4.Арамшөптермен күресудің химиялық әдісі. Ол гербицидтер қолдану арқылы жүзеге асырылады.Қазақстанда гербицидтерді егістердегі арамшөптерді құрту үшін бірінші рет 1954 жылы пайдаланды. Сол жылы гербицид 1300 гектар егіс алқабында, ал 1964 жылы ол 13 млн. гектардан астам егіс көлеміндеқолданылды. Бірақта, кейінгі жылдары әр түрлі себептерге байланысты (ірі шаруашылықтардың тарап кетуі, кіші шаруашылықтардағы қаржы тапшылығы, гербицидтерді қолдану техникаларының қолдану жоқтығы және басқалар) гербицид қолданылатын егіс көлемі азайып кетті. Мұның өзі егістіктердің арамшөптермен қатты ластануына әкеліп соқтырды.Арамшөптерге қарсы қолданылатын гербицидтердің түрлері өте көп, сондықтан оларды жіктеуге тура келді.
Өзінің химиялық құрамына қарай гербицидтер органикалық емес және органикалық болып бөлінеді.Органикалық емес гербицидке кальций цинамиді және басқалары жатады, ал органикалық гербицидтерге ДНОК, ПХФ, 2,4-Д тобындағы гербицидтерді жатқызуға болады.
Гербицидтер өсімдіктерді зақымдайтын әсеріне қарай екі топқа бөлінеді.
Біріншісі жаппай әсер ететін, ал екіншісі-талғамды әсер етуші гербицидтер.Жаппай әсер ететін гербицидтер барлық өсімдік түрлерін жояды, сондқтан оларды мәдени дақылдардан бос жерлерге, яғни таза парларда, автомобиль және теміржол тараптарының жиектерінеде, су жүретін каналдардың жағалауында және тағы басқа жерлерде қолданады.
Талғамды әсер ететін гербицидтер егістіктегі арамшөптерді жояды. Олар жылымалы және жанаспалы болып екі топқа бөлінеді. Жанаспалы гербицидтер өсімдік мүшелерінің тиген жеріне ғана әсер етеді. Яғни, жапырақтарын немесе сабақтарын күйдіреді, сөйтіп олардың тіршілік қабілетін жояды.Гербицидтер өздерінің физикалық жағдайына байланысты ертінділер, суспенция, эмульсия түрлерінде шығарылады.
Егіншілікте арамшөптерді жою үшін Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық министрлігінің ұсынысы бойынша 2010-2015 жылдар аралығында иллакцонды(48%) жаздық бидай, арпа егістерінде қарасұлыны жою мақсатымен егін себер алдында жаздық бидайдың түптену -түтіктену фазасында әр гектарға әсер етуші заты 1,7-3,4 л/га мөлшерінде,мақта егісіндепрометринді (50%) әр гектарға 3,5-5,5 кгжәне дуалдыәр гектарға 1,6-2,6 литр мөлшерінде топыраққа бүрку тәсілімен қолданылуды ұсынды.
Көшеттіктерде гербицидтерді қолдану. Орман шаруашылығында гербицидтерді қолдану жөнінде ғалымдар арасында бірыңғай көзқарас жоқ.Орман шаруашылығы мамандарының біртобы гербицид адамдарға, малдарға, жалпы айтқанда тірі организмдерге зиянды, сондықтан оларды қолданбау десе, ал екінші тобы гербицидтер экономикалық жағынан тиімді және еңбек өнімділігі жоғары деп есептеп, көшеттіктерде гербицид қолдануға абайлап қарау керек деген пікір айтады.
Сондықтан, орман көшеттіктеріне республикадағы сыналған, тиімді және адамдар мен малдар организдеріне (келеңсіз) кері әсері жоқ гербицидтерді қолданған жөн. Орман көшеттіктерінде жатаған бидайықты, қамысты, тарамбидайықты жою үшін суда жақсы еритін әсерлі заты 85% далапанды (натрий тұзы), 10-20 кг мөлшерінде бүрку керек. Азжылдық тұқымымен көбейетін арамшөптердің жас өскінін жою үшін әр гектарға 4-15 кг әсерлі зат мөлшерінде ДНОК-ты бүріккен дұрыс. 2,4 Д тобынан қосжарнақты егістік қалуен мен егістік шырмауықты жою үшін амин тұзын немесе эфирді әсерлі зат есебімен әр гектарға 2-6 кг мөлшерінде қолдану керек.
Қарағайдың, шыршаның, кейде балқарағайдың көшеттіктеріндегі біржылдық арамшөптерді жоюға 2,0 кг/га әсерлі зат есебінде симазин гербициді қолданылады.
Қазақстанның орман көшеттіктерінде осы топқа жататын пропазин, симазин, атразин, прометрин гербицидтерін қолданылады.
Шетелдік гербицидтен 1,5 кг/га мөлшерінде раундап гербициді сынақтан өтуде. Республиканың орман көшеттеріне өте зиянды жатаған бидайық, тарамбидайық сияқты көпжылдық арамшөптерді жою үшін топырақ өңдегеннен 2-3 аптадан соң әсерлі зат есебінде 15-20 кг/га далапонды қолданған тиімді. Содан 10-12 тәуліктен кейін топырақты культивациялаған соң арамшөптер қайта шықса көшеттіктерді екінші рет осы гербицидпен 10-15 кг/га қайта бүрку қажет.
Қазақстанда көшеттіктердің егістік бөлімдерінде негізінен үш гербицид, яғни симазин, пропазин және уайтспирт жақсы зерттеліп, олар кеңінен қолданылып жүр. Аталған гербицидттің ішіндегі ең тиімділері симазин мен пропазин болды.
Іле Алатауы жағдайында орман көшеттіктерінде аталған гербицидтерді қолдану арқылы арамшөптерді жоюға, ал шырша, қарағай себіндіктеріне олардың әсер етпегені байқалған.
5 Гербицидтермен жұмыс істеген кезде қолданылатын сақтық шаралары.
Арамшөптерді жою үшін гербицидтер тек егіншілікте емес, сонымен қатар орман шаруашылығындада, дәлірек айтқанда көшеттерде қоладнылады. Егіншілік шаруашылығымен салыстырғанда гербицидтерді көшеттікте қолданудың өз ерекшелігі бар. Біріншіден, көшеттіктер қоршалған ортаға, малдар кіре алмайды, сондықтан олардың уланып қалуы мүмкін емес. Көшеттіктерді жаңбырлатып суару әдісін қолданса, гербицидтер топыраққа ағып кетпейді. Оның қоршаған ортаға зияны жоқ. Көшеттіктер адамдардың тамағы үшін пайдаланылмайды, сондықтан адамдар одан уланбайды. Дегенмен, көшеттіктердегі арамшөптерді жою үшін гербицидтер қолданғанда сақ болған дұрыс.
Ауылшаруашылық өндірісінде қолданылатын гербицидтер адамдар мен малдарға қауіпті емес. Әйтседе, олардың ішінде улы, кейде тіпті аса улы түрлері де кездеседі. Сондықтан, олармен жұмыс істегенде кейбір сақтандыру шараларын жүзеге асыру керек.
Гербицидпен жұмыс істейтін адамдар нұсқаудан өтулері, арнайы киімдермен, атап айтқанда комбинезон, халат, қолғап, көзілдірік, респиратор және басқа жабдықтармен қамтамасыз етілулері керек.
Кәмелетке жасы толмаған, балаларды, екіқабат және жас балалары бар әйелдерді гербицидпен жұмыс істеуге жіберуге болмайды.Гербицидпен жұмыс істеп жүрген мезгілде тамақ, су ішуге, шылым тартуға болмайды, ал жұмыс істеп біткеннен кейін қолды, бет-ауызды сабынмен мұхият жуу керек.Гербицидпен жұмыс істегеу уақыты күніне 6 сағаттан аспауы керек, ол адамдарға күніне кемінде жарты литр сүт ішу қажет.Гербицидтер үйлерден, тамақ және жем сақтайтын қоймалардан, мал қораларынан 250-300 метр қашықтықта сақталуға тиіс.
Адамдар үзіліске кеткенде күзетші қою қажет, кері жағдайда балалар, малдар уланып қалуы мүмкін.
Гербицид қолданылған жерлерге бір айға дейін малдарды жаюға, үй құстарын жіберуге болмайды.Әрине, бұдан басқа да сақтық шаралары бар. Олар арнайы өткізілетін нұсқаулар кезінде айтылады.
6.Арамшөптермен биологиялық әдіспен күрес.Арамшөптермен химиялық әдіс арқылы күресу өнімді және тиімді деп кеңінен қолданылғанмен, экологиялық тұрғыдан, яғни қоршағантабиғи ортаны қорғау жағынан алып қарағанда, оның көптеген зиянды жақтары бар. Сондықтан да кейінгі кезде ғалымдар арамшөптермен биологиялық әдіспен күресу жолдарын зерттеп іздестіруде.
Биологиялық күресдегенімізарамшөптердің табиғи жауларын, яғни насекомдарды, фитофагтарды, ауру таратқыш жәндіктерді,нематодаларды, саңырауқұлақтарды, вирустарды, бактерияларды оларға қарсы пайдалану. Мысалы, күнбағыс сұңғыласына қарсы фитомиза шыбыны қолданылады. Ол сұңғыланың 82-90 пайызын жояды.
Кейінгі кезде арамшөптермен биологиялық әдіспен күресу жолдары біздің республикада да кеңінен зерттеле бастады. Бұл бағытта Қазақстан ғалымдары П.И.Мариковский мен А.И.Иванниковтың жүргізген зерттеулерін атауға болады. Олардың зерттеулерінің нәтижесінде кекіре құртын республикмыздың солтүстік-шығыс облыстарында кеңінен қолдануға болатындығы дәлелденсе, ал бұл тәжірибе Қазақстанның оңтүстігіндегі Жамбыл және Алматы облыстарында жүргізілген өндірістік тәжірибелердің нәтижесінде, қызғылт укекіре зақымданғаны 90 пайызға дейін жеткен.
С.Төребаев пен Ж.Шілдебаевтың мәліметеріне қарағанда Қазақстанда биологиялық күрес қызғылт укекіре, ақ мия, егістік шырмауық, сарықалуен, күнбағыс сұңғыласы және басқада арамшөптердің табиғи зиянкестерін ізденуден басталды. Мысалы, 1967 жылы профессор П.И.Мариковскийдің басшылығымен біздің республикада қызғылт укекіреге қарсы алғаш рет биологиялық әдіс ретінде оның табиғи жауы кекіре құрты қолданылды. Осының нәтижесінде аталған арамшөптің 22 пайызы жойылып, ал 30 пайызы құрттардың жеуінен шіріп, өсімдіктердің дамып өсу қабілетін жойды.
Республикадағы ең бір қауіпті карантиндік арамшөп жусан жапырақты ойраншөп.Бұл арамшөппен күресте басқа шаралардың ішінде биологиялық әдістің маңызы ерекше орын алады. Аталған арамшөпке қарсы фузариум ойраншөп жемір қоңызын қолданылады. Егістік шырмауыққа қарсы филлотерета қоңызын, шырмауық қара күйесін, ал егістік қалуенге қарсы оның көк қанатты қоңызын, егістік қалуен, қоңызын және теңбіл қанатты урофора шыбынын қолданады.Арамшөптермен биологиялық әдіс арқылы күресу жаңа дамып келе жатқан шаралардың бірі.
Қорыта келіп айтқанда, арамшөптермен биологиялық тәсілмен күрестің болашағы зор.
Арамшөптермен кешенді күрес шаралары. Көптеген ғылыми-зерттеу мекемелері мен шаруашылықтардың тәжірибелері арамшөптерге қарсы тек агротехникалық, немесе тек химиялық, әйтпесе тек биологиялық күрес әдістерін жеке-жеке қолдануың тиімділігінің болмайтындығын көрсетті. Сондықтан, арамшөптерді жою үшін кешенді шараларды қолдану арқылы аз еңбек пен қаражат жұмсап, мүмкіндігінше оларды мол жоюға болатындығы іс жүзінде дәлелденді.
Кешенді күрес шараларыдеп арамшөптердің санын азайтуға және тіршілік қабілеттілігін төмендетуге елеулі әсер ететін күрес шараларын бірі мен бірін ұштастырып жүргізуді айтады.
Арамшөптермен күрестің кешенді шараларының бір түрі-агротехникалық және фитоцинотикалық шараларды ұштастырып жүргізу. Бұл тәсіл пар танабындағы атпатамырлы арамшөптерді, әсіресе қызғылт қалуенді жоюда жақсы нәтиже береді, себебі парды жаз бойы бірнеше рет культивациялағанда арамшөптердің басым көпшілігі жойылады, ал жойылмай қалғандарын парға себілген күздік бидай тұншықтырып басып тастайды.
Механикалық және химиялық күрес шараларын ұштастырып жүргізу арамшөптерді жоюда үлкен рөл атқарады.Танапты, әсіресе парды, бір-екі рет культивациялау, содан кейін гербицид қолдану нәтижесінде арамшөптерді мол жоюмен қатар, топырақты эрозиядан қорғайды. Бұл әсіресе республиканың ашық, желі күшті далалық аймағы үшін маңызды тәсіл.Ал тіпті агротехникалық, химиялық және фитоценотикалық әдістерді біріктіріп жүргізу оданда бетер арамшөптерді толық жоюға мүмкіндік береді. Арамшөптерге қарсы жүргізілетін кешенді шараларды ауыспалы егістерде жүргізсе олардың тиімділігі тіпті жоғары болады.
Бақылау сұрақтары:
1.Арамшөптермен алдын ала жүргізілетін күрес шаралары
2.Арамшөптермен күрестің агротехникалық шаралары
-
Гербицидтер туралы түсінік және оларды жіктеу
-
Танаптың арамшөптермен ластану картасын жасаудың принциптері
-
Арамшөптермен биологиялық әдіспен күрестің мәні
-
Арамшөптермен күрестің кешенді шараларын айтыңыз
Негізгі әдебиеттер:
1. Әуезов Ә.Ә., Атақұлов Т.А., Сүлейменова Н.Ш., Жаңабаев Қ.Ш., Егіншілік, оқулық, Алматы, 2005
2. Жаңабаев Қ.Ш., егіншілік оқулық 2006
Қосымша әдебиеттер:
1. Жаңабаев Қ.Ш.,Саудабаев Т.С., Сейтов И.С., Өсімдік шарушылығы өнімдерін өндіру технологиясы, Алматы, «Қайнар» 1994
11 Дәріс
Тақырып: Ауыспалы егістің ғылыми негіздері.Ауыспалы егіс туралы жалпы түсінік және оған қойылатын талаптар
Мақсаты: Ауыспалы егіс, оған қойылатын талаптар,дақылдарды алмастырып отырудың себептері түрлері туралы үйрету
Міндеті: Ауыспалы егістердің және дақылдарды алмастырудың себептерінің маңыздылығы және студенттерге оларды іс-жүзіне асыруды үйрету
Кілтті сөздер: ауыспалы егіс, ауыстырылмайтын егіс,мондақыл, қайталап себу.
Дәріс жоспар:
1.Ауыспалы егіс туралы жалпы түсінік және оған қойылатын талаптар
2. А.ш. дақылдарының алмасу себептері
3.Ұйымдастыру - экономикалық себептер
1.Егіншілікте қолданылатын агротехникалық шаралардың ішінде ауыспалы егістің алатын орны ерекше.
Ауыспалы егіс деп территоия және уақыт бойынша немесе тек уақыт бойынша, ғылыми негізде ауылшаруашылық дақылдары мен парлардың алмасуын айтады. Ауыспалы егістің негізі болып шаруашылықтың егіс көлемінің құрылымы саналады.
Шаруашылықтың егіс көлемінің құрылымы дегеніміз әр түрлі ауылшаруашылық дақылдары мен парлар көлемінің жалпы егіс көлеміне пайызбен алынған арақатынасы.
Шаруашылықтың егіс көлемінің құрылымы негізінен оның өркендеу бағытына, жер көлеміне, алдына қойған мақсатына тікелей байланысты.
Ауыспалы егіс өндірістік маңызы бар бірнеше міндеттерді шешуге тиісті:
-
ауыспалы егіс шаруашылықтың барлық жер көлеміне құрылуы қажет және ол жерлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік беруі керек.
-
топрақтың құналылығын арттыруға, сөйтіп ауылшаруашылық дақылдарының өнімін жоғарылатуға тиісті.
-
шаруашылықтағы барлық техникаларды, ауыл шаруашылығы машиналары мен құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік туғызуы шарт.
-
топырақты жел және су эрозияларыынан қорғауға тиіс.
-
топырақты арамшөптерден, зиянды жәндіктер мен ауру қоздырғыштардан тазартуға, яғни танаптың фитосанитарлық жағдайын жақсартуға жол ашу керек. Міне, осы міндеттер орындалғанда ғана ауыспалы егістер шаруашылыққа пайдалы болады.
Бір танапта ұзақ уақыт өсірілетін ауылшаруашылық дақылын үзіліссіз себілетін дақыл деп атайды.
Дақылды жылда бір танапқа себе берсе, оның өнімі азаяды, тіпті тыңайтқыштар жеткілікті мөлшерде бірлесе де өнімнің төмендеуі тоқталмайды. Мұны көптеген ғылыми-зерттеу мекемелерінің жүргізген жұмыстарының нәтижелері айқын көрсетіп отыр. Мысалы, Англияның Ротамстед тәжірибе станциясының жүз жылдан астам уақыт жүргізген зерттеулерінің нәтижесі күздік бидайды бір танаапқа үзіліссіз сепкенде оның түсімі екі еседен артық төмендейтіні дәлелденген.
Дәнді дақылдарды бір орнында үзіліссіз сепкенде олардың өнімділігі орташа есеппен алғанда 1,5-2,0 есе кемиді.
Танапта бір дақылды үзіліссіз себу тек дәнді дақылдардың ғана емес, сондай-ақ отамалы дақылдарында түсімін азаятындығы іс жүзінде дәлелденіп отыр. Мысал ретінде Өзбекстандағы Ақ-Қабақ тәжірибе станциясының зерттеу нәтижелерін келтіруге болады. Оның 1937 жылдан бастап жүргізген тәжірибелерінің нәтижесі бойынша мақтаны бір орында көп жыл бойы үзіліссіз сепкенде, оның өнімі үш еседен аса төмендеген.
Егер шаруашылықта бір ғана дақыл өсірілетін болса, оны монокультура дейді. Қазіргі уақытта жекеменшік шаруашылықтарында бір ғана дақыл өсіруді дағды қылып жүр, бұл өндіріске монокультура кеңінен кірді деген сөз.
Егіншілікте дақылдарды қайталап себу жиі кездеседі. Бір танапта ауыспалы егістің айналу кезеңінен кем уақытта өсірілетін ауыл шаруашылық дақылын қайталанып себілетін дақылдар дейді.
Ауыспалы егіс айналымы деп оның нобайына сәйкес барлық дақылдар мен пардың әр бір танапта болып өз орнына қайтып келу мерзімін айтады. Мысалы, үш танапты ауыспалы егістің айналымы үш жылда, бес танаптынікі бес жылда бітеді, ал дақылдар мен пардың жыл сайын танаптарда ауысып тұру жоспарын ауыспалы егістің айналым кестесі деп атайды.
Барлық ауылшаруашылық дақылдарын қайталанып себуге төзімділігі жөнінен үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – қайталап себуді жақсы көретін дақылдар (мақта, картоп). Оларды бір орынға бірнеше жыл қатарынан себуге немесе отырғызуға болады. Одан өнім түсімі онша төмендей қоймайды.
Бірнеше ауылшаруашылық дақылдарын бөлек-бөлек өсіретін ауыспалы егіс танабын құрама танап деп атайды. Екінші топты қайталап себуді орташа көтеретін дақылдар құрайды (дәнді масақты дақылдар), ал үшінші топқа қайталап себуді нашар көтеретін, немесе тіпті көтермейтін дақылдарды жатқызуға болады (күнбағыс, зығыр және басқалар).
Ауыспалы егістің алмасуынан уақытша шығарылған танапты шықпа танап дейді. Әдетте шықпа танапқа көпжылдық шөп егілген танап қалдырылады. Мысалы, жоңышқа егілген танап 4-5 жыл ауыспалы егістен шығарылып тасталады. Бұл мерзімі өтіп, жер тыңайғаннан кейін шөп танабы ауыспалы егіске қайтадан енгізіледі де, оның орнына басқа бір танапқа жоңышқа себіліп ауыспалы егістен шығарылады.
Ауыспалы егістегі алмасу тәртібі бойынша берілген ауыл шаруашылық дақылдары мен парлардың тізбегін ауыспалы егіс нобайы (схемасы), ал 2-3 әр түрлі дақылдардан, оның ішінде пардан, тұратын ауыспалы егістің бір бөлігін оның буыны деп атайды. Ауыспалы егіс бір, екі және үш буындардан тұруы мүмкін. Ауыспалы егістің пар, отамалы, шөп буындары болады.
2. Дақылдардың алмасу себептері Танапқа бір дақылды жыл сайын себе берсе топырақтың құнарлылығы мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі төмендей беретінін дихандар ертеден білген. Жаратылыстану ғылымы дамыған сайын оқымыстылар бұл процестің себептері жөнінде әр түрлі болжаулар айта бастаған. Мысалы, швейцар ботанигі Декандольдің пікірі бойынша өсімдіктер топырақтан өзіне керекті және қажет емес заттарды бірдей сіңіріп алады да, соңғысын қайтадан бөліп шығарады, ол топырақта жиналып, келесі жылы сол жерге осы дақыл қайта себілген кезде өзі бөліп шығарған зиянды заттардан зардап шегеді, оның түсімі төмендейді. Бұл дақылдың бөліп шығарған заттары олар үшін ғана зиянды, басқа дақылға залалы жоқ, олардың өнімі төмендемейді, кейде тіпті жоғарылайды, сондықтан дақылдарды алмастырып себу керек деген пікір айтқан болатын.
Француз химигі Пьер Жозеф өсімдіктер топыраққа органикалық заттарды бөліп шығарады, олар танапта жиналып қайталап себілген осы өсімдікке зиянын тигізеді деген. Өсімдіктің тек минералдық заттарды ғана сіңіре алатыны анықталғаннан кейін неміс ғалымы Ю.Либих барлық ауылшаруашылық дақылдарын топырақтан алатын коректік элементтерді пайдалануына байланысты үш топқа бөлді. Олар азотты, фосфорды және калийді көп пайдаланатын өсімдіктер. Қоректік элементтер қорын, топырақта біржақты азайтпау, немесе көбейтіп алмас үшін ауылшаруашылық дақылдарын алмастырып себу керек деген тұжырым жасады, басқа сөзбен айтқанда ауыспалы егісті енгізу және игеру керек деді.
Орыс оқымыстылары Ротмистров (1910 ж) және Модестов (1915 ж) өсімдіктердің тамыр жүйесін алмастыру теориясын жасады, яғни тамырлары терең және таяз, жан-жаққа жайылып және жинақы өсетін өсімдіктерді алмастырып себу керек деген пікір айтты.
Академик В.Р.Вильямс және басқалары біржылдық дәнді дақылдарды үзіліссіз сепкенде олардың өнімінің төмендеуін топырақтың физикалық қасиеттерінің, әсіресе оның құрылымының, нашарлауына байланысты деп түсіндірді.
Дақылдарды үзіліссіз ауыстырмай сепкенде топырақ құнарлылығының төмендеуі және ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімінің кемуі жөнінде ғылымда біріне-бір қарама-қарсы осындай талас пікірлер пайда болды. Ол пікірлердің кемшілігі - оқымыстылар бұл мәселені біржақты қарап, әр тұрғыдан дәлелдеді. Осыны ескере отырып және өзі зерттеу жұмыстарын жүргізіп академик Д.Н.Прянишников дақылдардың алмасу себептерін 4 топқа бөлді.
Бірінші топ - өсімдіктердің коректенуіне байланысты химиялық себептер. Дақылдар өсу барысында топырақтан коректік заттарды әр түрлі мөлшерде сіңіреді. Мысалы, бидай, арпа сияқты дәнді масақты дақылдар азот пен фосфорды көбірек, калийді азырақ сіңіреді, ал қант қызылшасы, күнбағыс, картоп сияқты отамалы дақылдар керісінше топырақтан азот пен фосфорға қарағанда калийді көбірек алады. Осы тұрғыдан алып қарағанда танапқа ылғи дәнді дақылдарды еге берсек, азот пен фосфордың мөлшері жылдан жылға азая береді де, ал калий топырақта көбірек жиналады. Сөйтіп, коректік заттардың бастапқы арақатынасы, яғни теңгерімі бұзылады.
Қант қызылшасын, күнбағысты, картопты алмастырмай бір жерге еге бергенде жылдан жылға калий басқа коректік заттарға қарағанда көбірек азайып, топырақтағы коректік заттар біржақты жұмсалынып, олардың қалыпты арақатынасы бұзылады. Керісінше, дәнді масақты дақылдар мен техникалық дақылдарды ауыстырып еккен уақытта топырақтағы коректік заттар тең жұмсалып, ұзақ жылдар бойы жақсы өнім алуға мүмкіндік туады.
Бұршақ тұқымдас дақылдар тамырында өмір сүретін түйнек бактерияларының көмегімен ауадағы бос азотты сіңіре алады, сөйтіп топырақтағы азот қорын көбейтеді. Бұл ретте, әсіресе бұршақ тұқымдас көпжылдық шөптердің, оның ішінде жоңышқаның алатын орны ерекше. Ол әр гектарға өзінен кейін 60 кг ға дейін азот қалдырады. Егер осы бұршақ тұқымдас дақылдарынан кейін азотты қажет ететін басқа дақылдармен алмастырса, онда әлгі жиналған азот қорын осы ауыл шарашылығы дақылдары тиімді пайдаланып, коректік заттардың тапшылығы болмай, сөйтіп олардан алынатын өнім мөлшері артар еді.
Дақылдардың түріне қарай олардың тамыр жүйелері де әр түрлі болады. Мысалы, астық тұқымдас дақылдар шашақ тамырлы болып келеді де, олардың тамырлары көбіне 40-50 см тереңдікке дейін ғана тарайды. Қызылша, күнбағыс сияқты дақылдардың тамыры 3 метр тередікке дейін, ал жоңышқаның тамыры 5-6 метрге дейін кетеді. Аталған дақылдарды кезектестіріп сепкенде топырақтың тек бетіне жақын маңдағы коректік заттар ғана пйдаланып қойылмай, сонымен бірге тереңде жатқан коректік заттар да іске асады.
Кейбір дақылдардың (қарақұмық, бөрібұршақ) тамыры топырақтағы нашар еритін фосфордың өсімдіктер оңай сіңіре алатын жылжымалы түріне айналыуына әсер етеді. Бұл өсімдіктерден кейін топырақта басқа ауылшаруашылық дақылдары мен орман себінділері жеңіл сіңіре алатын фосфор көп қалады да, олардан кейін егілген дақылдардың коректенуі жақсарады.
Егер ауылшаруашылық дақылдары мен орман себінділері алмастырылмай бір танапта себіле берсе, яғни ауыспалы егіс болмаса, онда бір жағдайда топырақтағы коректік заттардың қоры азайып, екінші жағдайда көбейеді. Бұл екі жағдайда өсімдікке кері әсер көрсетеді. Осындай қолайсыз жағдайлар болмау үшін ауыспалы егіс қолданып, өсімдіктердің коректенуін жақсартуды химиялық себептер дейді.
Екінші топ – физикалық себептер. Әр түрлі ауылшаруашылық дақылдары топырақтың физикалық қасиеттеріне (құрылымы, құрамы, көлемдік салмағы және тағы басқа) әр түрлі әсер етеді. Көпжылдық шөптер топырақ құрылымын жақсартады. Топырақтың физикалық қасиеттері органикалық тыңайтқыштар қолдануда жақсартады.
Топырақ өңдеу жүйесінің де оның физикалық қасиеттеріне әсері бар. Мысалы, топырақты жиі өңдеп тұруды қажет ететін қызылша, мақта, тамыржемісті отамалы дақылдарды немесе себінділерді бір орынға жылма-жыл еге берсек, топырақтың құрылымдық түйіршіктерінің көбісі трактор дөңгелегінің, жер өңдейтін машиналар мен құралдардың әсерінен үгітіліп және нығыздалып топырақтың физикалық қасиеті нашарлайды. Яғни, топырақ түйіршіктері ұлпаға айналады да, эрозия құбылысына ұшырайды және мұндай топырақтар суды жөнді сіңірмейді. Су тисе болды топырақ беті былжырап, кепкен уақытта қабыршықтанып қатып қалады. Оларды өсімдіктердің өркендері бұзып, жер бетіне шыға алмайды. Сондай-ақ, өсімдік тамырына оттегінің баруы қиындайды, оның өсуі нашарлайды, дақылдар әр түрлі ауруларға ұшырайды. Топырақтың физиклық қасиеттері (құрылымы, құрылысы, тығыздығы) нашарласа, оның ылғалдық және ауа режимдері бұзылады, яғни өсімдіктерге қолайсыз жағдай туады. Міне, осы келтірілген себептердің әсерінен өсірілетін дақылдардың өнімі төмендейді. Осындай қолайсыз жағдайды болдырмау үшін ауылшаруашылық дақылдарын алмастырып тұру, яғни ауыспалы егісті қолдану керек.
Биологиялық себептер өсімдіктер мен орман себінділерінің зиянды жәндіктеріне, ауру қоздырғышарына және танап пен көшеттіктің арамшөппен ластануына байланысты.
Ауылшаруашылық дақылдарымен бірлесіп танаптарда алуан түрлі арамшөптер өседі. Олардың арасында жарық, ылғал, коректік заттар үшін бәсекелестік болады, яғни күрес жүреді. Ауылшаруашылық дақылдарының арамшөптермен бәсекелесу мүмкіндігі әр түрлі. Мысалы, көпжылдық шөптер мен күздік бидайдың бәсекелестік мүмкіндігі жоғары, арпа, сұлы, жүгерінікі-орташа, ал жаздық бидай, картоп сияқты дақылдардікі – нашар.
Әр ауылшаруашылық дақылдарына тән өздерінің ауру қоздырғыштары мен зиянкес жәндіктері бар. Танапқа бір дақылды еге берген жағдайда бұл оның зиянкестері көбейеді, ауруға шалдығуы жиілейді және арамшөптер де жылдан жылға көбейе түседі. Мұның себебін былай түсіндіруге болады. Ауылшаруашылық зиянкестерінің кейбіреулері дақылдардың бір түрімен, немесе соған жақын түрлерімен, не бір туыстыққа жататын өсімдіктермен ғана коректенеді. Танапқа бір дақылды үзіліссіз егу кезінде сол зиянкестерге жақсы жағдай туады да, олардың саны жылдан жылға көбейе түседі, соған орай бұлардан келетін зиян да арта береді. Мысалы, республикадағы қант қызылшасының соңғы жылдары өнімінің күрт төмендеуі зиянкестер мен аурулардың зардабынан болды. Қызылша немотодасы деп аталатын зиянкес қант қызылшасының тамырына жабысып, оның шырынын сорып тіршілік етеді. Ол қызылшаны бір танапқа жыл сайын еккенде топырақта көбейе береді де, ақыры қызылша тамырын өсірмей тастайды. Бұл зиянкестің дәнді масақты дақылдарға, жүгеріге, картопқа, көпжылдық шөптерге ешқандай зияны жоқ. Олармен коректене алмайды да, сондықтан осы дақылдар егілген жерде жыл өткен сайын жойыла бастайды, сөйтіп бірнеше жылдан соң құрып бітеді. Сонымен қатар қант қызылшасының тамыр шірігі ауруы көбейіп кетеді, себебі өндірісте ауыспалы егіс қолданылмайды. Осы себептердің зардабынан аталған дақылдың өнімі мен қанттылығы төмендейді.
Картоптың ең қауіпті зиянкесі колорад қоңызы. Егер бұл дақылды бір орынға ауыстырмай үзіліссіз бірнеше жыл отырғызса, онда аталған зиянкес мүлдем көбейіп жоғары өнім алуға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, картопты ауыстырмай бір жерге отырғыза беру оны фитофтор ауруына шалдықтырады.
Дәнді масақты дақылдарды бір танапқа үзіліссіз ауыстырмай себу олардың тат, қаракүйе ауруларының, сұр көбелек зиянкесінің кең тарауына жол ашады.
Бір орынға ауыстырмай себе берсе тек жоғарыда аталған дақылдар емес, басқада өсімідктер ауруға шалдығып, зиянкестерден зардап шегеді. Мысалы, қырыққабатты үнемі бір орынға себу кила ауруының дамуына апарып соқса, ал мақта - солдырма ауруына, зығыр - фузариоз, күнбағыс - жалған ұнтақ ауруларына шалдығады.
Арамшөптер басым өскен жағдайда мәдени өсімдіктерді көлеңкелеп, оларға жарықты аз түсіреді, сондықтан фотосинтез процесі нашарлайды, сол себепті органикалық өнім күрт төмендейді.
Мысалы, жаздық дақылдар үнемі қайталап егілген жерде жаздық арамшөптерге жақсы жағдай туып, олардың саны өсе береді. Ал, сол жерге күздік бидай, әсіресе күздік қарабидай егілсе, жаздық арамшөптер күрт азаяды, себебі күздік дақылдар қыркүйек айында егіледі, олар қысқа дейін тамырланып түптеніп кетеді де, көктемде ерте көктеп жаздық арамшөптерден бұрын жетіліп, оларды өздерінің көлеңкесінде қалдырады. қалған арамшөптер жөнді өсіп-жетіле алмай, көбінесе өліп қалады.
Ал күздік бидай бір жерге қайталанып егіле берсе, онда күзде өсетін арамшөптерге қолайлы жағдай жасалады. Күзде өсетін арамшөптер күздік бидаймен бірге өніп шығады да, өсіп жетілуі жөнінен бидайдан қалмайды. Бидай пісіп ораққа ілінгенше арамшөптер дәнін төгіп үлгереді, ал келесі жылы олар бұл жерде бірнеше есе көбейеді. Күздік бидайды бір танапқа қайталап сепкен сайын күзде өніп шығатын арамшөптердің саны арта береді. Бұл арамшөптерді осы жерге жаздық дақылдар егіп қана құртуға болады. Ол үшін көктемде жаздық дақыл егілер алдында бұл танапты жақсылап культивациялау керек. Сол культивациялау кезінде күзде өніп шыққан арамшөптер оталып құрып бітеді. Сөйтіп, күздік пен жаздық дақылдарды ауыстыра отырып, арамшөптердің санын күрт азайтуға болады.
Отамалы дақылдар дәнді масақты дақылдарға қарағанда арамшөптерді әлдеқайда көп жояды, себебі вегетация кезінде олардың қатараралықтары бірнеше рет культивацияланып, арамшөптер қырқылады, яғни отамалы дақылдар арамшөптермен күрестің тиімді шараларының бірі.
Күнбағыс, темекі сияқты дақылдарды бір жерге еге берсе, бұл танапта күнбағыс пен темекіні сорып күн көретін карантиндік арамшөп сұңғыла қаптап кетеді. Бұл паразит арамшөппен күресудің басты тәсілі – ауыспалы егісті қолдану. Аталған арамшөп дәнді дақылдар арқылы өмір сүре алмайды да, 6-7 жылда топырақтағы тұқымдары құрып бітеді.
Танаптардың арамшөптермен ластануы онда себілген дақылдардың жинау мерзіміне байланысты. Вегетациялық кезеңі қысқа дақылдар танапты ерте босатады, сондықтан топырақты уақытылы және сапалы өңдеу арамшөптердің азаюына жәрдемдеседі. Біржылдық шөптер және пішен үшін ерте шабылатын дақылдар да танаптың арамшөптен тазалануына жағдай туғызады, себебі оларды шапқанда арамшөптер бірге қырқылады, сондықтан гүлдеп үлгермейді, яғни келер жылы тұқым бермейді, осының арқасында танаптар арамшөптерден тазаланады.
Ауыспалы егістерде жайқатарлап жаппай егілетін дәнді масақты дақылдарды кеңқатарлы отамалы дақылдармен, немесе пармен ауыстырып отыру танаптағы арамшөптердің азаюына септігін тигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |