Мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құру



Дата05.11.2019
өлшемі93.62 Kb.
түріМазмұндама
Тіл дамыту жұмыстарын жүргізуде жиі қолданылатын жазу жұмыстарының бірі – мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құру, сөйлем құрау шеберлігіне жаттығады. Мазмұндама жазу арқылы бірқатар сөз тіркестері мен сөйлемдер, бейнелі сөздер оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жаңғырту үшін, сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады

Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда методистер Бегман Ысқақ және Эльмира Оразбаева мазмұндаманың мынандай түрлерін ұсынады:

1. Дайын мәтін бойынша мазмұндама;

2. Сурет бойынша мазмұндама;

3. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама

Дайын мәтін бойынша мазмұндаманың өзін бірнеше түрге бөлуге болады:

1. Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау;

2. Мәтіннің мазмұнын сақтап, бірақ баяндалу формасын өзгерту;

3. Қысқарта баяндау;

4. Толықтырып мазмұндау.



Шығарма – оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып, баяндайтын шығармашылық төл еңбегі. Оқушының көркем шығарманы өзіндік ой-пікірі, көзқарасы тұрғысында терең талдап пайымдауы, көркем тілмен әсерлі, жүйелі баяндалуы талап етіледі.

Оқушы тапсырманы өзі орындауы керек. Оқушының ойланып, нақты нәтижеге жетуін қадағалау – мұғалімнің басты міндеті. Жазба жұмысынан оқушының ой өрісі, білімі, сауаты көрініп отырады. Ауызша жауапта оқушы білімін толық көрсете алмауы мүмкін, ал жазба жұмыстың ішіндегі ең бір толыққанды, оқушы білімінің нәтижесін толық тексеруге мүмкіндік беретіні шығарма жұмысы.

Шығарма түрлеріне келетін болсақ, олар: еркін шығарма, оқушының іс-әрекетіне байланысты шығарма, өнер саласына байланысты шығарма, сурет, фильм (диафильм), экскурсия бойынша шығарма, оқыған, естіген әңгімелеріне байланысты шығармалар.

Шығарма жазуға қойылатын негізгі талаптар:


              1. Тақырыпты толық аша білу;

              2. Артық баяндау, қажетсіз дәлелдемелер мен көпсөзділікке жол бермеу;

              3. Шығармада сөз болған жайды оқушының басқаларға түсінікті болатындай орамды тілмен, аз сөзге көп мағына сыйғыза баяндауы;

              4. Шығарманың бөлімдерінің негізгі ой арқылы шебер байланысуы;

              5. Шығармада жазушының өмірбаянына, жазылу тарихына, тарихи оқиғаларға, кейіпкерлерге қатысты қателіктер жіберілмеуі керек;

              6. Оқушының шығармада сын мақалалардан, әдебиеттану еңбектерінен шағын үзінділерді қисынымен қолдануы, оның терең білімін танытады;

              7. Барлық айтылған ойды жинақтап, тұжырымдап, тиісті қорытынды жасай білу.

Дәрісті қорытындылау: Тіл дамытудың мақсаты мен міндеттері. Тіл дамыту жұмыстарының мазмұндық – құрылымдық жүйесі, тілдің ғылыми курсын оқыту барысында оқушылардың тілін дамыту – оқушылардың тілден теориялық деңгейде білім алуының жемісі екендігі. Тіл дамытудың ауызша және жазбаша жұмыс түрлері. Мазмұндама, шығарма жазу әдістемелері.

14 Дәріс. Диктант жүргізу. Диктантты жүргізу әдістемесі

Мақсаты: Диктант жүргізу, оған қойылатын талаптар, жаздыру техникасы жайлы және диктант түрлері туралы мағлұмат беру. Диктанттың оқушы сауаттылығын арттыруда, тіл дамыту жұмыстарын жүргізуде алатын орнын көрсету

Жоспар:



  1. Диктант жүргізуге қойылатын талаптар

  2. Диктантты жаздыру техникасы

  3. Диктант түрлері


Диктантты жаздыруға қойылатын талаптар

Мұғалімнің тексті үйде алдын-ала тағы бір қарап шығуы, әсіресе, сабақ жоспарын жасау кезінде аса қажет деп есептеледі. Сабақ жоспары демекші, диктантқа жоспар жасамайтын мұғалімдер де кездеседі. Жасағандары болса, диктанттың атын, өтетін күнін, айын, сыныпты жазумен ғана шектеледі. Ең алдымен, мәтінді оқу кезеңінде көлденең сөз, сұрақ болмауға тиіс. Жазу кезінде бірлі – жарым қалып қойған оқушы болса, ол мұғалімнің ісі. Ал кейде, оқушылар тарапынан бір қажетті сұрақ бола қалса, жаздырып жатқан кезекті сөйлемді оқушылар түгел жазып біткеннен кейін қойылу керек. Диктант мәтінін жаздыру үстінде, диктант мәтінінен сыртқары кездесуі ықтимал көлденең сөздердің көлемі, мазмұны, шамасы оқушыларға алдын ала белгілі болуға тиіс. Мәтінді жаздыру үстінде мұғалім тарапынан оқушыларға айтылатын ескертпе түріндегі сөздерді жиі пайдалануға болмайды. Ерекше бір күрделі, қиын сөйлемдерді жаздыру ретінде ғана емес, бар ынта, зейіні диктант мәтінін жазуда болып отырғанда, қапелімде мәтін арасына көлденең сөздің кіруі оқушыларды аз да болса, алаңдатады, зейінін бөледі. Екіншіден, өзі жазып үлгіре алмай отырған кейбір балалар жаңағыдай сөздерді (көлденең) ажырата алмай, мәтінмен бірге жазып қояды. Мәтінді оқуда басты талап – тілдің орфографиялық заңдылығын сақтау болып табылады.



Үйрету диктанттарының маңызы

Үйрету диктанттарының тағы бір ерекшелігі – оқушыларды ойлануға, ізденуге, өз ойларын салыстыру әдісі бойынша дәлелдеп айта білуге және өз беттерімен жұмыс істей білуге төселдіреді. Бұл оқушыларды құлшындырып, өз ісіне деген сенімділігін арттырады.

Қысқасы, үйрету диктанттары оқушыларды сауатты жазуға ғана баулып қоймайды, алған білімін сыннан өткізіп, тұрақтандыруға, мәнерлеп оқу машығын қалыптастыруға көп септігін тигізеді.

Әріп диктантын жаздыру мақсаты мен оған қойылатын талаптар

Әріп диктантын жаздыру мақсаты – ана тілін жеткілкті білмейтіндер мен басқа ұлт балаларына қазақ тіліне тән дыбыстардың айтылуы мен жазылуындағы фонемалық, орфографиялық ерекшеліктерге байланысты олардың бір-бірінен айырмашылықтарын және оларды жаза білуді қаншалықты дәрежеде меңгергендіктерін білу. Өйткені әріп диктанты барлық жазу жұмыстарының іргетасы.

Буын диктантын жаздыру мақсаты мен оған қойылатын талаптар

Әріп диктантын жазып, әрбір дыбыс пен әріптің орфоэпиялық, орфографиялық өзгешелігін, үндестігі мен ұқсастығын салыстыру әдісімен саналы түрде түсініп, талдауға төселген оқушылар үшін буын диктантын жазу онша қиындық келтірмейді.



Сөз диктантын жаздыру мақсаты мен оған қойылатын талаптар

Сөз диктантының жеңіл болатын себебі – ол оқушылар меңгеріп болған дыбыстар мен буындардан құрылады. Мұндағы мақсат – сөздердің бір, екі, үш, төрт, одан да көп буыннан құралып, белгілі бір ұғымды білдіретінін дыбыс (әріп) және буынмен салыстыра отырып түсіндіру. Сөз диктантын жаздырар алдында оқушыға берілген сөздің қандай ұғымды білдіріп, неше буыннан, неше дыбыстан құралғанын, бірінші буындағы дауыстының жуан немесе жіңішке екенін айқындап, ондағы бір дыбыстың әріпке айналғандағы жазылу емлесін айтып өтеді. Бұл, мысалы, былайша баяндалуға тиіс: көз, құлақ, құлақшын, көзілдірік сөздері бір, екі, үш, төрт буыннан құралған. Көз сөзінде 3, көзілдірік сөзінде 10 дыбыс (әріп) бар. Төрт сөз төрт түрлі мағына білдіріп тұр. Бұл сөздерде қазақ алфавитіне тән ә, ұ, ғ, ң, һ әріптері жоқ.



Сөйлем диктантын жаздыру мақсаты мен оған қойылатын талаптар

Диктанттың бұл түрі алғашқылардың бәрінен де күрделі. Өйткені бұл бір, екі, үш, төрт, бес, одан да көп сөздерден құралып, аяқталған ойды білдіреді.

Сөйлем диктантын жаздырудағы мақсат – оқушыларға сөйлемнің сыртқы құрылымын таныту және оны құрай білуге машықтандыру. Мұғалім сөйлем диктантын өткізуге кірісер алдында басқаларға түсіндіретін сөйлемнің бірінші сөзі бас әріппен басталып, сөздер бір-бірінен бөлек жазылатынын, мағынасына қарай сөйлем соңына нүкте, леп немесе сұрау белгілерінің бірі қойылатынын, сондай-ақ қазақ тіліне тән дыбыстардың (әріптердің) бар-жоғын айтады.

Әріп, буын, сөз және сөйлем диктанттарын жаздыру үшін төмендегідей әдістер пайдаланылады.

Қазақ тілі бойынша жүргізілетін диктанттар екі топқа бөлінеді: мәтіні өзгертілмеген диктанттар және мәтіні өзгертілген диктанттар.

Есту диктанты

Емле ережелерінің шегін ажырата отырып, оқушылардың есту қабілетін арттыруға байланысты орындалады. Есту диктантының орындалу тәсілі екі түрлі. Бірінші түрі: дауысты, дауыссыз дыбыс әріптерінің, әріптер тіркесінің, тасымалдың, сөз құрамының және сөз таптарының жазылу ережесі ауызша түсіндіріледі де, осы мәліметке сай дайындалған мәтінге оқушылар көз жүгіртеді. Сонан соң бұл мәтін мұғалім тарапынан жаздырылады. Екінші түрі: мұғалім белгілі емлеге сай дайындалған мәтінді жаздырады. Жазу үстінде белгілі бір емлелердің астын сызып отыруды жүктейді. Сонан соң диктанттағы емлені оқушылардың өздері түсіндіріп, қатесін өздері түзетеді. Белгілі бір емлені түсіндіруге байланысты алынған диктанттың мәтіні 40-50 сөзге, ал арнайы жүргізілген диктант мәтінінің сөзі 90-210 сөзге дейін болады.

Көру диктанты

Емлені айыра отырып, оқушылардың көру қабілетін дамыту мақсатында жүргізіледі. Бұның да орындалу амалы екі түрлі. Бірінші түрі: емлеге сай дайындалған мәтін оқушыларға түгелдей оқытылады да, оны мұғалім дәптерге жаздырады. Содан кейін оқушылар жазылған диктантты емлеге сай түсіндіреді. Екінші түрі: мұғалім дайындаған мәтінді тақтаға жазады. Емлеге байланысты түсіндіру кезінде тақтадағы орфограммалардың асты сызылады. Сонан соң тақтадағы мәтін өшіріледі де, сол мәтінді мұғалім оқушыларға жаздырады.

Бұл диктант оқушылардың көру, есту, есте сақтау, затты тану сияқты қабілеттерін дамыту мақсатында жүргізіледі. Көру диктанты үшін әріп, буын, жеке сөздер, сондай-ақ жазылуы қиын сөздер мен сөз тіркестері және шағын мәтіндер, жұмбақтар, мақалдар, жаттауға берілген өлеңдерді де алуға болады.

Өздік диктанты

Диктанттың бұл түрінің де өткенді қайталап, тіл ұстартуда маңызы зор. Оқушылар өтілген материалдарға байланысты әріптер мен буындарды, сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдер мен жатталған өлеңдерді, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды естеріне түсіріп, өздігінен ойланып отырып жазады. Мұғалім өздік диктанттың қай күні болатынын, нені қайталап келу керектігін оқушыларға алдын-ала ескертіп қояды. Сонда оқушылар үйден шала жаттаған өлең, жұмбақты, жаңылтпаштар мен ережелерді пысықтап келетін болады.

Шығармашылық диктант

Диктанттың бұл түрі – үйрету диктанттарының ішінде мазмұн, құрылым, стиль, әдіс-тәсіл жағынан ең күрделісі, оқушылардың ойлау қабілетін, сөздік қорын, білім деңгейі мен өздігінен жұмыс істеудегі шеберліктерінің көрсеткіші. Сондықтан бұл диктант шолу, қорытындылау, қайталау сабақтарында жиі жүргізілсе, шәкірттер ескерту, бақылау диктантттарына сенімді даярлықпен келеді.

Сөздік диктанты

Сөздік диктанты сабақтың кез келген уақытында жазылады. Оған оқушылардың жыл бойы меңгеруге тиісті термин сөздері, омоним, антоним сөздері және жазылуы қиын сөздер алынады. Текстің көлемі 5-10 сөзден аспауы керек. Сөздік диктантын көру, өздік диктанттары ретінде де, мұғалімнің ауызша айтуы бойынша да жаздыруға болады. Ол мұғалімнің еркінде.

Терме диктанты

Диктанттың бұл түрі кез келген ережеге негізделіп жүргізіледі. Мұғалім диктант мәтінін оқымастан бұрын қандай ережеге көңіл аудару керектігін ескертеді. Оқушылар мәтінді түгел жазбай, мұғалім оқып тұрған мәтіннен әркім өзіне берілген тапсырмаға лайықты сөздер мен сөз тіркестерін немесе сөйлемдерді теріп жазады.



Ескерту диктанты

Бұл диктант көлемі, орфографиялық емлеге тән сөздік қоры жағынан бақылау диктантына жақын келеді.Басқа диктанттардай тек кеше не бүгін ғана өтілген тақырыптарды емес, осы уақытқа дейінгі барлық материалдарды түгел қамтып, оқушыларды бақылау диктантына тікелей әзірлейді. Сондықтан бұл диктантқа енген мәтіндер бірін-бірі қайталамай, өткен материалдарды тиянақтап, толықтыра түсуге тиіс. Ескерту диктантына мұғалім де, оқушылар да тиянақты, ұқыпты да жауапты қарауы қажет.



Бақылау диктанты

Бұл диктант айына бір не әрбір үлкен тақырып, тараудан кейін немесе тоқсанның соңында өткізіледі. Бақылау диктанттары оқушылардың бұрын өтілген материалдарды қандай дәрежеде меңгергенін және сауаттылық деңгейін анықтау мақсатымен жүргізіледі.

Диктант үшін ІІ сыныпта 18-20 сөзден, ІІІ сыныпта 20-30 сөзден құралған қысқа сюжетті мәтін алынады да, көлемі жөнінен де, мазмұны тұрғысынан да біртіндеп күрделеніп отырады. Бақылау диктанты төмендегіше жүргізіледі:

а) үзіліс кезін пайдаланып, мұғалім диктант тақырыбын, мәтін ішінде кездесетін қиын сөздерді тақтаға жазып қояды;

ә) мұғалім диктант мәтінін екі рет дауыстап оқып, жазылуы қиын сөздерді тақтадан қарап алу керектігін ескертеді;

б) егер диктант мәтіні жеке сөздер мен сөз тіркестерінен немесе оған негізделген сөйлемдерден құралған болса, мұндай мәтіндердің әрбір сөзін, сөйлемін мұғалім үш рет оқиды. Оқушылар жазар алдында әрбір сөзді көңіл қоя тыңдап, ұғып алғаннан кейін ғана жазуды ұсынады. Мұғалім оқушылардың түгелдей жазуын қадағалап, ең баяу жазатын оқушы жазып бітісімен, келесі сөйлемді оқиды. Бірақ ол жаңа сөйлем екені айтылмайды.



Дәрісті қорытындылау: Диктант жүргізу, оған қойылатын талаптар, жаздыру техникасы жайлы және диктант түрлері туралы мағлұмат беру. Диктанттың оқушы сауаттылығын арттыруда, тіл дамыту жұмыстарын жүргізуде алатын орнын көрсету

Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:



  1. Диктант және тіл ұстарту

  2. Диктантты бағалау нормалары

Әдебиеттер:

    1. Диктанттар жинағы. А., «Мектеп». 2004.

    2. Диктанттар мен мазмұндамалар жинағы. А., «Мектеп» , 2002.

    3. «Қазақ тілі мен әдебиет» пєнінің бағдарламасы. А., «Мектеп». 2005.

    4. Оразбаева Ф.Ш. Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. –Алматы: Print-S, 2005

    5. Т.В.Аренова. Тілдерді оқытудағы жаңа бағыт. - Қазақ тілі: әдістеме. №1   2008 (15)

Мейрманқұлов А, Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Фолиант, 2010

Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет