- Отпантау – тарихи-мәдени кешен, кесене. 2007 ж. 25 қазанда ашылды. Кешен С.Адайдың бастамасымен 2004 ж. қолға алынған. Әуелі кешен жобасына байқау жарияланып, оған бірнеше үміткерлер қатысты; сарапшылар алқасының ұйғарымымен К.Демесіновтің жобасы кешен негізіне таңдалып алынды. Осы жоба бойынша Отпан таудың басында салынған 12 құлпытас ортасынан қос күмбез көтеріліп, ол алтынмен апталынды. Үш құлпытастың ортасындағысының қас бетіне алтын әріппен «Адай ата» деген сөз жазылды. Отпантау кесенесіне кірер есік екеу: олар «қасиетті қос босаға» деп аталады. Күмбезді көтеріп тұрған құлпытастарға Адайдың сегіз арысының аттары, ал күмбездің ішкі бетіне Адай ұрпақтарының аты мен рулық шежірелері алтын әріппен жазылған. Кіреберістегі керегелер биік мұнараларға бекітілген. 12 қанат керегенің ішкі беті гранитпен қапталып, оған әр түрлі тілдерде Адай туралы дерек-жазбалар ойылып түсірілген. Кесененің диаметрі 7 м, биіктігі 13 м. Кесене және оның шығысындағы төбе басында көк бөрілер мүсіні орнатылған. Тау басына көтерілетін айналма тепкішекті қоршай жаяу және көлік жолдарына тас төселген. Күмбез төбесіне сәуле шашып тұратын қуатты шырақ жағылған; газ, электр желісі мен тұщы су құбыры тартылған. Кесененің негізгі материалдары жергілікті орындардан алынған; гранит пен мәрмәр тастар шетелден әкелінген; ал көк бөрі мүсіндері мен алтын аптаулар шет ел зауыттарында құйылып жасалған.
Достарыңызбен бөлісу: |