Сөйлем диктантын жаздыру мақсаты мен оған қойылатын талаптар
Диктанттың бұл түрі алғашқылардың бәрінен де күрделі. Өйткені бұл бір, екі, үш, төрт, бес, одан да көп сөздерден құралып, аяқталған ойды білдіреді.
Сөйлем диктантын жаздырудағы мақсат – оқушыларға сөйлемнің сыртқы құрылымын таныту және оны құрай білуге машықтандыру. Мұғалім сөйлем диктантын өткізуге кірісер алдында басқаларға түсіндіретін сөйлемнің бірінші сөзі бас әріппен басталып, сөздер бір-бірінен бөлек жазылатынын, мағынасына қарай сөйлем соңына нүкте, леп немесе сұрау белгілерінің бірі қойылатынын, сондай-ақ қазақ тіліне тән дыбыстардың (әріптердің) бар-жоғын айтады.
Әріп, буын, сөз және сөйлем диктанттарын жаздыру үшін төмендегідей әдістер пайдаланылады.
Қазақ тілі бойынша жүргізілетін диктанттар екі топқа бөлінеді: мәтіні өзгертілмеген диктанттар және мәтіні өзгертілген диктанттар.
Есту диктанты
Емле ережелерінің шегін ажырата отырып, оқушылардың есту қабілетін арттыруға байланысты орындалады. Есту диктантының орындалу тәсілі екі түрлі. Бірінші түрі: дауысты, дауыссыз дыбыс әріптерінің, әріптер тіркесінің, тасымалдың, сөз құрамының және сөз таптарының жазылу ережесі ауызша түсіндіріледі де, осы мәліметке сай дайындалған мәтінге оқушылар көз жүгіртеді. Сонан соң бұл мәтін мұғалім тарапынан жаздырылады. Екінші түрі: мұғалім белгілі емлеге сай дайындалған мәтінді жаздырады. Жазу үстінде белгілі бір емлелердің астын сызып отыруды жүктейді. Сонан соң диктанттағы емлені оқушылардың өздері түсіндіріп, қатесін өздері түзетеді. Белгілі бір емлені түсіндіруге байланысты алынған диктанттың мәтіні 40-50 сөзге, ал арнайы жүргізілген диктант мәтінінің сөзі 90-210 сөзге дейін болады.
Көру диктанты
Емлені айыра отырып, оқушылардың көру қабілетін дамыту мақсатында жүргізіледі. Бұның да орындалу амалы екі түрлі. Бірінші түрі: емлеге сай дайындалған мәтін оқушыларға түгелдей оқытылады да, оны мұғалім дәптерге жаздырады. Содан кейін оқушылар жазылған диктантты емлеге сай түсіндіреді. Екінші түрі: мұғалім дайындаған мәтінді тақтаға жазады. Емлеге байланысты түсіндіру кезінде тақтадағы орфограммалардың асты сызылады. Сонан соң тақтадағы мәтін өшіріледі де, сол мәтінді мұғалім оқушыларға жаздырады.
Бұл диктант оқушылардың көру, есту, есте сақтау, затты тану сияқты қабілеттерін дамыту мақсатында жүргізіледі. Көру диктанты үшін әріп, буын, жеке сөздер, сондай-ақ жазылуы қиын сөздер мен сөз тіркестері және шағын мәтіндер, жұмбақтар, мақалдар, жаттауға берілген өлеңдерді де алуға болады.
Өздік диктанты
Диктанттың бұл түрінің де өткенді қайталап, тіл ұстартуда маңызы зор. Оқушылар өтілген материалдарға байланысты әріптер мен буындарды, сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдер мен жатталған өлеңдерді, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды естеріне түсіріп, өздігінен ойланып отырып жазады. Мұғалім өздік диктанттың қай күні болатынын, нені қайталап келу керектігін оқушыларға алдын-ала ескертіп қояды. Сонда оқушылар үйден шала жаттаған өлең, жұмбақты, жаңылтпаштар мен ережелерді пысықтап келетін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |