Мазмұны кіріспе І. МҰсылмандық ҚОЗҒалыстың пайда болуы және қазақ ҚОҒамы


ІІ. МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАЛАР МЕН АҚПАН ТӨҢКЕРІСІ КЕЗІНДЕГІ МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН



бет9/13
Дата03.01.2022
өлшемі442 Kb.
#450848
түріҚұрамы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Мазм ны кіріспе І. М сылманды ОЗ алысты пайда болуы ж не аза

ІІ. МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАЛАР МЕН АҚПАН ТӨҢКЕРІСІ КЕЗІНДЕГІ МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

2.1. І және ІІ Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясы құрамындағы қазақ депутаттарының қызметі. 1907ж. 3 маусым заңы.
Ресей мұсылмандарының азаттық қозғалысының өрлеу барысындағы үлкен тарихи оқиғаның бірі 1905ж. 6 тамызда шыққан манифест бойынша мұсылман халықтарына да Мемлекеттік думаға депутат сайлау құқығының берілуі еді. Мұсылман зиялы қауымы Мемлекеттік думаны патша өкіметінің мұсылман халықтарына жүргізіп келе жатқан саясатына әсер ету құралы деп бағалап, оның жұмысына үлкен үміт артты. Сондықтан да 1905ж. 11 желтоқсандағы сайлау заңының түз халықтарын Думаға депутат сайлау үшін ерекше ережелер шығарып кемсітетіндіктеріне қарамастан 1906ж. қаңтарда өткен жалпыресейлік мұсылман съезі Думаға бакот жариялаудан бас тартты. Мұсылмандық қозғалысқа атсалысушылар Мемлекеттік думаны мұсылман халықтарының мүддесін қорғаудағы бірден-бір мүмкіндік деп бағалады. «Ресей мұсылмандары одағы» Орталық комитетінің мүшесі А.Ибрагимов мұсылмандар сайлау науқанында ұйымшылдық танытып Думаға көбірек мұсылман депутаттарын енгізсе бәлкім, бірер министр мұсылманнан тағайындалар деген үмітте болды. Алайда, Бұл кезеңде басқарушы бюрократиялық топ патшалық биліктің ұлыдерфавиялық саясатын барынша қызғыштай қорғап, Мемлекеттік думаға шеткері ұлт аймақтардың өкілдерін мүмкіндігінше аз қатыстыруға тырысып бақты. 1906ж. сайлау ережелерін қарастыру барысында Ерекше комиссия мүшелері арасында Орта Азия тұрғындарын Мемлекеттік думаға қатыстырудың қажеті де жоқ, себебі олардың даму деңгейі төмен, әлі заң шығару ісіне даяр емес деген пікір де болған еді [79].

Ерекше комиссия 1906ж. 22 ақпанда Ақмола, Семей, Орал және Торғай облыстарының, 25 наурызда Астрахань губерниясына қарасты Ішкі Орданың, 23 сәуірде Түркістан өлкесінің сайлау ережелерін бекітті.

Бұл ережелер бойынша дала облыстарынан 10 депутат сайланатын болды. Оның төртеуі жергілікті халықтың, қалған алтауы орыс тұрғындары мен казактардың үлесіне тиді. Ішкі Ордадан бір орын ғана қазақтарға берілді. Түркістан өлкесінен 13 депутаттық орынның алтауы жергілікті халықтың үлесіне тиді. Қалған жеті орынның алтауы орыс тұрғындарына, біреуі Жетісу казактарына берілді. Түркістан өлкесінде жергілікті халық тұрғындардың 94,4%-ін, орыстар 5%ін, қазақтар 0,6%-ін құрайтын. Мұның өзі депутаттық орындардың нағыз әділетсіз түрде бөлінгенін көрсетеді [80].

Империяның басқа да шеткері ұлттық аймақтарындағы жағдай жалпы осындай еді. Оның үстіне сайлау барлық жерде бірдей өткізілмеді. Шеткері ұлттық аймақтарда сайлау ең соңында барып өткізілді. Сайлау метрополияда үш жетінің ішінде (1906ж. 26 наурыздан 20 сәуірге дейін) аяқталса, бірінші Мемлекеттік дума таратылған күні Жетісу облысында өтіп те үлгерген жоқ еді. 1906ж. 27 сәуірде Мемлекеттік дума өз жұмысын бастап кеткенде, Семей облысында болыстар өз сайлаушыларын енді ғана анықтаған еді [81].

Бірінші Мемлекеттік думаға қазақ елі атынан төрт депутат сайланды. Олар Торғай облысынан – Ахмет Бірімжанов, Орал облысынан – Алпысбай Қалменов, Семей облысынан – Әлихан Бөкейханов, Ақмола облысынан – Шаһмардан Қосшығұлов. Бұлардың ішінде алдыңғы үшеуі жоғары білімді, ал соңғысы дін иесі, молда еді. Осы аталған депутаттардан А.Бірімжанов пен А.Қалменов ғана бар болғаны 72 күн (1906ж. 27 сәуірден – 9 шілдеге дейін) жұмыс жасаған Дума мәжілістеріне қатысып үлгерді. Ш.Қосшығұлов Дума мүшелігіне сайланғаннан кейін орыс тілін білмейді, яғни сайлау ережесінің 55 бабына сай келмейді деген желеумен сайлау комиссиясы оның кандидатурасын бекітпей тастады [82]. Ә.Бөкейханов Дума жұмысына қатынаса алмады. Өйткені ол Дума өз жұмысын бастаған кезде Омбы генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен соттың тергеуінсіз үш ай Павлодар абақтасында отырды. Ал абақтыдан шығып Петерборға жеткенде, Дума патша үкімімен таратылып жіберілген еді [83].

І Мемлекеттік дума мүшелері қатарында қазақ жерінен тысқарыдан сайланған қазақ азаматтары да бар еді. Олар Дәуіт Санжынұлы Тұндыт пен Сәлімгерей Сейтжанұлы Жантөрин болатын. Д.Тұндыт Астрахань мен Ставрополь өңірінің көшпелілері атынан сайланған жоғары білімді, ірі жер иесі болған. Уфа губерниясынан сайланған жоғары білімді, ірі жер иесі болған. Уфа губерниясынан сайланған С.Жантөрин болса, Мәскеу университетінде заң мамандығы бойынша білім алған, мұсылман халықтарының азаттық қозғалысында белсенділігімен көпшілікке танымал болған қайраткер еді. Ол «Автономистер одағы» бюросының және «Ресей мұсылмандары одағы» Орталық комитетінің мүшесі болатын.

Мемлекеттік дума жұмысына заң бойынша 524 депутат қатысу керек еді. Бұл депутаттарының алғашқы кезде 436-сы, 15 маусымда 448-і жиналып үлгерді. Дума мүшесі Н.А.Бородиннің мәлімдесеміне қарағанда мұсылмандар депутаттарының 3,3%-ін ғана құраған. Шеткері ұлт аймақтардан сайланған барлық депутаттар жиналғанда мұсылман депутаттарының жалпы саны 36-ға жетуі керек еді. Алайда 36 мұсылман депутатының 24-і ғана Дума жұмысына қатысып үлгерді.

Осы кезеңдегі Ресей мұсылмандарының қоғамдық-саяси белсенділігінің тағы бір жарқын көрінісі І Мемлекеттік думада бүкіл империя мұсылмандарының мүддесін қорғау қажеттілігінен туындаған мұсылмандардың парламенттік фракциясының құрылуы болды. Фракция құрамы Дума жұмысына қатысқан 24 мұсылман депутатынан тұрды. Оның ішінде қазақ жерінен сайланған А.Бірімжанов пен А.Қалменов бар еді. 1906ж. 21 маусым күні мұсылман депутаттарының бас қосқан жиылысында фракцияның төрағасы сайланып, оның бюросының құрамы бекітілді. Мұсылман фракциясының төрағалығына Алимарданбек Топчибашев, бюросына мүшелікке Орынбор губерниясынан алтын өндірісінің кәсіпкерлері М.Рамеев, Қазан губерниясынан заңгер, әрі «Қазан мухбире» («Қазан хабаршысы») газетінің дедакторы С.Алкин, Елизаветполь губерниясынан заңгер И.Зиятханов, Уфа губерниясынан заңгер А.Ахметов, отставкадағы офицер, земство қызметкері Ш.Сыртланов және заңгер, сондай—ақ земство қазметкері С.Жантөрин сайланды.

Мұсылмандардың парламенттік фракциясы басқа фракцияларға қарағанда кеш құрылды. Бастапқа кезде мұсылман депутаттарының көпшілігі кадеттердің парламенттік фракциясына жазылып, соның құрамында болып келді. Оның себебі, біріншіден, мұсылман депутаттарының біразы кадеттер партиясының мүшесі болса, екіншіден, Ресей мұсылмандарының екінші съезінде кадеттермен ынтымақтаса әрекет ету қажет деген қарар қабылдағандықтан еді.

Мемлекеттік дума жұмысының күн тәртібіне бүкіл Ресей мұсылман жұртшылығын алаңдатқан жер, азаматтық теңдік, ар-ождан бостандығы және т.б. маңызды мәселелер қойылды. Мұсылман фракциясы думада және оның комиссияларындағы жұмыстарында «Ресей мұсымандары одағы» бағдарламасының жобасын басшылыққа алады. Сонымен бірге бұл бағдарлама жобасы фракция мәжілістерінде бірнеше рет талқыланды.

Фракция мәжілісінде бағдарламаның жерге байланысты тұжырымдамасын талқылау барысында қазақ депутаттары А.Бірімжанов пен А.Қалменов сөз алып жер халықтың өз меншігі саналсын, әрі мал бағушылардың жері арттырылсын деп бүкіл қазақ елінің мүддесін білдірді. Мұндай пікірді басқа да мұсылман депутаттары көтерген еді. Кавказдық мұсылман депутаттар түрлі генералдар мен офицерлерге сыйлыққа тартылған жерлерді тез арада кері қайтару қажеттігін бағдарламаға енгізуді талап етті. Нәтижесінде фракция жерге байланысты төмендегідей тұжырымдаманы қабылдады:

«1. Өз күшімен егін егушілердің және мал бағушылардың жері арттырылсын;

2. Халықтан кабинетке, монастырьға және т.б. деп жерлер алынғанда тура бағасы берілсін. Қызметі үшін сыйға берілген жерлер халыққа кері қайтарылсын;

3. Вакуф жерлері күшпен алынбасын;

4. Жер губернияның, облыстың меншігі болсын;

5. Жерді пайдалану әр уалаяттың өзіне берілсін;

6. Қоныс аудару тоқтатылсын».

Мұсылман фракциясы Мемлекеттік думаның талқылауына енгізілген заң жобаларын жіті қадағалап отырды. Думаның 10 шілдедегі мәжілісінде ар-ождан бостандығы туралы заң жобасын талқылау жоспарланған болатын. Бұл мәселе бойынша фракциясы атынан С.Алкин баяндама жасауы керек еді. Алайда бұл заң жобасы 9 шілдеде Дума таратылғандықтан талқылусыз қалды.

Мемлекеттік думадағы басқа да партиялармен қарым-қатынас мәселесінде мұсылман фракциясы кадеттер фракциясына жақын тұрды. Бірақ мұсылман фракциясы автономия мен жер мәселесінде солшыдау болды.

І Мемлекеттік думаның аз уақыт жұмыс істегеніне қарамастан мұсылман депутаттары Ресей парламентіне мұсылман халықтарының жағдайы жайлы шындықты жеткізуде мүмкін болғанның бәрін істеді. Ш.Сыртланов Думаның 8 маусымдағы мәжілісінде сөйлеген сөзінде Ресей мұсылмандарының орыс тұрғындарына қарағанда құқықтарының шектеулі екендігін, мұсылмандардың мешіт салуына, Бұқара мен Түркияда білім алған мұғалімдердің ұстаздық етуіне рұқсат етілмей жатқандығын, мұсылман оқу орындарында орыс тілін оқыту орынсыз талап етілетіндігін, орыс оқу орындарындағы мұсылман балаларына христиан ілімін оқытудың жөнсіз екендігін баса көрсетті [84].

Мұсылман фракциясының өкілдері Думада құрылған жер, азаматтық теңдік, қаржы және т.б. комиссиялардың құрамына енді. Мұндай комиссиялардың құрылуы барысында кейбір ұлт аймақтардан келген депутаттарға оын бөлінбей қалды. Мәселен, жер комиссиясында қазақ депутаттарына бірде орын бөлінбеген еді. Осыған байланысты 30 маусым күні Дума отырыснда А.Бірімжанов сөз сөйлеп, қазақ елінің жерге байланысты шешілмей жатқан көп мәселелері бар екенін айтып, жер мәселесі бойынша құрылған комиссияның құрамына қазақ депутаттарының өкілін енгізу қажеттігін ұсынды. А.Бірімжановтың сөзін мұсылман фракциясының тағы бір мүшесі – Ш.Сыртланов қуаттап сөйледі.

Елдегі ресми билікке оппозицияда тұрған саяси күштермен мұсылман фракциясы бірге болды. Олар Думаның құқын кеңейте түсуде, заң шығару ісімен қатар үкіметті де Дума қолына тапсыруды талап етті [85]. Оған жауап ретінде 1906ж. 9 шілдеде ІІ Николай Думаны тоқтату жарлығына қол қойды. Осылайша алғашқы Ресей парламентінің ғұмыры қысқа болып, бар-жоғы 72 күнге созылды. Соның нәтижесінде мұсылман фракциясының Мемлекеттік дума арқылы шешеміз деген үлкен үміттері жүзеге асырусыз қалды.

Патшаның осы әділетсіз жарлығына наразылық танытқан Думаның 182 депутаты 9 шілде күні Финляндияның Выборг қаласына келіп, онда «Выборг манифесі» аталған үндеуге қол қойды. Бұл наразылық актісіне қол қойғандардың ішінде мұсылман депутаттарынан С.Жантөрин, С.Алкин, А.Ахтямов, И.Зиятханов және Дума таратылған күні Петерборға келіп жеткен Ә.Бөкейханов болды.

Жаңадан халық өкілдері жиналысын шақырғанға дейін халықты салық төлеуден және әскери міндеткерлікті өтеуден бас тартуға шақырған бұл үндеуге қол қойған Дума депутаттарының 108-і патша өкіметі тарапынан жауапты тартылып, қуғын-сүргінге ұшырады [86]. Осы үндеуге қол қойған мұсылман депутаттары келесі Думаға сайлау құқын айырылып, түрлі мерзімге абақтыға отырып шықты.

Әйтсе де І Мемлекеттік думада фракциясының бой көтеруі ұлттық езгіні бастан кешіріп жатқан мұсылман халықтарының, соның ішінде қазақ халқының да қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болды. Ол жөнінде И.Гаспринский «Тәржіман» газетінде: «Бірінші Мемлекеттік думадағы мұсылман депутаттары тұтас бір фракция құрды. Бұл фракция бірінші Думаның таратылуына байланысты 20 күн өмір сүргеніне қарамастан өз соңында терең із қалдырды. Фракцияның құрылуы 20 миссионнан астам мұсылмандардың талап-тілекгінен туындады. Халық өзінің парламенттік фракциясының әрбір сөзі мен қадамын қалт жібермей қадағалап отырды. ...Бірінші Думадағы мұсылман фракциясына үлкен рахмет. Ол өз міндетін айқын түсініп, биіктен көріне білді. Келесі думадағы фракцияның қызметіне кең, ауқымды жол ашып берді. Енді халық ІІ Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясынан тек ұйымдастырушылық ғана емес, заң шығарушылық қызметін де күтеді» [87], - деп жазды.

Өз жұмысын 1907ж. 20 ақпанда бастаған ІІ думаға сайланған 518 депутаттың 35-і мұсылман өкілі болды. Олардың жетеуі қазақ депутаттары – Орал облысынан Бақытжан Қаратаев, Ішкі Ордадан Бақыткерей Қлманов, Семей облысынан Темірғали Нұрекенов, Торғай облысынан Ахмет Біріжанов, Ақмола облысынан Шаһмардан Қосшығұлов, Жетісу облысынан мұхметжан Тынышбаев, Сырдария облысынан Тілеулі Аллабергенов еді.

ІІ Мемлекеттік думада 35 мұсылман депутатының барлығы І Думадағыдай бір фракция төңірегіне топтаспады. Бұл жолы мұсылман депутаттары «Ресей мұсылмандары одағы» және «Тродовиктер» бағдарламасын қолдаушылары болып екіге бөлінді.

«Трудовиктер» бағдарламасын қолдап, тар таптық мүддені басшылыққа алған 6 мұсылман депутаты «Мұсылман трудовиктер партиясы» деп аталатын фракция құрды. Бұл фракцияға негізінен ішкі губерниядан және Кавказдан сайланған депутаттар енді. «Мұсылмантрудовиктер партиясына» К.Хасанов (Қазан губ.), З.Зайнулов (Баку губ.) және Г.Атласов (Самара губ.) жетекшілік етті [88].

«Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қолдаушы мұсылман депутаттары мұсылман фракциясына бірікті. Қазақ депутаттары осы фракция құрамына енді. Фракция бюросының төрағасы болып Уфа губерниясының өкілі, отставкадағы офицер, әрі земство қызметкері Мұхаммедкәрім Биғұлов сайланды. Бюро мүшелігіне қазақ депутат Бақытжан Қаратаев, Уфа губерниясынан сайланған отставкадағы офицер, ірі жер иесі Құтлұғмұхаммед Тевкелев, Орынбор губерниясынан мұғалім Ғабдолрашид Маһдиев, Баку губерниясынан сайланған заңгер Халилбек Хасмамедов және Елизаветполь губерниясынан сайланған заңгер Фатих Хан-Хойский тағайындалды.

ІІ Думада мұсылман фракциясын құруда және оның бюросын ұйымдастыруда А.Топчибашев белсенділік танытты. Ол ІІ Думаға сайланбаса да фракция бюросының жұмыстарына араласып, онымен тығыз қарым-қатынаста болды. Мұсылман фракциясының бағдарламасы «Ресей мұсылмандары одағы» бағдарламасының негізінде жасалды. Фракция бағдарламасын әзірлеу үшін құрылған ІІ адамнан тұратын комиссия құрамында қазақ депутаттарынан А.Бірімжанов болды. Қабылданған бағдарламада фракцияның мақсаты өмір талабына сай, экономикалық, діни және т.б. бірқатар реформаларды жүзеге асыру жолында Ресейдің мұсылман азаматтарының іс-әрекетін бір ізге түсіру екендігі атап көрсетілді. Онда азаматтардың құқығы мәселесі бойынша Ресейдіңазаматтары дініне, ұлтына, жынысына қарамай тең құқықта болсын; әрбір азаматқа ар-ождан, дін бостандығы берілсін делінді.

Мемлекеттік құрылыс мәселесі жөнінде мұсылман фракциясы өз бағдарламасында конституциялық парламенттік монархияны жақтайтындығын білдірді. Сонымен бірге бағдарламада ресейлік парламентке сайлау жалпыға бірдей, құпия дауыс беру арқылы жүруін, мұсылман депутаттарының мұсылман халықтарының санына пропорциональды түрде болуын талап ететіндігі көрсетілді. Бағдарламадағы оқу-ағарту, дін және т.б. мәселелер жалпыресейлік үшінші мұсылман съезінің шешімдерімен толық үндесіп жатты.

ІІ Думадағы мұсылман фракциясы «Ресей мұсылмандары одағының» Орталық комитетіентығыз байланыста болды.

1907ж. 3 наурызда «Ресей мұсылмандары одағының» Орталық комитетінің мәжілісі болып өтті. Мәжілісте Петерборда тұрғылықты 5 кісіден тұратын Орталық комитетінің уақытша комиссиясы құрылды. Уақытша комиссия құрамына А.Топчибашев, А.Ибрагимов, С.Алкин, Ж.Акчурин және «Вахт» газетінің редакторы кірді. Комиссияның алдында: партияның («Ресей мұсылмандары одағының») істерін тәртіпке келтіріп, оның жергілікті бөлімшелерін ашу, партияны ресми тіркету, Думадағы мұсылман фракциясы мен халық арасында байланыс орнату секілді міндеттер қойылды.

Осы жерде мұсылман фракциясы құрамында «Ресей мұсылмандары одағы» Орталық комитетінің мүшелерінен Қазан губерниясының өкілі, Францияда Сарбон университетінде оқыған, заңгер Садреддин Максудовтың. және Ш.Сыртлановтың, Қ.Тевкелевтің, сондай-ақ Ш.Қосшығұловтың болғанын айта кеткен жөн.

1907ж. 7 сәуірде «Ресей мұсылмандары одағы» Орталық комитеті мен мұсылман фракциясының біріккен мәжілісі өтіп, онда Мемлекеттік думаның күн тәртібіне талқылауға қойылған заң жобаларымен халықты таныстыру, жер мәселесі бойынша депутаттық сұрау салу, мұсылмандарға қатысты заң жобаларымен халықты таныстыру, мұсылмандардың талап-тілектерін қанағаттандыратын заң жобаларын жасау мәселесі қарастырылды. Осы мәселелерді қолға алу үшін 15 мүшеден тұратын комиссия сайланды. Бұл комиссияның құрамына қазақ депутаттарынан А.Бірімжанов пен Ш.Қосшығұлов кірді.

Мұсылман фракциясы мен «Ресей мұсылмандары одағы» Орталық комитетінің мүшелерінен құралған комиссия мұсылмандардың оқу ісіне қатысты заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасында жалпыресейлік ІІІ мұсылман съезінің шешімдері басшылыққа алынды. Онда патша өкіметінің оқу-ағарту саласын орыстандыру құралы ретінде пайдаланып келе жатқандығы батыл айыпталып, бастауыш оқу орындарындағы оқыту тілі ана тілі болу керектігі көрсетілген-ді. Бірақ бұл заң жобасы І Дума секілді қысқа ғұмыр кешкен ІІ Думаның талқылауына енгізілмей қалды.

Думаның талқылауына 1907ж. 10 сәуірде ар-ождан бостандығы мәселесі жайлы заң жобасын енгізді. Бұл заң жобасында бір діннен екінші дінге көшу, үкіметтің түрлі діндерге көзқарасы, діни мекемелер мен діни құқықтар мәселелері қаралуы тиіс еді. Осыған байланысты Думада құрылған комиссияға мұсылман фракциясы өзінің үш өкілін енгізді. Оның ішінде қазақ депутаты Б.Қаратаев та бар еді.

103 күн (1907 жылдың 20 ақпанынан 3 маусымға дейін) қызмет еткен ІІ Дума жұмысындағы басты мәселе – жер мәселесі болды. Думада жер мәселесіне байланысты құрылған комиссияға мұсылман фракциясынан үш өкіл енді. Олардың қатарында Б.Қаратаев пен М.Тынышпаев болды.

Мұсылман фракциясының өкілдері Думада құрылған комиссияларда, сондай-ақ Дума мәжілістеріндегі жарыссөздерде мұсылман халықтарының талап-тілектерін, жолдаған аманаттарын басшылыққа алып отырды. Фракция мәжілістерінде шет аймақтардың аманаттары арнайы талқыланды. Мәселен, қазақ өлкесінен Ақмола облысының қазақтарының жер мәселесі жөніндегі аманаты 1907ж. 14 сәуірдегі фракция мәжілісінде қаралды. Бұл аманатта:

«1. Дала ережесінің 120 бабы бойынша қазақтардың иелігіндегі жерлер мал бағып, егін егуге жетерлік болсын;

2. Жер мәселесі Мемлекеттік думада қаралып, шешімін тапқанша Ақмола облысына қоныс аударушыларды көшіру доғарылсын, қоныс аударушыларға учаске бөлу тоқтатылсын;

3. Бұрын қоныс аударушыларға беріліп, кейіннен жарамсыз деп тасталған жерлер қазақтарға қайтарылсын;

4. Қазыналық орман, тоғайлар мен шабындық жерлерді казактар мен орыс мұжықтары секілді қазақтар да пайдалансын», - делінген болатын.

Фракция мәжілістерінде қазақтардың жер мәселесінен басқа, дін ісі жөніндегі аманаттары да қаралды. Мұндай дін ісі жөніндегі аманаттарда қазақтар өздерінің дін ісін Ішкі істер министрлігі қарамағынан алынуын, сөйтіп Орынбор муфтилігіне қосылуын тілейтіндіктерін білдірген еді.

Патша өкіметінің қоныс аудару саясатының шет аймақтарда туғызып жатқан зартаптары мұсылман фракциясының мәжілістерінде жан-жақты талқыланып отырды. Парламент мінбесінен Дала өлкесіне қоныс аудару саясатын сынға алған мұсылман фракциясының өкілі Хан-Хойский «түз халықтарына аштық пен қайыршылық қаупін төндірген қоныс аудару саясатының түпкі мақсаты жергілікті халықты орыстандыру екенін» баса көрсетті [89].

Дума жұмысы кезінде мұсылман фракциясы құрамындағы Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ш.Қосшығұлов және Т.Нұрекенов секілді бір топ қазақ зиялылары Егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы князь Васиьчиковтың қабылдауында да болды. Бұл делегация үкіметтің қоныс аудару тоқтатуға көңілін аудару ниетінде қазақ халқының бастан кешіп отырған қиын ахуалын жеткізді. Оларға князь Васильчиков: «20-шы жүз жылдықта қырғыздар күшпенділікті жоғаруы тиіс, сондықтан қоныс аудару қажетті шара», - деп жауап берумен шектелді [90].

1907 жылы 16 мамырда Б.Қаратаев Мемлекеттік думаның мәжілісінде депутаттық мұрауға байланысты жарыссөзде парламент мінбесінен қоныс аудару саясатының мәнін әшкерелеп, оны шет аймақтарда отарлауды күшейтетін және жергілікті халықтарды тонауды шырқау шегіне жеткізетін саясат ретінде айыптады. Ол өз сөзінде: «Жер мәселесін шаруаларды Далалық облыстар территориясында қоныс аудару арқылы шешкісі келетіндер бар. Жергілікті халықтың мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де, әділетсіздік болып табылуға тиіс. Ол қашан да күштінің әлсізді қанауы деп қабылданбақ.

...Егіншілік ведомствосы немесе Егіншілік пен жерге орналастыру басқармасының әкімдері шаруаларды Далалық облыстарға қоныс аудара отырып, іс жүзінде осы қырғыздары өздері мекендеген жақсы жерлерінен, жылы ұяларынан қуып шығуда» [91], - деп қазақ халқының патша өкіметінің отаршылдық саясатынан туындаған ашу ызасын білдірді.

Ақмола және Семей облыстарында 1906ж. жер мәселесіне байланысты қазақтар арасында толқулар да белең алған еді. Осы толқу кезінде өлкелік генерал-губернатор 300-ге тарта адамды қара тізімге іліктіріп, біразын жер аударып та жіберген-ді. Осыған байланысты өлке қазақтары өздерінің өкілі Ш.Қосшығұловқа жеделхат жолдап генерал-губернаторға шағынып, өздерінің құқықтарын қорғауды және мұны мұсылман фракциясының өкілдеріне жеткізуді өтінген болатын. Бұл мәселе фракция мәжілісінде қаралып, генерал-губернаторға жер аударылғандардың сұраған жеделхат жөнелтілді. Өз кезегінде генерал-губернатор да жеделхат арқылы Сібірге жер аударылғандардың жағдайын тексеру үшін арнай қарар шығарғанын хабарлады.

ІІ Дума жұмысы кезінде мұсылман фракциясының мүшелері тек «Ресей мұсылмандары одағының» Орталық комитетімен ғана емес кадеттер партиясымен де тығыз қарым-қатынаста болды. Б.Қаратаев фракцияның 1907ж. 19 мамырдағы мәжілісінде фракция мүшелерін кадеттермен тізе қосып жұмыс істеу керектігін айтып, кадеттерден қол үзбеудің қажеттігін баса көрсетті. Мұсылман фракциясының мүшелері кадеттермен бірлесіп Мемлекеттік думаның талқылауына жеке адамның құқына қол сұқпау жөнінде заң жобасын әзірлеуге атсалысты. Бұл заң жобасы арнайы комиссияның қарауына тапсырылды.

Патша өкіметінің аграрлық және отаршылдық саясатын сынау мінбесіне айналған Дума үкіметтің 1907 жылғы 3 маусым күнгі жарлығымен таратылды. Себебі, патша Николай ІІ мәлімдегендей үкіметке таза орыс рухындағы Дума қажет еді [92]. 3 маусым жарлығымен сайлау заңына түбегейлі өзгерістер енгізіліп Түркістан мен Қазақстан халықтары сайлау құқығынан айырылды. Патша өкіметі Қазақстан мен Түркістан пәрменді отарлау саясатын жүргізе отырып, Думада бұл аймақтардан депутаттардың болмағанын өзіне қолайлы деп есептеді.

Үшінші маусым жарлығы шығысымен Министрлер Кеңесінің төрағасы Столыпин 1907ж. 6 маусымда жергілікті әкімшілік орындарына: «Император тақсыр Мемлекеттік думаның таратылуына байланысты тыныштық пен тәртіпке сақтау жолында барлық шараларды қолдануға әмір берді... Сонымен қатар жергілікті өкімет орындары түбірімен ешқандай заңсыздыққа жол бермей дәйектілік пен табандылық, әрі батылдық танытады деген сенімде екенін білдіреді», - деп хабарлады. Міне осындай нақты нұсқау алған өкімет орындары барынша белсенділік танытып қалуға тырысты.

Бірінші орыс революциясы жылдары мұсылман халықтары арасында отарлық езгіге қарсы одақтың қалыптаса бастауы, яғни жалпыресейлік мұсылман съездерінің өткізілуі, «Ресей мұсылмандар одағы» мен мұсылмандың І және ІІ Думада парламенттік фракциясының құрылуы патша үкіметі үшін күтпеген белсенділіктің көрінісі еді. Сондықтан да өкімет орындары бұл оқиғалардың ендігі жерде одан әрі өріс алмауына қажет шараларды істеп бақты. Үшінші маусым жарлығынан кейін патша өкіметі империядағы мұсылман халықтарының азаттық қозғалысындағы басшы өкілдері, революция жылдары түрлі саяси істерге белсенді атсалысқандарды ашық қуғындау жолына түсті. Реакция барлық бағытта шабуылға шықты.

Империядағы мұсылман халықтарының ұлттық сана-сезімінің оянуына және олардың ынтымағы нығайып, өсуінен сескенген өкімет орындары олардың ұлттық сана-сезімін барынша тұмшалауға тырысып, әсіресе реакция жылдары зиялыларын қудалауға түрлі себептер қарастыра бастады.

Қазан губерниясының Жандармдық басқарама бастығы полиция Департаментіне берген мәлімдемесінде мұсылмандық қозғалысқа асталысушылардың әрекеті туралы: «Ресей мұсылмандарының ұлттық сезімін ояту арқылы автономия мен ұлттық мектептерді иеленбекші. Осылайша өздерінің оқшауланған шеңберін құрып алған соң, орыс ықпалына және үкіметтің орыстандыру саясатына қарсы әрекет етпекші. Ал болашақта бүкілтүріктік республика құрмақшы», - деп жазып, орталық үкімет орындан оларға қарсы тезірек шара қолдануға шақырды.

Көп ұзамай полиция Департаменті барлық аудандық Күзет бөлімдері мен губерндік Жандарм басқармаларының басшыларына: «Соңғы жылдары империяның мұсылман тұрғындары арасында, сондай-ақ шетелдерде панисламизм деп алаталын идеядан туындаған ашық толқулық көрініс беруде. Ресейде мұндай фанаттық қозғалыс жас түріктер мен жас парсылардың комитеттері тарапынан жан-жақты қолдау табуды.

Бұл панисламшылдық қозғалыстың негізгі мақсаты бүкіл мұсылман әлемін саяси және экономикалық жағынан Түркияның қол астына біріктіріп, болашақта бүкілтүріктік республика құру. Түріктер мен орыс мұсылмандарының әйгілі публицистері соңғы уақытта өздерінің түбі бір екендігін дәлелдеуге тырысуда. Олар мұсылмандардың Ресейге өшпенділігін қоздырмақшы... Сондықтан панисламизмді мұсылмандық қозғалыс ретінде империяныі бүгінгі мемлекеттік құрылысына қарсы бағытталған құбылыс деп тұжырымдауға болады», - деген мазмұндағы нұсқау хаттар жолдай отырып, «панисламистердің» қастандық әрекеттерін әшкерелейтін және олардың революциялық ұйымдары жайлы тыңшылар арқылы мәліметтер жинаудың шараларын қарастыру, мұсылмандық оқу орындарындағы мұғалімдердің және мұсылман дін иелерінің қызметтеріне бақылау орнату, «панисламшылдық» рухтағы басылымдардың таралуына жол бермеу қатаң тапсырылды.

«Ресей мұсылмандар одағы» столыпин реакциясының алғашқы құрбандарының бірі болды. Оны үкімет орындары саяси мақсаты жағынан қоғамдық және мемлекеттік қаупі бар деген сылтаумен ресми тіркеуден бас тартты. Осылайша «Ресей мұсылмандары одағының» жергілікті бөлімшелері ашылмай қалды. Алайда соңғы уақыттарға дейін кейбір ғылыми әдебиеттерде [93] «Ресей мұсылмандары одағының» бөлімшелері Қазақстанда ашылды, сөйтіп өзінің халық тілегіне қайшы келетін әрекеттерін жүзгізді деп жансақтыққа жол беріліп келді. Ал шын мәнінде столыпиндік реакция кесірінен «Ресей мұсылмандары одағының» бөлімшелері Қазақстанда ғана емес, өзге де мұсылман елді мекендерінде ашылып үлгермеген еді.

Елдегі саяси ахуалдың нәтижесінде 1907ж. өткізілуі тиіс кезекті жаплыресейлік мұсылман съезі де өз қызметін бастай алмады. Өз елінде саяси қызмет мүмкіндігі мен еркіндігінен айырылған Ресей мұсылмандарының азаттық қозғалысының көрнекті өкілдері – А.Ибрагимов, Ж.Акчуриндер эмиграцияға (Түркияға) кетуге мәжбүр болды.

Реакция жылдарында бір ғана Түркістан өлкесінде, зерттеуші П.Г.Галузоның мәліметі бойынша, аудандық күзет бөліміне 170-ке жуық адам «панисламизмге» қатысы бар деген күдікпен тіркелген [94].

«Үкімет орындарына қарсы әрекет істер жасаған» деген желеумен қазақтың алдыңғы қатарлы зиялы азаматтары столыпиндік қудалау саясатының зардаптарын шекті. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев секілді интеллигенция өкілдері мен оларды жақтап, қолдағандар да үкіметке сенімсіз адам ретінде жазаланды, яғни түрлі мерзімге түрмеге жабылды, жер аударылды немесе күзет бөлімдерінің жіті бақылауына алынды. Қазақ қоғамының санасын оятуға бағытталған М.Дулатовтың «Оян, қазағына» да «панисламизм идеясын тарату пиғылы үшін тиым салынып, авторы түрмеде жабылды.

Ұлт аймақтарындағы еркіндікті жақтаушы, мұсылман зиялыларының ілтипатына бөленген поляк халқының көрнекті қоғам қайраткері И.А.Бодуэн де Куртэнэ де 1905ж. жазған «Автономиядағы ұлттық және территориялық белгілер» атты кітабы үшін мемлекетке қарсы әрекет етуші ретінде айыпталды [95].

Алайда, мұсылман зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратып, олардың ұлттық еркіндік пен азаттық үшін біржола өшіруді мақсат еткен өкіметтің әрекетінен түк шықпады. Ресейге бағынышты мұсылман елдерін уысында ұстауға бағытталған патша өкіметінің әрекеттері мұсылман зиялыларын мойытудың орына қайрай түсті. Столыпиндік реакцияның қанды шенгеліне қарамастан ІІІ және ІV Думадағы мұсылман фракциясы құрылып, мұсылман халықтарының мүддесін қорғаушы бірден-бір ұйымға айналды, мұсылмандық қозғалыстың ұйытқы, бағыт беруші орталығы болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет