МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы



бет3/15
Дата09.06.2016
өлшемі1.31 Mb.
#123856
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

ДОМАҚТЫҢ ШЕШЕНДІГІ

Домақ шешен – XIX-XX ғасыр перзенті. Өзінің айтуынша, жиырма сегіз жасынан бастап қолына қалам алып, не жайлы болсын, іркілмей сөйлейді. Оның сөздері, көбінесе, шешендік тапқырлыққа толы толғаулар болып келеді. Ол сөз етпек тақырыбында тез таңдайды. Өзі екі ғасыр тоғысында өмір сүргендіктен қалың оқиғалы кезеңді мөрдей анық суреттейді. Сондықтан да шешен атанады. Ресейдің Қорған, Түмен, Новосібір, Омбы үңірлерінде Домақ Шешенді білмейтіндері кемде-кем. Көпшілік өз орталарына шыққан Домақ шешеннің өмірге жақын, халық тіршілігімен тұтас сөздерін ұнатып, жоғары бағалайды.

Шешеннің өз айтуынша, ол үш дәуірдің күәсі: XIX ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басы, Кеңес заманы. «Толқын сөздің жиындысы» деген толғауында:
Үш заманның өлшеуін,

Алайын деп мөлшерін,

Қалам, қағаз алдым кез.

Қазақ заман –хан заман,

Патша заман-бай заман,

Совет заман-заң жаман.

Жалған сөзді жаза алман,

Бәрі де отыр көзбе-көз,-


дейді. Осы тармақтары Мақыш Қалтаевтың «Бар оқиға» [35,51],- деген өлеңіндегі :
Жоқты айтпаймын, айтамын барды көріп,

Мен көрдім жүргенімде елді кезіп,-


деп, көзімен көріп, көңіліне түйген ойларын ғана айтатындығы екі ақында да үндесіп жатыр.

Жоғарыдағы сөздердің авторы ол кезде қалай жер басып жүрген деп таңданамыз. Сірә, сауаты шағын қария бір жағынан өз сөзін естиді, ескереді деп сескене білмесе керек, екіншіден, хан заманы да, патша заманы да оның көңілін көншітпеген, арман – мүддесін уатпаған. Сондықтан шешен ашу-ыза, реніш-нала үстінде осылай сөйлеуге мәжбүр болған. Сонымен бірге, шешен халықтық салт-сананы, ұлттық дәстүрді қатты ұстанған, діни иланымға да берілген. Сөйтсе де, тұстастары ішінде көзі ашық, көкірегі ояу адам болған. Қазақ халқы тарихын біршама жақсы білген, жалпы мұсылман халықтарының да қазына тұтар мәдени-рухани мұрасына, ескілігіне қанық болған. Осындай білгірлігімен, тапқыр шешендігімен, іркілмес ақындығымен өзі жүрген ортаның көңілінен шыққан. Шешен толғауларының тілі көпшілікке ұғымды, қарапайым, өлең түріндегі шығармашылығының да үлгі - өнегесі баршылық. Оған төкпе – жыр – термешілік, тапқыр билік-шешендік дәстүрі тән.

Тақырып жағынан алғанда шығармаларын былай топтауға болады: өзі туралы, өмір туралы, заман ағысы және халық халі туралы толғаулары.

Домақ шешеннің қазір біздің қолымызда бары: «Оқу, өнер, адалдық», мұны ақын 85 жасқа келгенде жазып, өсиет етіп тастап кеткен, «Ескіше жазған сөздерім», «Толқын сөздің жиындысы», «73-ке келгенде», «Заман үлгісі ағым тұрмыста», «Орта жүздің қонысы» атты толғаулары.

Қалай дегенде де, халық тілегі мен сөз иесі тілегі анық сайма-сай болғанда ғана ақын, шешен өз заманының көрнекті өкілі, тұлғасы бола алады. Ақын да, шешен де өз заманының көрнекті тұлғасы болып есептеледі. Домақтың да осы қасиеттері оны шешен ретінде танып, білуге мүмкіндік береді.

Домақ аз сөзге көп мағана сыйғызуға шебер. Оның нақылға айналып кеткен қанатты сөздері құлық, әдеп, тәрбие мәселелерін қозғайды. Қоғамдық ортадан көріп-білгендерін, танып-сезгендерін елеп-екшеп, жақсы – жаманын ажырата отырып, үлгі-өнеге етеді.


Жақсы болса алғаның –

Жемісі піскен күзбен тең.

Жаман болса алғаның –

Астыңнан өткен сызбен тең.


Осы нақылда әйелдің қызметі, алатын орны ғана айтылмайды, жақсы әйел мен жаман әйел жайы тікелей өмір тәжірибесіне негізделеді. Сонымен бірге, сүйіп алған жар мен сүймей қосылған әйел арасындағы айырмашылық айтылады. Жеке адам өмірінің қоғамдық мәні әйелдің жақсы, жаманына байланысты екендігін ескертеді.

Домақ айтайын деген ойын үнемі өзге затқа, құбылысқа балау арқылы жеткізеді. Осы әдісті қолдана отырып, өсиет-өнегесінің шешендік ақыл-кеңесінің мазмұнын әсерлендіре түседі. Мысалы:


Ақылы бар қария –

Айтқан сөзі белмен тең.

Надан өскен қария –

Сахарадағы малмен тең.

Бірлігі бар ағайын –

Маңдайдағы көзбен тең.

Ада болса ағайын –

Тізіп ішкен тұзбен тең.


С.Негимов: «Кейде ақындардың ақыл, нақыл, ғибрат жырлары тұтастай ой-қиялыңды қозғайтын теңеулерден түзіледі» [34,34-б], - дейді.

Жоғарыдағы балмен тең, көзбен тең, тұзбен тең баламалары оның әлеуметтік ойлау дәрежесінің тереңдігін, ақылгөй азаматтығын қалтқысыз көрсетеді. Өнерлі болу үшін адамның жан дүниесі, өмірге көзқарасы мамырдың мамыражай күніндей ашық болсын дегенді талап етеді. Сонымен қатар, қарңғылық пен надандықты бұлт басқан түнмен теңестіре отырып, айтпақ ақыл-кеңесін салмақтандыра түседі. Осылай шешен өмірдегі жағымсыз қылықтардан жирендіреді. Бұдан шешеннің өмір сүрген ортасындағы ұнамсыз, ұнамды жайттарды байқағыштығы, сын көзімен қарап, адал сараптайтындығы айқын сезіледі.

Шешен сөздерінің ішінде өмір кезеңдерін дәлдікпен сипаттау тәсілі де жеткілікті кездеседі.
Кәрілік, өлім деген бір зеңгір тау,

Өзінің жүрісінен жаңылмаған.


Адамның жас кәрілігіне ажал деген сұм қарамайды деген ойды сол күйінде айта салмай, жұрт бұрын естімегендей пішінде жеткізеді. Өмір мен ажалды есік пен төрдей деп тауып айтады. Бұлары – шешендік шеберлік үлгісі. Кәрілік те, өлім де екі аяқ, екі қолы бар жан сияқты суреттеледі. Екеуі де қатал, мейірімсіз, айтқанынан қайтпайтын зеңгір таудай қырсық болып суреттеледі. Енді бірде шешен:
Жақсы менен жаманның,

Жер мен көктей арасы.

Жақсыны жатқа санама,

Қайда жүрсең бір тиер,

Қысылғанда пайдасы.

Жаманды жақсы санама,

Жазатайым іс болса,

Даяр тұрар табасы!


Жақсы мен жаман сөздері осы арада сөз әсерін күшейтіп, салыстыру арқылы ақ пен қараның арасын ажыратады. Әрине, жақсы мен жаман туралы

талай жырау жырлаған, талай ақын айтқан. Шешен осы бір мәңгілік тақырыпқа өз үлесін қосқан.

Шешен көбінесе жастарға иек артады. Соларды өмір иелері деп түсіндіреді. Сондықтан жастарды қайрай түседі, халқының қадірлісі болуға шақырады, бос белбеуліктен жиірендіреді.
Бос белбеу, босаң туған боз бала бар,

Киіздей шашы пісіп қарпылмаған.

Қанды көз, қасқыр жүрек, қасқыр мінез,

Жегенін үзіп-жұлып ар қылмаған.


Осы жерде өңеші кең жебірлерді қанды көз, қасқыр жүрекке теңестіру арқылы кейбір ел билеушілерін де сынға іле кетеді.

Домақ шешеннің шығармашылығында өзі туралы айтқандары да жеткілікті. Бұлардың құндылығы – шешендік тұжырымдар екендігі және автордың өмірдегі орны, көзқарасы туралы кең мағлұматтар беретіндігі. Әрине, ол бүкіл өмірін айтып беруді мақсат етпеген, ел тарихымен байланысты, өмір ағысымен қатарлас ақиқатты бейнелейді. Өмірі жайлы дерек бергенде, жеке басының мүддесін алға тартпайды. Асқақтап мақтанатын тұстары да жоқ. «73-ке келгенде», «Ескіше жазған сөздерім», «Толқын сөздің жиындысы», «Заман үлгісі ағым тұрмыста» жыр-толғауларының мазмұн-мұраты осындай.

Домақ шешеннің «Орта жүздің қонысы» атты толғауы Орта жүздің тарихына шолу жасап, оның бүгінгі табыстары мен өткендегі қателіктерін айтады. Өткен заманның маңызды оқиғаларынан дұрыс қорытынды жасап, қоғам дамуын, халықтың сол кездегі тынысы мен өмірі жайында көп мәселенің басын қозғайды.

Қазақ өмірінің маңызды оқиғаларымен қатар, көрнекті қызмет атқарған батырлар, хандарының өмірі мен ісі де сөз болады. Толғау былай басталады:

Сарыарқаның даласы -

Орта жүздің қонысы.

Алтайдан шыққан жеті өзен,

Қоныс болды арасы.

Қазақ, қырғыз, тараншы,

Орыс, қалмақ, сарт, ноғай,

Жеті өзенге жиналып,

Жеті атаның баласы.


деп, өткенді тереңдей толғап, айтайын деген ойын алыстан орағытып, мақсатын бірден айтпай, мысалдап, тұспалдап жеткізуге тырысқан.

Домақ шешен өткен дәуірдегі қазақ халқының қасіретін, қайғысын, бақытсыздыққа қалай ұшырағанын шегіне жеткізіп, баса айтқан тұстары да баршылық.

Өзін қоршаған ортадағы өзгерістерге өзінше баға беріп, көзқарасын әрдаым білдіріп отыруға тырысқан.

Жазушы-ғалым М.Мағауиннің: «XV-XVIII ғасырларды жасалған әдебиет ел мүддесін, жұрт мұратын бірінші орынға қойды. Өзіндік түр тауып, айқын ұлттық сипат қалыптасты»[37,60-б],- дегені ХХ ғасыр басында өмір сүрген Домақ шығармашылығына тікелей қатысы бар сөздер сияқты.

Бір қызығы – шешен басқа өз замандастары сияқты Кеңес өкіметін, Қазан төңкерісін қазақ халқына бақыт әкелді деп танымаған. Керісінше, ескі мен жаңаны салыстыра отырып, екі дүниенің айырмасын байқауда жітілік танытқан.
Алаштың адамының бәрі малғұн,

Кім қалды таразыға тартылмаған.


Қаңқылдап сахарада көшкен қазақ,

Заманың ендді келмес салқындаған.


Бұл үзіндіде қазақтың бұрынғы дәурені өтіп, ауыр заманы туды деген ойды ғана ұғынуға болады.

Домақ, о баста-ақ, орыс өкіметінің қатал, басқыншы, алдамшы әрекетін сезіп, әлі де қақақ халқының ұйқылы-ояу болып, қоғам дәуіріне ілесе алмай келе жатқандығына өкінеді.

Профессор Б.Кенжебаев: «Жазушының стилі, көркем шығармашылығының тілі көбінше оның негізгі материалына қарай болады, яғни, олардың басты ұнамды кейіпкерлеріне, солардың заманына, саяси-шаруашылық хал-жағдайына, қоғамдық-әлеуметтік қызметіне, тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, дүние, қоғам тануына байланысты қалыптасады» [35,137-б],- дей келе, ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының жағдайына тоқталады.

Домақ та дамуды дәріптеген, жақсылық атаулыға қазақ халқының жетуін арман еткен. Осы тұрғыдан қарағанда, ол қазақ арасындағы ескілікті, кейбір ескі қоғамдық қалыптарды сынап, халқын ілгері ұмтылуға үндейді, ел-жұртын оқу-білімге шақырады. Көп нәрседен қазақ халқының артта қалғанын: шаруашылық, мәдениет жөнінен біраз кейіндігін сынай отырып, заман ағысы жаңалықты тілейтінін еске салады.

Шешеннің кейбір сөздерінде дін туралы, дінді басқарып отырған адамдар мінезі, қылығы туралы пікірлер бар.
Туған екен пәлен молда, пәлен қажы,

Нәпсіге кім бар екен бағынбаған.

Өнері кедейлердің босқа кетіп,

Тұлпардай ұлы топта шабылмаған.


Молда, қажылардың дүниеқорлығын, нәпсі құмарлығын сынай отырып, кедейлерді теңдік алу жолындағы күреске түсүге шақырады. Соңғы екі тармақта кедейлердің ауыр азабын, қайыршылық тұрмысын көз алдымызға елестетеді.

Толғау толық аяқталмаған шығарма сияқты. Толғауда сұрақ беріп, жауап қайтару әдісін қолданады да, сұрақты да, жауапты да байыта отырып, аты қазақтың өткен дәуірдегі қателіктері мен қанына сіңген жаман әрекеттерін ақылгөйлікпен, білгірлікпен ашып көрсетіп отырады. Осы әдіспен сындарлы шеберлік танытады.


Жайлаудың болып таласы,

Елдің намыс арасы.

Ақырында не болдық?
дейді де былай жалғастырады:
Жақсы жер мен жақсы орын,

Бәрі орыстың қаласы.

Сортаң жер мен кержалақ,

Қалған жердің шамасы.

Енді көшер шамаң жоқ,

Отырсың-ау амал жоқ,

Жерің қайда баратын?
Өзекті өртеген өкінішпен қоса алдағы күннен күткен үміт, сенім, қайрат бар. Шешен осы сұрақтардың мәнін болашақ ұрпақтың толық түсініп, саралайтынына көзі жеткен.

Бұл толғауда қазақ елінің елдік салтын, тұрмысын, бірлік-ынтымағын дәріптейтін тұстары да баршылық.Шешеннің:


Ескіше жазған сөздерім,

Шығара алмай өкіндім, -


деген жолдарынан шешен өзінің өмірін мағыналы, армансыз өтті демеген. Көзі тірісінде шығармалары бағаланбағанына, басылмағанына қатты опық жегенін көруге болады.

Домақ бір сөзінде:


Жиырма сегізде алдым қаламды,

«Кәрілік» шіркін келген соң,-


деген. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім», - деп Абай айтқандай, Домақ жиырма сегізінде қолына қалам алғандығын өте кеш деп есептеуі орынды еді. Әрине, оған дейін де қол қусырып отырмаған. Сірә, талай тамаша жырлар шығарып, талай тапқыр сөздерді жастайынан-ақ айтқан болса керек. Кейде шешен сөздерін жинақы, екі немесе одан да көп тармақтардан тұрады. Олар негізінде аз сөзге көп мағына сыйғызады да, ой-өрісін тереңдете түседі, әрбір пікірінің ақыл-нақыл, өсиет мазмұнды болып келуіне көңіл бөлінген.

Домақ аты шешендікке байланады. Солай десек те оның толғауларының құрылымы ақындыққа әсте жақын тұрады. Шешендер көбінесе ойнақы, ішкі ұйқасты қара сөзді қару ететін. Ал, Домақ ақынша төгілтіп отырады. Оны өлеңге тән көптеген ерекшеліктерімен аңғарамыз.

Академик З.Қабдолов:«...әр шумақ аяқталған синтаксистік ой, жинақталған синтетикалық шындық. Ал шумақ бар жерде тармақ, тармақ бар жерде бунақ бар болатыны сөзсіз» [25,249-б],- дейді.

Домақ шешен сөздерінде тармақ түрлері мынадай болып келеді:

1.Екі тармақты шумақ:
Заман өтіп барады ағындаған,

Дауасы тіршіліктің табылмаған.


2.Үш тармақты шумақ:
Қосылса екі жаман ұя жасап,

Істелмей шаруасы арындаған,

Үйінде ыдыс қалмас жарылмаған.
Шешен шығармаларында бұлардан басқа төрт, бес тармақты шешендік толғау түрлері бар. Суырып-салма өнердің кейбір ғажайып туындысының бітім-пішіні кейде түйдектеліп, кейде тармақтардың белгілі мөлшерді сақтай бермеуі де осы өнердің табиғатына сай құбылыс. Қандай тақырыпта болсын, шешен жан-жақты толғап, өндіре айтып отырған.

Буын саны жағынан Домақтың шешендік сөздері аралас буынды, сегіз буынды, он бір буынды болып келіп отырады.

4 3

1. /Қараңғылық// надандық// = 7



3 3

//Бұлт басқан // түнмен тең// = 6

4 4

2. //Толықсыған // толқыған сөз//= 8



4 4

//Естіген құлақ // көрген көз// = 8

4 3 4

3. //Заман өтіп // барады // ағындаған// = 11



3 4 4

//Даусы // тіршіліктің // табылмаған, = 11

4 3

4. //Барақ елдің// ағасы // = 7



4 3

//Барақ// бастап/ әкелген / = 7

4 3

//Көк майсалы// құраққа/ = 7



4 3

//Ағып жатқан // бұлаққа//= 7


Осы жолдардың қайсысын алсаңызда айшықты пішінге енгізілген ұйқас. Академик З.Қабдолов: «Ұйқас өлеңнің ішкі түріне ғана емес, сыртқы сұлулығы үшін, ішкі жылуы, қызуы үшін ауадай қажет нәрсе» [25,115-б], - дейді. Акедемиктің осы талабы Домақ шешен толғауларынан да табыла береді. Төмендегі шумаққа назар аударайықшы:
Арам ойлы азамат,

Ақ сайтанның ағасы.

Жаман қатын, шабан ат,

Бәрінің бір бағасы.


Жоғарыдағы шумақтың бірінші-үшінші, екінші-төртінші тармақтары ұйқасып, «азамат», «шабан ат»», «ағасы», бағасы» сөздерінің дыбыстары бірдей, жігі бөлінбей тұтас естіледі. Сондықтан да мұны толымды ұйқасқа жатқызамыз.

Осы мысалдар Домақ шешен толғауларында орныққан заңдылық, поэзия тіліне тән ерекше қасиеттер бар екеніне дәлел бола алады. Ғалым З.Қабдолов: «Әдеби шығарма – белгілі дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі» [25,287-б],- десе, Домақ шешен шығармалары да өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын айқын көрсете білген әдебиетіміздің мұрасы екендігінде күмәніміз жоқ.

Осы тарауды «Шешендік өнер – қазақ поэзиясының бастауы», екінші бөлімін «Ақындық өнер» деп алуымыздың өзі екі бөлімнің бір-бірімен байланыстылығын көрсетеді. Кітаптың негізгі мақсаты – шешендік сөздер мен ақындық өнердің туыстығын, жанрлық табиғатын, тәрбиелік, өнер танытқыштық мәнін, сонан соң оның қалыптасу, даму жолдарын анықтау, әдеби-көркемдік ерекшеліктерін ашу, ақындық, шешендік өнердің игерілу жолдарын көрсету.

Шешендік өнер мен ақындық өнер бір-бірінің жалғасы іспетті. Өйткені қиюы қашқан қиын заманда қиядан жол тауып, халыққа рухани ғибрат бере білген шешендердің ұлылық қасиетін ақындар өз бойына дарытып, ақындық өнердің тамырын тереңдетті.

«Дала ұғымы бойынша нағыз шешен-би, ешкімнің қаһарынан қаймықпайтын, әрі батыл, әрі адал және әдет-ғұрып көп орныққан елдік салт-сананы білуі шарт болған. Халықтың осы түсінігімен жүрген шешен-билер қара қылды қақ жара әділ, ағайын-туысқа, жүзге бармайтын турашыл болғандығын халқымыз ертегідей айтып отырады»[9,140-б], – дейді ғалым Б.Адамбаев.

Ойға ұста, сөзге ділмар шешендер, ақындар халық даналығын байытып қана қойған жоқ, оны дамыта түсті. Шешендік пен ақындық өнер бір біріне туыстас болғандықтан да зерттеу обьектісі етіп алып, өздеріне тән ерекшеліктерін де көрсетуге тырыстық.

Осы екі өнердің туыстығы туралы: «Ақындық, шешендік сөздер де өнердің басқа салалары сияқты ой мен сезімнің толқыған шағында шығады, әдетте адамның ойын қозғап, сезімін тебіренткен ұлылы-кішілі оқиғаларға байланысты айтылады»[9,5-б],-деп айтады. Би, жырау, шешен, ақын категорияларын бір-бірінен ажырата қарап, әрқайсысының қызметі мынадай еді деп даралауға болмайды.

Абайдың «Биде тақпақ, мақал бар байқап қара», - дегеніне қарағанда, билер де ақындар тәрізді тақпақ сөз авторлары екендігі күмәнсіз.

Ақындық пен шешендіктің туыстығы жайында көп зерттеген Б.Адамбаев: «Ақындық пен шешендік егіз өнер. Әдетте қазақтың ақыны – шешен, шешені – ақын. Мәселен, қазақ әдебитінің классиктері: Бұқар Қалқаманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Абай Құнанбайұлы әрі ақын, әрі шешен болған» [9,5-б], - дейді. Осы пікірге біздер де толық қосыламыз.

Жыраулық, шешендік, ақындық өнерлерінің тууының шартты белгілерін жоғарыдағы бөлімдерде қамтыдық. Қазақ поэзиясына идея, мазмұн, түр жағынан бұрынғы дәстүрлі поэзиямыздың ұқсастығын қарастырдық. Дәлірек айтқанда Бұқар, Үмбетей, Шалкиіз, Жиембет т.б. дәстүрінің заңды жалғасы Байсерке, Тоқсан, Домақ, Бапан, Саққұлақ, Бектұр, Олжабай ақындар жоғарыдағы би-шешендердің әсерінің нәрлі жемісі дегіміз келеді.


АҚЫНДЫҚ ӨНЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Шешендіктің поэзиямен тамырластығы жайында алдыңғы бөлімде сөз қозғадық. Шешендік сөздер поэзияға жанасу тәсілі, сөз сарыны жағынан түрлі-түрлі трансформациядан өтеді екен. Жалпы ақындық туралы: «Ақындық талант. Шабыт. Шығарғыштық (творчестволық) тәжірибе тұрғысынан қарағанда халық ақыны мен жазба ақыны бір-біріне ұқсас» [1,22-б], - дейді Е.Исмайлов. Ақындық нағыз өнер. Ақындық өнердің өзіндік ерекшеліктері жайында әдебиетші ғалымдарымыз біраз пікірлер айтқан.

В.Г. Белинскийдің:«Ақын - қоғамның, уақыттың, адамзаттың органы және өкілі» [2,43-б],- дегенінен мынаны ұғуға болады. Суреткердің ақындық өнерінің қалыптасуы, шыңдалуы өмір материалдарын ой елегінен өткізіп барып, ақындық шабытпен жырлағанда ғана рухани олжа бола алады. Ақындық өнердің ауыз әдебиетімен оның ішінде ділмар поэзиямен байланыстығы жөнінде ғалым С.Негимов: «Ақындар халықтың ғасырлар бойы жасаған рухани-мәдени байлықтарын ана сүтіндей бойларына сіңіріп жатулары тиіс. Олар эпос тілінің дархан шалқарлығын, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалған ділмар поэзияны символикалық белгілерді, көркемдік, мәнерлегіш, құрал- әдіптемелердің алуан түрлі, сан қилы үлгілерін, қанатты, жатық тіркестерді меңгеруге, игеруге ұмтылады» [34,13], -дейді. Мұнда ақындық өнерде тарихи шындық пен адам, қоғам, табиғат мәселелері өзекті орын алатынын айтады. Біз осы тарауда қарастыратын ақындарымыз да халық поэзиясына етене жақын, солардың мұраларын жоғары бағалап, шешендік дәстүрді меңгере отырып, ақындық өнерді ұстанған Бектұр Батырқожаұлы мен Олжабай Нұралыұлы.

Бұл екі ақын да XX ғасырдың басында өмір сүріп, шығармаларын сол кезде жазғандықтан сол дәуірдің өзіндік ерекшеліктерін ашып көрсете білген.

Қай ақын қай заманда болмасын ел мақсаты мен ел мүддесін әрқашан жоғары ұстап отырған. Біз Олжабай ақынның тілі ажарлы, жыраулық-шешендік өнерді меңгерген шығармаларын оқығанда осыған көз жеткіздік. Данышпан Абай «Өмір-дүние дегенің, ағып жатқан су екен», - деп дүниенің жанды қозғалыс екендігін шебер айтса, Олжабайдың да «Тағдыр - дауыл, біз- қаңбақ», - деп тағдырды дауылға, адамды қаңбаққа теңеуі образ жасауға икемділігін көрсетсе керек. Академик З.Ахметовтің «Өлең сөздің суреттілік қуат-күші қисапсыз мол. Сондықтан идея, мазмұн, жаңа поэзияның жаңалық табуы, бейнелеу құралдары одан әрі жетіліп, өркендей беру мүмкіндігі шексіз» [4,121],-деген тұжырымы ұтымды. Бектұр мен Олжабай ақындар жазбаша да, ауызша да өлең шығарғандықтарын байқау қиын емес.

Осы ақындар өнерін, мұрасын мазмұндап берумен қатар әдебиет тарихындағы орнына, поэзияның қисындық, көркемдік бітімдеріне тоқталуды жөн көрдік. Сонымен қатар осы бөлімде Бектұрдың «Тілеуберді батыр» дастаны, Олжабайдың «Абылай қалай хан болған?» дастаны, қазіргі авторы белгісіз «Ермек қиссасын» көркемдік, поэзиялық ерекшеліктері тұрғысынан тексеруге талаптандық.


БЕКТҰРДЫҢ АҚЫНДЫҚ ҚАРЫМЫ

Бектұр ақын 1866 жылы қазіргі Ақмола облысы Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Әкесі Батырқожа кезінде арғын қуандықтағы темеш руының атақты болысы Сыпанға көп еңбек сіңірген адам. Батырқожа өз еңбегіне тиесілі ақы ала алмай, күн көрісі нашарлағаннан кейін 1897 жылдар шамасында қоныс өзгертіп, Омбы жағындағы бір күйлі туысын паналап, көшіп барады. Ол күйлі туысының аты Бектас деседі. Бұл Бектұрдың ақын болып қалыптаса бастаған шағы еді. Бектұр есейе келе әкесі қайтыс болады. Жоқтықтың зардабын көп тартады. Содан шешесі екеуі сол маңдағы Әйтен деген байдың малын бағып, шөбін жинап, тіршілік жасайды. Бектұр он бесінде-ақ шешендігімен, сөз тапқыштығымен, суырып салма талантымен таныла бастайды. Бозбала кезінде ауыл маңында болатын той-думандардың, ойын-сауықтың сәніне айналады. Қазір Омбы өңірінде Бектұр ақын айтты деген өлеңдер, нақыл-шешендік сөз көп тараған. Бектұр ақын 66 жасында дүние салады. Қазір қабірі «Балапанның Күнгейі» деген жерде.

Бектұрдың әкесі Батырқожа, Батырқожаның әкесі Байжігіт. Бектұрдан Сүлеймен (1898-1963), Әли (1901-1982) деген екі ұл туған. Мұның екеуінен өсіп-өнген ұрпақ бар. Сүлейменнен Мәкен, Бикен, атты ағайынды екеу туған. Мәкен Бектұров Сүлейменұлы бұрынғы Жезқазған педагогикалық институтының ректоры, профессор.

Профессор Р.Бердібаевтың: «... сөз өнері, сүйегіне біткен, бірақ түрлі шаруашылық қызметінде жүрген, жазғандары мен айтқандары тек шағын ортада немесе ауыз әдебиетін зерттеушілерге ғана мәлім жандар өз алдына бір төбе. Іздей білгенге бұлар көп қымбат шежіре сөз, жанды өлең ұсына алатынын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Ұмытылдыға, жоғалдыға саналып келген қаншама әдеби, мәдени мағлұмат осылардың жадында сақталған. Бабына келсе, бұлар өлеңді ауызша да, жазбаша да шығара алатындар. Мұның өзі қазақтың ақындық өнерінің бітімін танытатын нәрсе»[27,135-б],- деген сөздері тікелей Бектұр ақын мұрасына арналып айтылғандай.

Күні бүгінге дейін біз Бектұр Батырқожаұлының кім екенін, қандай шығармалары бар екендігін білмей келдік. Жалпы әдебиетте ақын не жазушы болсын, оның оқушы қауымға мәлім болуы замана ағысымен байланысты. Бектұрды кезінде замандастары мақтаған, құптаған ақын. Кейін белгілі себептермен біздің әдебиет тарихынан өз орнын таба алмай, шеттеп қалған. Бұл жағынан осы күнге дейін Бектұр ғана емес, Мағжан Міржақыптай ұлыларымызды танып, әділ бағасын енді беріп жатқанда, тарих мезгілінің сынынан өтетіндей туындылары бар. Бектұр ақынды да бүгінгі ұрпақтың біліп, бағалағаны орынды. Бүгінгі күні бідің қолымызда Бектұр ақынның бірнеше толғауы мен «Тілеуберді батыр» атты дастаны бар.

Біз Бектұр ақын жайында «АЗиЯ» халықаралық газетінің Ресейдегі тілшісі болып жүргенде 1992 жылы естідік. Ақынның бір-екі толғауынан кейін-ақ тағы қандай шығармалары бар екенін іздестіре бастадық. Оның «Тілеуберді батыр» дастанын Омбы облысының тұрғыны, шежіреші Солтон Есенболатовтан 1992 жылдың қысында жазып алдық. 1993 қаңтарында Омбы облысындағы Горький ауданының тұрғыны, осы өңірге белгілі ақын Иса Әлімовтың аузынан «Ал, тыңда, ағайын!», «Аңсаған екен дауысын», «Осы күнгі кей жігіт», «Мінезі кей жігіттің шал секілді» толғауларын жазып алдық. Бектұр шығармаларын одан әрі іздестіруге профессор Е.Өтебаев қол ұшын берді. Бектұрдың немересі Мәкен Сүлейменовты бұрыннан танитынын айтып, біздің қолымызда жоқ біраз толғауларын қолға түсіруге көмектесті. Ермек Өтебаевтың байланыс орнатуы арқасында «Ер күткен таза қатын ерден артық», «Дұға берсің қарғыстан кейін көрмес» «Өркешіне қарасам түйем артық» толғауларын 1994 жылың күзінде хат арқылы қолға түсірдік.

Тарихымыздың да, мезгіліміздің де сыны неғұрлым ұзаққа созылса, бұл туындылырға деген сұраныс пен пейіл де соғұрлым молаяды.

Біз аз да болса артына мұра қалдырып кеткен Бектұр Батырқожаұлының шығармаларын халық аузынан жинап, бастыруға біраз қызметтеніп, үлес қостық. Бектұрдың толғауларында ел аузында жатталып кеткен тапқырлық, елдік қасиеттерді бағалау, азаматтықты қадірлеу мазмұны басымдау болып келеді.

Мазмұнына қарағанда бұл толғауларда Бектұр ер жеткен шағында туған аулына барып, туған жерімен, елімен көріскендігі әсерін жазады. Ақынға көргендерінің бәрі ұнай бермейді.

Ғалым Е.Исмаилов: «...халық ақынының творчестволық тәжірибесінде фольклордан ортақ дәстүр, мотивтер үлкен орын алған. Бұрыннан сақталған ақындық өнер үлгісі, сюжет сарыны айтқыштыққа өзіндік сипат алады» [1,22-б]- дейді. Бектұр шығармаларының тақырыбы да халық ақындарыныкі сияқты жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен әр түрлі адамдық қасиеттер туралы. Осының бәрін сарапқа сала отырып, ақын ірі мәселелердің басын қозғайды.

Бектұрдың «Ал, тыңда, ағайын!» толғауы ерекше көркем шығарма. Көркемдік теңеулер толғаудың қай тармағында болсын табылып жатады. Тақырыбынан-ақ байқайтынымыз, көпшіліктің назарын өзіне аудару арқылы тыңдаушыны, оқырманды мен мұндалып шақырып тұр.

Қоғам құрылысының бір саласы - ел басқару. Қазақта: «Жігітке қиын сауда елге жақпақ» деген бір ауыз сөз бар. Өйткені ел билеушінің бәрі шебер емес, бәрі адал емес. Бектұр ақын артық баспаған, әділ болған, оның толғауларының мазмұны халық тілегімен үнемі қабысып отырады.


Ал, тыңда, ағайын!

Бектұр ақын сөйлесін.

Талай топқа көп созған,

Жасынан-ақ өңешін.

Қу домбыра тоздырып,

Тырнағынан көбесін,-


деп, көпшілік назарын өзіне бір аударып алады. Ақынның олай деп айтарға жөні бар. Өйткені жастайынан-ақ өңеші мен домбырасын бірдей безеп, тынымсыз сөйлеп, көп қажетіне жұмсаған. Сөйтеді де ақын ел билеген, жақсы атанған адамдардың бойындағы жағымсыз қылықтарды сынға алады. Жоғарыда айтылған зорлықшыл ұлық Сыпан мен Темешті:
Ісің аппақ болса да,

Амалың не, бересің.

Парашыны тойғызсаң,

Қара ісіңді жеңесің,-


деп, көпшілік алдында масқаралайды.Осы Сыпан болыс туралы С.Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешуінде» былай дейді: «Сыпан болыс - Ақмоладан шықты, атақты белгілі болыстың бірі. Патша заманында жиырма бес жыл болыс болған. Бірақ «салықтай» емес, «қу», «ақылды», «сыпайылау» адам» [7,69-б].

Осы толғаудағы аты аталған жандар ісі харам, қолы қаралы, параға бөккендер болуға тиіс. Ақын оларға парашыны тойғызбай, құтылмассың деп отыр. Шумақтағы «ақ» пен «қара» антонимдері әдемі үйлесім тауып, толғау кеіпкерлерін әшкерлеп тұр.

«Бейнелі сөздер... ақындық, эстетикалық сезімнің, дүниені образды, бейнелі түрде танып білетін және танытатын, көрсететін көркем ойдың бір ұрығы іспеттес. Әрбір бейнелі сөз - бүтіннің бөлшегі. Ол – сөз кестесіндегі жасаушы көп әшекейдің бір айшығы ғана»[4,13-б],-дейді З.Ахметов.
Сыйлады жүні жығылып,-

Батырқожаңмын дегесін,-


деп, ақын өзінің өткір тілі, салмақты ойы ғана Сыпан сықылды, Темеш сияқтылырдың таразысын басып отырғандығын айтады.

Толғаудың «Семсердей суырып бір сөзді» деген соңғы жолына үңілейікші. «Семсердей» теңеуі құнды-ақ. Мұндағы сөзді «семсердей суыру» теңеуі толғау мазмұнының өткірлігін, ақын ойының әділдігін паш етеді.

Ал, «Қай момынның жасы?» деген тармақ Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Бір адамға» өлеңіндегі «Қай момынның жасы бар бұл аяқта» деген жолдарымен үндесіп жатыр. Бұл екі ақын бірін-бірі көрді ме, жоқ па, бізге белгісіз. Дегенмен олар - тұстас адамдар.

Бектұрдың Сұлтанмахмұтпен, оның өлеңдерімен таныс болуы әбден мүмкін. Өйткені, көзі ашық, ақындық өнерді бала кезінен кәсіп еткен Бектұрдың ұлы ақынды не естімеуі, не оқымауы мүмкін емес. Тағы бір көңіл аударарлық жай Бектұр малы болмаса да, кедейліктің де құлдығына түспеген, асыл қазына - ақындығын қастерлеген адам.

«Аңсаған екен дауысын» атты екінші толғауы - Жеңіс деген інісі көпшілік жиналған ортада бір ауыз сөз айтып беруін өтінгенде айтқаны деседі.

Бектұр есепсіз сөзге құмар емес. Әр толғауының артында адам тұр.Академик З.Қабдолов: «Адам тағдыры – жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі де» [25,78-б], - дейді. Әр толғау белгілі, нақты мәселеге айналады. А.Байтұрсыновтың айтуы бойынша: «Қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау»[24,147-б],- дейді. Ақынның бұл толғауындағы бейнелеулер де сондай.


Жайқалтып енді өлеңді,

Тоғайдың қалың талындай.

Шұбыртайын сұрасаң,

Қарынбайдың малындай.

Нөсерлетіп төгейін,

Түнерген бұлтты жауындай.


«Тоғайдың қалың талындай», «Қарынбайдың малындай», «Түнерген бұлтты жауындай» деген күрделі теңеулер айтайын деген ойдың негізгі мәнін тереңдете ашып тұр. Әрине, бұл айтып отырғаны тоғай да емес, мал да емес, жауын да емес. Ақындық өнер, яғни өз сөзі. Демек, Бектұр әр сөзін бір малға немесе ну тоғайға, нөсер жауынға теңейді. Бас көтертпес бірегей сөздер, ойлары бейнелікке, параллелизмге құрылған. Бұл жолдарды оқысаң, сөзге тікелей жанастылығы жоқ сияқты, бірақ басқа жолдарда айтылатын негізгі ұғымды толығырақ ашуға аса қажет. Ой оңай ашыла бермейді. Ақын нақты ұғым, бояулы сурет арқылы айтпақ әңгімесін нығарлай түседі. Шығарма адам туралы болғандықтан, жақсы мен жаман қасиеттерін, олардың ішкі мінез-құлықтарын ашады. «Болыс-бидің бөркінен, ақынның таза кебісі», - деп, турашыл да ададықты ел билеушілер мансабынан жоғары қояды.

Ел басқарған мінезі жаман, содыр байлардың ақыл-ойынан әлдеқайда жоғары, әлде қайда маңызды халық сөзін сөйлейді, әділдік жағынан жүрген ақындар әңбегін жоғары бағалайды. Бай мен бидің жиғаны кедей еңбегінің жемісі деп көрсетеді.

Үшінші толғауы «Мінезі кей жігіттің шал секілді» деп аталады. Ол былай басталады:
Мінезі кей жігіттің шал секілді,

Шырағым, кекірейме мал секілді.

Биыл үйің түскесін, миың түсті,

Құлаған ағын суға жар секілді.


«Бірде теңеу екі нәрсені тұтас алып салыстыру арқылы жасалса, енді бірде айтылып отырған нәрсенің бір сипат белгісін, түсін, дыбысын, үнін, тағы басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрсемен салыстыру, бейнелеу негізінде туады» [4,17-б],- дейді З.Ахметов. Жоғарыдағы шумақта да «шал секілді», «мал секілді», «жар секілді» деген теңеулерді кейбір жігіттердің жаман мінезін сынауға өте орынды пайдаланған. Оғаш мінезді, халыққа жағар бір қылығы жоқ жігіттер жайын ақын өкінішпен айтады. Өзі жалқаулық, тасырлыққа мойынсұнған жігіттерді:

Біздің сөз көкейіңе қона кетпес,

Кесіп жейтін жая мен жал секілді,-
деп, бір түйреп өтеді. Ақындар қауымы қауымы өзіне жайсыз әсер еткен бір оқиғаны көріп, мезіп, күйініп, сүйініп отырады. Бұл туралы В. Белинский: «Ол қабылдағыш, түйсікшіл, әрқашан алғыр, оған кішкене ғана тиіп кетсе, электрдің тоғын бергендей дыз ете түсіп, қуанады, шаттанады, күйінеді, сүйеді, жек көреді» [2,170-б],-дейді.

Жоғарыдағы өлеңнің әрбір жолы-терең мағыналы, әділ сөзге құрылған. Сондықтан да оқушы мен тыңдаушыны баурап әкетеді. Оған бәз біреулердің мінезін айна-қатесіз көресің. Өйткені ақын ақыл-кеңесін кез келгенде отырған жоқ. Жасына жетпей шау тартқан, жан-жағына міндетсіген, басқалар алдында кеудесін көтере ұстап, үлкендік көрсететін, жөн-жосықсыз салмақтанатындарға арнап отыр.

Қазақ-қызық халық. «Ел ішінде бір тентек жүрмей ме?» деп қарайды да осы бір жағымсыз жандардың мінез-құлқын кешіріммен көтере береді. Ақын олай емес. Ол көптің мүддесін жоғары қойып, одан жоғары болмақтарға наразылық көрсетеді, тосқауыл қояды.Толғау осылай туған.

Ғалым С.Негимовтың: «Кейде ақындардың ақыл, нақыл, ғибрат жырлары тұтастай ой-қиялыңды қозғайтын теңеулерден түзіледі» [34,34-б] деген тұрыжымы Бектұр толғауларына да тән.

«Ер күткен таза қатын ерден артық» толғауы, өнеге тұрғысынан маңызды шығарма. Ерге де, әйелге де сабақ боларлық салиқалы кеңес.
Ер күткен таза қатын ерден артық,

Дін күткен таза молда пірден артық.

Мысырға патша болып жүрсең дағы,

Болмайды өсіп-өнген жерден артық.


Тамаша сөздер! Әрі өлеңдік сапасы жоғары, әрі мазмұндық салмағы жоғары. Осы төрт тармақта бірнеше мазмұн бар. Әйел ерін ардақтай білуі керек. Сонда ол әйелін күте алмайтын еркектен әлдеқалай жоғары болмақ. Молда өз ісіне берік болуы керек, сонда ол дүние діңгегін айналдырған пірден артық. Мысырға (Каирға) патша болуға болар. Бірақ ол туған жердің топырағына татымайды. Артық сөз жоқ.

Гегель: «Ақындық творчество табиғатты тура көшіру емес. Поэзия, терең мағнасында, шынайы, киелі, асыл өнер. Ақын барша құбылыстар мен заттардың негізін ұғып, түсінетін асқақ рухтың иесі»[38,190-б],-дейді. Ақындық әр түрлі. Әркім оны әр түрлі пайдаланады. Біреу іштегі ойын, алдына қойған мақсатын өлең етеді. Біреу көрген-білгенін, жиып-тергенін қорыта айтып, бейнелейді, ғажап көркем бейне сомдайды. Осы соңғы сапа Бектұрға тән.

Сөйтіп, оқырман алдында адам тұрады. Әрине ол әлі жан-жағы мұнтаздай көркем бейне емес. Сөйтсе де ол бейненің кемшілігі оқырманның ойындағы мен жалғасып, толысады. Қамқор ата бейнесін оқырман ойша толыстырады.

Адам баласы тек ісімен ғана емес, мінезі, тәрбиесімен, шыққан ортасымен, тағы басқалармен қарм-қатынасымен бағаланатын үлкен мән беріп отырған.

Атағы жоқ әкеңнен шешен артық,

Төрешіден даугердің шешені артық.

Алтын алып жаманмен дос болғанша,

Пайдасы жоқ жақсының есені артық.


Екінші тармақтағы шешен даугер тұлғасы оқырманның көркем қиялымен қабысады. Сөз жоқ, сөзін өткізе алмайтын төреші кейде шешен даугерден олқы түседі.

«Дұға берсең қарғыстан кейін көрмес» атты толғауында:


Байда қадір, ұлықта ғаділдік жоқ,

Өзгергеннің дүниенің көрмейсіз бе?,-


деген жолдар әлеуметтік өмірдегі таптық жіктелуді, адамдар арасындағы қарым-қатынас жаңалығын көрсетеді. Бұл сөзімен ол Абайдың бай мен кедей арасын көрсететін сынына жақын бұқарашылдық мұратты көксегендігін, жаңашыл болғандығын танытады. Оның бар кемшілігі - өзі көрсетіп отырған кемшілікті қалай түзеу керектігін айтпайды.
Жақсыдан жаман болып туған жастан,

Қартайса да жақсының сүйегі артық.


Қай ақын, шешенді алсаңыз да жақсы адам мен жаман адамды толғау- жырларында неғұрлым толық, кең көрсетуге тырысып отырған. Толғаулардың қайсысын алсаңыз да осы сарын басым. Адам баласын жақсылыққа тәрбиелеу идеясы үлкен тәрбиелік, насихаттық мәнге ие болған. Сондықтан, жалғыз Бектұр ғана емес, әрбір шешен, би, ақын бұл мәселеге үлкен мән беріп отыратындығы заңды құбылыс болса керек.

«Ақын жыраулар поэзиясының көркемдік кестесінде терең мағыналы сөздер ұшан-теңіз. Алдымен көркем теңеулердің нендей себептерден туындайтындығына байланысты үңілейік. Сыртқы дүниеге әсерлі мен түйсік-түсініктерді синтездейтін және өнерпаздықпен жүйеге түсіретін, болмыстың бейнелері мен моделін, әлемді көркемдік практикалық тұрғыдан игеру»[34, 30-б],- деп түсіндіреді С.Негимов. Бектұр осы талаптарға сай ақын.

Біз талдаған жоғарыдағы Бектұр өлеңдерінде де көркем сөздер мол. «Сыйлады жүні жығылып», «Құлаған ағын сулар жар секілді», «Біздің сөз саналыға тау секілді», «Шіркінді боратайын қар секілді» деген сияқты жолдар қазақ поэзиясының көркемдік кестесін айшықтандыра түседі десек, артық емес.

Бектұр Батырқожаұлы көңілге күпті мәселелерді әсерлі айта білегн ақын. Оның шығармалары көркемдігі тұрғысынан да, мағынасы, мазмұны жағынан осындай әлеуметтік мазмұнмен өлшенеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет