Мазмұны кіріспе І. МҰсылмандық ҚОЗҒалыстың пайда болуы және қазақ ҚОҒамы


ІІІ және ІV Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясының Қазақстанның саяси-әлеуметтік мәселелерін көтеруі



бет4/6
Дата19.06.2016
өлшемі452 Kb.
#148594
1   2   3   4   5   6

2.2. ІІІ және ІV Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясының Қазақстанның саяси-әлеуметтік мәселелерін көтеруі
1907 жылы қараша айынан өз жұмысын бастаған ІІ Мемлекеттік думада 442 депутат болды. Оның 10-ы мұсылман депутаты еді. Бұлардың 8-і, атап айтқанда Құтлұғмұхаммед Тевкелев (Уфа губ.), Ғайса Еникеев (Қазан губ.), Халилбек Хасмамедов (Баку губ.), Шахайдар Сыртланов (Уфа губ.), Жаһангер Байбурин (Орынбор губ.), Мұхаммед-Шакір Тоқаев (Уфа губ.) және Шарафутдин Махмудов (Уфа губ.) мұсылман фракциясын құрды [96]. Қалған екі мұсылман депутатының бірі – Ибраһим Хайдаров (Дағыстан обл.) социал-демократтар фракциясына, екіншісі – Ысмайыл Муфти-Заде (Қырымнан) октябристер фракциясына жазылды. Кейіннен 1910ж. дағыстандық И.Хайдаров мұсылман фракциясының құрамына енді. Сөйтіп, мұсылман фракциясының құрамы 9 адамнан тұрді. Мұсылман фракциясына Қ.Тевкелев төрағалық етті [97].

Мұсылман фракциясы ІІІ Думадағы басқа фракцияларға қарағанда мүшелерінің саны жағынан шағын фракцияның бірі болды. Думадағы саны басым фракция – 154 адамнан тұратын октяристер фракциясы еді. Кадеттер 54, трудовиктер 13, польша-литва 18, социал-демократтар 19, прогрессистер 28, барынша оңшылдар 50, ұлтшылдар (орыс ұлттық фракциясы) мен орташа оңшылдар (умеренно-правые) 97 депупатты құрады [98].

«Вакыт» газеті мұсылман фракциясының Думадағы басқа фракцияларға қатысы жөнінде: «Думада дауыс берген уақытта мұсылман фракциясы көп мәселелерде кадеттермен бірге әрекет етсе, октябристер тарапынан жасалған заң жобаларына да қырын қарамайды», - деп жазды. Дума жұмысы барысында екі блок қалыптасқан еді. Оның бірі – октябристер солшыл тобы мен кадеттерден құралған октябристер – кадеттер блогы, екіншісі қаражүздіктер мен октябристердің оңшыл тобынан құралған жүздік – октябристер блогы болды. Мұсылман фракциясы октябристер – кадеттер блогы бірге әрекет етті.

Мұсылман фракциясының өкілдері Мемлекеттік думада құрылған түрлі комиссиялардың құрамына да енді. Жер комиссиясында М.Тоқаев пен Ж.Байбурин, қоныс аудару комиссиясында Ш.Сыртлнов, Қ.Тевкелев және Х.Хасмамедов, оқу-ағарту комиссиясында М.Тоқаев пен Ш.Махмудов, сот реформалары комиссиясында Х.Хасмамедов, жеке адамның құқын қорғау комиссиясында С.Мақсұдов қызмет етті.

1907ж. 3 маусым жарлығына сәйкес Дума жұмысынан шеттетілген қазақ, өзбек және т.б. мұсылман халықтарының зиялы азаматтары мұсылман фракциясы төңірегінде топтасты. Олар халықтың бар талап-тілектерін мұсылман фракциясына жеткеріп отырды. Сонымен бірге олар мұсылман фракциясының мәжілістеріне қатысып, фракция жұмысының қарқынды жүруіне өз себептерін тигізіп қалуға тырысты.

Мұсылман фракциясы төңірегінде топтасқан бір топ қазақ азаматтары – Бақытжан Қаратаев, Ысмайыл қажы Жаманшалов, Сералы Лапин» Ахмет Жанталин, Елжан Оразаев және молда Аймұхаммед Өтегенов мұсылман фракциясы мен халық арасында дәнекерлік қызмет атқаратын қазақ тілінде газет шығару ісін 1908ж. қолға алу керек деген шешім қабылдаған-ды. Бірақ реакция жылдарындағы қазақ зиялыларының мұндай әрекеттерінен нәтиже шыға қоймады.

Қазақ басылымын шығару ісі бұның алдын ала сәтсіз аяқталған болатын. 1907ж. наурыз айында «Үлфәт» газетіне қосымша ретінде қазақ тілінде Ш.Қосшығұловтың жетекшілігімен шығарылған «Серке» газетінің бір ақ нөмірі жарық көріп, үкімет тарапынан «қазақ халқын орыс халқына қарсы үгіттеу» деп жабылған еді [99]. Жалпы бұл кезеңде шеткері ұлт аймақтардың баспасөз ісінің дамуына үкімет орындары «панисламизм» идеясын таратуы мүмкін деген желеумен қырын қараған болатын.

Мұсылман фракциясының өкілдері үкімет орындарының «панисламизмді» сылтау етіп мұсылман халықтарының ұлттық сана-сезімін тұмшалауға бағытталған әрекеттерін парламент мінбесінен батыл сынға алды. 1908ж. 12 желтоқсанда Дума мәжілісінде Сыртқы істер министрлігіне қаржы бөлу мәселесі талқыланып жатқанда С.Мақсұдов сөз алып: «Европалық ислам танушылар түсінігі бойынша панисламизм діни фанатизм негізінде бірігіп европалық өркениет пен бүкіл христиан әлемін жоюды мақсат еткен қозғалыс. Былайша айтқанда, адамзаттың тұрпайылық тарихы да бастан кешпеген, мейірімсіздікпен қырып-ожюды насихаттайтын ілім. Мырзалар мен мұны ешқандай сын көтермейтін, мұсылмандарға жабылған жала деп есептеймін. ...Ия, расында мұсылмандық Шығыс ұйқыдан оянуда, бұл европалық сипаттағы прогрессивті қозғалыс, бұл әлеуметтік құбылыс, тарихта мұндайда қайта өрлеу деп атайды», - деп, империяда «панисламизм» желеуімен мұсылман халықтары қуғын-сүргінге ұшырап жатқандығын баса көрсетті [100].

Мұсылман фракциясы Думаның күн тәртібінде енгізілген заң жобаларын талқылау барысында шеткері ұлт аймақтардың мүддесін қорғаудың бірінші кезеккке қойды. Сонымен бірге Мемлекеттік думаға енгізу үшін мұсылман халықтарының талап-тілектерінен туындаған заң жобаларын әзірлеу істерін қолға алды.

Мұндай жобаларын әзірлеуге қазақ зиялылары да атсалысты. 1908ж. Б.Қаратаев, Е.Оразаев және А.Өтегенов мұсылмандардың діни істері мен мекемелері жайлы заң жобасын әзірлеп, оны мұсылман фракциясына тапсырған еді. Тоғыз тармақтан тұратын бұл заң жобасында Ресей империясындағы барлық мұсылман халықтары үшін орталық діни басқарма құру керектігі, орталық діни басқармаға жергілікті жерлерде құрылатын өлкелік діни басқармаларды қарату, сондай-ақ ауылдық, облыстық діни мекемелер ашып, оларды уездік діни басқарма қарамағына тапсыру жайы қарастырылды.

Сонымен бірге бұл заң жобасында діни мекеме қызметкерлері сайланып қойылсын, діни істер әкімшілік орындарының қарауынан алынсын, мұсылмандардың діни істеріне жасалып келе жатқан қысымшылықтар жойылсын, мұсылмандардың неке, өсиет секілді т.б. істері діни мекемелерге тапсырылсын деп көрсетілді.

1908 жылы қазақ зиялылары жоғарыда аталған заң жобасынан басқа, қазақтарға жерге орналастыру туралы заң жобасын әзірлеп, мұсылман фрауциясына тапсырған еді. Бұл заң жобасын әзірлегендер Б.Қаратаев, Е.Оразаев, С.Лапин болатын. 1908ж. 21 маусымда бұл заң жобасына мұсылман, октябристер, трудовиктер, социал-демократтар, кадеттер фракциясының мүшелерінен 60 адам қол қойып, Мемлекеттік думаға енгізбек болды. Заң жобасына қол қоюшылардың ішінде мұсылман фракциясының өкілдерінен басқа П.Н.Милюков, А.И.Шингарев, А.И.Гучков және т.б. бар еді.

Бұл заң жобасы жайлы «Айқан» журналында; «1908 жылы Қоснатай уезінің қазақтарының өтінулері бойынша сұлтан Бақытжан Қаратаев, Елжан Оразаев һәм Сералы Лапин қазақтарды жерге орналастыру турасында закон жобасын жасап шығарып еді. Бұл закон жобасы бойынша әуелі қазақтарды мал һәм егін шаруашылығына қолайлы жерге орналастырып, содан соң артылып қалатұғын жер болса, переселендері орналастыруға тиіс болмақ еді. Переселендер тоқтайтын болмаған соң, бұл жоба бойынша қазақтарды жылдамырақ жерге орналастыру үшін әр жерлерде уездной һәм областной земля устройственный комиссия жасамақ, оған қазақтан да уполномоченный кіргізбек һәм земледеля – земляустройствоның бас мекемесінің жанында қазақ жерін орналастыру үшін бір комитет ашпақ. Оған да қазақтан уполномоченный кіргізуге тиіс еді» [101], - деп көрсетілген.

Қазақтарды жерге орналастыру жөніндегі заң жобасына Жерге орналастыру және Егіншілік бас басқармасы қырын қарады. Сонымен бірге оны Министрлер Кеңесі де қолдай қойған жоқ. Осылайша бұл заң жобасы жүзеге асусыз қалды [102]. Жалпы бұл кезде қазақтардың талап-тілегіне сай заңның қабылдануы мүмкін емес еді. А.Байтұрсынов бұл жөнінде 1914ж. «Қазақ һәм Дума» атты мақаласында: «Қазақтың көбі Думаның атын білсе, жайын жақсы білмейді. Білмеген соң ойлайды: Тілеген тілегі Думаға жетсе, тілегі бола қалады деп. Бүгінгі дума ондай күннен алыс... 17 октябрь манифесінде Дума ұнатпайынша, закон заң болмайды, дегенге көбі закон шығаратын жалғыз дума деп ойлайды. Манифесте солай деп айтса да, онан кейін шыққан Русия патшалығының Негізгі законының 86 статьясында «Ешбір жаңа закон Г.Дума һәм Совет ұнатпайынша һәм патша бекітпейінше закон қуатына кірмейді», - деп айтылған. Олай болған соң закон шығаратын жалғыз Г.Дума емес, Совет һәм патша үшеуі. Халыққа керек, халық пайдасына деген закон жоғарыда айтылған үш орыннан өтуі қиын жұмыс. Қиын болатыны үшеуі бірдей ұнатпаған жоба закон бола алмайды» [103], - деп жазып, патшалық «демократияның» бет пердесін ашып көрсеткен болатын.

Б.Қаратаев, С.Лапин, Е.Оразаев әзірлеген қазақтарды жерге орналастыру туралы заң жобасы барлық қазақ зиялылары тарапынан қолдаушылық таба қойған жоқ. 1909ж. Ә.Бөкейханов Петербор қаласында С.Лапин мен Е.Оразаевқа жолаққан кезде «бұл закон жобасы ұтымсыз, саясат жолында бұл болмайтын іс» екендігін айтқан еді. Ол бұл пікірін 1910ж. мұсылман фракциясының мәжілісіне қатысқан кезде де білдірген болатын. Ә.Бөкейханов ІІІ Думада қазаққа пайдалы заң шығару жолындағы әрекетті бос әурешілік деп санады. Мұны ІІІ Дума 1910ж. 7 сәуірде Түркістанды басқару Ережесінің 270 бабына «көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер Жерге орналастыру және Егіншілік бас басқармасының қарамағына өтеді» деген қосымшаны қабылдаумен іс жүзінде көрсетіп те берді.

ІІІ Дума 1906 жылы 9 қарашадағы патша жарлығын талқылады. Тарихқа столыпиндік жер реформасы деген атпен кірген осы жарлық Думадағы оппозициялық фракциялардың қарсылығына қарамастан, оңшыл фракциялардың қолдауымен 1910ж. 14 маусымда заңдық күшке ие болды. Осылайша столыпиндік аграрлық реформасының құрамдас бөлігі – шаруаларды шет аймақтарға, соның ішінде Қазақстанға қоныс аударуға кең жол ашылды.

Шеткері аймақтарға, соның ішінде қазақ облыстарына орыс шаруаларын көшіруге және жоғарыда аталған Түркістан өлкесін басқару жөніндегі Ереженің 270 бап қосымшасының қабылдануына барынша наразылық танытты. 1908ж. наурыз айында Қоныс аудару мекемелеріне қаржы бөлу мәселесін Думада талқылау кезінде Х.Хасымамедов фракция атынан үкіметтің тез арада дала облыстарына, Кавказ өңіріне және Түркістанға қоныс аудару ісін доғаруды талап етіп, мұсылман фракциясының аталған аудандарға қоныс аудару мекемелеріне қаржы бөлу үшін дауыс бермейтіндігі мәлімдеді.

Мұсылман фракциясы мүшелерінің ішінде дала облыстары мен Түркістан өлкесінің жерлігікті халықтарының мүддесін қорғап, ондағы қоныс аудару мекемелерінің жергілікті халыққа жасап келе жатқан қиянатын әшкерелеуде С.Мақсұдов ерекше көзге түсті. Думаның 1909ж. 24 сәуірдегі мәжілісінде С.Мақсұдов Дала ережесінің 19 бабына сәйкес қазақ жерінің мемлекеттің меншігі етіп жариялануын нағыз әділетсіздік деп бағалай отырып: «Міне, 15-20 жылдай уақыт болды қырғыздар орныққан жерлерде жер кесу деп аталатын жұмыстар жүргізілуде. Қырғыздар әлеуметтік заңдылық бойынша мал шаруашылығына қолайлы жерлерде орналасқан. Дәл осындай мал шаруашылығына қолайлы, жақсы жерлерде, былайша айтқанда қырғыздардың өмір сүруіне мүмкін болған жерлерде жер кесу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерлерді орыс қоныс аударушыларына алып беру үшін үкімет қырғыздарды өз жерлеріне ығыстырып шығаруда. Мен бұл жөнінде көптеген фактілер келтіре аламын. ...Үкімет бір халыққа жер тауып беру үшін екіншілерін жерден айыруға бармауы керек. Дұрыс үкімет тұрғындардың бір бөлігін асырау үшін екінші бөлігін аштан өлтірмеуі тиіс. Егерде қоныс аударушылардың мүддесін көздеген мұндай қоныс аудару саясаты жалғаса берсе болашақта 6000 000 болатын қырғыздар жерсіз, баспанасыз қалуы мүмкін. Мұндай келеңсіз құбылыстарға жол бермеу мына сіздердің – халық өкілдерінің міндеті», - деп мәлімдеді.

Бұл әрине С.Мақсұдовтың жер мәселесіне байланысты қазақтардың мүддесін қорғап Мемлекеттік думада сөйлеген сөздерінің бірі ғана еді. Ол Түркістан өлкесін басқару Ережесінің 270 бабына қосымша заңның қабылдануына барынша наразылық танытып та сөйледі.

1912ж. қысқа Торғай және Орал облыстарындағы қазақ ауылдарында жұттың салдарынан аштық жайдай бастады. Бұл жөнінде Б.Қаратаев мұсылман фракциясына жеделхат арқылы хабардар отырып, қазақтарға жәрдем ұйымдастыруға өз септіктерін тигізуді өтінген болатын. Мұның артынша Торғай облысының қазақтарынан мұсылман фракциясына: Ашпыз, жейтін тамамғымыз жоқ, жұрттың малы өлерге жақын халде, жәрдем етілмесе қаңтар, ақпан айларынан қалмай өз арамызда да өлім басталатын түрі бар», - деген мазмұнда көптеген хаттар келіп түсті. Қазақтардың мұндай ауыр халі фракцияның мәжілісінде арнайы қаралды. Мұсылман фракциясы қазақтардың ахуалына көпшілік назарын аудару үшін мұны Думаның күн тәртібіне жеке мәселе етіп қою керек деген шешім қабылдады. Осы тұста С.Мақсұдов Торғай облысының губернаторына қанша қазақтың аштыққа ұшырап жатқаны және оларға қандай жәрдем беріліп тұрғаны жайлы сұраған жеделхат жөнелтті. Оның алған мәліметіне қарағанда 269 мың қазақ аштыққа ұшыраған, оларға тек қазақтардың өз араларынан жиналған ақшадан ғана көмек көрсетіледі екн. Жалпы жағдайды білген С.Мақсұдов аш қазақтарға мемлекеттік қазынадан ақша бөлінуін және азық-түлік Басқармасының азық-түліктің берілуін үкімет орындарынан талап етті.

ІІІ Думадағы мұсылман фракциясы ұлт аймақтардың рухани, саяси өсуі үшін ауадай қажет оқу-ағарту мәселесіне де үлкен көңіл бөлді. Мемлекеттік думаның мәжілістерінде Халық ағарту министрлігіне жыл сайынғы қаржы бөлу мәселесі талқыланған кеде мұсылман фракциясының өкілдері оқу –ағарту саласында мұсылман халықтарына жасалып келе жатқан қысымшылықтарды әшкерелеп қалуға тырысты. Мәселен, думаның 1909ж. 20 сәуірдегі мәжілісінде Ғ.Еникеев: «Халық ағарту министрлігі мұсылман халықтары арасында мектеп ісінде бұрынғысынша күштеп орыстандыру саясатын жалғастыруда. РОесейдің оңтүстік және оңтүстік шығыс аудандарында орыс мектептері ашылғаннан бастап миссионерлік сипатта болды. Үкімет мектептеріндегі орыстандыру саясаты арқылы біздің балааларды ана тілінен, алфавитінен айырып, жалпы мұсылмандық мәдениеттен, мұсылмандық негізден қол үздірмекші», - деп үкіметтің оқу-ағарту саласындағы орыстандыру саясатын сынға алды. Сонымен бірге мұсылман фракциясы атынан мынандай талап-тілектер білдірді:


  • Мұсылмандар арасында оқу ісін бүркемеленген орыстандыру саясаты жойылсын;

  • жалпыға бірдей білім беретін бастауыш мектептерді мұслмандар арасында ашқанда оладың тұрмыстық, этнографиялық және діни ерекшеліктері ескерілсін, сондай-ақ ол мектептерде ана тілінде оқытылсын;

  • діни оқум орындары мұсылман діни басқармасы қарамағына тапсырылсын.

Думаның оқу-ағарту комиссиясына енген мұсылман фракциясының өкілдері оқу орындарындағы қазақ балаларына стипендия тағайындау жайлы заң жобаларын әзірлеуге атсалысты. Оқу-ағарту комиссиясындағы мұсылман фракциясының өкілі Ш.Махмудов 1909ж. 24 қаңтарда Дума мәжілісінде Омбыдағы ерлер гимназиясында оқитын қазақ балалары үшін 5 стипендия тағайындау жөніндегі заң жобасы бойынша баяндама жасады. Бұл заң жобасы көпшілік дауыспен қабылданды. Бұдан өзге оқу-ағарту комиссиясында М.Тоқаев пен Ш.Махмудовтың атсалысуымен Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқитын қазақтарға 10 стипендия тағайындау және оған мемлекеттік қазынадан 1200 сом көлемінде қаржыбөлу жайлы заң жобасы да әзірленді.

Халық ағарту министрлігі 1909ж. Думаға Орынбор мұғалімдер семинариясында оқитын мұсылмандар үшін діни ілімдер оқытуға жыл сайын 600 сомнан қаржы бөлу туралы заң жобасын енгізді. Бұл заң жобасын талқылау кезінде мұсылман фракциясы Орынбор мұғалімдер семинариясындағы мұсылмандар үшін тек мұсылман діні емес, сонымен бірге ана тілін де оқыту керек деген талап қойды. Мұсылмандар үшін арнайы мұғалімдер семинариясы ашылсын деген ұсыныс жасады. Мұсылман фракциясының мұндай ұсынысына «оңшылдар» фракциясының жетекшілерінің бірі Березовский: «Орыс мемлекеттік оқу орындары таза орыстық болуы тиіс, егер мұсылмандар, поляктар, еврейлер, чукчалар және т.б. өз оқу орындарын ашқысы келсе, онда өз қаржыларына ашып алсын», - деп қарсы шықты.

Бұл заң жобасындағы 3 бастап семинарияда оқитын мұсылмандарға православие ілімін оқытудың қажеті жоқтығы, православие ілімін тек христиан дініндегі оқушыларға ғана оқыту керектігі көрсетілген болатын. Березовский, Сазонович секілді оңшыл фракция өкілдері бұл бапты жобадан алып тастауды ұсынды. Мұндай ұсынысқа С.Мақсұдов наразылық танытып: «Қазақ балаларына күштеп православие ілімін оқытқан оқиғалар болған. Сондықтан ондай әрекеттер ендігі жерде қайталанбас үшін, бұл баптың заң жобасында көрсетілуі орынды», - деді. Осындай пікірталастардан кейін бұл бап заң жобасынан алынбай, көпшіліктің дауыс беруімен қабылданды.

Мұсылман фракциясының оқу-ағарту саласындағы белсенді қызметі 1910ж. Мемлекеттік думаға жалпыға бірдей білім беру туралы заң жобасы енгізілген кезде айқын көрінді. Үкімет тарапынан енгізілген бұл заң жобасы оқу-ағарту ісін бұратана халықтарды рухани қанаудың құралына айналдыруды көздеген еді. Оны жобада жазылған шет аймақтардағы барлық мектептерде оқу алғашқы екі жылда ана тілінде, әрі қарай орысша жүргізілсін деген жолдары айғақтай түседі. Жобаны реакциялық сипатын халыққа түсіндіру үшін және оған халықты наразылық танытуға шақыру үшін С.Мақсұдов 1910ж. Түркістан, Еділ бойы және Кавказ өңірлеріндегі мұсылман елді мекендерінде болып қайтты. Ол болған жерлерде мұсылмандар жиналысы болып, мектептердің орыстандыру саясатына ұшырап жатқандығы ашық айтылды. Осындай жиынның бірі Орынбор қаласында 1910ж. 27 қыркүйекте өтті. Оған мыңға жуық өлкенің қазақ және татар азаматтары қатысты. Орынбор мұсылмандары Дума мүшелері С.Мақсұдов пен Ж.Байбуринге өз жағдайларын айтып, жалпыға бірдей білім беру туралы заң жобасына қарсылықтарын білдірді. Түркістан мұсылмандары да С.Мақсұдовтың өлкеге сапарынан кейін өзбек халқының белгілі қоғам қайраткері Мунауар-Қари Абдурашидхановтың ұйымдастырумен үкімет орындарына түземдік мектептердің жағдайын қайта қарауды, әсіресе ана тілінде білім беруді қолға алуды талап еткен жеделхаттар жөнелтті.

Мемлекеттік Дума мінбесінен осы заң жобасына мұсылмандардың қарсылығын Ғ.Еникеев, Х.Хасмамедов, С.Мақсұдо, Қ.Тевкелестер ашық мәлімдеп, оған түзетулер енгізуді талап етті. Сөз алған депутаттардың барлығы ана тілі мұсылмандар үшін халықтық рухтың көрінісі екендігі, оны ешқандай саясаттың жоя алмайтындығын баса көрсетті.

ІІІ Думада қызу талқыланған келесі бір тартыс бір діннен екінші дінге өту туралы заң жобасы төңірегінде болды.

Ұлттық аймақтарға дін бостандығын заң жүзінде беруге шоқындыру, орыстандыру саясатының ұйытқысы болған Қасиетті Синод барынша қарсыласып бақты. Ол Мемлекеттік думаға, үкімет орындарына 1905 жылдан бері 10 мыңнан астам шоқынғандар өз дініне қайта өтіп кеткендігін, сөйтіп еңбектерінің еш кеткендігін айтып, бұл заң жобасын қабылдамай тастауға шақырды. Тіпті 1912 жылдың сәуірінде болған Қасиетті Синодтың кеңесінде: «Қазақтарды жерге орналастырғанда, қазақ бөлек ауыл болмасын, орыспен қоңсы болсын. Орысқа қазақты қоңсы қондырғанда, қазақтан орыс саны басым болсын. Орыс саны әр ауылда кем дегенде екі есе артық болсын. Сонда православие ісі тез сіңіп, қазақ тез шоқынады», - деген қаулы қабылдады.

Бұл заң жобасына Қасиетті Синод қана емес, оңшыл фракциялардың депутаттары да қарсылық білдірді. Олардың мақсатын депутат Марков Думада сөйлеген сөзінде айқын байқатты. «Мемлекеттің тұтастығына дін бостандығы үлкен қауіп төндіріп қана қоймай, оны іштей бұзып, ыдырауға алып келді. ...Өз мемлекеттілігін жоғалтқан немесе құра алмаған бұратаналар орыс мемлекетін құрған біздермен тең құқықта болуын әділетсіз деп санаймын. Мен бұл жерде былай демекшімін: Құрметті мырзалар, сіздердің қолдарыңыздан бізді тәртіптеу келмейді. Біздің бабаларымыз біздің мемлекетімізді сіздер үшін құрған жоқ. Оны мына біздер, немере-шөберелері үшін құрды, ал сіздер туралы олар ойлаған да жоқ. ...Православиялық мемлекетке православиенің тарату мемлекеттік қажеттілік», - деп мәлімдеді Марков.

Оған жауап ретінде Хасмамедов сияқты мұсылман депутаттары дінде күштеу болмау қажеттігін алға тартты. Ал депутат Хайдаров Ресей азаматтарын бұратана, бұратана емес деп бөлудің артықтығын баса көрсетті. Бұл заң жобасы 1912 жылы талқыланған кезде С.Мақсұдов Түркістан, мен дала облыстарына діни басқарма құру қажеттігін, христиан дін иелерімен мұсылман дін иелерінің тең құқықта болу мәселесін көтерді.

ІІІ Дума жұмысы барысында қазақ зиялылары «үшінші маусым заңын» өзгертуді көздеген саяси күресіг өрістете түскен болатын. Мәселен, Отыншы Әлжанов Зайсан қазақтары атынан жаңадан ашылған ІІІ Мемлекеттік думадағы саяси партиялардың басшыларына жеделхат жолдап, «үшінші маусым заңына» сәйкес қазақ елінің саяси құқығының аяқ асты болғанын айтып, мұндай әділетсіз шешім қабылдаған үкіметке наразылық танытқан еді [104]. Бұл кезеңде Ә.Бөкейханов «үшінші маусым заңының» реакциялық мәнін әшкерелеуге, тіпті реті келсе оны жою жолында әрекеттенді. Мәскеу және Петербор оқу орындарындағы қазақ студенттері Ә.Бөкейхановтың тапсыруы бойынша «үшінші маусым заңының» әділетсіз заң екендігін дәлелдеп, үкіметке сұрау (запрос) түсіру үшін түрлі материалдар жинады. 1912ж. қыста құрамында Ә.Бөкейханов бар Петерборда жүрген қазақтардың бір тобы Думадағы партиялардың басшыларына «үшінші маусым заңын» өзгертетін заң жобасын Думаға кіргізу деген ұсыныс та жасаған еді.

«Үшінші маусым заңына» сәйкес көптеген мұсылман халықтарының Дума жұмысынан шеттелуі мұсылман фракциясын да бей-жай қалдырмады. «Үшінші маусым заңын» өзгерту мәселесін 1912ж. 9 маусым күні Думаның соңғы мәжілісінде Таврия сарайын (Мемлекеттік думаның мәжіліс сарайын) жөндеуге қаржы бөлу туралы заң жобасын талқылау барысында С.Мақсұдов көтерген еді. «Сіздердің алдарыңызда үйлестіру комиссиясының баяндамашысы, -деді ол сөзінде – Мемлекеттік думаның сарайының көптеген жерінде жарықшақтар пайда болғанын, ендігі жерде оны жөндеуден өткізу керектігін айтты. Мен осыған байланысты сіздердің назарларыңызды Мемлекеттік думадағы бір аса маңызды жарықшаққа аударғым келеді. Ол жарықшақ міздер мен біздердің, мұсылмандардың арасында болып отыр. Бес жыл ішінде Мемлекеттік дума арқылы дала облыстары мен Түркістан өлкесіне қатысты біршама заңдар жобасы өтті. Бұл құжаттардың бәрі де осы облыстардың өкілдерінсіз талқыланып, қабылданды. Біз мұсылмандар мұндай жағдайды дұрыс емес деп санаймыз».

С.Мақсұдов бұл жолы өз сөзін аяқтап үлгере алмаған еді. Өйткені оңшыл депутаттардың шулы талабы бойынша және қаралып жатқан мәселеге қатысы жоқ деген желеумен Дума төрағасы оны онан әрі сөйлеу құқынан айырған болатын. С.Мақсұдовтың бұл сөйлеген сөзін көп ұзамай М.Сералин «Айқап» журналында жариялай отырып: «Жоғарыда айтылған сөз біздің қазақ, сарт, түркімен басқа Азия жұрттарының Думаға депутат сайлаудан құр қалу турасында еді. Ал патшаға қараған қанша жұрт ішінде біздің қазақтың ала қозыдай бөлініп, көп жұрт пайдаланып жатқан теңшіліктен құр қалуы, әлбетте, біз үшін көңілді» [105], - деп жазды.

ІІІ Дума елге қандай да бір өзгерістер, реформалар енгізуге ешқандай қабілетсіз екендігін толық көрсетті. Әйтсе де Мемлекеттік дума қазақ және өзге де мұсылман жұрты депутаттарының саяси мақсат-тілектерін, халықтың мұң-мұқтажын айтар бірден-бір мінбе жария орта болатын. Сондықтан да ұлттық аймақтар ІV Дума сайлауына немқұрайды болмады. Бұны А.Байтұрсыновтың «Қазақ һәм 4-ші Дума» атты мақаласы байқатады. Онда автор ІV Думаға қазақтың өзінен барған депутаттардың пайдасы мол боларын айта келіп, қазақтардың бұған мойын бұрмай отырғанына қынжылыс білдіреді.

ІV Думаға сайлау қарсаңында құрамында А.Байтұрсынов, Қ.Қожықов және т.б. қазақ зиялылары бар, ішкі губерния азаматтары ретінде Думаға депутат сайлауға құқы бар татар ағайындардан Орынбордан бір қазақ депутатын сайлауды өтінеді. «Вакыт» газеті алқасы бұл өтінішті жариялап, барынша қолдау жасайды. Мұндай тілек «Вакыт» газетіне Сырдария қазақтарынан да келіп түскен болатын. Қазақстардың депутаттық орын сұраған өтінішін Троицк мұсылмандары қолдап, Жансұлтан Сейдалинге сайлауға түсуге ұсыныс жасайды. Алайда Ж.Сейдалин, А.Байтұрсынов көрсеткендей «пенсиядан айырылып қаламын, екіншіден бұл Думаның ағзаларының көбі қаражүздіктерден болайын деп тұр, ондай Думада қазаққа не пайдалы іс етемін» деген себептермен бас тартады.

Осындай сын сағатта татар елінің көрнекті қайраткері Фатих Каримов басшылығымен шығатын «Вакыт» газеті алқасы ІV Думаға қазақтан депутат сайлау қажеттігін насихаттап, мұсылмандарды ынтымақтаса қимылдауға үндеп жатты. «Вакыт» газеті сайлау қарсаңында «Кімді сайлаған жө» атты мақалада түркістандықтар мен қазақтардың сайлау құқығы қайтарылып берілуін, сондай-ақ барлық Ресей мұсылмандарының дін, оқу, тіл жағынан тең құқықта болуын талап етеді.

Осындай терең саяси мазмұндағы мақала жариялағаны үшін Ф.Каримов үкіметтің қысымына ұшырап, алты ай абақтыға жабылады.

Үкімет орындарының араласуынан ІІІ Думадағы мұсылман фракциясының белсенді мүшесі С.Мақсұдов ІV Думаға сайланбай қалды.

Патша өкіметінің сайлауға тікелей араласуы нәтижесінде Думадағы оңшыл күштердің саны артты. Осылайша ІV Думаның партиялық құрамы төмендегідей көрініс берді: оңшылдар – 65, ұлтшыл және орташа оңшылдар – 120, октябристер – 98, прогрессистер – 48, кадеттер – 59, трудовиктер – 10, үш ұлттық топ – 21, социал-демократтар – 14, партияда жоқтар – 7, барлығы 442 депутат болды [106]. Оның ішінде 6 мұсылман депутаты – И.Ахтямов (Уфа губ.), Г.Байтереков (Уфа губ.), Ж.М.Жапаров (Баку губ.), Еникеев Г. (Қазан губ.), М.Мингалиев (Самара губ.), Қ.Тевкелев (Уфа губ.) мұсылман фракциясын құрды. ІІІ Думада мұсылман фракциясына төрағалық еткен Қ.Тевкелев бұл жолы да төраға болып сайланды.

1912 жылдың қарашасынан өз қызметіне кіріскен ІV Мемлекеттік Думаның күн тәртібінде ІІІ Думада шешімін таппаған мәселелер қайта қойылды. Сонымен бірге Думаның 32 мүшесі қол қойған «Мемлекеттік думаға сайлау тәртібін өзгерту туралы» заң жобасы сияқты өзге мәселелерде талқылауға қойылды. Бұл жобаны кадеттер мен мұсылмандар фракциясы ұсынған болатын. Олар жалпыға бірдей майлау құқын талап етті. Думаның 1912ж. 7 желтоқсандағы мәділісінде мұсылман фракциясының мүшесі И.Ахтямов сөз алып, Ресей мұсылмандарының сайлау құқығының бұрмалануы жайлы айта келіп, сайлау реформасын жасау мұсылмандар үшін, біріншіден, земстволық және қалалық басқаруға кеңінен қатысу үшін, екіншіден, дін, оқу-ағарту мәселелерін дұрыс жолға қою үшін аса қажетті екендігін баса көрсетті. И.Ахтямов бұрынғы сайлау заңының ескіргенін әрі оның мұсылмандардың ой-өрісінің дамуына кедергі болып отырғандығын мәлімдеді.

Бұл мәселе бойынша сөз алған мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев дала облыстары мен Түркістан өлкесінен бірде-бір өкілдің Думада болмауын нағыз әділетсіздік ретінде бағалап, 20 миллионнан астам мұсылман жұртшылығынан шектеулі ғана өкілдердің Дума жұмысына қатысып отырғандығын ашына айтты.

Оңшылдар басымдылық танытқан ІV Дума ақыры «3 маусым заңын» өзгерте алмады. Бірақ Мемлекеттік думадағы өзінің бірден-бір жан ашыры мұсылман фракциясы деп білген қазақ халқы бар талап-тілектерін осы фракция атына жолдап жатты. Мәселен, Орал облысының қазақтары мұсылман фракциясы атына жолдаған талап-тілектерінде былай дейді: «1. Біздің дін істеріміз үкімет қолында, қазақ халқын Орынбор муфтилігіне қосса екен;

2. Соңғы жылдары мұжықтарға ең жақсы жерлеріміз кесіліп беріліп, мал бағуымыз қиыншылыққа ұшырады. Соның үшін қазақ жеріне мұжықтар жіберуді тоқтатса екен;

3. Орал облысының қазақтарынан кей болыстар қала салып отыруға риза болып еді. Бірақ үкімет төрелері оларға «екі орыс, бір қазақ болсын» деген саясат жүргізе бастады. Бұл саясаттың жоғалуын тілейміз;

4. Керектерімізді халық өкілдеріне, үкіметке жеткізіп, халқымызды қорғарлық ешкіміміз жоқ. Соның үшін бізден Г.Думаға депутат алса екен;

5. Қазақ арасында ашылған һәм ашылатын школдарда бастапқы 3 жыл ана тілінде оқытылатылуын қаламаймыз».
Бірінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халықтарынан солдат алу мәселесінің Мемлекеттік дума мәділісітерінде қаралуы мұсылман фракциясы алдында жаңа міндеттер қойды. Ә.Бөкейханов «Солдат алар ма?» деген Петроградтан жазған хатында: «Петроградқа барған соң депутаттар арқылы іс анықталды, ашылды. Қазақтан солдат алу туралы жасалған закон жобасы тар деген газеттердің сөздері бекер болып шықты. Мұсылман депутаттары қазақты солдаттықтан бос қалдыру қорлық, қалдырмау керек деп қазақтан солдат алу сөзін қуаттапты деген газеттердің сөздеі мүлде бекерге шықты» [107], - деп мәлімдейді.

1916 жылы 25 маусымда патша үкіметі бұратаналарды майданның қара жұмысына шақыру туралы жарлығын шығарды. Бұл жарлық шығысымен мұсылман фракциясы атынан Тевкелев пен Жапаров Бас министрге бұратана халықтарды майданның қара жұмысына алу ісі ешқандай даярлықсыз, асығыс жүргізілейін деп тұрғанын айтып, мынадай ұсыныстар жасайды: «а) Жұмысшыларды алу туралы, жұмысшылар һәм олардың үстінен қараушылардың қызметі һәм правосы туралы толық тәртіп шығарылуы тиіс; ә) қазір дәл егін-пішеннің кезі болғандықтан, бұратаналардың жеткілікті шаруа басқаратын адамдары қалуға тиіс, сондықтан бұратаналарды жұмысқа бөліп-бөліп алу лайық болар еді; б) соғыс майданындағы жұмысқа алынған бұратаналардың қатын-балаларына соғысқа алынған солдаттардың қатын балаларына берліген секілді, қазынадан күнелтетін жәрдем –сыбаға берілуі тиіс; в) жасын һәм денсаулығын куәландыру ісі өте ескерілетін нәрсе; г) жұмысшылардың үстінен қарап тұратын бастықтар сол халықтың тілін білетін адамдардан сайлансын; ғ) бұл туралы һәр жердің өз хакімдеріне ерік берілгендіктен, оларды бетімен қоя бермес үшін, істерін сынап, тексеруге жоғарыдан жетік хакімдеп жіберілсін».


Осылайша мұсылман фракциясы майданның қара жұмысына алынғандардың ахуалын назардан тыс қалдырмады. Өз кезегінде тыл жұмысындағылар да өздерінің жағдайлары жайлы мұсылман фракциясына хаттар жолдап отырды. Мәселен, мұсылман фракциясына тыл жұмысына алынған бір топ түркістандықтар өздерінің тұрып жатқан барактарының сызды екендігін, көпшілігінің ауруға шалдығып жатқандығын, жұмысшылар тобына басшылық ету үшін тағайындалған орыс прарорщиктерініңдөрекілік көрсетіп, ұрып-соғуға дейін баратындығын айтып хат жолдады [108].

Түркістандықтар бұл хатты көп ұзамай мемлекеттік думаның мәжілісінде фракциясының өкілі Жапаров тарапынан оқылып, көпшілікке жария етілді.

Осы кезеңде мұсылман фракциясының жанындағы бюроның құрамы да ел қамын жеген М.Шоқай, З.Валиди сияқты азаматтармен толыға түсті. Мұстафа Шоқайдың зайыбы Мария Шоқай өз естелігінде М.Шоқай мұсылман фракциясының бюросына Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен орналасқандығын айтады [109]. Мұның өзі Ә.Бөкейхановтың мұсылман фракциясы жанындағы бюродағы беделінің жоғары болғанын аңғартса керек.

1916жылы, зерттеушілер А.Х.Қасымжанов [110] пен О.Құдышевтің [111] мәліметіне қарағанда, М.Шоқай мен З.Валиди Қазан қаласында құрылған «Түркістан бірлігі» атты құпия ұйымының құрамына кірген. Ұйымға сонымен бірге М.Тынышбаев, М.Сұлтанғалиевтер енген. Жоғарыдағы ғалымдардың айтуынша бұл ұйымның ашылуына М.Шоқай мұрындық болған.

Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916ж. ұлт-азаттық көтерілістің зардаптары мұсылман фракциясы мен оның жанындағы бюро өкілдерін бейтарап қалдырмады. 1916ж. қыркүйекте Дума мүшесі А.Ф.Керенский мен мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев Думаның тапсырмасымен көтеріліске байланысты оқиғалармен болған жерінде танысу үшін Түркістанда болып қайтты [112]. «Тәржіман» газетінің хабарлауына қарағанда бұл делегацияның құрамында мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелевтен басқа Ж.Жапаров, Ш.Мұхамедияров және М.Шоқай болған.

Мұсылман фракциясы атынан сөз алған Жапаров 1916ж. оқиға патша өкіметінің бұратаналарға қарсы ғасырлар бойы жүргізген саясатының заңды жалғасы деп баяндады. Ол өз баяндамасында дала облыстарындағы әкімшілік патша бұйрығын орындауда төтенше асығыстыққа жол берді, мысалы, Орал облысының бірінші участогындағы крестьяндар начальнигі 3 күнге тізім дайын болуын талап етті, ал Астрахань губерниясындағы қазақтардан 500-ден 1000 сомға дейін пара алынды, бұл бассыздыққа қарсы күрескен қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы бөлігі қуғын-сүргінге ұшырады деп мәлімдеді [113].

Осылайша алғашқы екі Думаға қарағанда ұлыдержавалық, консервативтік көзқарастағы депутаттары басым ІІІ және ІV Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясы бостандық жолындағы күрес әдістерін ұтымды қолдана отырып, патша өкіметінің озбыр отаршылдық саясатын батыл сынға алды, қазақ даласы сияқты отар аймақтардың әлеуметтік-саяси мәселелерін көтере білді. Қазақ зиялылары да осы фракция жанынан құрылған бюроға еніп, ұмсылман фракциясы қызметінің сапалы атқарылуына жәрдемдесті, қазақ халқының бастан кешіріп отырған ахуалын парламент мінбесінен жария етуге бар күштерін жұмылдырды. Сөйтіп мұсылман фракциясы шеткері аймақтардың, соның ішінде қазақ халықының да қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік із қалдырды. Ол азаттық аңсаған елдердің мұратына жету жолында күресті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет