Дәріс тезистері:
Ақшаның функциясы мен агрегаттары. Ақша – бұл маңызды макроэкономикалық категория. Ол- мәміле жасау үшін қажетті қаржылық активтің түрі. Ақшаның басты қасиеті – оның жоғары өтімділігі, яғни ақшаның аз шығынмен тез арада басқа актив түрлеріне өту қабілеттілігі.
Ақша массасын өлшеу үшін ақшалық агрегаттар пайдаланылады. Оларға М1, М2, М3, L агрегаттары жатады. Ақшалық агрегаттардың құрамы мен саны әр елде әр бөлек болады. Мысалы, АҚШ экономикасын қарастырайық.
М1 - агрегатының құрамына банк жүйесінен тыс қолма-қол ақша, талап еткенге дейінгі депозиттер, жол чектері, тағы басқа да чектік депозиттер кіреді.
М2 - агрегаты М1 агрегаты мен чектік емес жинақтау депозиттерін, 100.000 $-ға дейінгі мерзімдік салымдарды қамтиды.
М3 агрегаты М2 агрегаты мен 100.000 $-дан жоғары мерзімдік салымдарды, депозиттік сертификаттарды т.б. қамтиды.
L агрегатының құрамында М3 агрегатымен қатар қазыналық жинақтау облигациялары, қысқа мерзімдік мемлекеттік міндеттемелер, коммерциялық қағаздар т.с.с. бар.
М2 агрегаты мен М1 агрегатының айырмасы квази-ақша (жалған ақша) деп аталады. Әдетте, қолма-қол ақша М0 әрпімен белгіленеді.
Ақша агрегаттарының динамикасы бірнеше факторларға тәуелді. Егер пайыздық ставка өссе, М2 және М3 агрегаттары М1 агрегатын басып озады. Өйткені олардың құрамындағылар пайыз түрінде табыс әкеледі.
Ақша экономикада бірқатар қызметтер атқарады. Ақшаның атқаратын негізгі қызметтері төмендегідей:
- айырбас құралы
- құн өлшемі
- жинақтау немесе қорлану құралы.
Қазіргі экономикада тауарлар мен қызметтер үшін төлемдер үш тәсіл арқылы жүзеге асырылады:
а) ақша беру арқылы
ә) банк есебінде жазу арқылы
б) бір тұлғаның екінші тұлғаға бережақ екендігін куәландыратын құжаттар арқылы.
Осы негізде төлем құралдарының үш түрі бар:
- қолма-қол ақшалар (банкноталар, монеталар),
- чектер, ағымдық есептер
- қарыз ақшалар (жеке тұлғалардың вексельдері, міндеттемелері).
Достарыңызбен бөлісу: |