Махаева Айткүл Шайымқұлқызы Қазақ қырғыз саяси байланыстарының тарихы


«Патшалық Ресейдің ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы экспансиялық саясаты кезіндегі қазақ-қырғыз қарым-қатынасы»



бет3/4
Дата25.02.2016
өлшемі0.78 Mb.
#18782
түріДиссертация
1   2   3   4

«Патшалық Ресейдің ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы экспансиялық саясаты кезіндегі қазақ-қырғыз қарым-қатынасы» деп аталатын үшінші тарауда Тойшыбек Қасаболатұлы бастаған Іле-Шу өңіріндегі қазақтар мен қырғыздардың орыс жаулаушылығына қарсы күресі, қырғыздың Орман манабының Іле бойына көшуі, Сарыкемер мен Ұзынағаш шайқастары тұсындағы және одан кейінгі кездегі қазақтар мен қырғыздардың өзара байланыстары мәселесі қарастырылады.

1847 жылы Қапал бекінісінің іргесі қаланып, 1848 жылдың басында Ұлы жүз қазақтарын басқару және Жетісу өлкесін бақылау үшін Үлкен орда приставтығы құрылып, ол Батыс Сібір генерал-губернаторлығына бағынды. Сөйтіп, Жетісудағы саяси билік орыстар қолына өте бастады. Үшалматы өңіріндегі Тойшыбек бекінісі үшін қоқандықтар мен орыстар арасында бәсекелестік үдей түсіп, ақыры 1850 жылғы сәуірдің 19 мен 23-і аралығында болған шайқасқа алып келді. К.К. Гутковскийдің отрядына қарсы күресте Тойшыбек би 3 мың қырғызды көмекке шақырды. Тойшыбек бидің шақыртуына орай Пішпектен бірнеше жүз сарбаз жіберілді. Осы бекініс үшін шайқаста К.К. Гутковскийдің отрядынан 1 адам өліп, 9 адам жарақат алды, ал бекіністі қорғаушылар тарапынан 200 кісі қаза тапты. Бірақ К.К. Гутковский отряды бекіністі ала алмай, кері қайтуға мәжбүр болды [45, 9-п.].

Тойшыбек бекінісін алу үшін патша өкіметі подполковник Карбышевтің 1 мың 371 адамнан тұратын отрядын жасақтады. 1851 жылы мамырда бұл отряд бос қалған Тойшыбек бекінісін алып, орыс жаулаушылығына қарсы көтерілгендерді қатаң жазалау шарасын ұйымдастырды.

Тойшыбек би өзіне қараған жұртын алып, Шудың оң жағасына, қырғыздар арасына көшіп келіп орналасады. Сол жерде орыс жаулаушылығына қарсы күресті онан әрі жүргізуді жалғастырады.

Қырғыздың Орман манабы 1851 жылдың желтоқсаны мен 1853 жылдың маусым айына дейінгі мерзімді қазақтар арасында, Іле бойында өткізеді. Ол бұл өңірге өз қарамағындағы 400 түтінмен көшіп келген еді. Оның Іле бойына көшіп келуіне және кейіннен кері көшіп кетуіне қоқандықтардың ықпалы болған. Мұны пристав М.Д. Перемышльскийге келіп түскен мынадай шағымның мазмұны да аңғарта түседі: «Орман батыр 2 қыс Шелекте қыстап шықты, сөйтіп қашып кеткен жоқ па, ал уақыты және жағдайы келгенде барлық қазақ пен қырғызды жиып, орысты қырып-жойып, Іленің жағалауынан қуып шықпақ болған жоқ па, бұл жау емес пе, осының бәрін Тезек естімей отыр ма?».

Орман манаптың қазақтар арасына, Ілеге келуі орыс әкімшілігі шенеуніктері арасында қызу айтыс тудырды. Ол Орман манапты Іленің сол жағалауындағы қазақтарға қарсы пайдалану керек пе, жоқ па деген сауал төңірегінде өрбіді. Бірақ патша өкіметінің Орманды қазақтарға қарсы пайдалансақ деген ойы Орман манаптың өз қарамғындағы түтіндерімен кері көшіп кетуіне орай жүзеге асусыз қалды.

Сол кезде Тойшыбек би мен оның батыр ұлы Байсейіт бастаған қазақтар мен қырғыздар Верный бекінісін салып жатқан отрядқа тұтқиылдан шабуылдауды үдете түскен еді. 1854 жылы Күнгей Алатау шатқалдарына жасырынған Тойшыбек пен Байсейіттің қазақтар мен қырғыздардан тұратын 80 шамалы атты жігіттері казактарға кенеттен шабуыл жасап, оларға қаруларын алуға мұрша бермей, 5 адамды өлтіріп, 4 адамды жаралап кетеді.

1854 жылдың сәуір айында қоқандықтар орыс бекіністеріне қарсы шабуылдауға дайындық жұмыстарын жүргізіп, Жанғараш пен Орман манаптың қарамағындағы қырғыздарды және Ұлы жүз қазақтарын қаруландыра бастайды, халықты Іленің сол жағалауындағы орыс отрядына шабуыл жасауға шақырады. 1854 жылы мамыр айында 800-ге жуық қоқандық әскер Пішпекке келіп, соңымыздан тағы әскер келе жатыр деген сөз таратып, қазақтар мен қырғыздарды патша өкіметінің жаулап алушылығына қарсы ұйымдастыруға тырысады. Оларға Тойшыбек би бастаған Ұлы жүз қазақтары мен солто руының қырғыздары қосылып, қазақ ауылдарын Шуға қарай өткізе бастайды. Қазақтардың қоқандықтар жағына өте бастағанына қарсы болған М.Д. Перемышльский 150 солдаты мен 2 зеңбірегін, 2 ракеталық станогын алып, Пішпекке қарай жылжиды, бірақ қоқандықтармен жолыға алмай кері қайтады.

Генерал-губернатор Г.Х. Гасфорд жергілікті халықтың наразылығынан отрядтың талқандалып қалуынан қауіптеніп, М.Д. Перемышльскийге қоқандықтардың кенеттен шабуыл жасауынан сақтанып отыру үшін Шудың арғы бетіндегі Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздар арасынан тыңшыларың болсын, оларды осындай алмағайып заманда қоқандықтардан гөрі Ресейге қызмет ететіндей қылыңыз деп кеңес береді.

1854 жылдың күзіне қарай қоқандықтар қазақтар мен қырғыздар қоныстанған Шу бойындағы бекіністерін күшейте түсті. 500 қоқандық әскер мен қазақ-қырғыз қолы Ресей бодандығын мойындаған қазақ ауылдарына 1854 жылы 11 қазанда шабуыл жасайды. Бұл оқиға Сарыкемер деген жерде өтеді. Сарыкемердегі шайқас 1 күнге созылып, екі жақ та жапа шекті. Шайқас барысында 100 қоқандық әскер, ал қазақ, қырғыздан 300 адам қаза болады.

Патша өкіметі қазақтардың да, қырғыздардың да арасында руаралық талас-тартысты күшейтіп, бір-бірімен атыстырып, шабыстыру арқылы олардың әлсіреп, тезірек өздеріне мойынсынуына қол жеткізуге ұмтылды. Қырғыздардың қоқандықтарды жақтаған сарыбағыш руы мен патшалық Ресейді қолдаған бұғы руы арасында 1854 жылы өзара шабыс басталып кетті. Тезек төре, Бөлтірік шешен мен Сүйінбай ақын бастаған қазақтар сарыбағыш және бұғы руларын ымыраға келуге шақырып, мәмілегерлік қызмет атқарды.

Алатау округының бастығы қызметіне тағайындалған Г.А. Колпаковский қазақ, қырғыз билеушілерін өзара қырқыстырып, өзіне тәуелді етуге бар күшін салды. Оны мына бір хат мазмұны да көрсетеді: «Албандар мен сарыбағыштардың алауыздығын өршіту мәселесіне келсек, – деп жазады Г.А. Колпаковский 1859 жылы 30 қазанда генерал-губернатор Г.Х. Гасфордқа, – бұл істе шешуші соққыны беруде бізге соңғы барымта үшін сарыбағыштардан көңілі қалған албан батыры Тазабектей және тағы бір албан руының ат құлағында ойнаған, батырлығымен аты шыққан Малай батырындай ешкім қызмет көрсете алмас. Мен Тазабекпен жақсы қарым-қатынастамын және жиі араласып тұрамын, енді оны Верныйға шақырып алып, сарыбағыштарға қатысты оқиғаларға қанығармын. Сұраншыға келетін болсақ, ол барлық сарыбағыштармен жақсы қарым-қатынаста және бізге Орман ұрпақтарына қарсы қызметке жарайды деп ойламаймын, дегенмен де онымен жолығып, Үмбетәлімен достығының мән-жайын біліп, мүмкіндігінше талайдан келе жатқан олардың достығын ебін тауып, бұзуға тырысамын».

Г.А. Колпаковский Ботбай Сыпатай биді Жаңғараш манаппен қалайда араздастыруды да ойластырды. Ол өзара өштескен қазақтар мен қырғыздардың рулары өзімнен бодандық сұрауға мәжбүр болады деп үміттенді. Г.А. Колпаковский сарыбағыш руының манабы Үмбетәлінің бұғы руымен татуласуға деген талпынысын да құптамай, жоғары билікке «Тезекті сарыбағыштарға қарсы қоямыз деп үміттенуге болмайды, ол сарыбағыштарға жақын адам. ... Тезек көктемде сарыбағыштарға бармақшы. Сарыбағыштарға Тазабекті, Малайды, кейбір дулаттарды, Сұраншыны қарсы қоюға болады», – деп мәлімдеді.

1860 жылы шілдеде Қастек бекінісіне таяу жердегі Жиренайғыр өзені бойында қоқандықтардың патша өкіметі әскерлері арасында болған шайқасқа Қоқан ықпалындағы Сыпатай би, Байсейіт батыр, Керім би және тағы басқа қазақтарға солто руының Байтік манабы, Жаңғараш манаптың бауыры Сұлтанбай, солтоның бөлекбайынан Абайділда би, сарыбағыш манабы Жантай қосылады. Бірақ олар күші басым патша өкіметі әскерінің тегеурініне төтеп бере алмай кері шегінеді.

Осы жылы 30 тамызда полковник Циммерман отряды Пішпекті қоршауға алады. Пішпекті қорғауға қырғыздармен бірге қазақтар да қатысады. Соның бірі – Ұлы жүздің суан руының қазағы Әлжанбай Биболов еді. Қырғыздың Жаңғараш манабы мен Байсейіт Тойшыбекұлының қолы қоршауда қалған пішпектіктерге көмекке ұмтылды. Жаңғарашқа қарасты солто руының қырғыздары мен Шу бойындағы қазақтар орыс әскерлерін атқылауға алды.

Орыс әскерлері Тоқмақ пен Пішпекті талқандап, Шу бойы қазақ, қырғыздарының қарсылық көрсетіп, ыңғай бермей қоюларына байланысты бұл жерде тұрақтай алмай, кері Верныйға қайтып кетті.

Әулиеатаға 1860 жылы келіп жеткен қоқандық қолбасшы Қанағатшаһ қазақ, қырғыздарды қолдарына қару алып, мұсылман әскеріне қосылуға және қолдауға шақырып, үндеухаттар таратады. Онда: «Бүкіл Дешті-Қыпшақ мұсылмандары, Алматыға жорыққа бару үшін қатарға қосылыңдар, бәріңнің еңбегің еш кетпейді, паруанашы Қанағатшаһ сый-құрметке бөлейді, мал-жандарыңызға ешкім қол тигізбейді, ислам әскері Іледен ары қарай өтіп, мұсылмандарды қорғайды» деп көрсетіледі.

1860 жылы 18 – 21 қазанда Ұзынағаш түбінде қоқандық күштер мен орыс әскерлері арасында өткен шайқасқа қоқандықтар ықпалындағы қазақтар мен қырғыздар да қатысты. Байзақ, Батырбек, Сыпатай, Момынбек, Қожабек секілді билер мен датқалар және қырғыз манабы Жантай қазақ-қырғыз жасақтарына қолдау танытты. Сыздық төре, Сұраншы батыр, Байсейіт батыр, Арыстан батыр, Ақмолда батыр қазақ-қырғыз қолын бастап шықты. Қырғыздың Жантай манабының ұлы, сол кезде 21 жаста болған Шабдан батыр да ерлікпен күресті. Сондай-ақ, сарыбағыштан Үмбетәлі, Төрегелді, саяқтан Тайлақ батырдың ұлы Осмон, солто ішінен бөлекбайлық Корчу батыр белсене қатысты. П. Пичугин қырғыздардың атты әскері 3000-дай адам болды, солто руын Іледен қуылған біздің дұшпанымыз – Тойшыбектің баласы Байсейіт бастап келді деп көрсетеді [8, с. 14]. Бұл мәлімет Байсейіт батырдың қырғыз жігіттеріне де қолбасшылық жасағанын аңғартады.

Ұзынағаш шайқасы Іле өңірінде орыстардың біржола табан тіреуіне әкелді. Ұзынағаш шайқасында жеңіске жеткен патша өкіметі ендігі жерде қазақтар мен қырғыздар арасындағы беделді адамдарды өз қызметіне тартуға ерекше мән берді. Г.А. Колпаковский қазақтар мен қырғыздар арасына от тастау арқылы екі жақты да өзіне бағынышты ету ісін онан әрі жалғастыра түсті. Мысалы, Сұраншы батырды Жантай манапқа қарсы қойды. Ол өзіне Жантай манап жіберген кісілерді де, Сұраншы батыр атынан барған кісілерді де қамауға алды. Жантай манап өз адамдарын құтқару үшін мен жіберген кісілерді тыңшы деп ұстатқан Сұраншы батыр деп күдіктеніп, Сұраншы батырды ашық кінәлауға көшеді.

Патшалық Ресейдің билігін мойындаған қазақ ауылдарын қоқандықтар жағындағы қырғыздар тарапын шабуылдау оқиғалары да бой көрсетпей қалмады. 1862 жылдың наурыз айында солто руының Балуаншолақ манабы бастаған қол Шудан өтіп, қасқараулық қазақтар мен сұлтан Әблес Әділовтың ауылына шабуыл жасап, жеңіліс табады да 25 манап қолға түседі. Г.А. Колпаковский олардың бәрі үшін құн алуды ойлап, қолға түскендерді Верныйға алып келуді тапсырады.

Орыс әскерлері тарапынан қиратылып тасталған бекіністерді қайта қалпына келтіру жұмыстарына да қазақтар мен қырғыздар бірлесе жәрдем беріп жатты. Мысалы, 1863 жылы Мерке бекінісін қайта тұрғызуға бекініс төңірегіндегі қазақтың ботбай, қасқарау руларының және қырғыздың солто руының кісілері көмек көрсетті.

Шу экспедициясының бастығы подполковник Лерхе Байзақ датқа мен Құдайберген датқадан өзге шымыр руының биі Үмбет Таңсыққожаұлына, ботбай руынан Тойшыбек бидің ұлдары – Байсейіт батыр мен Керімбек биге, жаныс руынан Қашқынбай биге, қырғыздың Жантай, Мырзалы, Сауранбай, Рысқұлбек, Құдияр сияқты т.б. манаптары мен билеріне хат жазып, сыйлықтар үлестіріп, орыстар жағына қызметке тартуға тырысты.

Қырғыздың Жаңғараш манабы орыс отряды Шуға жақындағаннан-ақ Талас өзенінің жоғарғы жағына көшіп кетіп, сол жақта бірнеше мың қырғыз, қазақ жігіттерін атқа қондырып, орыс отрядын жойып жіберуге төңірегіндегі қырғыз, қазақ ауылдарын үгіттей бастайды. Тіпті, Әулиеата бегі Атабекке де хат жазып, орыс отрядынан қорықпай, оларды бұл өңірден кері қуып тастауға бір шара қолдануға шақырды. «Жаңғараш манап бізді өткелде қарауылдап, тау жақтан шабуылдап, құртып жібермекші. Атабек барлық манаптарға және Байзаққа хат жолдап, орыстардан өздерін аулақ ұстап, қоқандықтарды қолдау қажеттігін айтып жатыр», – деп көрсетті подполковник Лерхе.

1864 жылдың мамырында Әулиеатаға Ташкенттің жаңадан тағайындалған бегі Нұрмұхамед паруанашы келіп, Шу-Талас бойындағы қазақ, қырғыз жайымен танысып, Мерке бекінісіне 400 адамдық әскер жібереді. Қырғыз манаптары мен билерін Әулиеатаға шақырып, кеңес өткізеді. Талас өзенінің жоғарғы ағысы бойынан солто руының Жаңғараш, Маймыл және Тінәлі сияқты манаптары Әулиеатаға келіп, Нұрмұхамедке жолығып, тарту-таралғыларын жасап, Құран ұстап, қыпшақтарға қосылып, Ұлы жүз қазақтарымен бірге орыс әскерлеріне қарсы тұруға ант етеді [46, 179-п.].

Бұдан әрі диссертацияда қазақтар мен қырғыздардың Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі қалаларды патшалық Ресей әскерлерінің жаулаушылығына қарсы күреске тартылуы мәселесі баяндалады. Тоқмақ, Мерке ғана емес, сондай-ақ Әулиеата, Шымкент, Иқан түбіндегі шайқастарда қазақтар мен қырғыздардың қоқандықтармен бірлесе әрекет еткені және бұл күрестегі Сыздық төре, Әлімқұл әмірләшкәр, Мыңбай датқа, Ермекбай датқа және басқа қайраткерлердің орны мен рөлі көрсетіледі.

Патша әскерлері жаулап алған жерде қалған қазақ-қырғыздың күйін Майлықожа ақын:

Тоқпағым мен Піспегім,

Өңімдей болды түстегім.

Орыс шықты тауыңа

Қиын болды түспегің.

Әулиеата, Талас-ай,

Үстінде жатқан алаш-ай,

Орыста қалды қор болып,

Мұсылманның баласы-ай, – деп көрсетті.

Орталық Азияда күшпен орнаған патшалық Ресейдің үстемдігі жағдайында қазақ-қырғыз байланыстары азаттық қозғалыс арнасында дамыды.

«ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы азаттық қозғалыстағы қазақ-қырғыз байланыстары» деп аталатын төртінші тарауда қазақтар мен қырғыздардың ХІХ ғасырдың 70-90 жылдарындағы отаршылдыққа қарсыластықтағы, ХХ ғасыр басындағы азаттық қозғалыстағы, 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы байланыстары және 1917 жылғы саяси өзгерістер кезіндегі ұлттық мүддені бірлесе қорғау жолындағы әрекеттері баяндалады.

Патшалық Ресейдің қол астында отаршылдық тауқыметін бірге тартқан қазақтар мен қырғыздар азаттық жолындағы күресте белгілі дәрежеде Жетішар мемлекетіне сенім артты. Қазақтар мен қырғыздардың өтініші бойынша, Жақыпбек Ресейден Жетішар мемлекетін ресми тануды және қару-жарақ сатуын өтінумен бірге Түркістан өлкесі мен Жетісудан Жетішарға келмекші болған еріктілерді өткізуге рұқсат сұрайды. Жақыпбектің әскерінің біраз бөлігін қазақтар мен қырғыздар құраған.

Жақыпбек Ресей бодандығындағы қырғыз, қазақтар қоныс тепкен Қашақармен шекералас жерлерді өз мемлекетіне қосып алуға да ұмтылды. Патшалық Ресейдің үстемдігіне наразылық ретінде Шығыс Түркістанға көшіп кетуші қазақтар мен қырғыздардың саны кеми қоймады. Ол жаққа 1870 жылы Тезек төре 200 түтін қазақпен, 1871 жылы Тазабек Пұсырманұлы 1000 түтінді құрайтын Шонжа және Темір-Құтылық болыстықтарындағы ауылдарды бастап көшіп кетті. Құлжаның билеушісі Әлихан Тазабекті Тоғызторауға, қырғыздар арасына орналастырған болатын. 1875 жылы Қашқардағы Жақыпбек әскерінің қатарына Сыздық сұлтан Кенесарыұлы келіп қосылады.

Отарлық саясатқа наразылық танытып Шығыс Түркістанға көшіп кетуші қазақтар мен қырғыздарды патша өкіметі қуғын-сүргінге ұшыратты. Жақыпбекпен достық қарым-қатынаста болды деген қазақтар мен қырғыздардың билеушілері, батырлары мен билері тұтқынға алынып, түрмеге жабылды. Патша өкіметі тарапынан Тезек төре, Ғ. Уәлиханов және қырғыздың Тілекмет, Нұрдәулет, Мұратәлі, Шоңғараш секілді манаптары қатаң бақылауға алынды. Патша өкіметі қолға түсірген Т. Пұсырманұлы 1872 жылы түрмеде тергеу ісі бітпей жатып қаза тапты.

1873 жылы Әндіжан қырғызы Мамыр Мергенұлы бастаған көтерілісшілер Тоқмақ уезіне келіп, алыс-жақындағы қазақ, қырғызды өздеріне қосылуға үндейді. М. Мергенұлы ақыры Қашқарға өтіп, сол жақта Әндіжанды басып алуға даярлық жасауды ойластырады. Бірақ бұл ойларын жүзеге асыра алмай, қайтадан Тоқмақ уезіне өткенде, осы уездің Қапқа деген жерінде ұсталып, қазақ жеріне – Лепсіге жер аударылып, мұндағы қазақтарды да көтеріп жібермеу үшін қатаң бақылауға алынады.

Жетісулық қазақ сұлтандары мен қырғыз манаптары Жақыпбектің ұлы Ақылбекті қонаққа шақырып, салтанатты түрде қарсы алады. Қырғыздың сарыбағыш руының манабы Әділ бұғы руының манабы Балбаймен және солто руының манабы Маймылмен келіссөздер жүргізіп, оларды отаршылдарға қарсы күреске шақырады. Алайда, Әділдің бұл әрекеті билік орындарына белгілі болып қалып, көтеріліс жүзеге аспай қалады. Көтерілісті ұйымдастырушыларды билік орындары қатаң түрде жазалады.

Қазақ, қырғыздың Жақыпбек мемлекеті арқылы отарлық жүйеден арыламыз деген үміті ақталмады. Бірақ қазақ, қырғыздар әлі де тәуелсіздікті қалпына келтірсек деген үміттерін жоғалтпады және бір-біріне қиын-қыстау күндерде қол ұшын беруді де ұмытпады. Мысалы, 1893 жылы сарыбағыш руының қырғыздары Қытайдан қашқан қазақтың найман руының қызай тармағының 103 түтініне өз болыстары жерінен жер беріп, пана бола білген. Бұл жайды біліп қойған патша өкіметінің билік орындары 1898 жылы қызайларды Қапал уезіне көшіріп, олардан қалған жерді орыс қоныстанушыларына беруді ұйғарды.

Отарлық билік орындары қырғыз бен қазақтың бірге қоныстануы түгіл қазақтардың өз туыстарын паналатуына қарсы болды. Мұның астарында қазақтар мен қырғыздардың бірлесе отаршылдыққа қарсы күресуін болдырмау жатты. 1898 жылы қазақ, қырғыздардың басқа мемлекеттен келген қандастарын ауылдарында паналатуына патша өкіметі тарапынан қатаң тиым салынды.

Патша өкіметінің отарлау саясатының нәтижесінде 80-90 жылдардағы стихиялы халықтық толқулардың соңы Ферғанадағы 1898 жылғы көтеріліске ұласты. Әндіжан көтерілісінің дүмпуі Жетісу, Сырдария облыстарындағы қазақ, қырғыздарға да жетіп, жергілікті халықтың толқуын тудырды.

Әндіжан көтерілісіне қатысқан 500-ден аса адам Сібірге айдалды, олардың 257-сі қырғыздар болды. Олардың арасында қырғыздың күрескер ақыны Тоқтағұл да бар еді. Айдаудан қашып келіп, қазақтар арасын паналаған Тоқтағұл қазақ халқының дәм-тұзына және қысылғанда берген жәрдеміне разы болып, екі халықтың азаттық күрестегі ынтымағын жырлады.

Сырдария облыстық әскери губернаторы 1899 жылы 6 сәуірде жоғары билік орнына берген мәлімдемесінде Әндіжан көтерілісінен кейін ишан, молда және басқа діни адамдардың қазақтар мен қырғыздар арасында беделінің аса жоғары өскенін атап көрсетеді.

Қазақтар мен қырғыздардың патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы наразылықтардың өрістеуіне 1904 жылы басталған орыс-жапон соғысы да өз әсерін тигізбей қоймады. Полиция департаментіне сол кезде келіп түскен мәліметтерде қазақтар мен қырғыздардың ғана емес, империядағы өзге де түркі-мұсылман халықтарының дүрлігіп, «үкімет тәртібіне» қарсылық көрсетуі екпін ала түскені және олардың арасында жапондықтардың «Азия – азиаттықтар үшін» деген ұраны кең етек ала бастағаны хабарланып жатты.

Бірінші орыс революциясы басталған кезде империяның шет аймақтарынан орталық билік орындарына ұлттық-саяси мәселеге қатысты петициялар жолдау қарқын алды. 1905-1906 жылдары петиция жолдау ұлттық қозғалыстың бір қыры ретінде көрініс тапты. Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының атынан Министрлер комитетінің төрағасы, граф М.Ю. Виттеге жіберілген петицияда Түркістан өлкесі қазақтары мен қырғыздарына діни басқарма (мүфтилік) ашу, жергілікті халықтан Мемлекеттік думаға өкілдер сайлауға тосқауыл қоймау, қазақ-қырғыз тілдерінде мерзімді басылымдар шығаруға рұқсат беру, орыс шаруаларын қоныс аударуды доғару, билік орындары ашқан оқу орындарын орыстандыру, шоқындыру ісімен ұштастырмау керектігі секілді мәселелер көтерілді. Сырдария облысының Әулиеата уезіне қарасты қазақтар мен қырғыздар да осындай мазмұндағы петицияны орталық билік орындарына жолдаған болатын.

Столыпиндік реакция кезінде қуғын-сүргіннің күшейе түскеніне қарамастан, қазақ және қырғыз ұлттық саяси элитасы өкілдері арасындағы байланыс үзілмей, олардың бірлесе отаршылдық саясатқа қарсы әрекет етулері жалғаса берді. Оған 1910 жылы 21-қазанда Б. Сыртанов, Н. Дәулетбақов, Ш. Жантаев, Д. Сауранбаев секілді қазақ және қырғыз қайраткерлерінің ұйымдастыруымен өткен Ұзынағаш съезі дәлел бола алады. Ұзынағаш съезінде Жетісу облысына орыс қоныс аударушыларын орналастыруды және оларға деп жер кесуді доғарту туралы патшаға өтініш түсіру керек, ол үшін Петербургке арнайы өкілдер жіберілсін, оларға кететін шығынды жабу үшін әр болыстықтан ақша жиналсын деген шешім қабылданды. Съезге қатысушылар Петербургке баратын делегация құрамы екі адамнан – Б. Сыртанов пен Д. Сауранбаевтан тұрсын деп шешті.

Әулиеата уезінің қазақтары мен қырғыздары өздерін толғандырған мәселелердің жайын қарастыру үшін 1910 жылы съез өткізуге әрекет жасаған еді. Әулиеата қаласындағы мешіттің бірінде шақырылған бұл съезге қатысуға уездің белсенді азаматтары жиналып, съез өз жұмысын бастаған кезде уездік басшылыққа тыңшылардың бірінен бұл жайлы мәлімет түседі. Уез бастығы казактар жүздігімен съез өтіп жатқан мешітке келіп, оған жиналғандарды қуып таратады. Әулиеата уезі бастығының Сырдария облысы әскери губернаторына жолдаған мәлімдемесінде съездің күн тәртібіне орыс билік орындарын қуып шығу мен жергілікті халықтың өзін-өзі басқару мекемелерін құру мәселелері қойылғаны көрсетілген.

Жетісу облысындағы қырғыздар мен қазақтардың саяси қозғалысына орта дәрежелі білім алып, әкімшілік орындарында төменгі дәрежедегі қызмет атқарып жатқан Т. Серікбаев, Н. Тулин, Д. Сауранбаев, М. Мұраталин, И. Жайнақов, Е. Абылайханов секілді қазақ-қырғыз халқының зиялы қауым өкілдері жетекшілік етті. Аталмыш қайраткерлерге Б. Сыртановтың нұсқау беріп отыратыны және оның Ұзынағаш съезінің шешімдерін насихаттау мақсатында Лепсі, Верный, Пржевальск, Пішпек уездерін аралап, Пішпек қаласынан Петербургке аттанғандығы жайлы мұрағаттық мәліметтер бар.

Патша өкіметінің отарлық саясатын әшкерелеуімен ерекшеленетін М. Дулатовтың «Оян, қазақ!» шығармасы қырғыздар арасында да құрметке ие болды. Бұл шығарма И. Жайнақовтың, Т. Серікбаевтың атсалысуымен Пішпек уезіндегі қырғыздар арасына таралды, ал Ферғана өңіріне Әндіжан қаласында уез бастығының тілмәші болып істейтін Ибрагимнің ұлы Иса арқылы жеткізілген.

«Айқап» журналы төңірегінде топтасқан М. Сералин мен Б. Қаратаев бастаған қазақ зиялылары да қырғыз қайраткерлерімен байланыс орнатып, патша өкіметінің қоныс аудару саясатына бірлесе наразылық танытуға тырысты. Қырғыз халқының көрнекті қайраткері И. Арабаев қазақ зиялыларымен тығыз байланыста болды. Қазақ халқының жалпыұлттық мәселелерін көтерген «Қазақ» газеті де қырғыздар арасындағы танымал басылымға айналды.

Қазақтар мен қырғыздар арасындағы байланыс 1916 жылғы дүрбелең кезінде де көрініс берді. Жетісулық қазақ пен қырғыздың бірлесіп күресуіне Б. Әшекеев елеулі рөл атқарды. Ол Пішпек уезіндегі Шабдан Жантаевтың балаларына маусым жарлығына байланысты қырғыздардың көңіл күйін және қандай шешім қабылдағандарын біліп келуге өз өкілін – С. Аманжоловты жібереді. Қырғыздарға барып келген С. Аманжолов Б. Әшекеевке С. Шабдановтың хан болып сайланғанын, қырғыздардың майданға жігіт бермей, ұрысқа шығуға бел буғандарын, қару-жарақтары бар екенін және С. Шабдановтың Б. Әшекеевті Пішпек уезі көтерісшілеріне қосылуға шақырғанын, егер Б. Әшекеев қырғыздардың ұсынысын қабыл алса, қаруланған 500 жігітті жәрдемге жіберетінін және осы жігіттермен бірге Верный уезінің батыс бөлігіндегі қазақ-қырғызды қорғауды сұрағанын жеткізеді.

1916 жылғы оқиғалардың куәгерлері көтерілістің ұйымдастыру жоспары болғанын көрсетеді. Бұл жоспар бойынша алдымен Верный уезінің қазақтары бүлік шығарып, оларды Пішпек, Тоқмақ, Нарын, Қарақол қырғыздары қолдап кетуі тиісті-тұғын. Тоқмақ, Қарақол қырғыздары Верный уезі қазақтарымен байланысып, қоныс аударушылардың поселкілеріне шабуыл ұйымдастыру керек еді. Сонымен бірге Жаркент уезіне, одан Лепсі, Қапалға кісі жіберіліп, ондағы қазақтарды көтеріліске шығару ойластырылды. Қошқар, Жұмғал, Шудағы қырғыздар Тоқмақ, Пішпек қалаларын қоршап, Әулиеата жолын тосып, Таластағы қазақ-қырғызды өзіне қосып, Ташкент жолын тосуы тиіс болатын. Бұл жоспардың жасалуына Қ. Абукин мен С. Шабданов қатысқаны, ал қазақтар жақтан Б. Әшекеев, С. Ниязбеков, Ұ. Саурықов, С. Диқанбаев т.б. көтеріліс жоспарын қолдағаны аңғарылады.

1916 жылы 8 шілдеде Верный уезінің 8 болысының қазақтары қатысқан Үлкен Саздағы жиынға Пішпек уезінен Б. Магуев деген дүңген болысы және осы уездің бірнеше қырғыздары қатысады. Пржевальскіде өткен қырғыздардың басқосуында Пржевальск, Жаркент және Верный уездерінің түйіскен жерінде қазақ-қырғыздың үлкен жиынын өткізіп, мәселені кеңінен талқылау керек деген шешім қабылданады. Дәл осы мезгілде Пржевальск уезінің қырғыздары да Ақсу жайлауында жиын өткізіп, онда Б. Магуевтің хаты оқылады. Б. Магуев майданға қайткенде де адам бермеуді сұрайды, ал егер талап тым күшейіп кетсе, жастарды көтеріліске дайындап шығаруды ұсынады. Ол көтеріліске шыққандарға қару беруге уәде етеді. Сонан соң Тайторы болысының бұрынғы болыс басқарушысы Ш. Теменовке, Жайылмыс болысындағы С. Ниязбековке, Соғаты болысындағы Сәрсенбаевқа хат жолданып, Б. Магуевтің өтініші бойынша бұл шешімді құпияда ұстау тапсырылады.

Пішпек уезінің Атаке болысының қырғыздары мен Верный уезінің Ботбай болысының қазақтары бір мезгілде, яғни 6 тамызда бірдей көтерілді, Сырдария облысының Әулиеата уезінің бірнеше мың қазақтары мен қырғыздары Мерке, Новотроицкое селоларына шабуылдап, Ферғана аңғары көтерілісшілерімен байланыс орнатты, бірлесе жүріп, Шалдауар – Мерке телеграф желісін істен шығарды. Ал Алматы – Пішпек телеграф желісін жетісулық қазақ-қырғыз көтерілісшілері талқандаған болатын.

Нарынқол – Шарын, Текес өңірінде қазақтың албан руы мен қырғыздың бұғы руы бірлесе қимылдады. Қарқарадағы қазақтар мен қырғыздардың көтерілісі табыстарға да жетті. 12 тамызда көтерілісшілер Қарқара жәрмеңкесіне шабуылдады, бірнеше орыс селоларын да алды.

Патша өкіметі көтеріліске шығушыларды қатаң жазалауды жүзеге асырды. Патша жендеттері қолына түскен Ж. Мәмбетов, Ұ. Саурықов, Б. Әшекев, Қ. Абукин секілді т.б. қазақ, қырғыз көтерілісі жетекшілері азаттық жолында мерт болды. Жазалаушы отрядтың тегеуіріне төтеп бере алмаған қазақтар мен қырғыздар атамекенін тастап, Қытайға ауа көшіп, босқыншылық тақсіретін тартуға мәжбүр болды.

Отарлық, ұлттық езгінің ауыр тауқыметін тартып, теңдікке, бостандыққа талпынған қазақтар мен қырғыздар өзге де түркі-мұсылман халықтарымен бірге Ресей империясында патша өкіметін құлатқан 1917 жылғы ақпан революциясын зор қуанышпен қарсы алды. Бұған белгілі дәрежеде елдегі билікті қолға алған Уақытша үкіметтің 25 маусым жарлығының күшін жойып, енді «бұратаналарды» қара жұмысқа алуды тоқтатуы, 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға рақымшылық жариялауы ықпал еткен-ді.

Уақытша үкімет жағдайында ұлттық мүддені қорғау мақсатында қоғамдық-саяси ұйымдар бой көтере бастады. Сондай ұйымдардың бірі И. Жайнақов төрағалық еткен Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті болды. Комитеттің мүшелері қатарында К. Шегіров, Ә. Кәкенов, М. Солтоев, И. Арабаев, Қ. Телтаев секілді т.б. қазақ және қырғыз қайраткерлері болды.

Пішпек уезінде қазақ болыстарының да болуы себепті бұл уездегі ұйым «Пішпек уездік Қырғыз-қазақ комитеті» деп аталып, оның құрамына екі халықтан Д. Абдуллин, Ө. Өміралин, А. Бердіғұлов, Қ. Бодықов, Ә. Сыдықов, Н. Тулин секілді т.б. азаматтар енді. Бұл қоғамдық-саяси ұйым сол тұста уездегі қазақ-қырғызды қорғаушы бірден-бір орын болды. Қоныс аударушылар тарапынан жергілікті халықты қырудың күн сайын күшейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп қана қоймай, ұйым мүшелері оны шешудің жолдарын да ойластырды. Аталмыш ұйымның төрағасы М. Әлімбаев комитет жанынан қылмыскерлердің ісін қарайтын халыққа жайлы сот құру қажет деген ұсыныстар да білдірді [47, 15-п.].

Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті өкілдерінің атсалысуымен 1917 жылдың 12 сәуірінде Верный қаласында облыстық қазақ-қырғыз съезі шақырылып, онда қалыптасқан ахуал жағдайында қазақтар мен қырғыздардың ұлттық мүддесін қорғау жолдары қарастырылды. Жетісу облысында ғана емес, өзге де өңірлердегі іргелес қоныстанған қазақтар мен қырғыздар да бір ұйым құру арқылы өз мүдделерін қорғауға тырысты. Бұған Әулиеатада Ә. Кенесарин жетекшілік еткен Қазақ-қырғыз ұлттық кеңесінің бой көтеруі дәлел бола алады.

Түркістан өлксіндегі қазақтар мен қырғыздар арасында өзара тығыз байланыс орнатуға, екі халыққа тән мәселелерді бірлесе шешуге деген талпынушылық та болмай қалған жоқ. Оның айқын көрінісі ретінде Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының 1917 жылы 2 - 5 тамыз аралығында Ташкент қаласында өткен съезін айтуға болады. Съезге қатысушылар орыс қоныс аударушыларына деп алынған жерлер қазақтар мен қырғыздарға тоқтаусыз, тез арада қайтарылсын, қазақтар мен қырғыздарға тоғайлар мен ормандар ішіне мал бағуға рұқсат етілсін, суару жүйелері жеке адамдардың қолынан земство қарауына өтсін, қоныс аударушылардың Шу мен Сырдария өзендерінің суын тиімсіз қолдануына шектеу қойылсын, қазақтар мен қырғыздарды өлкелік азық-түлік комитеті күнделікті тұтыну заттарымен қамтамасыз етсін, оқу (бастауыш білім алу) жалпыға бірдей міндетті болсын, мектепте балалар ана тілінде оқысын, кітаптар мен баспасөздер «Қазақ» газеті қолданған емлемен жазылсын, орыс-түзем мектептері жабылсын, олардың орнына ұлттық мектептер ашылсын, өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың өз алдына бөлек мүфтилігі құрылсын, «Бірлік туы» газеті қазақтар мен қырғыздардың өлкелік баспасөзі қызметін атқарсын, Жетісудағы 1916 жылғы көтеріліс кезінде Қытайға өтіп кеткен қазақ-қырғыз босқындарына мемлекет көмегі ұйымдастырылсын, елге оралған босқындарға қоныс аударушылардың қысым көрсетуі доғарылсын, босқындарға ұлттық ұйымдар арқылы жылу жиналсын деген қаулылар қабылдады. Осы съезде өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың іс-әрекеттерін үйлестіріп, оны бір ізге түсіруді жүзеге асыру мақсатында Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз орталық кеңесі атты қоғамдық-саяси ұйым құру туралы шешім қабылданды.

Түркістан өлкесі қазақ-қырғыз съезінің шешімдерін қазақтар мен қырғыздар арасында насихатттауда «Бірлік туы» газеті елеулі рөл атқарды. «Бірлік туы» газетінде қырғыздардың да сол тұстағы тұрмыс-тіршілігіне, күнделікті өміріне қатысты Т. Жанұзақов, Қ. Алымбеков секілді қырғыз қайраткерлерінің мақалалары да жарияланып тұрды.

Уақытша үкімет жағдайында қырғыз саяси элитасы өкілдерінің бір бөлігі ұлттық мүддені қорғауда Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірлікте болуға талпынды. 1917 жылы шілдеде Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезіне қырғыз қайраткерлерінен И. Арабаев, Д. Сауранбаев, Ә. Сыдықов және Т. Құдайбергенов қатысты.

Қазақтар мен қырғыздардың ұлттық мүддені бірлесіп қорғау жолындағы нақты әрекеті Жетісудағы қазақ-қырғыз босқындарына көмек ұйымдастыру барысында көрінді. Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті босқындарды орналастыруға ыңғайлы жерлерді белгілеп, оларды қоныс аударушылар төндірген қауіптен қорғап, олар үшін тамақ ішу орындарын ашты.

Қазақ және қырғыз ұлттық саяси элитасы өкілдері Бүкілресейлік құрылтай жиналысына үлкен үміт артып, сайлауға қызу әзірлік жүргізу ісін де қолға алған болатын. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар тарапынан Бүкілресейлік құрылтайға депутаттыққа кандидаттардың қырғыздар арасында әзірленген тізіміне қазақ қайраткерлері де енгізілді. Мәселен, Пішпек уезі қырғыздарының тізімінде М. Дулатов, ал көрнекті қырғыз қайраткері Қ. Сарықұлақов жетекшілік еткен «Бұқара» демократиялық одағы ұсынған тізімде М. Тынышбаев пен О. Әлжанов болды. Мұның өзі есімі аталған қазақ қайраткерлерінің қырғыздар арасында өзіндік құрметке ие болғанын айғақтайды.

1917 жылы желтоқсанда өткен екінші жалпықазақ съезіне қырғыздардан И. Арабаев пен Ж. Солтоноев және «Бұқара» демократиялық одағының хатшысы Ж. Отарбаев қатысты.

Осылайша, 1917 жылғы саяси өзгерістер жағдайында қазақтар мен қырғыздар арасындағы байланыстар желісін ұлттық мүддені бірлесе қорғау бағытындағы ұйымдастырылған іс-шаралар құрады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет