«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары


II. ҚАЗАН-САЛОРДЫҢ АУЫЛЫН ЖАУ ШАПҚАНЫ



Pdf көрінісі
бет58/134
Дата30.05.2023
өлшемі2.89 Mb.
#474470
түріБағдарламасы
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   134
АДЕБИ ЖАДИГЕРЛЕР 1 том

II. ҚАЗАН-САЛОРДЫҢ АУЫЛЫН ЖАУ ШАПҚАНЫ
ТУРАЛЫ ЖЫР
Бір күні Ұлашұлы Төлеқұстың баласы, кем-кетіктің панасы, 
тайпалар мен рулардың арыстаны, қара халықтың жолбарысы, қоңыр 


 330
331
аттың иесі, Ораз ханның əкесі, Баяндүр ханның күйеуі, барлық оғыз 
елінің бақыты, оғыз батырларының ағасы Қазан-Салор төсегінен тұрып: 
«Уа, қырық жігітім, қара жерге тоқсан жерден алтын шатыр тігілсін, 
жібектен тоқылған тоқсан түсті кілем төселсін»,– деп бұйрық беріпті. 
Сексен жерден көзе, алтын құмыра кеселер мен аяқтар қойғызды. Гəуір 
елінен тұтқын болып келген тоғыз сұлу беттерін қыналап, төсіндегі қос 
анарын дірілдетіп, ақ саусақ қолдарымен кеселерге шарап құйып, оны 
бектерге тартты. Күшті шарап ішкен соң, олар мас болды. Шарап Қазан-
Салордың басына тиген еді. Бір кезде ол аяғынан тік тұрып төмендегі 
сөздерді айтыпты: «О, бектерім, сөзіме құлақ салыңдар, тыңдаңдар 
тегіс! Жата-жата жан ауырып, жамбас бүгіледі екен. Бір орында ұзақ 
отырсаң, бойың күйез болады. Қарап жата бергенше, аңға шығалық, 
құс қуып, марал, киік аталық, қайтып оралып осы шатырларға кіріп, 
ішіп-желік, сауық құралық»,– депті. Қиян селжүк (Қай) баласы ер 
жүрек Дондаз батыр тұрып: «Дұрыс айттың, Қазан хан, төсекте көп 
жатқаннан жамбасымыз жауыр болды»,– депті. Қара Көнеұлы Қара 
Бодақ болса: «О, арыстан туған Қазан əкем, бұл табылған ақыл», – 
депті. Бұл сөздерді есіткен соң Аруз қос тізесін бүгіп, аузын ашып: 
«Грузия шетінде тұрған тау қақпасында діні жаман гəуірлер біздің елді 
торып отыр, ордаңды кімге тапсырасың?» – депті. Сонда Қазан: «Орда 
бағуды Ораз ұлыма тапсырамын, қасына 40 жігіт қалдырамын»,– деп, 
Қазан өзінің қара атын алдырып, ерттеп, мініп алды.
Үйірде жүрген, маңдайында төбелі бар жирен атын алдырып, оған 
Дондаз мінді. Өзінің жүйрік бедуин атын алдырып, оған Қазан бектің 
інісі Қара Көне мінді. Өзінің шаңқан түсті бедуин атын алдырып, оған 
Баяндүр ханның жауын талай рет жеңген Шамсаддин-Шер мінді. 
Байбурд, Пара-Сара қамалдарын алған Байрақ өзінің шұбар атына 
мінді. Қазанның сəуегейі (молдасы), қоңыр аттың иесі Иекенк өзінің 
күрең атына мінді. Бəрін санап айтуға уақыт жоқ. Осылай барлық оғыз 
бектері атқа отырды. Шұбарланған көп əскер Алатауға аттанып, аң 
ауламақ болды.
Бұлардың аңға кеткенін бір тыңшы гəуірлердің жауыз ханы Шөклиге 
жеткізді
xii
. Діні жаман қара шашты гəуірлер жеті мың əскер алып, арты 
тілік қара шапан киіп, өздерінің шұбар аттарына мініп, түн ортасында 
Қазан бек ауылын қоршап алды. Гəуірлер оның алтын жалатқан 
шатыр ларын қиратып, аққу құстай керілген қыз-қалыңдықтарын 
зарлатып, олжа қылды, үйір-үйір жылқыларын, қызыл бұйра нарларын 
алдына салып, қуа жөнелді. Бай қазынасын, мол ақшаларын тонап 
алды. Сұңғақ бойлы Бөрлі сұлуды қасындағы шыбықтай сұлу қырық 
қызымен олжалады. Қарттық жеңген кəрі анасын қара нарға таңып, 
алып кетті. Қазанның жас баласы Ораз бекті 40 жігітімен бірге ұстап, 
аяқ-қолдарын байлап, мойындарына шылбыр салды. Елік-оғыз баласы 
Сары Қалмаш Қазан бек ордасы үшін болған соғыста мерт болды. 
Қазанға мұны ешкім хабарлай алмады.
Гəуірлер ортасында мынадай əңгімелер болды: «Біз Қазанның 
бектерін өлтіріп, желдей жүйрік жылқыларын шауып алдық, қыруар 
алтыны мен күмістерін талан-таражға ұшыраттық, оның баласы 
Ораз бекті қырық жігітімен тұтқындадық. Қызыл бұйра аруаналарын 
қуып алдық. Қазанның əйелін 40 нөкерімен олжа қылдық. Сөйтіп 
біз Қазанның еңсесін бастық», – десті олар. Гəуірлердің бірі тұрып: 
«Қазанға келтірмеген бір ғана зиян қалды», – деді. Шөкли хан: «Айтшы, 
азнауыр (мырза), ол қандай зиян?» – деді. Гəуір тұрып: «Қамал ішінде 
Қазанның алынбаған он мың қойы қалды, сол қойларды айдап кетсек, 
Қазанды əбден тұқыртамыз», – деді. Шөкли патша: «Қақпаны алты 
жүз адам барып бұзсын да, қойларды айдап шықсын!» – деп бұйырды. 
Алты жүз гəуір атқа мініп, қой қамалған қақпаға (қамал) кетті. Түнде 
Қара Қойшы жаман түс көрді. Ұйқысынан шошып оянып, екі інісі 
Қабан Қойшы мен Демір Қойшыны (Темір Қойшыны) шақырып алып, 
қой қораның қақпасын жаптырды. Үш жерге тау қылып тас үйіп, 
қолдарына тас ататын алабажақ сапты нар сақпандарын алды. Сол 
кезде Қара Қойшы тұрған қамалды алты жүз гəуір қоршап алды. Сонда 
гəуірлердің бірі тұрып: «О, Қойшым, түн баласына ұйқы көрмейсің, қар 
жаусын, жаңбыр жаусын, сенде тыным жоқ. Сүт пен ірімшігің қанша, 
Қойшым? Сенің Қазан батырыңның алтын шатырларын біз қираттық. 
Оның үйірдегі жылқыларын, келедегі қызыл бұйра нарларын қуып 
алдық. Кəрі анасын, бай қазынасын олжаладық. Оның алтын-күмісін 
алдық, аққу құстай сыланған қыз-қырқын, қалындықтарын тұтқын 
еттік, оның үстіне Қазанның баласын қырық жігітімен, əйелін қырық 
нөкерімен басып алдық. Ендігі сөз өзіңде қалып тұр, тыңда. Біздің 
қолымызға түскің келмесе алыста тұрмай, жақындай келіп қолыңды 
қусыр, басыңды біздерге иіп, гəуірлерге қызмет көрсет. Солай етсең, 
біз сені өлтірмейміз, өзіңді Шөкли патшамызға апарып, еліңе бек 
қоямыз»,– деді. Сонда Қойшы тұрып: «Ит гəуір, маған бос сөзді айтпа, 
сендер менің ит аяқтан жуынды ішкен итіммен бірдейсіңдер, ала атқа 
міндім деп күпие берме. Шашыма ақ кірсе де, сендерден мен қорқа 
алмаймын, əлдерің маған келмейді, темір қалпақ кидім деп мақтана 
берме, дулығаң менің бөркімнен төмен. Қолымда алпыс тұтам найзам 
бар деп мақтанба, нас гəуір, найзаң менің қызыл келтегімнен төмен. 
Қолымда қылышым бар деп мақтанба, гəуір, қылышың менің қайқы бас 
таяғымнан төмен. Қорамсамда тоқсан жебем бар деп мақтанба, ол менің 
тас ататын сақпан құралымнан төмен. Алыс-жақын келіп соғысу өзіңнің 
еркіңде, біздің жігіттердің соққысын көргің келсе, тиіп көр»,– деді.
Гəуірлер аттарына қамшы басып, садақ тарта бастады. Жауды 
шөптей жапыратын Қара Қойшы сақпанға тас салып, қанды аузынан 
жауға атты. Атқан бір тасы екі немесе үш адамды бірдей өлтірді, екін-
шісін атқанда үш немесе төрт адамды өлтірді. Гəуірлердің зəресі ұшты. 
Сөйтіп, ол тас атқыш нар сақпанымен үш жүз адамды қырды. Екі інісіне 
садақ оғы тиіп, мерт болды. Қойшының тасы таусылған соң, ол тас 
орнына қой, ешкілерді салып атты. Қырғыншылық болды. Зəресі ұшқан 
гəуірлердің көздерін шаң басып, түк көрмеді, дүниені қараңғылық 


 332
333
басқандай болды. Олар сасып: «Мынау қарғыс тиген қойшы біздің 
бəрімізді қырып тынбаса не қылсын»,– десті. Соны айтып, қамалды 
ала алмасын білген соң, гəуірлер қашты. Қойшы екі інісінің қаны үшін 
олардың тағы бірнешеуін таспен атып өлтірді. Гəуірлердің мүрдесін 
тау қылып үйіп, от қойып өртеді. Үстіндегі шекпенінің етегін жыртып, 
жарасының аузына таңды. Таудан асатын биік жол үстіне келіп, 
қамығып жылап отырды. Аузына түскені: «Қазан-Салор! Ауылыңның 
ойран болғаны сенің құлағыңа не қылып жетпей жатыр?» – дейтін 
сөздер болды.
Хан ием, сол күні түнде бүкіл оғыз елінің бақыты, Баяндүр хан-
ның күйеуі, Ұлашұлы Қазан-Салор ұйықтап жатып жаман түс көрді. 
Ұйқысынан шошып оянып, көрген түсін айтты: «О, інішегім Қара 
Көне, хабарыңда болсын, мен бүгін бір жаман түс көрдім. Қолыма 
ұста ған сұңқарымды біреу қолымнан алып кетті. Түсімде ала шатыр-
ларыма көктен жай түсіп, өртеніп жатыр екен. Ордамның үстіне қар 
аралас жаңбыр жауып, тұман түсіпті. Менің ауылымды құтырған қас-
қырлар ойрандап жүр екен. Бір қара үлек келіп шабынып, менің өгі-
зімді құлатты. Түсімде қарға түстес қара шашым тарқатылыпты. Сол 
шаштарым көзімді басқан екен. Он саусағым білегіме дейін қанға 
батқан екен. Бұл түсті көргелі мен өз ойым мен сезімдерімді бір жерге 
жинай алмай отырмын. О, хан інім, менің осы түсімді жорып бер»,– 
деді. Қара Көне оның түсін жорып: «Қара бұлт дегенің сенің əруағың, 
жаңбыр мен қар – əскерің. Тарқатылған шашың – уайымың. Қара қан – 
жамандық белгісі. Өзгесін тəңірінің өзі білмесе, мен жори алмадым»,– 
депті. Сонда Қазан: «Бұл сөзді аңда жүргендерге айтпа, əскерімнің 
қатарын бұзба, олар аңдарын аулай берсін. Қара атыма мінермін, ол үш 
күндік жерді бір күнде алады. Түс болмай ауылыма барармын, ауыл 
аман болса, кешке осында қайтып оралармын. Ордам аман болмай, жау 
шапқан болса, онда қамдарыңды өздерің жеңдер, менің жау соңынан 
қуып кеткенім болады», – деді.
Қазан бек қара атқа қамшы басып, жолға түсті. Ауылына келсе, ел 
жоқ, қаңырап қалған жұртта қарға-құзғын қалықтап ұшып-қонып жүр 
екен. Қазан елсіз жұртқа қарап сөйлеп тұрды. Хан ием, тыңдалық, не 
сөйлеген екен: «О, құлазыған жұрт, ел көшсе де сүрлеуіңді құм баса 
қоймапты. Қонған жайлауым марал, бөкен, киіктерге жақын еді. Сонда 
əдемі қонысқа тігілген ауылыма жау қайдан келді? Ақ шатырым тігілген 
жерде оның дөңгеленген орны ғана қалыпты. Қарт анамның өзі жоқ, 
төсегінің орны бар. Балам Ораздың жамбы атқан жері бар, өзі жоқ. Оғыз 
бектерінің жылқы айдаған жері бар да, малы жоқ, қазаны жоқ, ошағы 
қалыпты»,– деді Қазан. Осылардың бəрін ойлағанда қасы қиылған 
қара көздері қанға толып жылады. Алпыс екі тамырындағы қандары 
ойнап, тұла бойы кекке толды. Алақандай қара жүрегі қалтырап кетті. 
Астындағы қара атына қамшы басып, кеткен жаудың ізіне түсті.
Біраз жүрген соң, алдынан бір өзен кезікті. Қазан өзенге қарап 
сөйлей бастады: «Тəңірінің жүзін көрген деуші еді, судан да сұрап 
көрейінші»,– деп ойлады. О, ханым, судан ол не сұраған екен, соны 
тыңдап көрелік. Қазан: «Биік таудан құлдырап аққан мөлдір су! Хасан 
мен Хұсайнды шөлдеткен су! Бау-бақша мен гүлдерге ажар берген 
мөлдір су! Айша мен Фатиманың мейірін қандырған мөлдір су! Сенен 
жүйрік тұлпар сусындап, қуат, нəр алады. Қызыл бұйра нарлар сені 
кешіп өтеді. Жағаңда ақтылы қой жусап жатады. Айтшы маған, менің 
ордам қайда кетті? Қара басым сенің садағаң болсын, мөлдір су!» – 
деді. Ол судан жау алған елінің дерегін сұрады. Оған жауап берерлік 
суда тіл бар ма? Өзен суын кешіп өтсе, алдынан бір қасқыр кездесті. 
«Қасқырдың жолы болғыш», – деп, ол одан да жау алып кеткен елінің 
дерегін сұрады. Тыңдаңыз, хан ием, қасқырдан не сұраған екен: «Кеш 
түсіп, қараңғы басталған соң, сенің күнің туады. Қар мен жаңбыр саған 
бір есеп, батырсын. Қаба жал айғырларды сен қорқытып кісінетесің, 
қызыл бұйра нарлар сені көрсе, шошынып боздайды. Ақтылы қойды 
көрсең, оларды май құйрықтан асап лақтырып ұрасың, етін ырылдап 
жейсің. Сенің дауысыңды естігенде ең мықты деген иттерің де үнін 
өшіреді. Түнде қорадан алыстаған қойшы сенен қашады. Менің 
ордамды шауып əкеткен кім, білесің бе? Шын айтсаң, саған қара 
басымды берейін, қасқырым», – депті Қазан. Қасқыр оған не хабар 
берсін. Қасқырдан өте берсе, Қазан алдынан баяғы Қара Қойшының 
қара иті шығады. Қазан одан да жау шапқан елінің жөнін сұрады. 
Тыңдап көрелік, не сұраған екен одан: «Күн батып қараңғылық түссе, 
ауызың үруден босамайды. Ащы айранды құмартып, қыңсылап 
ішесің. Қораға ұры келсе, оларды қорқытасың. Ұрылар қорыққанынан 
дыбысын да шығармайды. Білесің бе, біздің ауылды кім шауып кетті? 
Мен саған əділдік көрсетіп ас берейін, қара ит», – депті Қазан. Ит оған 
не деп жауап бермекші? Қайта қара аттың аяғынан тістеп, Қазанның 
өзіне дəп қылды. Қазан итті қамшымен тартып қалып, ол қаша жөнелді. 
Қашқан ит соңына түсіп, қуа берді. Ит өзінің келген жолымен қайтқан 
еді. Қазан итті қуа-қуа Қара Қойшыға келді. Қойшысын көрген соң, 
Қазан одан елінің жайын сұрады. Тыңдалық, хан ием, Қазан одан не 
сұраған екен: «О, Қойшым, кеш түсіп қараңғылық басталған соң, сенің 
ауыр ісің басталады. Жаңбыр жаусын, қар жаусын, саған ол түк емес, 
менің тілімді түсініп, үніме құлақ қой. Бұл жерден менің ақ шатырлы 
үйлерім, өткен жоқ па? Көрген болсаң айтшы, Қойшы, қара басым 
жерге кіргенше жақсылығыңды ұытпаспын»,– деді Қазан. Қара Қойшы 
оған: «Сені мен өлді ме əлде жау қолында кетті ме деп ойлап едім, 
Қазан. Еліңді жау шапқанда қайда едің, Қазан? Кеше емес, бұрнағы 
күні жау еліңді осы жолмен алып өтті. Қарт анаңды қара нардың 
мойнына байлап қойған екен. Əйелің – сұңғақ бойлы Бөрлі сұлуды 
өзінің қырық нөкерімен жылатып-еңіретіп айдап өтті. Ұлың Оразды 
өзінің қырық жігітімен тұтқындап, жалаң аяқ, жалаң бас, жаяу айдап 
кетті. Үйір-үйір жүйрік арғымақтарыңды гəуірлер ұстап, мініп алыпты. 
Қызыл бұйра нарларыңды айдап кетті. Гəуірлер алтын-күмісіңді, бай 
қазынаңды тонап алып кетті»,– деді. Бұл сөзді естігенде Қазан қатты 


 334
335
қайғырды. Көзіне ештеңе көрінбей, дүниені қараңғылық қаптағандай 
болып, естен танды. «О, Қойшым, үнің өшсін сенің, соны айтқан тілің 
неге кесілмейді сенің? Құдай сені неге алмайды, қарғыс атқан?» – деді 
оған Қазан. Қазан бектің кейіс сөзін естіген соң, Қара Қойшы сөйлеп 
кетті: «О, менің əкем Қазан бек! Ашуыңды бас. Тəңіріге сенемісің, жоқ 
па? Мен алты жүз гəуірмен бір өзім соғыстым ғой. Екі інім жау оғынан 
өлді. Бір өзім үш жүз гəуірді өлтіріп, дінім үшін соғыстым. Қақпаңды 
қорғап, бірде-бір не семіз, не арық қозыңды жауға бермедім. Өзіме үш 
жерден садақ оғы тиді. Басым зеңіп, қара басым қалды ғой»,– деді. Бұдан 
ары Қойшы: «Маған астыңдағы қара атыңды, қолыңдағы алпыс тұтам 
найзаңды, ала қалқаныңды бер, қайыспас қара болат қылышыңды бер, 
қайыңнан істеген сұр жебелі қорамсағыңды бер, гəуірге барып ойран 
саламын, жауды қырып дегеніме жетемін. Маңдайдан аққан қанымды 
жеңіммен сүртермін, өлсем – өлдім, өлмесем сенің намысыңды жауға 
бермеспін. Тəңірі жарылқаса, ел-жұртыңды жаудан құтқарармын»,– 
деді. Қара Қойшының мына сөзіне Қазанның намысы келді де, жау ізіне 
түсіп жүре берді. Қойшы Қазанның соңынан қалмады. Артынан ерген 
Қойшыны көріп, Қазан: «Қойшы ұлым, қайда барасың?» – деп тіл 
қатты. Қойшы оған: «Қазан əке, сен еліңді жаудан құтқаруға барасың, 
мен олардан інілерімнің кегін аламын»,– деді. Қойшының мұндай 
ерлік сөзін естіген соң, Қазан: «Ұлым, Қойшым, қарным аш еді, жейтін 
нең бар?» – деді. Қойшы: «Жейтін тамақ бар, Қазан əке, өткен түні бір 
қозыны сойып, етін пісіріп алып едім, аттан түсіп мынау терек түбінде 
соны жеп алалық»,– деді. Екеуі де аттарынан түсті. Қойшы қоржыннан 
ет алып, екеуі жеп алды. Қазанға бір ой түсті. «Егер мен Қойшыны 
жауға бірге алып кетсем, ертеңгі күні барлық оғыз елінің бектері маған 
күліп: «Жауды Қазан алған жоқ, Қара Қойшы алды», – деп өсек айтқан 
болар еді деп намыстанды да, қойшыны үлкен ағашқа мықтап байлады. 
Сөйтіп өзі тағы да жалғыз кетпек болды. Қара Қойшыға айтқаны 
мынау болды: «Құлағыңды сал, Қойшы. Байлауда жата берсең, қарның 
ашады, көзің қарайып, аштан не шөлден өлесің. Осы ағашты түбірімен 
жұлып кетпесең, айдалада қасқырмен ит-құсқа жем боласың», – деді. 
Қара Қойшы жұлқына-жұлқына қара ағашты түбірімен қопарып 
арқалап алып, Қазанды қуып жетті. Қазан артына қараса, Қойшы дəу 
ағашты арқалап келе жатыр екен. Сонда Қазан: «Уа, Қойшым, бұл 
ағашты қайтесің?» – деп сұрады. Қойшы: «Ей, бейбақ əкем, Қазан-ай. 
Бұл теректің қасиеті зор. Сенің жауды жеңетінің хақ, сол күндері сенің 
қарның ашады. Сонда мен осы ағашты отқа жағып, саған тамақ істеп 
беремін», – деді. Бұл сөзге Қазан риза болды да, атынан түсіп, Қара 
Қойшының қолдарын байлаудан босатып, маңдайынан сүйді. «Егер 
тəңірі жар болып, елімді жаудан құтқарсам, мен сені жылқы басына 
қоярмын»,– деді Қазан. Сөйтіп, екеуі бірлесіп жолға түсті.
Бұлар Шөкли патша еліне келіп жетті. Патша гəуірлерге үлкен той 
беріп, ішіп-жеп, мəз-мəйрам болып жатыр еді. Тойда отырған Шөкли: 
«Уа, бектерім, Қазанды қорлау үшін оған қандай жамандық істесек 
жарасады? Бөрлі сұлуды мұнда алып келіңдер, тойға қызмет істеп, кесе 
тарататын болсын», – деді. Бұл сөзді сұңғақ бойлы Бөрлі сұлу естіп 
қалды да, жүрегі от болып жанып, жанын қоярға жер таппады. Өзімен 
бірге тұтқын болып келген қырық қыз нөкеріне барып, ақылдасты: «Егер 
гəуірлер келіп Қазан батырдың əйелі қайсың деп сұраса, бəрің бірдей 
«Мен!» деп жауап беріңдер», – деді. Шөкли патшаның жіберген адамы 
келіп: «Қазан бектің əйелі қайсың боласың?» – деп сұрап еді, қыздардың 
бəрі бірдей: «Мен!» – деп жауап берді. Гəуірлер Қазанның əйелі кім 
екенін біле алмады. Олардың айтқаны: «Біреуінен сұрасақ, бəрі бірдей 
үн қатты, Қазанның əйелі кім екенін тани алмадық», – деген сөз болды. 
Сонда гəуір тұрып: «Қайта барыңдар да, Қазанның баласы Оразды 
осында алып келіңдер, өзін шəңгекке іліп қойып, ақ етіне пышақ салып 
бір-бір жапырақтан кесіп алыңдар. Сол етті отқа кəуəп қылып пісіріп, 
бектің қырық қызына тартыңдар. Кəуəпті жеген қыздар бөтені де, 
жемегені анасы болады, сол əйелді алып келіп, кесе тартқызыңдар», – 
деді. Сұңғақ бойлы Бөрлі сұлу баласына жылап келіп, бұл сөзді жеткізді. 
Тыңдаңыз, хан ием, не айтқан екен ол: «О, ұлым, балам! Басыңа қара 
күн туғанын білдің бе сен? Мен гəуірлердің не ойлап жатқанын білдім. 
О, менің алтын үйімде өскен ұлым, бозторғайым! Қаздай қалқыған сұлу 
қыздарымның гүлі! Мыңнан бір гүлі ашылмаған ұлым! Тар құрсақта 
тоғыз ай сақтап, оныншы айда толғатып туған балам! Сені мен алтынмен 
əдіптеген жөргекте тəрбиелеп, бесікте өсірдім. Гəуірлердің патшасы 
мынадай бұйрық беріпті: «Қазанның баласы Оразды зынданнан алып 
келіп, мойнына қыл арқан байлап дарға асыңдар. Екі иығынан шəңгекке 
іліп қойып, ақ етінен бір-бір жапырақтан кесіп алып, отқа қақтап, қара 
кəуəп пісіріңдер де, соны бектің қырық нөкер қыздарына беріңдер, 
соны жегені оған бөтен, жемегені Қазанның əйелі болады. Сол əйелді 
осында алып келіңдер, бізбен төсекте басын қосып, кесе тартсын», – 
депті. Ұлым, сенің етіңді мен қалай жермін? Болмаса əкең Қазанның 
арын аяққа басып, діні жаман гəуірдің төсегіне барамын ба? Қайсы-
сын мақұл көресің, ұлым?» – деді. Ораз жауап қатып: «О, анам, үнің 
өшсін сенің, осыны айтқан тілің неге кесілмейді сенің, жан анам? Ана 
қарызы – тəңірі қарызы. Əйтпесе осы сөз үшін жағаңнан алып, қарулы 
қолыммен тамағыңнан қысып, ақ жүзіңді қара жерге тығар едім, аузы-
мұрныңнан қан құстырар едім. Жанның тəтті екендігін сонда білер 
едің. Не айтып тұрсың өзің? Тіліңді тарт, əмірші анам, жақындама 
маған, мен үшін жылама. О, əмірші анам, мені дар шəңгегіне бере 
бер, етімді қара кəуəп етіп пісіре берсін, сол кəуəпті бектің қырық 
нөкер қызына жегізе берсін, олар бір жапырағын жесе, сен екі 
жапырағын же. Сонда гəуірлер сені білмейді. Діні жаман гəуірмен тар 
төсекте бас қосамын, кесе тартамын деп əуре болма. Əкем Қазанның 
аруағын аяққа баспа, аяғыңды тарт бұл істен»,– деді. Мұны есіткен 
ананың екі көзінен қанды жас ақты. Сұңғақ бойлы Бөрлі сұлу жағасын 
жыртып, сырғаларын лақтырып, талықсып құлады. Қызыл алмадай 
ақ жүзін тырнап қанат ты, қарға жүндес қара шаштарын бір-бірлеп 


 336
337
жұлды, тіліне: «Ұлым! Ұлым!» – деген сөздер ғана келді. Сонда Ораз: 
«О, əмірші анам, менің алдымда жылап қайғырма, жанымды жаралама, 
жүрегімді қинай берме, өткен күндерімді есіме салма. Ойланшы, ана! 
Кавказ жылқысы бар жерде құлын тумас па? Қызыл бұйра нар бар жер 
сау болсын, ханым-ана! Əкем аман болсын! Сендер аман болсаңдар, 
мендей ұл тумас деп ойлайсың ба?» – деді. Баласының сөзін есіткен 
соң, анасы орнынан тұрып, қырық қыз нөкерінің ортасына кетті.
Гəуірлер Ораздың аяқ-қолын байлап, дар түбіне əкелді. Ораз: «О, 
гəуірлер, тəңіріден басқа сенерім жоқ, қасықтай қанымды қиыңдар. 
Мынау дар ағашымен тілдесуге пұрсат беріңдер»,– деді. Сөйтіп, ол 
қу ағашқа қарап, дауыстап сөйлей бастады. Тыңдаңыз, хан ием, ол 
не айтқан екен: «Атың ағаш десем, шамданба, ағаш! О, Мекке мен 
Мəдениенің есігі болған – ағаш! Құдаймен тілдескенде Мұсаның 
асасы болған – ағаш! Үлкен дарияларға көпір болған – ағаш! Қара 
теңізге қайық болған – ағаш! Ерлердің ері Əлидің дүлдүліне ер бол-
ған – ағаш! Зұлпықарға сап болған – ағаш! Хасан мен Хұсайнға 
бесік болған – ағаш! Ерге де, əйелге де қатер болған – ағаш! Басыңа 
қара сам, төбең көрінбес – ағаш! Төменге қарасам, тамырың көрін-
бес – ағаш! Мені саған асар болса, құлап түс, ағаш! Құлап түспесең, 
мен үшін жазаңды тартасың – ағаш! Сен біздің халқымызға керек 
едің – ағаш! Үндістаннан алып келген қара құлдарыма бұйрық 
берсем, ол сені турап, шөпшек қылар – ағаш!» – деді. Бұдан соң 
бала: «Артымда үйірлі жылқыларым қалды, қаны бір жолдас-
жорам қалды. Қолға ұстаған сұңқарым қалды. Жүйрік аяқтарымнан, 
мықты қолдарымнан айырылғалы тұрмын. Бектікке жетпеген аманат 
басымнан айырылмақпын. Жастық шəрба тынан ішпеген жанымды 
қия алмаймын», – деді де, еңіреп жылап, жүрегін жеген қайғысын 
айтты.
Дəл осы кезде, сұлтаным, Қазан-Салор мен Қара Қойшы да шауып 
келіп жеткен еді. Қара Қойшының қанжығасында тас ататын нар 
сақпаны бар еді. Оның бүйені тау бұқаның терісінен, əдібі үш ешкінің, 
қайсыбірі серкенің терісінен істелген еді. Сақпаннан атылған тастың 
салмағы он екі батпан болушы еді. Аспанға атқан тасы жерге тез арада 
түспеуші еді. Түскен жерін ошақтай етіп ойып, шаңдатып, көкке қайта 
көтерілетін. Тас түскен жерге үш жылға дейін шөп шықпаушы еді. 
Сол жерді қой, арық қозылар жайлап қалып семірсе, оларға қасқыр 
да тимеуші еді. Қара Қойшы тастарын ата бастады. Сұлтаным, бұдан 
гəуірлердің зəресі ұшып, тал түсте көздері түк көрмеді. Сонда Қазан: 
«Қара Қойшы, сен тұра тұр, мен Шөклиге барып, кəрі анамды сұрап 
алайын, ол ат тұяғы астында қалмасын», – деді. Ат аяғы сүрінеді, 
жырау тілі сүрінбейді. Қазан гəуірге барып, дауыстап сөйлей бастады. 
Тыңдаңыз, хан ием, ол не айтқан екен: «О, Шөкли патша, сен менің 
алтын үйлерімді алып кеттің. Ол басыңа көлеңке болсын. Сен 
менің алтын қазынамды алып кеттің, оны да жарата бер. Сен менің 
əйелім – Бөрлі сұлуды, оның қырық нөкерін алып кеттің, о да сенің 
тұтқының болсын. Сен менің балам – Оразды қырық жігітімен алып 
кеттің, ол да сенің тұтқының болсын. Сен менің үйір-үйір жылқымды 
алдың. Мініп-түсе бер. Сен менің келе-келе нарларымды алдың. Оған 
жүгіңді арта бер. Соның бəрінен бұрын маған бататыны, сен менің кəрі 
анамды алып кеттің. Тіл алсаң, сол анамды қайтар, гəуір, мен күрессіз, 
соғыссыз еліме қайтайын, осыны ұғын», – деді. Гəуір бұған көнбейді: 
«О, бейбақ Қазан, тыңдап ал. Біз сенің алтын шатырыңды алсақ, ол 
біздікі. Сұңғақ бойлы Бөрлі сұлуды, оның сұлу қырық қызымен алған 
болсақ, о да біздікі. Қасындағы қырық жігітімен балаң Оразды алған 
болсақ, о да біздікі. Жүйрік жылқыларыңды, қызыл бұйра нарларыңды 
алсақ, о да біздікі. Бізде кəрі анаң кетсе, о да біздікі. Біз оны саған 
бере алмаймыз. Кəрі анаңды біз Жайханның баласына береміз, содан 
ұл туса, оны біз сенің аманатың етеміз». Бұл сөздерге Қара Қойшы 
қатты шамданып, еріні кезеріп, сөйлей бастады: «О, ақылсыз, дінсіз 
гəуір, есі енбейтін гəуір, төбесі аспанға жеткен қарлы таулар қартайса, 
оған шөп шықпайды. Өзендер қанға толса, арнасынан су ақпас. Бие 
қартайса, құлын бермейді, қызыл бұйра нар қартайса, бота бермейді. 
О, ессіз гəуір, түсін, Қазанның анасы қартайған, ол бала тумайды. 
Шөкли патша, онан да қара көз қызың болса, соны Қазанға бер, одан 
бала туады, соны сен бауырыңа басып аманат етерсің», – деді.
Осы кезде оғыз елінің бектері де келіп жеткен еді. Көрелік, хан 
ием, кімдер келген екен. Жау десе жаны тынбаған, ешкімнен қорқып 
қыңбаған, Қазан бектің інісі Қара Көне келіп жетті. Оның бесігін 
анасы тау аңғарына қойып, қара өгіздің терісімен жауып өсірген еді. 
Қаһары келсе, қара тасты илеген балшықтай етуші еді. Ұзын мұртын 
желкесіне жеті жерден байлап қоятын. «Қылышыңды қолға алып 
сермей бер, Қазан аға, мен келдім», – деді ол. Одан соң кім келген екен, 
оны да көрелік. Қиян Сейілханның баласы ер жүрек Дондаз келді. Ол 
Дербент сайындағы темір қақпаны теуіп бұзған еді. Алпыс тұтам ала 
сап найзасының басына ілінген адамды аспанға көтеріп, құлындай 
шыңғыртқан батыр еді. «Қылышыңды қолға алып сермей бер, Қазан 
əке, мен келдім», – деді ол. Хан ием, тағы кім келген екен, байқап 
көрелік. Амид пен Мардин
қамалын бұзған Қара Көненің баласы, Қара 
Бодақ келді. Бұл темір сауыт киген қыпшақ патшасының аузынан қара 
қанын ағызған батыр. Өзі Қазанның қызын алған күйеуі еді. Ақсақалдар 
оның ерлігіне таң қалып, мақтайтын. Үстіне қызыл шапан киіп, оны 
темір шəңгектермен қаптап қоятын, ерінің басына теңіз көлбақасының 
сүйегінен моншақ тағып қоюшы еді. «Қылышыңды қолға алып сермей 
бер, Қазан ата, мен келдім», – деді ол. Тағы кімдер келген екен, хан ием, 
атап көрелік. Баяндүр ханның жауын рұқсатсыз кетіп жеңген Ғафлет 
оғыз баласы Шамсаддин-Шер де шауып келген еді. Ол сол жолы жаудың 
алпыс мың адамын бір өзі жеңген. Соның бəрін атының жалына жауған 
қар ерігенше қырып үлгірген еді. «Қылышыңды қолға алып соғыс 
баста, Қазан əке, мен келдім, – деді ол. Хан ием, бұдан басқа кімдер 
келген екен, соны көрелік. Байбурд қаласын шауып, Пара-Сара қамалын 


 338
339
алған, қызыл ала шатыр тігіп үйленгелі жатқан, жеті қыздың үміті 
Бəмсі-Байрақ өзінің Байшұбар атына мініп, бұл жетті. Ол батырлықтан 
бүкіл оғыз елінде теңдесі жоқ адам еді. «Қылышыңды қынабыңнан ал 
да, соғыс баста, Қазан əке, мен келдім», – деді ол. Одан басқа кімдер 
келген екен, хан ием, санап өтелік. Қазылық оғыз баласы Иекенк келді. 
Жау десе, ол қара құсқа тиген бүркітше ұмтылатын. Белінде темір 
белбеуі, құлағында алтын сырғасы болушы еді. Ол соғысқанда бөтен 
бектер аттарынан баудай түсіп, құлайтын. «Қылышыңды қолға алып 
соғыс баста, Қазан ата, мен келдім»,– деді ол. Бұдан соң кім келген 
екен, хан ием, көріңіз. Қазан бектің тағасы Аруз оғыз келді. Аузы 
жылқы аузындай кең, аяқ-қолы ұзын, бəдені балықтың уылдырығындай 
бұдыр-бұдыр еді. Алпыс ешкінің терісінен істелген тоны сирағына, 
алты ешкінің терісінен тігілген бөркі құлағына жетпеуші еді. «О 
менің бегім, Қазан, қылышыңды қолға алып соғысыңды бастай бер, 
мен келдім»,– деді ол. Тағы кім келген екен, оны да көрелік. Бегдүр 
руынан мұртын қызыл қанға бояп жүретін Əмен келді. Ол өз елінен 
кетіп, пайғамбардың дидарын көрген адам еді. Оғыз еліне келген соң 
дін жолын тұтынып, молдалық істеген. Ашуы келгенде, мұртынан қан 
ағып тұратын. «Қылышыңды қолға алып, соғысты қыздыр, Қазан ата, 
мен келдім»,– деді ол. Келгендер аз емес. Илік оғыз баласы Алып Ерен 
келді. Ол гəуірлерді соңына итше ертіп жүруші еді. Айғыр көз өзенінен 
атымен жүзіп өтіп, гəуірлер елінде болған. Елу жеті қамалдың кілтін 
алған. Ақ патшаның Чешме атты қызына үйленген еді. Соно-Сандал 
деген патшаны жеңіп, аузынан қанын ағызған, өзі қабаттап қырық 
шекпен киюші еді, отыз жеті қамалдың бектерін жеңіп, сұлу қыздарын 
олжалаған. Соның бəрін құшып, бет-еріндерінен сүйген. «Қылышыңды 
қолға алып сермей бер, Қазан əке, мен келдім», – деді ол. Майданға 
келіп жеткен оғыз бектерін санай берсек, оның ұштығынан шыға алмас 
едік. Соның бəрі бас қосты.
Бұлар мөлдір суға барып дəрет алып, ақ жүздерін жерге тигізіп екі 
бас намаз оқыды, Мұхамедке көп сиынды. Содан соң аттарына қамшы 
басып, гəуірлерге тиісті. Даңғыралар қағылып, алтын тілді кернейлер 
ұлып кетті. Бұл күнгі соғыста жанын сандыққа салған бірде-бір жігіт 
болмады, қанды соғыс өте ауыр болды. Қорқақтар жер тесігіне кіріп кете 
жаздады. Домаланған бастан аяқ алып жүрерлік жер қалмады. Адам 
басы допша ойнады. Шапқан аттар тұяғынан айрылды. Батырлар жауды 
ала сапты найзамен түйреп, қайыспас қара болат жұмсады. Найзалар 
сынып кетілді, үш қырлап соққан жебелер жаңбыр болып жауып, темір 
тістерінен айырылды. Сыртқы оғыздардың жігіттерін бастаған Дондаз 
оң қанаттан тиді. Сол қанаттан Қара Көне мен ержүрек батыр Бодақ 
жігіттері тиді. Ішкі оғыздардың бектерін бастаған Қазан орталықтан 
тиді, ол Шөкли патшамен айқасып, оны құлындай шыңғыртып 
аттан құлатты. Есін жиғызбастан, қара басын қақ айырып, шауып 
тастады. Мойнынан аққан қызыл қан судай шашылды. Майданның 
оң қанатында соғысып жүрген Қиян Сейілхан ұлы ер Дондаз Қара 
Тоқан патшамен кездесіп, оң бүйіріне қылыш ұрып, аттан құлатты. 
Сол жақта соғысып жүрген Қара Көне ұлы Бодақ Бұқашық патшаның 
басына ауыр шоқпар ұрды. Ол есінен танып, атының жалын құшты 
да, жерге құлап түсті. Қазан бектің інісі гəуірлердің ағашқа байлап 
алған туын қылышпен шауып, жерге түсірді. Қыр мен сайда қырылған 
гəуірлердің өліктері жер тезек болып жатты. Оған қарға-құзғындар 
үймеледі. Он екі мың гəуір қырғын тапты. Дін үшін оғыздардың бес 
жүз жігіті шейіт болды. Қазан тек қашқанды қумады, басын игендерге 
тимеді. Барлық оғыз елінің бектері олжаға кенеліп, оны бөліп, алды. 
Қазан бектің олжасы – бір ғана өз ордасы, ұлы, бала-шағасы, жауға 
кеткен қазынасы болды. Соны алып еліне қайтты. Алтын тағына 
қайта мініп, өзінің ақ шатырларын тікті. Қара Қойшыны жылқы 
басына қойды. Той жеті күн, жеті түнге созылды. Ұлы Ораздың аман 
қалғаны үшін ол қырық құл, қырық күңге азаттық берді. Жас-кəрі 
демей соғыста ерлік көрсеткендерге мол сыйлық, шапан-шапқыт, 
мата, тарту-таралғы берді.
Сол тойда Қорқыт атам да болып жыр толғап, күй шерткен 
деседі. Бұл жыр сол кісіден қалыпты. Ол талай-талай жыр туғызған. 
«О, жалған, мен жырлаған, бүкіл дүние біздікі деп күркіреген сол 
бектерім, ерлерім, қайда кеттің? Оларды ажал ұрлап, жер жұтты. 
Жалған дүние кімге опа қылған? Жер бетіндегі өмір мəңгі емес. Адам 
келеді, кетеді, оның түбі қайыр емес», – депті. О, хан ием, сізге де 
мен жақсы тілек айтқым келеді. Сенің мына қарлы заңғар тауларың 
күйремесін. Басыңа көлеңке болған биік дарағыңа балта тимесін. 
Мəңгі гүрілдеп аққан сұлу өзендерің шөлге айналмасын. Құдай сені 
ниеті қара адамдарға душар қыла көрмесін. Астыңа мінген ақбоз 
атың шабысынан танбасын. Қолыңа ұстаған қара болатың қаншама 
сермесең де, жүзі мұқалмасын. Жауға тірейтін өткір найзаңның 
ұшы қайырылмасын. Ақсақалды əкеңнің барған жері жұмақ болсын. 
Шашы қудай анаңның жүрген жері кең алқалы тау болсын. Оларды 
Алла мақшардың күніне дейін таза діннен айырмасын. Ол дүниеде 
құдайдың дидарын көретін болсын. Соған аумин айтамын. Иманды 
нұрлы жүзіңді көріп, бес түрлі сөзбен дұға оқыдым. Дұғам қабыл 
болсын! Құдайдың өзі берген бағың өшпесін, үмітің өлмесін. Соған 
берік бол. Дін иесі Мұхамед пайғамбардың құрметі үшін құдай 
күнəларыңды кешірсін, хан ием!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   134




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет