Дәлелдеу теориясының ұғымы мен мазмұны
1. 1. Дәлелдеу теориясының жүйелілігі
Қылмыстық істің барлық мән-жайын заңда бекітілген тәртіппен сот органдарының анықтауынан көрініс табатын танымдық және дәлелдеу қызметі қылмыстық іс эжүргізудің негізгі өзегі болып табылады. Қылмыстық іс жүргізудің аталған бөлшегінің тұтастығы мен дербестігінің деңгейі сондай оны реттейтін нормалардың жиынтығы заң әдебиеттерінде дәлелдеу құқығы деген атауға ие болған, ал іс жүргізушілік қызметтің аталған өрісіне қатысты ғылыми көзқарастар дәстүрлі түрде дәлелдеу теориясы деп аталады. Сонымен бірге қазіргі замандағы дәлелдеу теориясының өзара байланысты және пәтуалы білімдер жүйесі екендігі аталып көрсетіледі [5, 20.].
Ғылыми көзқарастардың белгілі бір жиынтығын теория мәртебесінде тану әлде кімнің солай деп тұжырымдауына тәуелді емес, ол объективтік факторлармен шартталады, аталған жиынтықты жүйе ретінде қалыптастыратын қажетті қасиеттердің болуына байланысты болады, себебі «кез келген теория өз кезегінде логикалық жүйені құрайды (логикалық қатынастармен байланысты көптеген терминдер мен анықтамалардың болуы)» [6, 92.].
Дәстүрлі дәлелдеу теориясының жүйелілігі қандай? Бұл сұрақ кездейсоқ туындап отырған жоқ. Бұрынғы кеңес ғылымында дәлелдеу теориясында көптеген әрқилы кейде бір-біріне қарама қайшы келетін көзқарастарды да кездестіруге болады. Осы тұрғыда айтылатын пікірлердің көптігі сондай мысалы, дәлелдеу шегі ұғымының өзіне оннан аса анықтама берілген. Оның нәтижесінде тәлім алушы көп санды, өзара қайшылықты тұжырымдарды шатастырып қылмыстық іс жүргізудің негізгі институтын меңгермейді, сол себепті де іс жүргізу қызметінің мәнісін, оның «жанын» түсінбейді ал бұл болса өз кезегінде құқық қолданушы органдардың практикалық қызметіне теріс ықпалын тигізеді. «Дәлелдеу теориясында ең болмаса оның негізгі ұғымдарын ашып көрсетуде қажетті деңгейдегі тұжырымдылықтың және анықтылықтың болмауы өз кезегінде бірқатар зияды салдарды пайда қылады: оның одан әрі дамуын тежейді, заңнаманы жетілдіруге қолайсыздықты туғызып ғана қоймайды сонымен бірге оны қолдану практикасына да кері әсерін тигізеді» - деп жазады Л.М. Карнеева [7,15-16.].
Қазіргі уақыттағы дәлелдеу теориясының қарама қайшылығы бірқатар себептерге байланысты орын алып отыр. Аталған теорияның жүйелілігіне қатысты түрдегі басты түсіндіру келесілерге саяды. Дәлелдеу теориясының құрылымы дәстүрлі түрде дәлелдеу құқығының құрылымының айна қатесіз көрінісі ретінде қалыптасқан болатын, яғни заңшығарушымен күні бұрын белгіленіп берілген және сол себепті де құқықтанушылармен талқыға салынбайтын. «Дәлелдеу теориясының жүйесі – бұл оның мазмұнының элементерінің орналасуының кезектілігі және өзара байланысы. Жалпыдан жекеге атты біргей қағида бойынша құрастырудың схемасы - ғылыми пән ретіндегі дәлелдеу теориясы үшін барынша мақсатты болып табылады. Осыған сәйкес дәлелдеу теориясының Жалпы және Ерекше бөлімдері ажыратылып көрсетіледі, ол негізінен алғанда дәлелдеу құқығының Жалпы және Ерекше бөлімдеріне сәйкес келеді» [8, 20-21.]. «Дәлелдеме құқығының ішкі жүйесі туралы айта отырып біз тиісті құқықтық нормаларды Қылмыстық іс жүргізу құқығының Жалпы және Ерекше бөлімдерінің нормаларына айқын түрде бөлінетіндігін атап көрсетеміз. Дәлелдеу теориясының жүйесі де осы тақылеттес» - осындай пікірді Г.Ф. Горский, Л.Д. Кокорев, П.С. Элькинд білдірген [9, 47.].
Дәстүрлі дәлелдеу теориясының қайшылығының басты себебі бұл – оның қалыптасуына, ғылыми көзқарастарды дәлелдеу құқығының құрылымымен толық сәйкестікте жүйелеуге деген тар нормативтік көзқарас болып табылады. Шындығын айтқанда теорияның көлемі құқықпен тікелей реттелген ережелердің жиынтығынан көп кеңірек. Бұл жерде әңгіме қылмыстық іс жүргізушілік таным теориясы пәніне құық нормаларымен қатар оларды практикада қолданудың да және дәлелдеу теориясының даму тарихының да, оны өзге елдердегі осындай ғылымдармен салыстырудың кірістірілуінде емес, әңгіме бұл орайда, қылмыстық іс жүргізудің жалпы алғандағы адамның танымдық қызметінің бөлшегі бола отырып танымның жалпы теориясының, гносеологияның заңдылықтарына бағынатындығында болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |