11.2. Өнер типологиясы Қолданбалы өнер. Көркем шығармашылықтың ең ежелгі жəне қазіргі күні
де дамып отырған түрлерінің бірі - қолданбалы өнер. Ол сұлулық заңдарына
сəйкес құрылған тұрмыс жабдықтарында іске асады. Бұл тек пайдалы заттар
ғана емес, оның қолданылуын білдіретін көркемдік бейнесі (образы) бар əдемі
заттар болып та есептеледі. Бізді қоршаған заттар, біздің тұрмысымызды,
күнделікті өмірімізде қажеттіліктерімізді өтейтін заттар өнердің шыңына дейін
көтерілуі мүмкін. Қолданбалы өнер өзінің табиғаты жағынан ұлтжанды, ол
халықтың əдет-ғұрпынан, салт-дəстүрінен, наным-сенімдерінен туындап, оның
өндірістік əрекетіне, тұрмысына жақын болады. Қолданбалы өнердің
туындылары өзінің қайталанбас индивидуалдылығымен ерекше көзге түседі.
Бұл оны жаратушы – суретшінің, қолөнершінің бүкіл тұлғасы мен талантын
сақтап қалатын уникалды туындылар. Жаңа заманда өндірістің дамуы заводтық
тəсілдің енуіне орай туындаған жаратушының индивидуалдылығының белгісін
өшіре бастады. Бірақ өнеркəсіпке суретшінің келуімен дизайн дамуы басталды.
Сәулет өнері (архитектура). Адам еңбек құралын даярлауды үйренгеннен
кейін, енді оның тұрағы үңгір немесе ұя емес, эстетикалық кейіпке келген
мақсатты құрылыс болды. Құрылыс сəулет өнеріне айналды. Архитектура
(грекше archіtektoh - құрылысшы) – адамның тұрғын үйге жəне қоғамдық
орынға деген қажеттілігін өтеуге негізделген ғимараттар мен құрылыстарды
салу барысында нақтылықтың сұлулық заңы бойынша қалыптасуы. Сəулет
өнері табиғаттан бөлек, стихиялық ортаға қарсы тұратын жəне адамдарға
өздерінің материалдық жəне рухани қажеттіліктеріне орай адамдарға
кеңістікті пайдалануға мүмкіндік беретін тұйық утилитарлы- көркем игерілген
əлем. М.В.Ломоносов бұл өнердің ерекшелігін анықтай отырып ,былай деп
жазды: “Сəулет өнері күш-жігерін жинақтап, зəулім ағаштар мен зіл-батпан
тастарды бағындыра отырып, мекен етуге қолайлы, көз тоймайтын əдемі, ұзақ
уақытқа шыдайтын берік ғимараттар соғады”