М. ДулатовТыҢ педагогикалық КӨЗҚарастары абилбакиева Ғ. Т



Дата25.02.2016
өлшемі94.5 Kb.
#20096
М. ДулатовТыҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ
Абилбакиева Ғ.Т.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, оқытушы педагогика ғылымдарының магистрі , Алматы қаласы
Резюме

В этой статье рассматривается содействие различных причин общественно-политической деятельности, М.Дулатова.


In this article is considered assistance of various reasons public-political activity, М.Dulatov.
Қазіргі кезде болып жатқан тарихи-әлеуметтік өзгерістер бүгінгі ұрпақтың жаңаша қалыптасуын талап етеді. Ұлттық мәдени мұраларға демократиялық, адамгершілік көзқараспен қарап, оны бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне тиімді пайдалану мәселелері Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, Қазақстан Республикасы "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасында негізгі орын алады.

Осы тұрғыдан қарағанда зерттеуді талап ететін «Алаш» үкіметі мен оны ұйымдастырушы тұлғалардың өмір тарихы, олардың қазақ халқына сіңірген еңбектері. 2014 жылдың желтоқсан айында қазақ халқының мемлекетін қалыптастыру жолында тарихи рөл атқарған «Алаш» автономиясының құрылғанына және алғашқы ұлттық «Алашорда» үкіметіне 97 жыл толды. Бұрыннан келе жатқан көшпелі қоғамның қажетті құндылықтары мен жаңартушылық бағытты байланыстыра отырып жаңа қоғам жасау мәселесіне кешенді түрде кіріскен «Алаш» партиясы қазақтардың ең бірінші саяси ұйымы болды.

Алаш партиясының қызметі өзінің концептуалдық деңгейі мен алдыға қойған биік мұраттарының арқасында замананың ауыр жүгін арқалап қана қоймай, белгілі бір мөлшерде 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздік алуына идеялық тұрғыдан демеу берді. Қайнар бастауында өздері тұрғандықтан ұлттық, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның қалыптасуына да «Алаш» көшбасшыларының қосқан үлесі теңдессіз екені рас.

Алаш партиясының белсенді мүшелерінің бірі М.Дулатов болды. Ол өзінің ақындық, журналистік қызметін ұлт мәселелерінің өзекті істеріне арнады. Әсіресе, халықты жаппай сауаттандырып көзін ашу, мектеп-медресе, дін, имандылық арқылы жастарға білім беру, ізгілікке, патриоттыққа тәрбиелеу, Отанына, халыққа адал қызмет етуге баулу мәселелерін қарастырды.

Мақаланы жазудағы негізгі міндетіміз - Міржақып Дулатовтың қоғам қайраткері екендігін ашып көрсету.

XX ғасырдың басында Қазақстан Ресей империясының аграрлы-отарлық өлкесі болды. Қазақ халқының басым көпшілігі бір жағынан, патша үкіметінің отарлау саясатының қасіретін тартса, екінші жағынан, жергілікті бай-шонжарлардың езгісін көрді.

Бұл жөнінде "Серке" газетінің екінші санында "Арғын" деген лақап атпен М.Дулатовтың 1907 жылы жазған "Біздің мақсатымыз" атты "Қазағым менің, елім менің" деген эпиграфпен басталатын мақаласында: "Ең алдымен қазақ халқы — Россияға тәуелді халық... Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті керек емес нәрселерге жұмсалады.... Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдеп-ғұрыптарымызға, біздің молдаларға ғана тиісті неке мәселесіне де араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды...", - деп жазады .

Осындай өмірлік сұраныстан туған және оған жауап беру ретінде жазылған әдеби-саяси дүниелердің бірі М.Дулатовтың "Оян, қазақ!" атты өлендер жинағы болды (бұл жинақ алғаш 1909 ж. Уфа қаласында шыққан). М.Дулатов "Оян, қазақ!" кітабында езілген, санасы әлі төмен, сауатсыз халқына ұран салып, өнер-білімге шақырды. Қазақ елінің де басқа жұртпен терезесі теңеліп, іргелі ел болуын көкседі. Бұл ниет үндері патша үкіметіне қарсылық деп саналды. Міржақыпты қуғынға түсірді, кітабын қайта шығармауға әрекет жасады. Осыған қарамастан кітап 1909-1916 жж. аралығында төрт рет қайта басылып халыққа кең тарады. „Оян, қазақ!" кітабының қазақ халқына тигізген пайдасы туралы М.Дулатовтың замандасы Қ.Кемеңгеров: „Оян, қазақты" ел құрандай жаттады. Міржақыптың атын алты алашқа таратқан осы "Оян, қазақ!", - деп, әділ бағасын берді [4 ]."Оян, қазақ!" патшаның отарлау саясатына тіке қарсы шыққан алғашқы еңбектердің бірі еді [5 ].

Міржақып та өзінің идеялас ұстазы Ахаң сияқты ел мен жер тағдырын, оқу-ағарту мен дін жәйін, жетімдер мен жесірлер халін, әкімдер мен патша чиновниктерінің зорлық-зомбылығын жеріне жеткізе суреттеді [ 6]. Сонымен қатар Міржақып қазақ жастарын оқып білім алуға, орыс тілі мен өнерін үйренуге, алған білімді халық мүддесіне жұмсауға үндейді. Орыстың алдыңғы қатарлы Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Тургенев, Крылов сынды айтулы ақындарын айта келіп, солардың ішінде Лев Николаевич Толстойды ерекше құрметпен атайды [7].

XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы патшалық отарлау саясаты әрбір зиялы қауым өкілдерін бей-жай қалдырған жоқ, олар бар күш-жігерлерін елі мен жерінің бостандығына арнады.

М.Дулатов қазақтың езілген, адасқан, тығырыққа кез-келген халін барынша жеріне жеткізе айта келіп, қазақ халқының ауыр халіне қойдан жуас, намыссыз халықтың өзі кінәлі дегенді айтады:

Ұйқыда жатыр қазақ көзін ашпай,

Кеттік қой отқа күйіп, өрттен қашпай.

һәр халық алға кетіп жатсадағы.

Біздің жұрт шегінеді қадам баспай.

Сахара, сахара деп қалдық надан,

һүнерлі халықтармен араласпай.

Басқа жұрт алтын, күміс мысалында,

Простой біздің қазақ қара тастай, - деуі соны дәлелдей түскендей [8,51 б].

XX ғасырдың басында әлеуметтік тегі әркелкі қазақ интеллигенциясының революцияға дейінгі саяси-идеялық көзқарастары әртүрлі болып келді. Сондықтан қазақ зиялыларының Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, МДулатов бастаған бөлігі "Қазақ" газетін шығарып, соның төңірегіне топтасып, кейін "Алаш" партиясының ұйтқысы болды.

М.Дулатов өзінің өмірбаяндық очеркінде: "...1913 жылдың бас кезінде мен Орынборға келдім. Сондағы ғалым-жазушы, өзімнің ұстазым, әрі ағам Ахмет Байтұрсыновқа сәлем бердім. Ұзақ кеңесіп қазақ халқына арнап газет шығармақшы болдық. Бұл пікірімізді Әлихан Бөкейханов ағамыз толық қолдады. "Іске сәт"деп жұмысқа кірісіп кеттік", - дейді. М.Дулатов 1913 жылдан бастап Орынбор қаласында жарық көрген "Қазақ' газетінің екінші редакторы болып қызмет атқарады. Бұл қызметке кірісуге Орынбор губернаторының баспасөз басқармасы өзінің 1914 жылдың 19 - мамырдағы бұйрығымен рұқсат береді.

Осы ұлттық басылым арқылы олар халықты оқуға, мәдениетке, көшпелі шаруаларды отырықшылыққа шақырып насихаттады. Патша өкіметі тарапынан жүргізіліп отырған отаршылдық саясатқа қарсы қоғамдық пікір қалыптастыруда айтарлықтай жұмыстар атқарды [9,447б.]. Ұлттық баспасөздің негізін салушы, қазақ зиялы қауымы халыққа газеттің керегі қандай екендігін жан-жақты түсіндіруге тырысты.

М.Дулатов "Қазақ" газетін шығарушысы ретінде қоғамдық-әлеуметтік белсенділігіне игі ықпал еткенін оның аталмыш газетке шыққан мақалаларынан айқын аңғарамыз. "Қазақ" газетіне бүркенші "М.Д.М.", "Арғын", "Мадияр", "Алашұлы Азамат", "Мирякуб", "Таймінер" деген атпен көптеген мақалалары жарыққа шықты. Оның газет бетіне шыққан "Хазірет сұлтан", "Земство не нәрсе", "Айқап" журналы, "Қазақтан солдат алына ма?", "Абай", "Шоқан Шыңғысұлы Уалихан" және т.б. мақалалары қоғамның сан қырлы жағын қамтитын құнды еңбектер болып табылады [10, 547 б.].

"Қазақ" газетінің қазақ халқының саяси өсуіне ықпалы жөнінде белгілі философ Ә.Нысанбаев былай деп нақтылайды: "Қазақ" газеті осынау аз ғұмырының ішінде барша қазақ зиялыларын ортақ мақсат жолында топтастыра алды, тынымсыз соғылған қоңырау сынды халықтың қалғи бастаған рухын оятып, мыңдаған зерделі жасты тәуелсіздік туының астына жинай білді. Қазақ тарихындағы ең алғашқы ірі қоғамдық ұйым: Ұлттық-демократиялық "Алаш" партиясының ұйымдасуына ұйтқы болған да осы газет. Заман аударылып - төңкеріле бастаған тұста қазақ елін аласапыраннан аман-есен алып шығып, автономиялық мемлекет мәртебесіне жеткізуді мұрат тұткан Алашорда үкіметінің үні болған да осы газет" [11,6 6.].

1917 жылы шілденің 21-26-сында Орынбор қаласында Алаш партиясы құрылды. Алаш партиясының құрылуы қазақ халқының өмірінде елеулі уақиға болды. Яғни, "олар Қазақстанды тар шеңбердегі таптық тұрғыдағы мемлекет емес, керісінше жалпы ұлттық мақсат-мүдделері негізінде құрылған дербес ел етуге ұмтылдыру болды [12].

1917ж.аяғында уақытша үкіметтің құлауы, оның жергілікті орындарының биліктен қол үзе бастауы, большевиктер бастаған кеңес үкіметінің жер-жерлерде билікке ие болуы Алаш партиясының стратегиясы мен тактикасын өзгертуді талап етті.

"Жас қазақтар, қайдасың?" деп барша әлемге жар салған әрі ақын, әрі төңкерісшіл - қайраткер М.Дулатовтың соңына тік көтеріле ерген қазақ жастары

Арғы атам — ер түрік,

Біз — қазақ еліміз.

Арқаның ерке өскен

Еркесі - серіміз,

Лап десек ерленіп,

Дауылдап жанамыз.

Жау шауып, сау қайтсақ, боламыз

Қазақтың шын ұлы, қаһарман сабазы!, — деген әнұранмен Алаш туының астына топталды. "Жасасын, Алаш автономиясы! Көркейсін алаш!" деген ұранмен М.Дулатов қазақ елінің елдігі мен бірлігін сақтауға бар күш жігерімен атсалысты. Ұлттық тәуелсіздік мәселесінде, әсіресе, Алашорда қозғалысында аянбай еңбек етіп, тер төккен саяси қайраткерлердің бірі болып көзге түсті. М.Дулатов, А.Байтұрсынов сияқты Алаш туын көтерген, елін, жерін сүйген жалынды патриот, саяси қайраткер, жауынгер журналист, көрнекті әдебиетші, қоғам қайраткері болып тарихтан өшпес орын алады.

М.Дулатов автономиялық мемлекет болу үшін алдымен әскерді құруды негізге алу керек екеніне аса мән берді. Айбынды әскердің болуы басқа мемлекеттердің алдында беделіміздің үстем болуына өз ықпалын тигізетінін атап көрсетті.

"Бұл заманда әскер жоқ жұрт - жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетін болсақ та, ерік өзімізде. Бір жол — құлдық жолы. Әскер деген сөзден бұрынғыдай ат-тонымызды ала қашатын болсақ, осындай жігімізді ашып, жер-суымызды қорғап, билігімізді өзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді алдына салып айдап жүруге ие табылады. Сонда біреуге әскер бермей кете аламыз ба, шығын төлеуден құтыламыз ба? Ошақтың үш бұтының амандығын тілеп отырған күніміз де болған, сонда бізді алдына салып айдап кетпеп пе еді. Сонда қолымыздан еш нәрсе келмей, құлдық ұрғанымыз болған. Құлдық жолы дегеніміз осы.

Екінші жол — жұрттық жолы. Осы бастан автономия алудың қамына кіріссек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, Алаш Орданы үкіметіміз деп тіресіп қорғасақ, бізді ешкім басынбайды. Үкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі. Алашқа жаны ашымайтын қара жүректер, жұрт болғанымызды көре алмайтын қаскүнемдер, ертең не болатынға көзі жетпейтін надандар ізгі ниет, ілгері тілегімізге қарсы болып, жұрттың көңіліне қорқыныш салатын да шығар. Автономия болуымызға, милиция құруымызға, қазына жинауымызға халықты қарсы қоюшылар да табылатын шығар. Бірақг халық ойлануы керек. Бүгінгісін емес, келер күнін ойлануы керек. Біздің арамызда Алаш тілегіне қарсы болатын кімдер екені белгілі. Бұлар екі түрлі. Бірі—қаны қарайған, ұлт намысы дегеннен бейхабар, жамандықты кәсіп қылып қалған ант ұрғандар. Бұлар аузы қисық болғанын айнадан көріп, жамандығымызды неге қостамайды, терісті неге дұрыстамайды деп жұрттың бәрімен қас. Бұларға елдің тыныштығынан бүлінгені керек. Жұрт тыныш болса, мұндайларда абырой жоқ. Осыны олар жақсы біледі. Екінші түрі — ел ішіндегі партия құмарлар. Бұлар істеп жүрген істері жұртқа зиянды екенін ойламай, партия қуған, "баққа таласып жүрміз" деп адасып жүрген надандар. Егер жұрт, жұрттықты ойласа, партиясын, тым болмаса, уақытша қоя тұрып, бірлік-береке қылатын болса, Алаш аты бәйгеден келмей қалмас еді,"- деп, МДулатов қазақ халқының басын біріктіруде өздері негізін қалаған "Алаш" партиясының бағыт-бағдарын айқындап берді [10, 441 б.].

"Алаш" партиясының құрылуы және маңызы туралы "Қазақстан" энциклопедиясында: "Алаш партиясы — қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы (1917-1920). Алаш партиясының өмірге келуі, біріншіден, қазақ елінің қоғамдық дамуының жаңа экономикалық саяси және рухани негізде қайта құру қажеттілігінің пісіп жетілгендігін, екіншіден, Ресей империясының Қазақстанда орнатқан отарлық басқару жүйесінің терең дағдарысқа ұшырағандығын көрсетті. 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселеге қарап мынадай шешім қабылдады. Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын жөн көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд 'Шора-и-исламға" сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды", - деп жазады [13, 248 б.].

"5-13 декабрьде екінші жалпы қазақ-қырғыз съезі болды. Съезде автономия ресми жарияланғанша уақытша қазақ-қырғыз істерін билеуге Алаш Орда сайланды. Алаш Орданың Уақытша тұратын орны Семей болды. Бірақ, большевик кесірінен Алаш Орда іске кірісе алмады. Семей һәм Ақмола облыстары большевиктен тазарған соң 11 июньде Алаш орда іске кірісті һәм съезд қаулысы бойынша автономия жарияланғанша қазақ-қырғыз мәдени ұлт жүмыстарын өзі билейді деп жарлық шығарды. Мұның мәнісі жерлі автономияны жариялауды кейінге қалдыра тұрып, мәдени-ұлт автономиясын жарыққа шығарған еді" [10, 444 б.], - дейді. Бұл сөздер Алашорданың сол тұстағы қоғамдық-саяси және нақты тарихи жағдайларға байланысты салмақты көзқараста болып және орынды әрекет етуді көздегенін көрсетеді.

Сонымен қатар ұлттық милицияны жасақтау жөне оның құрамына адамдар қабылдау М.Дулатовтың негізгі ұсынысы бойынша құрылды. Өзінің "Торғай облысының қазағынан милиция алу тәртібі" атты мақаласында азаматтарды милицияға алудың 18 тармақтан тұратын тәртібін рет-ретімен белгілеп береді. Милицияның аса қажеттілігін М.Дулатов былай деп түсіндіреді:

«Енді мұнан былай жұрттықты ойлап, бірлік қылатын болсақ, Алаш тілегінен басқаға алаң болмай, жұртқа ең пайдалы нәрсе-милицияның керектігіне көзін жеткізсек, жолымыз болғаны [10, 441 б.].

Яғни, ұлттық милицияны құрудағы көздеген мақсаты ел тыныштығын сақтай отырып, басқа да шетел аймақтарынан келетін залалдарды болдырмау екенін байқаймыз. МДулатов өзі құрып, негізін салып отырған әрбір істерге үлкен жауаптылықпен, азаматтық тұрғыда қарайды. Әсіресе, ел ішінде жүрген жастарды әскерге алу, сайлау және т.б. науқан кездерінде қазақтардың бір-бірімен жауласып, қырқысып жататынын өз мақалаларында ашына жазады. "Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады", - деп М.Дулатов еңбектерінде көтерілген негізгі мәселе ел арасындағы ауыз-біршілікті, сырттан келіп жатқан жаман пиғылды адамдарға қарсы тұру арқылы сақтауға болады деп қарады.

М.Дулатов ұсынған "Жалпы қазақ съезінің қаулысында" қоғамның дамуына қажетті мәселелерді жан-жақты қамтиды. Әрбір берілген тақырып бойынша нені қарастыру керек екеніне жан-жақты тоқталып мазмұнын көрсетеді. Съездерге қатысқан бүкіл қазақ зиялы қауымының тізімін береді [10, 405 б.].

М.Дулатов өзінің "Жасасын, Алаш автономиясы", "Көркейсін, Алаш!" атты арнайы рубрикамен шығатын мақалаларында: "Ертең тірі болуына бүгін ешкімнің көзі жетпеді. Малын-жанын қорғайын дегендер Совет үкіметіне қарсылық қылған болып танылды. Мынауың елге бүліншілік дегендер контрреволюционер аталды. Большевиктер қаладағы ірі байларды талап, тояттағаннан кейін жалпы жұртқа аранын ашты.

... Алаш билігі Алашта болса дейтіндер мұндай заманның екі айналып келмейтініне анық көздері жететіні рас болса, малды-жанды автономия жолына салу керек", - деп М.Дулатов большевиктер жасаған ойранды әшкерелей отырып, ұлттық тәуелсіздікті жақтап қазақ мемлекетінің өз алдына егеменді ел болуы үшін жан-тәнімен аянбай қызмет етті [10, 436 б.].

М.Дулатовтың саяси қайраткерлігі 20-жылдардың орта кезіндегі Қазақстанда зиялы қауым арасында болған айтыс кезіндегі позициясынан да байқалады. Ол 1924 жылы Орынборда болған қырғыз-қазақ ағартушыларының тұңғыш съезінде жасаған баяндамасында араб әрпінің ерекшелігі мен артықшылығын дәлелдеп қазақ мәдениетін қорғауда саяси қайраткерлігін көрсетіп бақты. Оның "Бүкіл шығыс елінің мәдени мұрасы араб әрпімен жазылған. Егер де дүрлігіп латынға көшсек, біз ғасырлар бойы араб әріпімен жазылған көне мәдени мұрамыздан қол үзіп қаламыз" деген пікірінің шындық екеніне бүгінде дау айтатын адам болмаса керек [14, 138 б.].

Қорыта келе айтарымыз М.Дулатов қоғам қайраткері дәрежесіне дейін өсті. Яғни, 1900-1920 жж. арасындағы Қазақстандағы қоғамдық-әлеуметтік саяси хал-ахуал оның қоғам қайраткері болып қалыптасуына, тез оянып белсенді күрескерлік іс-әрекеттер атқаруына ықпал етті. Сөйтіп, М.Дулатовтың өзі де қазақ қоғамының әлеуметтік тұрғыда дамуына тиісті үлесін қосты.



М.Дулатов бар ғұмырын қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуы үшін сарп еткен, "Оян, қазақ!" деп ұран тастаған революционер-қайраткер, ағартушы-педагог. М.Дулатов мұраларын зерттеу және оны бүгінгі жас ұрпаққа оқу-тәрбие жүйесі арқылы жеткізудің жолдарын ашып көрсету іргелі зерттеулерді қажет етеді.

1. Қазақстан Республикасы Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы /Егемен Қазақстан, 2004,- 3 б.

2. Ильясова А.Н. Становление и развитие педагогической теории Казахстана (1900-1960). –Алматы, 1997. -283с.

3. Дулатов М. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1991. - 380б.

4. Әуезов М. Ахаңның елу жылдық тойы - Алматы: Қазақстан мектебі, 1998. №6. М.Дулатов. "Оян, қазақ!". Публицистикалық – лирикалық жинақ (Құрастырушы: М.Әбсеметов). - Алматы: Алтын Орда. 1991. - 80 б.

6. Байтұрсынов А. Тандамалы шығармалар жинағы. — Алматы: Жазушы, 1989. - 320 б.

7. Нұрпейісов К. Тұтқындалған "Оян, қазақ!" Алматы./Қазақ әдебиеті. 1990. 16 қараша.

8. Дулатұлы М. Өлеңдер, роман, пьеса, әңгімелер //Бес томдық шығармалар жинағы. — Алматы: Мектеп, 2002. —Т. I. —368 6.

9. Айқап. - Алматы: Қазақ энциклопедиясы. 1997. - 447 б.

10. Субханбердина Ү., Дәуітов С., Сахов Қ. "Қазақ" газеті. -Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы. — Алматы, 1998. -Б.10-557.

11. Нысанбаев Ә. Азаттық рухының күміс қоңырауы. "Қазақ" кітабына жазған алғы сөзінен. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы,1998. - 6 б.

12. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. — Алматы: Ататек,1995. - 125 б.

13. Қазақстан энциклопедиясы. - Алматы: Қазақстан, 1998.-248 б.

14. Дулатұлы М. Көсемсөз, әдеби сын, зерттеу мақалалары, қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіштері /Бес томдық шығармалар жинағы. — Алматы: Мектеп, 2003. - Т.З, - 400 б.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет