2.1 Бауыржан Момышұлы – тәуелсіздік идеяларының ұйытқысы
Осы ата-бабамыз аңсап кеткен еркіндік пен тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткіздік пе? Әрине, жоқ!
Қазақтың қаншама ер азаматтары тәуелсіздік жолында құрбан болды, жанын пида етті. Қаншама жылдар қазақ халқы Ресейдің қол астында бодандықта өмір сүрді. Бізді оқытқанда: «қазақ халқы төңкеріске дейін, оқымаған, сауатсыз мәдениеті көшіп-қонып жүріп дамымаған» деп құлағымызға құйып келді.
Қазақ халқының бір туар батыр ұлы Б.Момышұлы қан майданда жүріп жазған «Қанмен жазылған кітап» туындысында: «Біздер кімбіз» деп сұрайтын болса, онда біздің өткен тарихымызда, біздің даңқты ата-бабаларымызға деген біздің бойымызда мақтаныш сезімі сезілетіндей етіп жауап беруге тиістіміз.
«Біз мал едік, қараңғы едік», - деп соғатын кейбір шешенсымақтарға қатты ашу ызаң келеді. Бұл бізде ғана бар көркеуделік емес, басқа ұлттарда да бар нәрсе, тіпті отырыстардың арасында да соғысқа дейін өздерінің ата-бабалары жөнінде ұнамсыз нәрселерді айтудан ұялмайтындар табылатын. Суворовтың өзін де жақында ғана көпшілікке насихаттай бастаған жоқ па. Сол кезде, яғни, өткен ғасырда өмір сүрген біздің кейбір хандарымыз бен билерімізге мемлекет қайраткерлерімізге байланысты да осындай көзқараста болдық, ол бізде хан екен, демек антұрған деп қарайтын ұғым-түсінік болды. Мұның өзін парасаттылық еді деп кім айта алады – сөз жоқ ешкім де айта алмақ емес. Өйткені Кенесарыдан оның көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды! Олар өз заманының мемлекет қайраткерлері әрі жақсы адамдар болған, сірә мұны теріске шығара қоюға болмас және де оларды мақтаныш етуіміз керек – олар халықтың абыройы ғой. Өткен тарихымызды аяққа баспай, қиянат жасамай мұны дұрыс ажырата білгеніміз жөн» - деген болатын. Қандай көрегендікпен айтылған данышпандық, философиялық тұжырымды терең ой. Ол кезде Кенесарының атын атамақ түгіл, еске алудың өзіне адамның жүрегі дауаламайтын.
Ал, Бауыржан Момышұлы Кенесары ханның ұлт-азаттық жолындағы көзқарасын қан майданның төрінде жүріп мақтан тұтқан [34; 2 б].
Б.Момышұлы Ұлы Отан соғыс жылдарында қазақ халқының келешегін ойлап қайырған. 1942 жылы 18 қазанда Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Әбдіхалықовқа, 1943 жылы 18 наурызда Қазақ ССР Халық комиссарлары советінің төрағасы Ондасыновқа және Әбдіхалықов, Панкратоваға 1943 жылғы жолдаған тарихи хаттарында қазақ газеті, әдебиеті, тілі, тарихи хаттарында қазақ газеті, әдебиеті, тілі, тарихы мәселесіне көп көңіл бөлу керек екендігін атап көрсеткен.
Б.Момышұлы: «Халқымызды, тарихымызды әкеміздей сүюіміз керек» деген мақаласында белгілі тарихшы Ермұқан Бекмақановпен арада болған әңгімесінен үзінді келтіреді. «Қиянаттың үлкені – халықтың өз тарихын өзінен жасыру екен», - дейді онда Ермұқан Бекмаханов ашына сөйлеп. – Бұл – ұлттық сананың төте жолы ғой. Ал ұлттық санадан айырылған ел ұлт болудан қалады. Осыны көп тарихшыларымыз түсінсе де түсінбеген түр танытып жүр.
Енді өткенімізді зерделеуден мен ұстазым Анна Михайловна Панкратоваға шексіз ризамын. Ол кісі: «Патша үкіметінің отаршылдық саясатын, басқа ұлттардың Ресейге қосылу процесін сол кезең шындығына қарай әділ бағалау керек», - деп кеңес берген еді. Содан мен шамам жеткенше ізденіп, патшалы Ресейдің отарлау саясатының қанқұйлы, зұлым саясат екеніне көзім әбден жетті. Оны әшкерелеу үшін отаршылдыққа қарсы шынайы бұқаралық сипат алып, ұзақ созылған тегеурінді қозғалыстың бірі – Кенесары көтерілісіне ерекше көңіл бөлгенім рас. Шындыққа жүгінсек Кенесары көтерілісінің басты қозғаушы күші – халқымыздың ар-намысын отаршылдар табанына таптатпау үшін ерікті ел болу идеясы ғой. Осы идеяны ашып көрсеткенім үшін «Халық жауы» атанып, жазықсыздан жиырма бес жылға сотталып кете бардым».
– Ашынып сөйлегеніңе, ашынып тер төккеніңе мың алғыс, інім – дедім қолын құшырлана қысып – онсыз, сені ертеңгі ұрпақ есіне алмас та еді.
Ермұқан Бекмаханов, өзінің аз ғұмырында «халқымызды, тарихымызды әкеміздей сүюдің, жер-анамыздың қадірін біліп, аялаудың тамаша үлгісін көрсетті».
Соғыс жылдарында Бауыржан өзіне өнеге тұтқан Кенесарыны Ермұқан да 1947 жылдары қайта жаңғыртты. Бұл сабақтастық, тәуелсіздікті аңсаған қазақ халқының көптен күткен арманы еді.
Е.Бекмахановтың көзінің қанды жасымен жазылған «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы арқылы тәуелсіздік үшін күресте хан Кененің көтерісшілерді қаһармандықпен шайқасуға, келесі кезекте отаршылдық зардаптарын жоюға жұмылдырғанын ашып көрсете білді. Сондықтан да Баукең Ермұқанға мың алғыс айтып, қолын құшырлана қысқан, келер ұрпақ еске ала жүретінін, сол идеямен қаруланып алып, намысқа шабатынын болжаған [24; 28 б].
Б.Момышұлының шығармаларын зерделеп оқығандағы аңғарғанымыз қазақ халқының жарқын болашағы мен тәуелсіздігін армандап өткен батыр. Баукең армандаған тәуелсіздік таңы атты. Тәуелсіздік алмай тұрғанда қазақ деген ұлт бар екенін, Қазақстан республикасы бар екенін дүниежүзі елдерінің бәрі бірдей біле бермейтін.
Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыз көксеп өткен тәуелсіздік елімізде нығайып күн өткен сайын дамып келеді. Тәуелсіздіктің бергені көп, берері де мол.
Бүкіл түркі тілдес бауырлас халықтардың мақтанышына айналған, екінші дүниежүзілік соғыста, дәлірек айтар болсақ – Ұлы Отан соғысында Қазақстанды, түркі халқын әлемге танытқан, Тұран даласының даңқты батыры Бауыржан Момышұлы туралы 1977 жылы Свердловск қаласында тұратын қарт профессордан естіген әңгіме әлі құлағымда жаңғырып тұр: «Бауыржан Момышұлы ер түріктерден шыққан ұлы батыр. Оны өз елі Күлтегінге теңеу керек...» Мен: «Бауыржан Момышұлының ұлты-қазақ! Мен де түрік емеспін, қазақпын!..» - дедім өршеленіп. Ол сәл жымиып күлді де кәрі тарихқа шегініс жасады. Мен сонда ғана түрік халықтарының тарихын алғаш рет санама құйып, арғы бабаларымыздың сақтар мен ғұндар екеніне, сонан соң түріктер екеніне көзім жетті. Кеңестік идеологияның санамызға сіңіп қалғаны соншалық, арғы бабаларымыздың қайдан шыққанын білмей жүре береді екенбіз. Мектепте бір мұғалім ағайымыз айтатын: «Бабамыз Лелін ата...» - деп. Сонан соң сол қарт профессордан мынадай аңызды есіттім: «...Мәскеу түбіндегі Волоколам тас жолындағы шайқаста ақбоз ат мінген қазақтың Бауыржан деген батыры болыпты. Бауыржан батыр фашистерге қарсы аттанғанда Қобыланды батыр жырынан үзінді оқып, айқайлап аттанады екен. Фашист басқыншыларының мергендері қанша атса да осы ақбоз атты Бауыржан батырға оқ тигізе алмапты. Бір күні фашистің генералы Мәскеу түбінде ұйықтап жатқан жерінен «Черный русь!» Черный русь!..» - деп айқайлап, жатқан орнынан атып тұрған екен. Түсінде Бауыржан батырды көріпті. Бауыржанның қолында найзасы бар, қоңыр қалқанын кеудесіне ұстап ақбоз атымен ұшып келеді екен. Бауыржан батыр найзасын фашист генералына шаншыпты. Сол кезде әлгі генерал орнынан айқайлап атып тұрған екен... Фашистер Мәскеу түбінде жеңіліске ұшырағанда әлгі генерал Гитлерге барып былай депті: «...Волоколам түбінде ақбоз ат мінген қара командирді көрдім. Атқан оғымыз далаға қаңғып кетеді. Түрі европалыққа, орысқа ұқсамайды. Біз оны «қара орыс» деп атадық. Қандай ұлт екенін білмедік...» - депті. Сонда Гитлер: «Ақмақ! Ол қазақтың командирі! Ұлты қазақ! Ол туралы менің барлаушыларым мол мәлімет жеткізген!.. Біз қателесіппіз, орыстарға қарсы европалықтарды емес, осындай қара орыстарды айдап салуымыз керек еді!..»-депті.
Бұл қарт орыс профессорының аңыз-әңгімесі. Сталиннің Қазақстанды он алты автономиялы республикаға бөліп жіберу туралы жоспары бар екенін де осы профессордан естігенмін...
«Күлтегін» жырындағы әскери қолбасшы Күлтегіннің жорықтары Ұлы Отан соғысындағы Мәскеу түбін неміс-фашист басқыншыларына түркі қазақтарының әскери қолбасшысы Бауыржанның жорықтарына ұқсайтыны тағы да рас.
«Күлтегін» (үлкен жазуында):
«...Күлтегін сол соғыста
Отыз жаста еді.
Алып Шалшы ақ атқа мініп,
Шабуылға ұмтылды...» -
деген жыр жолдары бар.
Ал, қазақ түркілерінің әскери қолбасшысы, батальон командирі, кейін полк командирі Бауыржан Момышұлы 1941 жылы Мәскеу түбіндегі шайқаста отыз жаста екен [25, 3 б].
Белгілі ғалым, профессор М.Жолдасбеков «Асыл арналар» атты ғылыми еңбегінде Күлттегін туралы былай деп жазады: «...Отыз жасында қарлұқтарды, отыз бір жасында аздарды алады.
Бұл жойқын кескілестерде Күлтегіннің астынан баяғы Алып Шалшы атты көреміз...».
Орхон жырларында жау жеңіледі. Жаулардың ханы өлтіріледі. Күлтегін жеңіске жетеді. Жырда былай жазылады:
«...Соғыстық.
Талқандадық.
Ханын өлтірдік...»
Арадан ХІІІ ғасыр өткен соң қазақ түркісі, әскери қолбасшы, ХХ-ғасырдың Күлтегіні – Бауыржан Мәскеу түбінде неміс-фашист басқыншыларымен соғысады. Оларды талқандайды. Неміс-фашистерінің ханы – Адольф Гитлер өзін өзі өлтіреді.
Бүкіл әлемді шошытқан, Ұлы Түрік империясы туралы қалам тербеген Түрік қағанатының атақты билерінің бірі, данышпан, ұлы ақын Иоллығтегін VII ғасырда Күлтегін дастанын жазғанда елі үшін, жері үшін күрескен ежелгі түркі мемлекетінің атақты әскери қолбасшысы Күлтегінді (684-731) былайша сөйлетеді:
«…Қаның судай ақты,
Сүйегің тау боп жатты.
Бек ұлдарың құл болды.
Пәк қыздарың күң болды…».
Осы қаралы жолдарды оқығанда есіңе қазақ халқының қаралы кезеңдері көз алдыңа келеді. ХХ ғасырдың 32-33 жылдарындағы қу жақ Голощекиннің қолдан жасаған аштығы, аштан қырылған екі жарым миллион адам… Сталиндік репрессияға ұшыраған мыңдаған жазықсыз қазақтар, «халық жауларының» әйелдері, ұл-қыздары…
ХХ ғасырда ер түріктердің ұрпағы, әскери қолбасшы Бауыржан батыр былай дейді:
«Панфилов тірі кезінде,
Москваның жерінде,
Жау жағадан алғанда,
Батыс елін қиратып,
Қанды ылаң салғанда,
Қаһарына шыдатпай,
Күші кернеп мастанып,
Бізді түгел жойдым деп,
Жер жүзіне мақтанып,
Бүкіл жұртқа жар салып
Лек-лек етіп қол жинап,
Танктары салып өрт,
Аспанда көп самолет,
Зеңбірегін сүйретіп,
Оты шығып аузынан,
Қолтығынан дем алып,
Аға-ініні құл етіп,
Қарындас-қатын күң етіп,
Қанатты қанға малғанда…» -
дейді.
Күлтегін батыр туралы профессор, Күлтегін сыйлығының иегері Немат Келімбетов былай деп жазады: «…Күлтегін (684-731 жылдары өмір сүрген) – ежелгі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы, сол дәуірдің белгілі қоғамдық қайраткері ретінде көне тарихтан жақсы мәлім… Күлтегін талай-талай соғыстарда жеңіске жетіп, өзін қабілетті қолбасшы ретінде танытады…».
Күлтегін туралы академик-жазушы М.Әуезов былай деп жазды: «…Күлтегіннің ежелгі жырларындағыдай жеңілуді білмейтін батыр болғандығы баяндалады… Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейін, яғни өлгенге дейінгі өміріндегі ерлік қимылдары баян етіледі. Мұнда батырдың жас шағынан бастап, өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын батырлық дастандардың сюжеттік құрылысында ұқсастық бар…» [26; 83 б].
Ежелден қайғылы нәубеттері бастарынан өткізіп келген қазақ халқына ХХ ғасырдың басы әртүрлі зобалаңдар алып келді. 1916 жылғы көтеріліс, азамат соғысы, 1917 жылғы ақпан-қазан төңкерістері, Кеңес үкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтерілістер, 1932-33 жылдардағы аштық, зиялы азаматтардың көзін жоюға бағытталған қуғын-сүргіндер… 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы…
Ұлы Отан соғысы жылдарында Тұран даласынан шыққан түркілердің ұлы батыры, атағы Европаға, бүкіл әлемге танылған әскери қолбасшы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы тарих сахнасына шықты.
Атақты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы жорық жолын Жетісудан бастап, Европаның төріне – Берлинге барып ат басын тіреді. Полк командирінен дивизия командиріне дейінгі даңқты жолды басып өтті.
Қазақ халқын, бүкіл Кеңес халқын неміс-фашист басқыншыларының құлдығынан азат етті...
Күлтегін батыр өзі туралы:
Өлімші халықты тірілттім,
Жалаңаш халықты тонды,
Кездей халықты бай қылдым.
Аз халықты көп қылдым,
Тату елге жақсылық қылдым... –
дейді. Ал, ХХ ғасырдың Күлтегіні Бауыржан батырдың «Туған ел» атты жыры Күлтегін сөзімен үндесіп тұр. Арадан 12 ғасыр өтсе де Күлтегін бабасының туған елге деген, туған жерге деген сүйіспеншілігі үндеседі. Бұл не деген ғажайып үндестік! Бауыржан батыр былай дейді:
Сүйген елім көкірегімде мұңың бар,
Бақытқа оны айырбастау мүмкін бе?
Жоқ!
Назар салсам өткен-кеткен өмірге
Сенен басқа жақыным жоқ бұл күнде,
Қоластымда қалың әскер жоқ менің,
Күш міндетін айырбастар оған кім?
Жұмса, әке: белбалаңмын – құлынмын.
Ел бақатын ер азабын.
Көрген сенің ұлыңмын.
Тағдыр маған дарытпады көктемін
Өзің айттың өмір деген – от дедің!
Дұшпандардан көп атылды маған оқ!
Тағдыр әділ – менің оған өкпем жоқ!
Болса егер менің саған керегім,
Күндерімді түндерімді ой толқынын, сыр толқынын
саған ғана беремін.
Саған ғана, саған ғана бұл дүниеде ол дүниеде
Сыйынамын – сенемін...
Күлтегіннің кеңесшісі Тоныкөктің түрік еліне айтқан сөзінің терең мағынасы бар:
Мен былай дедім:
– Мен білге Тоныкөкпін.
Алтын қойнауын асып келдік
Ертіс өзенін кешіп келдік
(Кім) келсе де «батыр!» - дедім.
(Олар біздің ойымызды) білмейді.
Тәңірі Ұмай, қасиетті жер су
Жеңіс берген екен
(Жау) көп деп неге қашамыз?!
Азбыз деп неге қорқамыз?!
Неге (оларды) басындырамыз?!
Шабамыз! – дедім,
Шаптық, Қудық...
Мәскеу түбіндегі қазақ түркілерінен құралған жауынгерлердің – ер түркілердің Волоколам тас жолында фашист басқыншыларын ілгері жібермей, кейін шегіндіріп, «шауып», кейін қарай «қуғанына» таңданған әлем түркілері сол 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі соғыста Атилла мен Афрасиабты, Мөде батыр мен Шу батырды, Күлтегін мен Тоныкөкті, Қобыланды мен Ер Тарғынды тебірене еске алды емес пе [8; 5 б]?!
Бауыржан Момышұлының «Арнау» атты өлеңіндегі әкесінің Бауыржанға айтқаны, Тоныкөктің Күлтегінге айтқанындай әсер етеді:
«... – Соғыста сен қолыңа қару алдың,
Топ бастап жау шебіне ойран салдың.
Қолдады ата әруағы сыйынған соң,
Оқтан да, найзадан да тірі қалдың...
Сен неге тірі қалдың, тірі қалдың?!
Білесің, не екенін сен ажалдың!
Сені ел-жұрт жігіті деп атайды,
Мадақтап біреуі деп асыл жанның.
Қалам да өткір найза ебін тапсаң,
Бұрынғыдай аянбай жауға шапсаң...
Түркілерді айламен женген табғаштардан азап көрген көк түріктер: «өлсек те, қырылсақ та табғаштарға бағынбаймыз!» - деп күреске шыққан сәтін «Күлтегін» де (үлкен жазуында) былайша баяндайды:
«...Түркі халқы:
«Қырылайық, жойылайық» десті,
Ажалға жылжи бастады.
Көкте түрік тәңірісі,
Түріктің қасиеті, жері, суы,
Былай депті:
«Түрік халқы жойылмасын» - дейді.
«Ел болсын», - дейді...
...Шетте жортып жүр дегенді естіп,
Қаладағылар өрлепті,
Таудағылар індепті
Жиылып жетпіс ер бопты...»
1941 жылы Мәскеу түбінде қазақ түркілері «Қырылсақ та, жойылсақ та жауды өткізбейміз!» - деп неміс-фашист басқыншыларымен жолбарысша шайқасты емес пе?! Қазақ түркілерінің қолбасшысы Бауыржан Момышұлы ентелеген жауларды кейін шегіндірді емес пе?! Сол Мәскеу түбінде қазақ түркілерін бабалары Тоныкөк пен Күлтегін әруақтары қолдап: «Қазақ түркілері жойылмасын, Ел болсын!» деген еді ғой?!.. Бауыржан – ХХ ғасырдың Күлтегіні еліміздің егемендігін алып тәуелсіз ел болғанын көргенде қандай күйде болар еді! Батыр атамыз армандап кеткен егемендіктің осы бір сәттерінде өмір сүргенде қайтер еді, ол?! Бүкіл түркілерді біріктірер ме еді?!...
VII ғасырдағы атақты әскери қолбасшы Күлтегін бабамыздың ұрпағы ХХ ғасырдағы әскери қолбасшы, гвардия полковнигі, қазақ халқының қаһарман батыры – ХХ ғасырдың Күлтегіні Бауыржан Момышұлының ізбасарлары – қазақ түріктері қазіргі таңда әлемнің өркениетті деп саналатын алып мемлекеттерімен терезесін теңестірді [28; 76 б].
Достарыңызбен бөлісу: |