылау комитетінің маңызды функциясы бірлескен және шетелдік кәсіпорындарды, экспорттық-импорттық операцияларды валюталық бақылау болып табылады.
Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының жүйесін:
1) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті;
2) мәслихаттардың тексеру комиссиялары;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі орган;
4) орталық мемлекеттік органдардың ішкі бақылау службалары;
5) облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ішкі бақылау қызметтері құрайды.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғарғы органы болып табылады. Сыртқы бақылауды жүзеге асырады және республикалық бюджеттің атқарылуын, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуын бағалайды. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген мемлекеттік қаржылық ресурстарды пайдалануды бақылайды.
Гранттар мен мемлекет активтерін, мемлекет кепілдендірген қарыздарды пайдаланудың тиімділігін талдайды, сондай-ақ Ұлттық банк активтерін пайдалану сәйкестігіне бақылауды жүзеге асырады.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мынадай негізгі функцияларды жүзеге асырады:
республикалық бюджеттің атқарылуын, оның ішінде Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің қағидаттарына сәйкес бағалауды жүзеге асырады;
өз қызметінің бағыттары бойынша тиімділікті бақылауды жүзеге асырады;
бақылау объектілерінің есепке алу мен есептемені жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру;
орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламаларының іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады;
республикалық бюджет қаражаттарын, пайдаланудың Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының Парламентіне өткен қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынады;
Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің өзге жеке тапсырмаларын орындайды;
республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығын, сондай-ақ республикалық бюджеттен түсетін түсімдер сомаларының қайтарылуын, салықтық және кедендік әкімшілік ету тиімділігін бақылауды жүзеге асырады;
республикалық бюджет қаражаттарын және мемлекет активтерін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкестігіне бақылауды жүзеге асырады;
сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізуге байланысты мәселелер бойынша бақылау объектілері лауазымды адамдарының тиісті есептерін тыңдайды;
сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізу тәртібін айқындайды, мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын әзірлейді, олардың сақталуына бақылау жүргізеді, мәслихаттардың тексеру комиссиялары туралы типтік қағиданы бекітеді;
талдау мен зерттеулер жүргізеді, мемлекеттік қаржылық бақылау саласында әдіснамалық басшылықты жүзеге асырады, мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы оқыту бағдарламаларын іске асырады;
Қазақстан Республикасының бюджет және өзге заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар енгізеді, мемлекеттік қаржылық бақылау мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлейді және келіседі;
Қазақстан Рсепубликасының Үкіметіне, мемлекеттік органдарға және бақылау объектілеріне жіберілген ұсыныстар мен тапсырмалардың орындалуына мониторинг, сондай-ақ бақылау жүргізеді;
Қазақстан Республикасы заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Барлық баспалдақтардың өкілетті органдары (мәслихаттар, депуттардың жиналыстары) бюджеттерді және олардың атқарылуы туралы есептерді қарау және бекіту үдерісінде қаржылық бақылауды жүзеге асырады. Яғни олар бақылауды екі нысанда – алдын ала және кейінгі нысанда жүзеге асырады. Ағымдағы бақылау олардың қызметінде болғанымен негізгісі болып табылмайды. Бақылаудың негізгі әдісі тексерулер болып табылады. Бақылау объекті орталықтандырылған ақшалай қаражаттардың жергілікті қорлары.
Достарыңызбен бөлісу: |