Мазмұны кіріспе І. МҰсылмандық ҚОЗҒалыстың пайда болуы және қазақ ҚОҒамы


«Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі» және



бет11/13
Дата03.01.2022
өлшемі442 Kb.
#450848
түріҚұрамы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Мазм ны кіріспе І. М сылманды ОЗ алысты пайда болуы ж не аза

2.3. «Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі» және

Қазақстанның саяси жағдайы
Бүкілресейлік мұсылмандық съезіне қазақ даласынан барған дін иелерінің ішінде Атбасардан Ә.Дауылбаев, Сырдария облысынан Ғ.Төлебаев, Гурьев уезінен Х.Нұрмұхамедов, Ішкі Ордадан Ғ.Қарашев, Шалқардан Х.Ахмеджанов, Өскеменнен А.Ранғұлов және т.б. болды.

Съездің алғашқы күні құрамында А.Топчибашев, Ф.Каримов, Х.Досмұхамедов, Ғ.Ходжаев, А.салихов, Г.Исхаки бар төралқа сайланды. Съезге жиналған делегаттар маңызды мәселелердің мынандай үлкен тобын талқылады: Ресейдің мемлкеттік құрылысы: жер, дін, әйел, жұмысшы және әскери мәселелер; соғысқа көзқарас, оқу-ағарту, жергілікті басқару, мұсылмандардың орталық органы туралы, мұсылмандарға үндеу, Құрылтай сайлауы кезіндегі мұсылмандар тактикасы, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесін құру.

Сегіз секция бойынша жұмыс істеген съезде барлық дискуссиялы мәселелер қарастырылды. Делегаттар мемлекеттік құрылыс мәселесін жан-жақты талқылап, Ресейдің 30 миллион мұсылмандары федеративтік негіздегі демократиялық республиканы жақтайтындықтарын білдірді. Бірақ делегаттардың айтарлықтай бөлігі Ресей мұсылмандарының Уақытша орталық бюросының төрағасы А.Салиховтың пікірін бөлісті. А.Салихов съез ашылғанға дейінгі мемлекеттік құрылыс туралы көзқарасын алға тартты. Ол өз ойларын ортаға сала отырып, Ресей федеративтік негіздегі мемлекеттік құрылым болса, онда жер мәселесін шеше алмайды, себебі жер мәселесі жалпымемлекеттік деңгейде ғана шешіле алады, ұлттық аймақтардағы жерлер тек орыс шаруаларына ғана емес, мұсылман шаруаларына қажет, деп көрсеті. Мұсылман жұмысшылары федерациялық мемлекеттік құрылым жағдайында жалпыресейлік игіліктерді пайдалана алмай қалады. Территориялық федерализм мұсылмандардың бытырап кетуіне соғады, сондай-ақ саяси күштерінің әлсіреуіне, әйелдер мәселесінің шешілмеуіне әкеледі. Ұлттық мәселеде шешілмейді. Өйткені бір мемлекетте бірнеше автономия пайда болды. Мұндай жағдай жүз мыңдаған мұсылмандардың орыс жерінде қалып, ақыры орыстанып кетуіне соқтырды. Территориялық федерализм еркіндікті кеңінен пайдалануға әзір емес қалың бұқараны қанайтын үстем тап өкілдеріне ғана қажет дейді. Сондықтан А.салихо «Ресей мұсылмандарының мәдени-ұлттық автономиясы конституция арқылы құқылы институт танылуы керек», - деген ұсыныс жасады.

Съезде Ресейдің федеративтік негіздегі демократиялық республика болуын жақтап М.Расул-Заде, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Ходжаев сөз алды. Ақыры, мемлекеттік құрылыс мәселесін дауысқа салғанда А.Салиховтың ұсынысы өтпей қалды. (оны 271 делегат қолдады, 490 адам қарсы дауыс берді). Сөйтіп съезд тек белгілі территориясы жоқтарға ұлттық-мәдени автономияберілсін, ал негізінен барлық мұсылмандарда ұлттық-территориялқ автономия болсын деген шешім қабылданды.

«Соғысқа көзқарас» мәселесі бойынша съезд А.Салихов ұсынған қарарды қабылдады. Онда соғыс империялистік, әділетсіз соғыс деп айыпталып, «мұсылмандардың европалық империялизмнің құрбандығы болып отырғандығы мәлімделді.

Жер мәселесін түпкілікті шешуді съезд Құрылтай жиналысына қалдырды. Эсерлер партиясының мүшесі Ш.Мұхамедияровтың жобас бойынша съез делегаттары жерге жеке меншік жойылуын жақтады. Бұл шешім съездегі қазақ делегаттарын қанағаттандырмады. Олар облыстық қазақ съездері қабылдаған жергілікті халықтың өз жеріне өздері ие болулары жөніндегі қарарларын қолдайтындықтарын баса көрсетті. Жер мәселесі бойынша қабылдаған қарарда: «Құрылтай жиналысында жер мәселесі шешілгенге дейін қазақтардың монастырьларға, курорттарға деп заңсыз алынған жерлері һәм игеруге жарамсыз болу себепті қоныс аударушылар қалдырған жерлер, мал асырау үшін ұзақ мерзімге арендаға берілген жерлер кері өздеріне қайтарылсын. Қазақ даласына қоныс аударушылардың келуі тоқтатылсын. Қазақ даласы, Түркістанда жер кесу жұмыстары жүргізілмесін. Қазақтарды отырған жерлерінен көшіру әрекеттеріне тиым салынсын. ...Қазақтардың мал асырап, егін егуіне мүмкіндіктер берілсін», - деп көрсетілді.

Түркістан делегаттары съездің 6 мамырдағы мәжілісінде Түркістан өлкесіне аштық апатының төніп тұрғанын мәлімдеді. Съезде бұл мәселе бойынша орталық үкімет орындарынан Түркістанға тез арада азық-түлік жіберуін өтіну керек деген шешім қабылданып, Министрлер Кеңесінің төрағасы атына жеделхат жөнелтілді [114].

Съезге Уақытша үкімет ретінде шет діндер Департаментінің комиссары С.А.Котляровский қатысып, баяндама жасады. Ол өз баяндамасында мұсылман халықтарына ескі өкімет тарапынан жасалған түрлі қысымшылықтарға тоқталып, ендігі жерде мұндай қысымшылықтарға жол берілмейтіндігін мәлімдеді. Ол өзінің мұсылмандарға қатысты жобасын әзірлеп жатқандығын және оны әзірлеу барысында съездің шешімдерін басшылыққа алатындығын айтты.

Діни істер мәселесін қарағанда секция Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарының делегаттарының өтініші бойынша бұл облыстардың діни істері Орынбор муфтилігіне қаратылсын деген шешім қабылдады. Сонымен бірге Орынбор діни басқармасының муфтиі мен қазылары сайланды. Мифтилікке Ғ.Баруди, ал қазыналыққа құрамында Ғ.Қарашев бар 6 адам сайланды.

Съезде мұсылман әйелдері ерлермен тең құқықта болсын. Түркістан, Кавказ және Қазақстанда 16 жасқа толмаған қыздарды күйеуге беру тоқтатылсын, қазақ қыздарыжас кезінде атастырып, қалың малға беруге тиым салынсын деген қарар қабылданды.

Оқу-ағарту ісі бойынша съез 23 тармақтан тұратын қарар қабылдады. Онда оқу-ағарту ісі әр ұлттың өз қолында болсын, бастауыш мектептерде оқу ана тілінде жүрсін, барлық мұсылман мектептерінде «ортақ түркі тілі» оқытылсын, жалпыға бірдей оқу міндетті және тегін болсын деген сияқты талап-тілектер айтылды.

Жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күні белгіленсін, мұсылман жұмысшылары көп өндіріс орындарында мұсылман мектептері, мешіттерісалынсын, діни мейрамдарды өткізуне құқық берілсін деген қарар қабылданды.

Әскери ұйымдар туралы қаулыны әскери секция атынан полковник Алиев ұсынды. Онда соғыс сөзсіз жойылуы тиіс, егерде қандай да бір миситаризммен күрес жүргізу қажет болса, ұлттық негіздегі әскер құрылсын, егер тұрақты әскер қажет бола қалған жағдайда мұсылман әскери бөлімдері құрылып, оның офицерлері мұсылмандардан болсын және жауынгерлер өздері шақырылған жер қызмет етсін делінді.

Құрылтай сайлауын өткізу мәселесі съезде қызу талқыланды. Съез мұсылмандарға сайлау алдында бір демократиялық блок қажет және мұсылмандардың ұлттық ұйымдарына трудовиктерден оңшыл емес барлық партияларымен тактикалық келісімге келуге болады деп шешті.


1917ж, 12 маусымда Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі атқару комитеті жалпыресейлік мұсылман съезінің соғыс туралы қабылдаған қарарын сыртқы істер министріне тапсырды. Бұл құжатқа А.Салихов бастаған 8 адам қол қойған болатын. Оның құрамында Ж.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, У.Танашев та бар еді.

Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі атқару комитеті құрамында қызметте жүрген қазақ өкілдері мемлекеттік мекемелердің де қызметіне қатысты. Мәселен, Ж.Досмұхамедов Құрылтай жиналысын дайындайтын кеңесте, Бас жер комитетінде және земстволық мекемелері жоқ губерниялардағы жергілікті басқаруды реформалау жөніндегі комиссия құрамында сарапшы болып қызмет етті [115]. Ж.Ақбаев та Құрылтай жиналысына әзірлік жұмыстарын жүргізетін комиссия құрамында болды.


Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне байланысты съез мынадай қаулы қабылдады:

«1. Бүкіл Русия мұсылмандарының Шуросында қазақ өкілдері болуы тиіс;

2. «Шуро-и-ислам» ағзалары түрлі мұсылмандардың һәр қайсысынан санына қарай болсын;

3. Қазақ халқының уақытша «Шуро-и-исламға» жіберетін өкілдерінің жалпы саны мұсылман съезі лайықтанғанша болсын. Қазақ өкілдерінің санын көбейту мәселесін «Шуро-и-ислам» тез арада шешсін.

4. «Шуро-и-исламға» қазақтан съез сайланған кісілер 1) Ақмоладан Айдархан Тұрлыбаев, 2) Семейден Әбікей Сәтбаев, 3) Торғайдан Әлжан Байбөрин, 4) Оралдан Жаһанша Досмұхамедов, 5) Бөкейліктен Уалиджан Танашев, 6) Жетісудан Базарбай Мәмбетов, 7) Сырдариядан Мұстафа Шоқаев, 8) Ферғанадан Ғабдолрахмон Оразаев;

5. Бұл аталғандардың Шуроға бара алмайтындар болса, олардың орынбасарларын областной комитет сайлайды.

6. Шуроға сайланған кісілердің расходын қазақ ұйымдары, комитеттері көтереді;

7. Һәр облыстың өкілдері Петроградқа қазірден баруы керек һәм «Шуро-и-ислам» қызметіне кірісу керек;

8. Қазақ өкілдерінің жиылысы Шуроның іс басқаратын комитетіне қазақ ағзаларын өздері сайлайды;

9. Уақытша басқа облыстардың өкілдері жиналғанша Шуроның басқаратын комитетіне съез Жаһанша Досмұхамедовты һәм Уәлидхан Танашевты лайықтады».

Съезд Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне сайланған өкілдерге қазақ партиясының бағдарламасын әзірлуді де жүктеген еді.

Жалпықазақ сьезі осылайша қазақ қоғамының Бүкілресейлік мұсылман кеңесімен байланысын нығайта беруге ынталы екендігін көрсетіп берді.

Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің атқару комитеті шешіміне орай 1917ж. 21 шілдеде Қазан қаласында өз жұмысын бастаған екінші жалпыресейлік мұсылман съезімен бірге тура осы мезгілде, сондай-ақ дәл осы қалада мұсылман дін иелері мен мұсылман әскери съезі өтті. Бұл съездерге Түркістан мен Қазақтаннан, сондай-ақ Кавказ өңірінен делегаттар қатысқан жоқ. Оған негізінен Ресейдің ішкі аудандарының мұсылмандары қатынасты.

Екінші жалпыресейлік мұсылман съезінде Құрылтай жиналысына сайлау мәселесі арнайы қаралып, Құрылтай жиналысына сайланып барған өкілдер мұсылман фракциясын құрып, бірлесе әрекет ету қажеттігі ұсынылды. «Егер біз мұсылмандардан сайланған өкілдер, - деп мәлімдеді Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің атқару комитеті төрағасы А.Салихов, - Құрылтай жиналысында өзіміздің мұсылман фракциясын жасамаса, онда басқа фракцияларға кіріп істеген біздің даусымыз естілмес, қуатымыз да көрінбес, съездерде шығарылған қарарларымыз жеріне жетпес».

Жалпыресейлік екінші мұсылман сьезі ішкі Ресей және Сібір мұсылмандары үшін мынандай мазмұндағы платформаны қабылдауға қаулы қылды:

«1. Ішкі Ресей және Сібір мұсылмандары үшін ұлттық-мәдени автономия берілсін;

2. Түркістан, Қазақстан, Кавказ және Қырымдағы басқару формасы туралы мәселені осы аймақтардағы халықтың өз еркіне берілсін. Бұл мәселені шешу барысында ішкі Ресей және Сібір мұсылмандары аталған шеткі аймақтардың өкілдерінің ұсыныстарын қолдасын;

3. Удельдік, кабинеттік, шіркеулік және жеке меншіктегі жерлер еңбекші халықтың қолына сатусыз өтсін;

4. ...жұмысшы мәселесі бойынша социалистік партиялардың минимум бағдарламасы жүзеге асырылсын;

5. Осы платформаны қуаттайтындар мұсылман фракциясы құрамына енсін».

Ал мұсылман әскери съезі мұсылман әскерлерінің жоғарғы органы болып табылатын әскери шуроны (кеңесті) құру қажет деп жариялады.

Қазан қаласында 22 шілдеде жоғарыда аталған үш мұсылман съезінің өкілдері басқосқан жиналыс өтіп, Құрылтай жиналысына қарамастан ішкі Ресей және Сібір мұсылмандарының ұлттық-мәдени автономиясын жүзеге асыруға кірісу қажет деп шешті.

Мұндай шешім қабылдауға елдің орталық аудандарында саяси күштердің ара салмағын күрт өзгерткен оқиғалар себепкер болды. 1917ж. 3 шілдеде Петроградта жұмысшылар мен солдаттардың Уақытша үкіметтің соғыс саясатына қарсы бағытталған демонстрация күшпен басылды. Шілде оқиғаларынан кейін большевиктер Уақытша үкіметті құлатып, пролетариат диктатурасын орнату үшін жұмысшылар мен шаруаларды қарулы көтеріліске әзірленуге шақырды. Ел өміріндегі қарама-қайшылықтар шиеленісе түскен осы бір тұста большевиктердің күші әлсіреп, оңшыл күштер бел ала бастады. Міне осындай кезеңде, яғни тамыздың 12-15-інде Мәскеуде өткен Мемлекеттік мәжіліс өкімет билігін әскери диктатураға беру керек деп шешті. Диктатор ретінде генерал Корнилов ұсынылды. 1917 жылы тамыздың 25-інде генерал Корнилов Ақпан революциясының жеңістерін жоюға арналған әскери күштерді Петроградқа аттандырды. Корнилов бүлігін талқандауға Уақытша үкімет те, большевиктер де атсалысуға мәжбүр болды.

Корнилов бүгінде қарсы күрес кезінде Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің атқару комитеті Бүкіл Ресей мұсылмандарына «еркіндігімізге қауіп төнді» деп үндеу тастап, елді анархияға жол бермей, революция жетістіктерін қорғап қалуға шақырды. Осы кезеңде Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің төрағасы М.Шоқай Уақытша үкімет атына «Қазақ халқы бостандық, теңдік жолын қуаттайтын Уақытша үкіметке қолынан келгенше жәрдем көрсетіп, күш беруге даяр», - деген мазмұнда жеделхат жөнелтті [116].

Жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне сайланған қазақ өкілдерінің барлығы бірдей Петроградқа бара алмады. Осыған орай Ж.Досмұхамедовтың арыз хаты «Қазақ» газетінде жарияланды. Онда Ж.Досмұхамедов У.Танашев екеуі ғана қазақ өкілдерінен Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінде жұмыс істегендігін, кейіннен У.Танашевтың да белгілі себептермен еліне қайтып кеткендігін хабарлайды. Сөйтіп Петроградта жалғыз қалғандықтан көптеген комиссиялардың қызметіне үлгере алмай жатқандығын айтып, тезірек Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі сайланғандардың Петроградқа келулерін өтінді. Сонымен бірге жалғыз өзі қазақ саяси партиясының бағдарламасын жасауға үлгере алмай жатқандығын мәлімдеді [117]. Осы арыз хаттан кейін Семей облыстық қазақ комитеті Ә.Сәтбаевты тезірек Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне жіберуге қаулы қылды [118]. Бірақ Ә.Сәтбаев та Петроградқа барып үлгермеді. Мұндай жағдай тек қазақ өкілдеріне ғана емес, басқа да мұсылман халықтарының өкілдеріне тән еді. Мәселен, өзбек халқынан Ғ.Ходжаев, азербайжан халқынан А.Топчибашев ғана Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің жұмысына қатысты.

1917ж. қыркүйек айында Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің атқару комитеті Уақытша үкіметке екінші жалпыресейлік мұсылман съезінде ішкі Ресей және Сібір мұсылмандарының ұлттық-мәдени автономиясын Құрылтай жиналысын күтпей-ақ жариялау жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Мұның өзі Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің атқару комитеті мұсылман халықтарының автономия алу мәселесіне ерекше көңіл бөлгендігін аңғартса керек. Осы кезеңде мұсылман халықтарының болашақ автономиясы жайлы мәселе қыркүйек айында Орынбор қаласында өткен мұсылмандар мәжілісінде де қарастырылған болатын. Орынбор қаласында қазақ, башқұрт және Түркістан өкілдерінің қатысуымен өткен бұл жиылыста Құрылтай жиналысында қазақ, башқұрт және Түркістан халықтарының құқықтарын қорғау жолдары, болашақ көрші автономиялардың қарым-қатынасы, шекаралары мәселесі, сондай-ақ осы үшін жалпы бағдарламасы бар бір партия жасау шаралары талқыланды.

Болашақ ұлттық автономиялар қыркүйектің 8-15-і аралығында 93 делегаттың қатысуымен киевте өткен федералистер съезінде жан-жақты талқыландһнып, профессор М.С.Грушевский төрағасы болып сайланған «Ұлттар кеңесін» дүниеге әкелген еді. Бұл ұйым үкімет жанында ұлттар мүддесін қорғайтын орган болуы тиіс тұғын [118]. Осы съезге Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің атқару комитетінен Ж.Досмұхамедов қатысты.

Түркістан өлкесіндегі Жетісу халықтарының ауыр ахуалы да Бүкілресейлік мұсылдар кеңесінің назарынан тыс қалмады. 1916 жылы басталған Жетісу қырғыны, оның зардаптары, әсіресе 1917 жылы елге оралған босқын қазақ-қырғыздың ашытққа, оққа ұшырауы бүкіл мұсылман жұртының жанына басқан ауыр оқиға болды. Жетісудағы босқындарға барлық мұсылмандар қол ұшын созды. Мсыалы, Құлжадағы жәрдем комитетінде қол ұшын созды. Мысалы, Құлжадағы жәрдем комитетіне «Вакыт» газеті алқасы, мұсылман комитеттері ақшалай қаржы аударды. 1917ж. 18 тамызда Ташкентте өткен Жетісу қырғынын тоқтатуды талап ету ниетіндегі демонтрация мұсылмандар қауымдастығы ұйымдастырған шаралардың ең маңыздысы болды.

Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің атқару комитетіне 1917ж. қыркүйектің 8-11 аралығында М.Шоқай мен Ғ.Ходжаевтың басқаруымен Ташкент қаласында өткен Түркістан мұсылмандарының екінші жалпы съезі қабылдаған қаулылар да жіберілді. Түркістан өлкесінің барлық облыстарынан және Бұқара мен Хиуа хандықтарынан 200-ге жуық делегат қатысқан бұл съезде азық-түлік, оқу-ағарту, құрылтай сайлауына әзірлік, Жетісу қырғыны, елдегі саяси ахуал секілді т.б. мәселелер талқыланды.

1917ж. 14-22 қыркүйекте Петроградта Демократиялық мәжіліс өтіп, Ресей республикасының Уақытша кеңесі (предпарламент) құрылды. Бұл кеңеске Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің өкілдері де енді. Олардың арасында Ж.Досмұхамедов та бар еді. Осы мәжілісте сөз алған Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің атқару комитеті төрағасы А.Салихов ұлт аймақтарындағы жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі жергілікті ұлттың ерекшеліктерін білмейтін сырттан келген адамдардан туратындығын айта келіп, оларға сенімсіздік білдіріп, ендігі жерде жаңа құрылған Ресей республикасының Уақытша кеңесіне (предпарламентке) зор үміт артатындығын білдірді.

Кеңестердің жаппай большевиктендіріле бастаған осы бір тұста В.И.Ленин Демократиялық мәжіліске және оның шешімімен құрылған Ресей республикасының Уақытша кеңесіне (препарламентке) байкот жариялауды, бар билікті Кеңестерге беру үшін қарулы көтеріліске әзірленуді ұсынды [119]. Міне осылайша большевиктер үшін Құрылтай жиналысы арқылы билігіне күресуден гөрі тікелей революция жасауға дайындық әлде қайда маңызды болып саналады.

Большевиктер партиясының тап күресі саясатын капиталистік қатынастар пісіп жетілмеген, өзіндік ерекшелігі мен даму жолы бар Ресей мұсылман халықтары бірден қабылдай алмады. Бұл жайлы Г.Сафаров: «Қала жұмысшысы социалистік төңкеріске әзір болғанымен, шет аймақтағы ауылдар әлі ұлттық тәуелсіздікті алған жоқ еді, олар Ресей самодержавиесінің езгісі орыс шаруаларына қарағанда анағұрлым көп көрді» [120], - дейді.

Қазан революциясы жеңіске жетісімен Кеңес өкіметі ұлт аймақтарды өзіне тарту үшін «Ресей халықтары праволарының декларациясын», «Ресей мен Шығыстың бүкіл мұсылман еңбекшілеріне» деген үндеуін жариялады. Ресейдің мұсылман жұртшылығына: «Бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және қол сұғылмайтын болып жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді еркін және бөгетсіз құра беріңіздер. Сіздердің бұған құқықтарыңыз бар» [121], - деп уәде берді. Ұлттық, әлеуметтік саясатта шет аймақтағы мұсылман жұрты сияқты халықтардың көңілінен шығар теңдік, бостандық, әркімнің өзін-өзі билеу құқықтарын үйіп-төгіп уәде берген Кеңестер өкіметінің уақыт өте келе сөз бен ісінде алшақтықтар байқала бастады. «Кеңес өкіметінің алғашқы айларынан-ақ Қазақстанда да, Түркістанда да билікті европалық нәсілден шыққандар өз қолдарына алды. Бұл жергілікті жерде ел басқаруға қабілетті азаматтар жоқтығынан емес, оларға сенімсіздік көрсетуінен орын алған еді» [122]. Өз естелігінде М.Шоқай: «Бізді «пантюркист» деп айыптауда солшылдар мен оңшылдар бірге еді. Солшылдарға біз «ұлтшыл реакция тараптары» болып көрінетінбіз», - деп жазған болатын.

Осылайша саясатында таптық негізді басшылыққа алған большевиктер мұсылман халықтарының ұйымдарын бірден қырын алды. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі көп ұзамай өз қызметін доғарды. Оның атқару комитетіндегі қазақ өкілі Ж.Досмұхамедов желтоқсан айында Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезіне қатынасып, Алашорда үкіметінің құрамына енді.

Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің атқару комитеті асыға күткен Құрылтай жиналысын 1918ж. 5 қаңтарда Кеңес өкітемі күшпен таратты. Ә.Бөкейханов көрсеткендей: «Большевик Николай аяғын құшты. Құрылтай өзі Ресей мемлекетіне негізгі закон шығарып, мемлекет көшін түзетіп, жұртқа пайдалы бітім қылып, жақсы сапарға жұрт тілегін тартпақ еді. Бұл мақсаттың бәрі 5 қаңтардағы пулемет оғымен, құйын соққан күлдей ұшты. Ақылды, ұлт пайдасын демагогия, қараңғылық басты».

Кеңес өкіметі өз билігі орнаған жерлерде мұсылман жұртшылығының саяси құрылымдарын жоюға кірісті. Түркістан автономиясын жойып, халқына ойран салды. Башқұрт автономиясын таратып, азаматтарын абақтыға жапты. Қырымды қанға бояды.

Ресей империясындағы мұсылман халықтарының азаттық жолында күресте көзге түскен мұсылман зиялы қауым өкілдері кеңестік билікке де барынша наразылық танытты. Қызыл Армиямен күресте шетелдік түркі халықтарының өкілдерімен байланыс орнатуға әрекет жасады. Мәселен, осындай әрекеттер нәтижесінде 1918ж. қыркүйекте Түркияның көрнекті әскери және саяси қайраткері Энвер-Паша мәуелсіз Азербайжанға большевиктерге қарсы күреске көмектесіп, Бакуға әскер кіргізді [123]. Осы кезеңде Түркияға эмиграцияға кеткен мұсылмандық қозғалыстың белсенді қайраткері Ю.Акчурин де елге оралды. Ол З.Валиди, Ә.Бөкейханов секілді қайраткерлермен бірге Ресей мұсылмандарының мүддесін Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетіне, Сібір уақытша үкіметіне, Уфа директориясына білдіріп, оны қорғау жолында әрекеттер де жасады [124]. 1919-1920 жылдары З.Валиди атсалысқан «Түркістан социалистік Ерік партиясын» құру жолындағы әрекеттер де кеңестік империяның шеткері аймақтардың мүддесін ескермеген саясатына қарсы бағытталған-ды.

Кеңес өкіметі жағдайында З.Валиди, М.Шоқай тәрізді Ресей мұсылмандарының азаттық қозғалысының қайраткерлері енді кеңестік мұсылмандардың тәуелсіздігі үшін күресті шет елдерде жалғастыруға мәжбүр болды. Бұл істі елде Мірсаид Сұлтанғалиев, Тұрар Рысқұлов секілді қайраткерлер жалғастырды. Соның нәтижесінде мұндай есіл азаматтар «антисоветтік» пиғылда деген желеумен айыпталып, сталиндік репрессия құрбаны болды. Бірақ тарих тағылымы бүгіндері кімнің кім екенін анықтап, қызыл империя бұғауынан босап, ой мен сана еркіндігіне қол жеткенде, осындай азаматтарды ақтап алып отыр.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет