Фоторепортаж – журналистикадағы атқаратын қызметі жағынан репортаждың белсенді түрі. Репортаждың бұл түрінде фотосурет пен мәтін болады. Фототілші болған оқиға мен құбылысты суретке түсіріп, жедел жарияласа, жаңалық ең алдымен сурет арқылы тез арада хабарлауға мүмкіндік туады. Фотосуреттер қоса берілетін репортаждар әрқашан нанымды және әсерлі шығады.
Радиорепортаж. Репортаж – хабар таратудың көп қолданылатын жанры. Ол радионың барлық мүмкіндіктерін пайдалануға жағдай жасайды және ерекшелігін толықтай іске асыра алады. Радиорепортажда ақпараттық радиохабардың ұтымды жақтары қолданылады: жылдамдық, өзектілік, мәтіннің қысқа, әрі нақтылығы, образдық бейнелеу. Бұл туралы ғалым Н.Омашев: «Радиорепортаж – радионың табиғатына тән, оқиғаның дыбыстық суретін тыңдарманның көз алдына елестете алатын, жанды сөзбен әспеттелетін, оқиға аясындағы журналистің баяндауын табиғи шумен толықтырып, оқиғаға қатысушылардың әңгімесімен әсер етіп, тыңдарманды қайталанбас сәттің куәгері ететін ерекше жанр» [7,87-б],- деген анықтама береді.
Радиорепортаждың негізгі жанрлық нышаны – деректік, дәлдік. Репортаж уақытша материалмен байланысты. Оның жаңалығы, өтіп отырғаны, динамикалығы да осында. Ол әдетте көпшілік арасында көп талқыланатын, қызығушылық туғызатын хабарлама болады. Сондықтан радиорепортажда үш әсердің болуы маңызды: нақтылық, оқиғалы болуы, оны автордың өзі бастан бірге өткізуі.
Газетке репортаж дайындап отырған тілшінің де тапсырмасы дәл осындай, тек басты қаруы – жазу. Басқаға қарағанда, ол өз мәтінін ұтымды сөздер қолданып толықтыра алады. Радиорепортер сол уақытта бар білгенін жайып салады. Оның жұмыстағы қорында: дыбысталған сөз, шу, әуен. Ол болып жатқан оқиға, құбылыстардың дыбыстар арқылы образын қалыптастырады.
Репортаждың үш түрі бар. Оқиғалық, талдамалы-проблемалық, ақпараттық. Репортаждың классикалық түрі – оқиғалы репортаж болып табылады. Мысалы, талдамалы-проблемалық репортаж әдетте қаладағы көлік кептелісін баяндаудан тұрады. Транспорттың ағымын, ГАИ қызметкерлерінің атқарып тұрған функциясын, жолаушының сұхбатынан құралады. Бұл репортаж түрінің мақсаты - тыңдарманға болған оқиға жайлы жалпы түсінік беру. Ақпараттық репортаж тек мағлұматты ғана құралуы мүмкін. Кейде өзекті мәселені нысанаға алады. Басты міндеті – тыңдарманды ғылымда, медицинада, өндірісте болған жаңа ашулар жайында құлағдар ету. Репортаж – синтетикалық жанр. Ол өзіне бейнелеу элементін, сұхбат, комментарийді қосуына болады. Ал енді осы элементтерді репортажда ойната білу кәсіби журналистің ғана қолынан келетін дүние.
Журналистика жүйесінде әрбір жанр мазмұнына қарай қарапайым және жанрлық пішініне байланысты қайталанып отырады. Радиорепортаж өзіндік ақпарат тарату жанрында ерекше сипат алады. Ол радионың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, барлық мүмкіндіктерін жүзеге асыруға ыңғайлы жанр. Радиорепортажда ақпараттық радиохабарламаның барлық күшті жақтары бір арнада тоғысады: жеделділік, өзектілік, мәтіндердің көлемі. Мұнда публицистиканың элементтері, өтіп жатқан құбылыстардың бағалануы, олардың эмоционалдық бейнесі, кейіптік суреттелуі бар.
Радиорепортаждың ең бастапқы үлгісінде деректік, нақтылық, жеделдік белгілері өзекті ақпараттарға бағынышты. Міндеті болып жатқан құбылысты, оқиғаны жан-жақты көрсету. Репортаж уақытша ақпаратпен байланысты, мұнда жаңашыл, динамикалық жағы жоғары жанр.
Репортер әрқашанда оқиға болып жатқан жерден табылуы қажет. Репортаж – куәгердің әңгімесі, оның мақсаты – тыңдаушы қауымға болып жатқан оқиғаны көзбе-көз көріп тұрғандай етіп жеткізу. Сондықтан да радиорепортажда әрқашанда үш түрлі жағдай маңызды орын алады. Олар: дәлме-дәлдік, автордың қатысуы, тыңдарманның көңілін ояту.
Газет тілшілері репортаж дайындау кезінде ең бастысы – әдеби тілде сөйлей білу, яғни сұхбат кезіндегідей мәтінді толықтырып, жинақтап отырады. Ал радиорепортер сөйлеу үстінде ерекшелінеді. Оның қарамағында радиожурналистиканың барлық қару-жарағы қызмет етеді. Құжаттық дыбыстар, музыка, айтылатын сөздер осының бәрін бір арнаға тоғыстырып, бір арнаға құю – журналист шығармашылығының жемісі болып табылады.
Репортаж - классикалық жанрдың бір түрі. Ол оқиға өтіп жатқан жерден бірден эфирге жіберіледі. Мұндай репортажадардың нұсқасы – спорттық жарыстардың өтуі жөніндегі радиорепортаждан көрініс табады. Студияда алдын-ала жазылған репортаж өте аз кездеседі. Мұндай репортажды көбінесе жас журналист тікелей репортаж жасау тәжірибесі аз болғандықтан жасайды. Репортаждың проблемалық, танымдық түрлері де кездеседі.
Проблемалық репортаж оқиға болып жатқан жерден ( мысалы: көшедегі көліктердің қозғалысын, үлкен қаладағы ең тиімдісі көліктер көп жүріп жатқан көшеден бастап, полиция қызметкерінен сұхбат алу арқылы) басталады.
Танымдық репортаж тек қана мәселені қозғау арқылы ақпарат береді. Мұндағы негізгі мақсат – тыңдаушыны ең негізгі, қызықты жағдайлармен ғылымда, медицинада, шаруашылықта өтіп жатқан айтулы оқиға, құбылыс, жаңалықпен таныстыру. Олар зертхана, жоғарғы оқу орындарының кафедраларында болуы мүмкін.
Радиорепортаж оқиға болып жатқан жерден алынады. Мұнда сол жердегі атмосфера әсер етеді. Егер де қарапайым сұхбатта журналисті өзекті ақпарат қызықтырса, радиорепортажда тілші әңгіменің бағытын оқиғаның мазмұнына немесе туындаған мәселеге аударады. Оқиға өтіп жатқан жерден сұхбат жазу, басқа адамдар арасында журналист тарапынан тапқырлықты, өзіне деген сенімділікті және осы сенімділікті тыңдаушысына бере білу қасиеттерін қажет етеді. Сұхбат әрқашанда қозғалыста, қысқа және нұсқа болуы керек. Ұзаққа созылған сұхбаттан радиорепортаждың мәні, мағынасы бұзылады.
Комментарийдің элементтері радиорепортажда өзіндік орнымен қолданылуы қажет. Олардың көмегімен тілші тыңдаушыға түсініксіз, көлеңкелі жағдайлар жөнінде ақпарат береді. Мысалы, сәтті қолданылған комментарийге көңіл бөлейік. Журналист экзотикалық жануарлар және көне заттар жөнінде өлкетану мұражайынан репортаж береді. Қолтырауындар, ягуарлар және басқа жануарлар жөнінде әңгімелей келе, мұражайдың ғылыми қызметкерлерімен көрмедегі экспонаттар жөнінде мәлімет беруді өтінеді. Радиорепортаждың құрылымы тақырыпты ашуға бейімделуі міндетті, яғни, мағлұматты жандандыруы керек. Ақпараттық белгі берілмеуі мүмкін, бірақ ақпаратты репортер қай жерге келсе, сол жерден таратуы шарт. Репортер ең бірінші жаңашыл сипатта, қызықты жағдай жөнінде ақпарат беруі керек. Қорытындысында қайда және не туралы айтылғаны жөнінде қайталау өте қажет. Кейде журналистер мұндай ақпарат бермей репортажды сұхбатпен бөліп тастайды.
Радиорепортажда ең басты құрал – айтылатын сөз. Ол айтушының ойын және эмоциялық жағдайын дәлме-дәл көрсетеді. Сөздердің жиі ауысуы, микрофон алдында әртүрлі адамдардың сөйлеуі, рөлдердің ауысуы, әуендер, радиорепортаждың полифониясын туғызады. Бұл жерде радиохабарлама және радиосұхбат ассоциациялық, метофоралық сипатта орын алады. Радиорепортаждың қиындығы журналистке көп міндет артады. Ол оқиға өтіп жатқан жерде орынды сөз қолдану, нақты эпитет және теңестіру, мазмұндық бөлшектерін табу шеберлігін меңгеруі тиіс. Бұл жанрда суырып-салмалық өнердің рөлі өте зор. Оған көшелерден репортаждар жиі жазу, әртүрлі күнделікті өмірдегі жағдайларды суреттеу арқылы жаттығу оңтайлы.
Радиорепортердің нақты дикциясы қойылған мәнерлі, түсінікті, жағымды дауысы болуы керек. Микрофон алдында өзін-өзі жақсы ұстап, еркін қысылмай сөйлеу репортердің шеберлігін бойға сіңіруге жасалатын нақты қадамдардың бірі.
Радиорепортажға дайындалу мақсатымен журналист алдын-ала оқиға орнына барып өзіне қажетті, ыңғайлы жерді таңдауы қажет. Оған өзінің қозғалыс нүктелерін анықтап, ауыстырып отыру жағдайын ойластыруы керек. Осылай нақты өзіне мазмұнды, тиесілі орнын анықтап алады. Микрофонмен қозғалыста қайда және қалай орналастыру керектігін білу – өте маңызды. Өйткені, түрлі техникалық кедергілер бөгет жасамауы қажет.
Радиорепортажда музыка оқиға кезіндегі ең маңызды бөлшек болып табылады, яғни ол әуенді өз орнымен пайдаланса ғана бағдарламаның өзіндік эмоционалдық қажетін өтейді.
Шуыл мен әуен журналистің және оқиғаға қатысушылардың дауыстарын басып тастамауы керек. Журналист өзінің тапқан мәліметтерін сырттан тыңдағандай естіп отыруы және оны тыңдаушыға ұсына білуі керек. Радиорепортажды монтаждау уақытында әртүрлі эпизодтардың бір арнада сәтті тоғысуына зор көңіл бөлу қажет. Бұл мәселедегі диссононсты тыңдаушы тез аңғарып, оның сенімсіздігін туғызады. Кейде журналистер студияда өз ойларындағы фрагменттерді қосуы мүмкін. Әңгімелесу барысында қосылуға қалай тырысса да, дәл жазу үстінде бұл жағдай дұрыс болмайды. Яғни, мұндайды қайталамау керек. Репортаж шектеуді, нақты дыбысталуын өзінің дыбыстық біртұтастығын жоғалтады. Ең дұрысы студияда қайтадан жазғаннан гөрі, таспада бірқатар тілдік қателіктерді өз орында қалдыруы қажет.
Радиорепортаж міндетті түрде оқиға өтіп жатқан жерден жасалады. Тыңдарманның санасында сол жердің атмосферасы қалыптасуы керек. Репортер оқиға орнынан тек қана сезімін емес, сенімділігін де тыңдарманға көрсетуі тиіс. Ю.А.Летунов: «Радиорепортердың шеберлігі - оқиғаның бір сәтін немесе басты кейіпкерін ашық, толық және жарқын түрде көрсетуі, ал бастысы – бояуы жоқ, табиғи дүние» [8,69-б],-дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |