13.2. Тәуелсіз Қазақстанның тарихи санасы
Кеңестік дəуірде «тоталитарлық тарихи сана» үстем болғаны белгілі.
Тарихи сананың мазмұнын құрайтын негізгі конституенттер, яғни тарихи
сезімдер, тарихи таным мен тарихи білім бұл кезеңде саяси идеялар мен
мемлекеттік идеологияның тікелей ықпалында болды. Тарихи сананың басты
функциясы тоталитарлық мемлекеттің саяси мақсаттарын ақтау болды.
290
Тоталитарлық тарихи сана да тарихи болмысты қабылдаудың ерекше бір типі
болатын. Бұл типке тарихтың прогрессивті барысының қайтымсыздығына
деген сеніммен, əсіресе «бақытты болашақ» деп түсіндірілетін коммунистік
қоғамның келешегіне үмітпен сипатталатын мессиандық идея тəн еді. Бұл
тарихи сананың бұқаралық деңгейінде утопиялылықтың басымдылығын
бекітті. Бəрі де «жарқын болашақпен» сипатталатын қияли арман-аңсардың
жетегінде болды.
Алайда, тоталитарлық тарихи сана өмірдің барлық қырын түсіндіріп беруге
дəмелі болған əмбебап марксшіл-лениншіл дүниетанымның ықпалымен
өткеннің тарихи тəжірибесін теріске шығарды. Осының салдарынан əлеуметтік
тарихи дамудағы сабақтастық бұзылды. Тарихи мəдени тəжірибе үдерісіндегі
ескі мен жаңа арасындағы объективті қажетті байланысты білдіретін
сабақтастықтың үзілуі ескінің, яғни тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы
ұрпақтан ұрпаққа беріліп жəне белгілі бір уақыт аралығында сақталып
отыратын адамзат тəжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы – дəстүрдің
тамырына балта шабылуы есебінен жүзеге асты.
Бұл үрдістің тауар, ақша, пайда құндылықтарын алдыңғы орынға шығарған
батыстық қоғамдарда да қарқынды жүргенін ескеру қажет. Дəстүр мен қазіргі
заман арақатынасы ХХ ғасырдың 70-жылдары көптеген зерттеулердің
нысанына айналды. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейін отаршылдық
жүйенің күйреп, саяси дербестіктеріне ие болған дамушы елдердің дəстүрлі
құндылықтарының батыстық либералды құндылықтармен қайшылыққа
келуімен де байланысты болса керек. Капиталистік типтегі жаhандық
модерндеу (жаңарту) үдерісінің əлемге таралуымен, онымен функционалды
байланыста болған прагматикалық ғылым, əсіресе позитивті əлеуметтанудың
бағыттары өткенге көз жұма қарады. Кеңестік қоғамда үстемдік еткен маркстік
бағыттағы əлеуметтану болса, коммунистік жаңа формацияны қалыптастыру
барысында дəстүр - ескішілдік, артта қалушылық, жетілмегендік рудименттері
деп саналғандықтан, ол - жойылуы тиіс деп түсіндірді. Қалың бұқараның
қалыпты өмірі мен əлеуметтік дамудың алғышартын қамтамасыз ететін дəстүр,
осылайша, надандық пен анайылыққа теңгерілді.
Тəуелсіздік алғаннан кейінгі қазақстандық қоғамды модерндеу барысында
туындаған қайшылықты үдерістерден, «бүгінгі күні қоғамды жаңарту үшін
жаңа технологиялар мен жаңа саяси жəне əлеуметтік құрылымдар
қалыптастырумен салыстырғанда, рухани факторлардың маңызы бір де кем
емес; қазіргі модернизация – ішкі де сыртқы да, төлтума да, кірме де факторлар
өзара əрекетке түсетін қоғам өзгеруінің күрделі əрі қайшылықты тəсілі;
модерндік өзгерістердің нəтижесінде қазақстандық əлеумет үшін мəдениетті
өндірудің, таратудың жəне сақтаудың жаңа типі пайда болады» (Г. Шалабаева).
Кеңестік кезеңде тарихи уақиғалар формация, тап, құрылыс сияқты
мейлінше жалпы жəне абстрактылы категориялар арқылы түсіндірілді де, тарих
тұрлаусызданып, өзінің индивидуалды белгілерінен айрылды. Бəрінен бұрын,
адамдардың көңіл-күйі, ойлау қыртысымен, яғни менталитет деген жалпы
терминмен атауға болатын нəрселермен түсіндірілетін адамдардың шынайы
болмысының қыртысы, яғни рухани қырының, рухани мəдениеттің зор зардап
291
шеккенін айта кету керек. Қазақтың кəсіби философиясының көрнекті
өкілдерінің бірі Ағын Қасымжанов халқымыздың өзіндік санасының тарихына
қатысты қазіргі аянышты жағдайының себептерін былайша түсіндіреді:
«Қазақтардың рухани мəдениетінің тарихын түсіну жəне жаңғырту
жұмысындағы жағдайды сипаттайтын мəселелердің біріншісі оқыту мен білім
беру үдерісі үшін іргетасты құрайтын тарихи зерттеулердің жалпы бағдарымен
байланысты, ал ол, дəлірек айтқанда, жоқ болып отыр. Екіншіден, жоғары оқу
орындарының тарих факультеттерін есепке алмағанда, қазақтардың рухани
тарихының ғана емес, қазақ тарихының жалпы мəселелері де оқу-білім беру
пəндерінің жалпы тізіміне кірмей қалды. Басқа көп нəрселер туралы айтылды
(бұл керек те), көне Рим мен ортағасырлық Еуропа туралы, Бабыл мен Жаңа
дүниені отарлау туралы көп айтылады, ал өзімізге жақын төңірек туралы,
өлкенің тарихы мен халқымыздың өзіндік санасы туралы мүлдем ештеңе
айтылмайды.
Үшіншіден, жалпы алғанда тарихшылардың, жекелей алғанда мəдениет
тарихшыларының күш-жігері «тарих дегеніміз өткенге қарай төңкерілген
саясат» ұстынымен бағдарланды, яғни оларды тарихты ыңғайға қарай бұрмалап
пайымдауға, партияның негізгі бағытындағы «тербелістерге» сəйкес «тарихты
қайта
көшіріп
жазуға»
бағдарлады.
Адамдардағы
айғаққа
деген,
жауапкершілікті жұмысқа деген, дербес ойлауға деген талғамды өшіріп
тастады, оның есесіне «сізге не жағымды» ұстынына сəйкес жағымпаздықты,
субъективизмді қалыптастырды».
Кеңестік империяның ыдырауынан кейін оның бұрынғы территориясында
тəуелсіз мемлекеттер достастығы қалыптасты. Кеңестік тоталитарлық жүйенің
ыдырауы, дүниежүзін екі саяси лагерьге бөлген екі жүйе теке-тіресінен кейінгі
жаңалықтар лебі, қоғамдық өмір мен адам болмысындағы терең өзгерістер
посттоталитарлық немесе посткеңестік тарихи санадағы құбылыстарға да өз
ықпалын тигізді.
Тəуелсіздік пен еркін дамуға деген ұмтылыс əрбір халыққа, ұлтқа, елге тəн
табиғи құбылысы. Мұны қазақ халқының отаршылдық пен тоталитаризмге
қарсы шыққан үш жүзге жуық көтерілістерінің өзі дəлелдесе керек. 1991 жылы
Қазақстан да өзге мемлекеттермен қатар, саяси тəуелсіздігіне қол жеткізді.
Тарихта саяси тəуелсіздікке ие болғанымен, өз халқының əлеуметтік
мəселелерін шеше отырып, əлемдік экономикадан өз орнын да тапқан елдер
некенсаяқ, көпшілігі экономикалық тұрғыда сол бұрынғы метрополияға тəуелді
болып қала береді. Қазақстан Республикасы тоталитаризм шырмауынан босап
шығысымен өзінің тарихи таңдауын нарықтық қатынастары бар мемлекет
құруға бағыттады. Бұл таңдау ескі кеңестік жүйенің қондырғыларынан арылып,
мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын реформалауды талап етті.
Экономикалық тəуелсіздікке жетуді көздейтін бұл реформалардың іске
асырылуы мемлекетіміз бен халқымыз үшін кезек күттірмейтін мəселе болды.
Жəне оның басты мақсатына мыналар жатады: қоғам мен мемлекеттің озық
дамуы, халықтың тұрмысын сапалық тұрғыдан жақсарту мақсатында ұлттық
экономика мен саяси өмірді, оның құрамдас бөліктерін замана ағымына
лайықтап қайта құру жəне өзгерту. Әлеуметтік бағдардағы толыққанды
292
нарықтық экономикаға қол жеткізу үшін экономикалық реформалар төмендегі
міндеттерді шешуі тиіс: еңбек, кəсіпкерлік түрлерін таңдау еркіндігі, əр түрлі
меншік формаларының дамуы, толыққанды бəсеке, адамдардың экономикалық
тұрғыдан өзін-өзі айқындауы, кəсіпкерліктің құқықтық-заңдылық негіздерін
қалау; бюджет, салық, кеден салығы арқылы тұтыну рыногын қалыптастыруда
мемлекеттік реттеуді белсенді пайдалану; табиғи ресурстарды орынды
пайдалану негізінде əлемдік рынокқа ену, экономиканы қайта құру арқылы
дайын өнім өндіруге көшу, технология мен техниканы дамыту; тауар мен
қызмет түрлеріне бай рынок құру, кəсіпкерлікті өркендете отырып адамдардың
материалдық жəне рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру.
Осы реформаларды жүзеге асыру барысында аса маңызды экономикалық
өзгерістерге қол жетті. Жоспарлы, тəуелді экономикадан нарықтық ашық
экономикаға өтіп, мемлекеттік иеліктен жекешелендіру процесі аяқталды.
Ұлттық тəуелсіздіктің мəнді белгісінің бірі ретінде ұлттық валюта табысты
енгізіліп, еліміз əлемдік нарық жүйесіне кірді. Ұлттық қаржы институттары,
қалыпты екі деңгейлі банк жүйесі, тең құқықты меншік түрлері қалыптасып,
кəсіпкерлік өмірге енді. Соған сəйкес қоғамның əлеуметтік құрылымы да
өзгерді.
Алайда бұл реформалардың салдары терең əлеуметтік күйзеліспен
сипатталды. Бұл түсінікті де, өйткені осыған дейін біз үшін таңсық болып
келген нарықтық экономикаға өту өзгерістердің тек формальды сипатын ғана
білдірмейді, рухани əлемдегі құндылықтарды қайта бағалаумен де сипатталады.
Мемлекеттің саяси тəуелсіздігі қоғамның рухани еркіндігімен сипатталуы
қажет.
Тəуелсіздік тұсындағы қазақ халқының қоғамдық санасындағы түбегейлі
өзгерістер тарихи тағдырдың тəлкегімен ұмыт болған ұлттық дəстүр мен
мəдениетті қайта жаңғыртуымен сипатталды. Бірнеше ғасыр бойы отаршылдық
пен тоталитаризмнің ықпалымен мəдени деградация мен трансформацияға
ұшыраған ұлттық мəдениетті қайта өркендету мемлекеттік деңгейде төмендегі
міндеттерді шешуді жүктейді: ең алдымен ұлттық мəдениеттің негізін құрайтын
түбегейлі (фундаменталды) құндылықтарды қайтару, яғни адамдарды рухани
тұрғыда оятатын ұлттық тіл мен дəстүрді қайта жаңғырту; ғасырлар бойы
қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мəдени-рухани мол мұрасын
игеру; осы уақытқа дейін тыйым салынып келген халықтың тарихи өткенін
толығымен, жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру, тарихи сананы
қалыптастыру арқылы мəңгүрттік жағдайдан арылу.
Еркіндіктің самал лебін сезінген қазақ халқы ұзақ уақыт бойы нұқсан
шеккен сананы емдеуге бет бұрды. Тұншығып келген дəстүрлі əдет-ғұрыптар
жаңғыртылып, «Наурыз», «Ораза айт», «Құрбан айт» мерекелері жыл сайын
тойлана бастады. Шындыққа шөліркеген халық тарихи ақтаңдақтардың бетінің
ашылуына орай кезінде кеңестік идеологияның қысымымен бұрмаланған
жəйттермен жəне тарихи жадыдан зорлықпен өшіртілген есімдермен қайта
қауышты. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы –
мəдени-рухани мұрасы қайта игеріле бастады.
293
Бұрыңғы кеңестік идеологиялық схемалар мен рухани қондырғылар
қирағаннан кейін орын алған дүниетанымдық вакуумның орнын толтыру үшін
халықтың өткен заманның мəдени-рухани мұрасына қайта бет бұруы заңды
құбылыс болып табылады. Қазақ халқы үшін осы асыл қазынаның ішіндегі
жақұты, рухани кемеңгерлердің ішінде шоқтығы биігі Абайдың орны ерекше
еді. Абайдың шығармашылық кезеңі дəстүрлі қазақ қоғамын өз дамуының жаңа
деңгейіне жəне əлеуметтік болмыс тəсілін түбірімен өзгертуге əкелген тарихи
уақыттың аяқталған сəтіне дөп келді. Бұл жерде біз патшалық Ресейдің
отаршылдық саясатының барлық жерде енгізіліп, казақ қоғамының саяси жəне
мемлекеттік дербестігінің айрықша белгілерінің біртіндеп жойылуымен
сипатталатын Қазақстанның Ресейге күштеп қосылу үдерісін айтып отырмыз.
Түбегейлі төңкеріс қазақ қоғамының тек өмірқамының тəсілінде, экономикалық
жəне шаруашылық өмір тəртібінде, мемлекеттік-аумақтық басқарылуында ғана
емес, сонымен қатар психологиясында, мəдениеті мен көңіл-күйінен де орын
алды. Бұл осы ойшыл-ақынның дүниетанымын қалыптастырған жағдай бүгінгі
күні де өз өзектілігімен тарихи тұрғыда қайтадан алдыға шықты.
2021 жылы отанымыздың тəуелсіздік алғанына отыз жыл толды.
Тəуелсіздік шын мəнінде қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді.
Қазақтарға тəн еркіндік оның дəстүрлі қоғамындағы дала демократия
үлгілерінен, тіпті оның этнонимінің этимологиясының өзінен де көрінеді.
Сондықтан Тəуелсіздік Қазақстанның бүкіл тарихи дамуының сабақтастығын,
республиканы мекендейтін барлық ұлттар мен халықтардың дамуының
ортақтастығын қалыптастыратын, оларды өз мемлекетіне қызмет етуге
бағыттайтын, мемлекеттіліктің өзегін құрайтын идея болуы тиіс. Тəуелсіздіктің
негізгі принципіне Отанға деген шынайы сүйіспеншілікпен, мемлекеттік тіл
мен ұлттық дəстүрге деген құрметпен, өз елінің егемендігі мен тəуелсіздігін
жан аямай қорғау қабілетімен сипатталатын патриотизмді жатқызуға болады.
Соңғы кездері жаhандану жəне жаhанданушылық үдерістер барған сайын
зерттеушілердің жіті назарына ілігіп, зерттеу нысанына айналып кетті.
Жаhандану теориясы олардың шеңберінде əлемдік жүйе немес əлемдік қауым
тұжырымдамасы белсенді түрде қалыптастырылған əлеуметтанымдық жүйелік
теория мен халықаралық қатынастардың саясаттанымдық теориясының
тоғысқан тұсында пайда болды. «Жаhандандық» (кейде «ғаламдық» сөзі де
қолданылады) термині ХХ ғасырдың 60-жылдарында В. Мурдың («жаhандық
əлеуметтану» терминін айналымға енгізген) жəне М. Маклюэннің («жаhандық
деревня» терминнін тұңғыш рет қолданған) жұмыстарында, осыған дейін
«əлемдік», «халықаралық», «интернационалдық» ұғымдарының төңірегінде
қалыптасқан қоғамдық өзгерістер дискурсында қолданыла басталды.
1980-жылдардың орта тұсында «жаhандану» ұғымын қалыптастыра жəне
жұртшылыққа танымал ете бастаған Р. Робертсон болды жəне 1980-жылдардың
аяғында жаhандану теориясының төңірегіне əлемдік трансформациялану
теориясы саласындағы зерттеулердің көпшілігі шоғырланды. 1990 жылы
«Жаhандану мəдениеті» деп аталатын бағдарламалық мақалалар жинағы жарық
көрді де, онда жаhандану дың негізгі теоретиктерінің жұмыстары жарияланды:
И. Валлерстайннің, М. Арчердің, Р. Робертсонның, М. Фезерстоунның, А.
294
Аппадураидің, Б. Тернердің жəне өзгелерінің еңбектері. Сол сəттен бері
жаhандану туралы іргелі монографиялар бірінен соң бірі жарық көре бастады.
Әсіресе Иммануил Валлерстайн мен Жак Атталидің еңбектерінің мейлінше
танымал екендігі белгілі.
Әлемде, ең бергісін айтқанда, соңғы төрт ғасыр бойы жүзеге асып жатқан
əлеуметтік, экономикалық жəне мəдени үдерістердің барлық алуан түрлілігін
дəстүрден қазіргі заманға (модернге) қарай азды-көпті деңгейде біртұтас
үдемелі қозғалыс аясында қарастыруға болады деген идея Жаңа замандағы
бүкіл еуропалық əлеуметтік оймен тығыз байланысты. Бұл қозғалысты
сипаттау мен талдап шығудың кезекті ұмтылысы ХХ ғасырдың 50-
жылдарының аяғында орын алды жəне модерндеу теориясы деп аталды. Әдетте
жаңарту (модерндеу) ұғымына бірқатар елдерде капиталистік даму басталған
əлемдік тарихта «Жаңа заман» деп аталатын дəуірге енуді жəне буржуазиялық
қайта құруларға сəйкес өзгерістерді білдіретіндей мағына беріледі.
Қазірде дамыған деп атау қабылданған елдердің көпшілігі жаңарту кезеңін
Жаңа заман дəуірінде, XVII - XIX ғасырларда бастан өткізді. Дəл осы уақытта
Англияда, Америкада, сондай-ақ Батыс Еуропаның көптеген елдерінде
шаруашылық жүргізудің жүйесі ретіндегі капитализмнің, сондай-ақ оны
негіздеуші идеология мен этиканың қалыптасуы жүзеге асты. Дамушы елдер
деп қабылданған қалған елдер қатынастардың капиталистік жүйесінің
қалыптасу кезеңін сəл кейінірек бастан кешірді жəне еліктеудің үлгісі ретінде
дамыған елдерді алып, олардың қоғамдық практикасының тəжірибелерін
сіңіріп алды.
Сонымен, біз ХХ ғасырда бақылап отырған модерндеу, əдетте, «соңынан
қуушы» сипатқа ие болады. Буржуазиялық төңкерістердің отаны Батыс Еуропа
болғандықтан, модерндеу көбіне «вестерндеу» (батыстандыру), яғни Батыстың
тəжірибесін қарапайым қабылдап алу ретінде ұғынылады. ХХ ғасырда
модерндеу өзінің құбылысты географиялық қамтуы мен уақыттық сипаты
бойынша əмбебаптық сипатқа ие болады, өйткені батыстық қоғамдардың
ұсынатын даму үлгісі мейлінше оңай өндірілетін жəне сондықтан жалпыға
ортақ болып шығады.
Модерндеудің мақсаты modernity жағдайы немесе қазіргі заман деп
белгілеуге болатын белгілі бір жағдайға жету болып табылады. Бұл жағдайдың
дамыған формасы ретінде азаматтық қоғам мен нарық принциптеріне
негізделген əлемдік экономика, басқаша айтқанда, қатынастардың капиталистік
жүйесі көрінеді. Капитализмнің өзі нарықтық экономика аясында табиғи түрде
пайда болған тиімді шаруашылық əрекеттің жай формасы ғана емес, бұл per se
нарығы ғана емес, оның өзгеше ұйымдасуы. Басқаша айтқанда, капитализм
қайратты əлеуметтік стратегия, тұтас идеология жəне сонымен бір мезгілде,
мəні өндірістің немесе сауда операциясының өзі емес, жүйелі табысты
перманентті түрде алу болып табылатын арнайы əлемдік құрылыстың, ақша
құрылысының алысты орайтын схемасы. Бұл жағдайда нарық (рынок)
капитализм мəнінің көрінісі ретінде байқалады.
Қоғам мен экономиканы капиталистік ұйымдастыруға сəйкес келетін
қатынастардың нарықтық экономикалық үлгісінің таралуының жаhандану
295
үдерісінің де, жаңарту үдерісінің де жалпы негізі болатыны даусыз. Осылайша,
нарықтық экономика қазіргі заманғы моноформациялық жаhандануды жəне
жаңартуды батыстандыру формасымен (соғыстан кейінгі дəуірдегі Үшінші
əлем елдерінің даму практикасында ең кеңінен таралған) байланыстырады.
Қатынастардың капиталистік жүйесі осы жаhандану жəне жаңарту
үдерістерінің негізінде жатыр. Бірақ, егер жаңартуды дəстүрден қазіргі заманға
өту қозғалысы үдерісіндегі капитализмнің бастапқы қалыптасуы ретінде
түсіндіруге болса, ал жаhандану үдерістері – бұл қазіргі заман жағдайынан
(modernity) кейінгі қазіргі заман жағдайына (postmodernity) өту бағытындағы
қатынастардың капиталистік жүйесінің онан арғы сандық, ал кейінірек сапалық
дамуы. Осындай түсіндірмеде жаhандану қоғамдардың прогресс жолындағы
модерндеудің табиғи жалғасы түрінде көрінеді, ал модерндеу, өз кезегінде,
ғаламдық өзгерістердің бір нұсқасы ретінде қарастырыла алады.
Модерндеу теориясының терминологиясында да, жаhандану теориясының
терминдеріндегі сияқты əлемдік дамуды түсіндірудің, шын мəнінде, нақты
өмірде болып жатқан үдерістерді сипаттауға жəне түсіндіруге қабілетті жүйені
құрастырудың ұмтылыс екендігін ұмытпаған жөн. Бұл жүйелердің
əрқайсысының өз ұғымдық жəне категориалдық аппараттары бар жəне олар
қоғамдық үдерістерді зерттеу үшін əдістемелік схема ұсына алады. Бірақ,
мұның үстіне, олар тек теориялық жүйелер ғана болып қалғандықтан, бұл
теорияларды түпкілікті түсіндіріп беруші құрылымдар ретінде бұл теорияларды
қолдануға шектеу қояды.
Жаңарту теориясы салынған іргетастың негізі ретінде əлеуметтанудың
барлық дерлік классиктерінің жұмыстарын көрсетуге болады, өйткені олар
қандай да бір деңгейде мына мəселелерді қозғайды: О. Конттың адамзат
дамуының үш кезеңі идеясы, К. Маркстің тарихи материализмі, М. Вебердің
«рационалдандыруы», Г. Зиммельдің абстракциясы, Ф. Теннистің «қауымы»
мен
«қоғамы», Э.
Дюркгеймнің
«механикалық
ынтымақтастықтан»
«органикалық ынтымақтастыққа» өту идеясы, Т. Парсонстың «əлеуметтік
дифференциация» рөлін талқылауы жəне өзгелері.
«Модернделу» деп аталатын үдерістің мəнін жəне оның аяқталуының
өлшемдерін айқындайтын «модерндеу теориясының» өзінің қалыптасуы ХХ
ғасырдың 50-жылдарының соңы мен 60-жылдарының соңында жүзеге асты.
Жаңа теория əртүрлі ғылымдардың түйісінде пайда болды: модерндеудің
төлтума тұжырымдамасының қалыптасуына əлеуметтанушылар ғана емес,
экономистер қомақты үлес қосты. 1960 жылы Ұлыбританияда басылып шыққан
«Коммунистік емес манифест» деген өзіне тəн тақырыпшасы бар У. Ростоудың
«Экономикалық өсім кезеңдері» атты еңбегі ерекше маңызға ие болды.
Жаңарту теориясындағы негізгі ұғымдар «дəстүр» мен «қазіргі заман»
ұғымдары болып табылады. Бұл ұғымдар тарихи уақыттың ерекшеліктерімен -
өткеннің, қазіргінің жəне келешектің ерекшеліктерімен сипатталған əлеуметтік-
мəдени жүйелердің жағдайымен сипатталады. «Дəстүр» - бұл көптеген «қазіргі
замандардың» жиынтығы, бұл тарихи метаморфозалардың сүзгісінен өтіп
əлеуметтік жадыда жинақталған рухани тəжірибе.
296
Жаңартушылық үдерісі барысында тек саяси жүйе ғана емес, қоғамның
барлық тіректері де құбылады. Демек, əлеуметтік модерн тарихи сана мен
əлеуметтік жадының да қорын қозғалтып, шайқалтады. Бүгінгі күннің ащы
шындығына жауап беретіндей жаңа парадигмаларды іздеу барысында өзіңдікін
тəрк етіп, өзге халықтардың мəдени-əлеуметтік қорына көз тігу басталады.
Мұның мысалын американдық пуританизм мен прагматизмге деген
қызығушылықтың өсуінен, бұрынғы қоғамдық құрылымдардың барысында
пайдакүнемдік табысқа жеткізеді деген үмітпен Д. Дьюидің, Ч. Пирстің, Б.
Франклиннің философиялық еңбектеріне деген қызығушылықтың белең
алуынан байқалады. Тез өзгермелі қазіргі əлемде көнерген көшпелі өркениеттің
дүниетанымдық құндылықтарынан гөрі ақша мен пайдаға негізделген
прагматизм тиімді көрінеді.
Тамыры
көшпенділікте
ұялаған
біздің
халқымыздың
дəстүрлі
құндылықтары мен батыстық бүгінгі либералды құндылықтардың арасындағы
түбірлі айырмашылықтарды төмендегі дихотомиялармен сипаттауға болады:
өмір сүру тəртібінде отырықшылық – көшпенділік, шаруашылық жүргізу
əдісінде интенсивтілік – экспансивтілік, саяси басқарылуында бір орталыққа
бағынған мемлекет – этатизмнің бəсеңдігімен сипатталатын конфедерациялық
құрылым, мекендеу аймағында қала – дала, əлеуметтік қатынастарында таптық
байланыс – қандас-туыстық байланыс, құқық жүйесінде заң - əдет, табиғатқа
қатынасында эксплуатация – экология, рухани мəдениетінде жазба дəстүр –
ауызекі дəстүр, дамуында өзгерістер – тұрақтылық, құндылықтар жүйесінде
индивидуализм – ұжымшылдық, ұят – ар, прагматизм – жомарттық,
рационализм – гедонизм жəне т.б.
Жоғарыда айтылғандай, жаңарту мен жаhанданудың тамыры бір. Оның
ұлттық тарихи өзіндік сана мен мəдениеттерге ықпалының салдары көз
алдымызда өтіп жатыр. Жаhандану үдерістері барған сайын үдемелі ырғақта
ағып бара жатыр; сондықтан бұл үдерістерге кейіннен қосылған елдерге ерекше
қиын болады; барлық қолайлы орындар егеленіп қойылған жəне тек сол
бойынша жаhандық əлемдік үдерістерге қатысуға болатын ережелердің
қалыптасу кезеңі аяқталып та үлгерді. Артта қалған елдердің бағытын түзеуге
уақыты қалмады десе де болады жəне, сондықтан, «көш барысында» қайта
құрылуға жəне бағдар ұстануға тура келгендіктен, міндетті түрде қателіктерге
ұрынып, одан да күрделі жағдайларға ұшырайды. Бұл ахуалдан оңтайлы
шығудың аз ғана жолдарының бірі ретінде төмендегіні ұсынуға болады: елдің
қолда
бар
жəне
келешектегі
мүмкіндіктерін
салауатты
бағалап,
жаhандастырушы үдерістердегі өз орнын анықтап алу, өзіне тəн ұтымды жолды
табу. Оның үстіне, əңгіме тек экономика мен саясат жайлы ғана емес, сонымен
қатар идеология туралы да, динамикалы жəне тұрақсыз қазіргі əлемде ел үшін
аса қажет келісім мен азаматтық əлемге кепілдік беретін қалың əлеуметтік
қабаттардың бірігуін өз төңірегіне топтастыратындай құндылықтар жүйесі
туралы болып отыр.
Қазіргі ақпараттық қоғамда исламның шынайы құндылықтары көпшілікке
белгілі болып отыр. «Әрбір ақылды адамға иман парыз, əрбір имандыға ғибадат
парыз» (Абай) екендігі де санаға сіңіп келеді. Соңғы кездері қоғамымыздың
297
рухани-психикалық өмірінде орын алып жатқан оң өзгерістер, жаппай дінге бет
бұрумен қатар дін мен ғылымның өзара жақындасу үрдісі болашаққа үмітпен
қарауға үндейді. Тарихи сана мен қазіргі сананың диалектикасында дін мен
ғылым, жалпы қоғамдық сана мен бүгінгі постклассикалық емес ғылымда діни
сана мен ғылыми сана жақындасып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, біздің елімізде
«интеллектуалдық ұмтылыстың» осы арнада жүзеге асуы əбден мүмкін.
Қазіргі тарихи санаға тəн белгілердің бірі біртұтас əлеуметтік тіннің,
біртұтас тарихтың сөгілуі болып табылады. Әлеуметтік жады жағдайлардың
үнемі өзгеріп отыруына қарамастан, дамудың үздіксіздігін сақтаудағы
қоғамның қажеттілігін өтейтін құрал жəне, демек, қоғамның қалыпты
қызметінің шарты болып табылады. Алдыңғы дамумен сабақтастық жойылған
жағдайда, сабақтастықтың жаңа жағдайларға бейімделе алмаған тұстарында
тарихи байланыс үзіліп, тарихи ұмыту тетігі іске қосылады. Бұл ұмыту
анағұрлым əлеуметтік маңызды ақпаратқа орын беруі тиіс. Алайда
ұмытушылық идеологиялық догмалар мен саяси күштердің араласуынсыз,
табиғи түрде жүзеге асуы керек. Олай болмаған жағдайда əлеуметтік жады
зорлықпен «тазартылып», жасанды, саясиланған, формалданған тарихи сана
бекітіледі.
Әлеуметтік жады ретіндегі тарихи сана қоғамның шоғырлануында орасан
зор рөл ойнайды. Сондықтан тарихқа деген немқұрайлы қатынас, оны уақытша
саяси құмарлықтардың пайдасына шешу қоғамның рухани-интеллектуалдық
өміріне нұқсан келтіреді. Сондай-ақ «өткен үшін таласып-тартысып, оны
меншіктеп алумен» сипатталатын да шектен шыққан тарих та бүгінгі күні орын
алып отыр. Қазіргі заманда жүзеге асқан түбегейлі экономикалық, саяси жəне
əлеуметтік өзгерістердің тарихи санаға, оның қызметіне əсерін тигізгені даусыз.
Тарихи сана сол бұрынғысынша адамның рухани əрекетінің нəтижелерінің
жиынтығын – тарихи білімдер мен бағалауларды білдіргенімен, оның сапалық
деңгейі, соңғы екі компонентінің мазмұны адам танымастай өзгерді. Қазіргі
тарихи санада тұрақсыз белгісі басым бола бастады, «теориялықтан»
психологиялық» үстем түсе бастады, тарихтың өткен жəне қазіргі
құндылықтарын «инициативті түрде қарама қарсы қою», біржақты ақтау мен
күйе жағып қаралау əдетке айнала бастады.
Тарих пен рухани өткен шақ объективті, қадірлі қатынасты күтеді. Өткеннің
сенімін арқалаушы ғалым тарихшы ешкімге де, оның ішінде, тіпті билікке де
(мүмкін, оған мүлдем) өткенді айыптаудың, ақтаудың адвокаттық,
кінəлаушылық, прокурорлық, соттық функциясы берілмеуі керектігін жариялап
айтуы керек. Тарихтың өзі құнды. Қамаумен, асып-атумен танымның
мəселелерін ешқашан шеше алмайсың.
Жаhандану біртұтас өзара келісілген жəне өзара байланысты əлемді
қалыптастыра отырып, бүкілəлемдік тарихтың жаңа дəуірін ашады деген сенім
мол. Бұл тұтастықтың шеңберінде ұлттық өзіндік тарихи сана жəне ұлттық
мəдениеттердің айырмашылықтары мен қайталанбас тəжірибесі ескерілуі тиіс.
Жаhандану алдындағы қорқыныш тұтастық айырмашылықты сіңіріп жұтып
қоятындай жалпылық пен жалқылық арақатынасының көнерген ескі үлгісінен
туындайды. Мұндай ахуалда қазіргі заманның ең маңызды мəселесі Батыс
298
мəдениеті мен дамушы елдердің дəстүрлі мəдениеттері арасындағы сұхбатты
құру болып шығады. Рухани тəуелсіздік пен дəстүр сабақтастығын сақтай
отырып, өркениеттік мұраттарға жету үшін бізге ұлтты ұйыстыратындай идея
керек жəне бұл «демократиялық жəне күшті Мемлекетпен, əділ əрі гүлденуші
Қоғаммен, сондай-ақ еркін əрі құрметтелетін Тұлғамен сипатталады» [176, 70
б.]. «Бəсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына ену», «зияткерлік
ұлт қалыптастыру», «индустриалдық-инновациялық даму» тəрізді ұрандар
осындай идеяны іздестіруден шығып отыр. Ал бұл идеялар біржақты
технологиялық мақсатта болмай, жаһандану мен жаңару жағдайында оның
терең рухани мазмұны да болуы қажет.
Бүгінгі жағдайда, желігу мен еліктеудің салдарынан батыстану мен
жаhандануды бастан өткізгеннен кейін, қазіргі қаржылық-экономикалық
дағдарыстың бір түбірі атлантизмнің рухани тоқырауында жатқанын ескере
отырып, бойымызға табиғи тəн ұлттық жаратылысымызға, дəстүрлі тарихи-
рухани тамырымызға оралуымыз қажет. Басқаның жетістігін ретімен пайдалану
үшін өзіңнің басқалардан айырмашылығыңды білдіретін өздік ұлттық
«МЕНіңе» ден қою керек, яғни қазіргі жағдайда алдымен қазақ болуың керек.
Бұл зияткерлік ұлт қалыптастырудың, бəсекеге қабілетті қауым тəрбиелеудің,
алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосылудың, ең бастысы жаhанданудың
жойқын ықпалынан аман қалып, мəдени төлтумалық пен рухани дербестікті
сақтап қалудың кепілі.
Достарыңызбен бөлісу: |