Серия (цикл)
Серия (немесе цикл) – бұл бір-бірімен тақырыптары, тұжырымдамалары, ортақ жүргізушілері, негізгі қызмет етуші тұлғаларымен өте тығыз байланысты бағдарламалардың жиынтығы. Серия - белгілі бір уақыт аралығында эфирге шығып тұратын дербес бағдарламалардан тұрады. Мысалы, заманауи журналистика туралы «Коридори четвертой власти» атты 12 бағдарламалардан тұратын цикл «НТВ» телеарнасынан көрсетілді. Оның алғашқы бағдарламасында 1988 жылдан кейін 20 жыл ішінде орыс журналистикасында орын алған өзгерістер туралы айтылып, негізгі мәселелері қаралған болатын. Одан кейінгі шығарылымдарында журналист аттап өтпейтін жаңалықтардың құндылығы туралы, этникалық келіспеушіліктер жайында, содан кейін редакцияның камерадан тыс өмірі туралы, жергілікті БАҚ туралы айтылды. БАҚ пен мемлекет, қоғамның билікті масс-медия арқылы бақылап отыру құқығы жайындағы мәселелерге ерекше көңіл бөлінген.
Қоғамды БАҚ-пен кері байланысты қамтамасыз ету – хаттан ток-шоуға дейін, баспасөздің рөлі, сайлау науқаны кезіндегі радио мен телеарнаның рөлі, БАҚ-тағы аудитория мүддесінің ұсынылуы, соғыстағы журналист, масс-медианы қаржыландыру көздері және тәуелсіздік мәселелері, БАҚ-қа жаңа технологиялардың ықпал етуі сияқты барлық сұрақтар бағдарламаның серияларында жан-жақты талқыланады. Оған белгілі отандық және шетелдік журналистер, саяси қайраткерлер, БАҚ-тың басшылары, тәуелсіз сарапшылар, қоғамдық бірлестік өкілдері, телерадио тыңдаушылары мен көрермендер қатысып отыруына болады.
Журналистік зерттеу
Публицистиканың теоретиктері бұл жанрды ұзақ уақыт бойы байқамай келген. Оны репортаж, корреспонденция, мақала жанрына да жатқызылуы заңды құбылыс. Журналистік зерттеудің қазақ журналистикасында қалыптасуы мен дамуы ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Әсіресе, 1980-90 жылдары жылдары соттық отырысты мұқият зерттейтін корреспонденциялар көбейді. Тәжірибе көрсеткендей, әр жанрдың қалыптасуы мен дамуы ондаған жылдарды талап етеді. Журналистиканың жанр теориясы тәжірибеден туындайды және тәжірибеге негізделеді. Қазақстандағы журналистік зерттеудің қалыптасуы да ондаған жылдарға созылған.
Америкада журналистік зерттеудің пайда болуы 1930 жылдармен, яғни Америкадағы экономикалық дағдарыс кезеңімен тұспа-тұс келеді. Сол кезде газеттің тәжірибесі газеттік публицистиканың жаңа жанрын журналистік зерттеуді өмірге алып келген.
Кеңес журналистикасында жаңа жанрдың пайда болуы мен қалыптасыу М.Е.Кольцовтың шығармашылығында байқалған. 1980 жылы шыққан «Теория и практика советской периодической печати» атты оқу құралында журналистік зерттеу ұғымы әлі аталмайды. Ол КСРО мен Ресей аумағында 1990 жылдардың басында пайда болғаны белгілі.
Зерттеу жанрының америкалық үлгісі мен ресейлік үлгісінің арасында біршама өзгешеліктер бар. Дэвид Вейер, Дэн Нойес журналистік зерттеу туралы былай дейді: «Зерттеуді бастай отырып жақсы дерек жинау қажет. Журналистік зерттеу жанры әлеуметтік тұрақсыздық пен түрлі революциялар кезеңінде дамиды. Журналистік зерттеуде дерек өте құнды болып келеді. Алайда репортер осы деректерді жинап, әрі реттегенде, мақалада автордың бағасы пайда болады. Ол оқырманның қабылдауына зор ықпал етеді» [31,56-б],-дейді. Осындай туындының авторы өз пікірінің объективтілігін дәлелдейді.
Журналист әрқашан өз пікірі мен дерегіне қайшы келетін жағдайлардан аулақ болуы тиіс. Журналистер үшін ең басты ереже – мақала зерттеу субъектісі жарияланбас, не тапсырмас бұрын кез-келген кінәлауға жауап беру мүмкіндігіне ие болу.
«Объективтілік» ұғымынан бас тарту «шындықтың» мақаладан алып тасталынуын не «объективтіліктің» журналистік зерттеуде маңызды рөл атқармағанын білдірмейді. Керісінше, зерттеуші-журналист бұл жағдайда ешқашан нүкте қоюға болмайтынын ескеріп, оқиға арқылы оның түп-тамырына жетіп, шындықты табуға талпынады» [33,14-б],-дейді зерттеушілер.
АҚШ журналистерінің әдістемесіне сәйкес, журналистік зерттеу әдісінің мәні – құрғақ дерек арқылы емес авторлық бағалау арқылы жетістікке жету. АҚШ-тағы журналистік зерттеудің концепциясы – қасақана еместік. Көріп отырғанымыздай, бұл АҚШ журналистикасының теориясы мен тәжірибесіндегі жаңашылдық. Отандық журналистикада деректерге шынайы мән беру арқылы, нақты, әрі тексерілген авторлық позиция көптеген талантты журналистердің шығармашылығында баршылық.
Журналистік зерттеу жанрында корреспонденция, мақала, очеркке сәйкес белгілер кездеседі. Журналистік зерттеудің басқа жанрлардан төмендегідей ерекшеліктері бар: зерттеудің мақсаты; зерттеудің пәні; зерттеудің әдісі; алынған материалды мазмұндау тәсілі өзгеше болуы тиіс.
«Журналистік зерттеудің мақсаты - белгілі бір құбылыстың, оқиғаның, жағдайдың себебін түсіндіру, толығымен нақты нәтижені туғызған, механизмді анықтау болып табылады» [33,16-б].
Журналистік зерттеу жанрының шекарасын белгілеп, негізгі өзіне ғана тән белгілерін атау мүмкін емес. Зерттеуші-журналист қоятын «неге?» және «қалай?» сұрақтары, «негативті құбылыс» - журналистік зерттеудің пәні, жанрдың міндетті белгісі – автордың болуы, мәліметтер қабылдау әдісі – бақылау, сұхбат, құжат талдау және т.б. Зерттеуші М.Шостак: «Зерттеу – жасырын деректерді іздеу. Журналист детектив сияқты деректерді жинайды, бірақ ол белгілі бір тұлғаны айыптау мақсатында емес, қоғамдағы келеңсіз жайларды анықтауға үміттенеді» [34,67-б],-дейді.
Журналистік зерттеуге байланысты бірнеше жайды ұсынуға болады. Соның ішінде: компроматты тақырыптан айыру шеберлігі, интуиция, публицистің ізденгіштік қабілеті. Зерттеу кезеңдерінің ішінде дерекаралық байланыс және болжамдар ұсынуға болады. М.Шостак зерттеудің жетекші әдісі экстенсивті сұхбат беру деп есептейді. Зерттеуші жанжал шығару туралы емес, техника мен этика, дерек көрінісі мен оқиға, сақтық пен абайлаушылық, тұйық жерден шығу жолдарын табу туралы сөз қозғайды.
Теоретик-журналистер қазақ журналистикасында танымал, кең таралған газеттік публицистика жанрлары (репортаж, сұхбат, корреспонденция, мақала, очерк) бар екені туралы айтады. Журналистік зерттеу дегеніміз не? Әдіс пе, әлде жанр ма? Екі жүз жылдық тәжірибесі бар қазақ журналистикасына жүгінсек, мынаны байқауға болады: журналистік зерттеу – бұл басқа жанрдың белгілері басым болатын әртүрлі әдіспен орындалған БАҚ-тың жанры. «Журналистік зерттеу» айдары газеттік материалға қоса шығарылмаса да, газет беттерінде көп кездеседі.
«Newsday» газетінің орналастырушы редакторы Роберт Грин: «Журналистік зерттеу - өзіндік бастамаға және жеке дара жұмысқа негізделген, белгілі бір жекелеген тұлғалар немесе ұйымдар құпия сақтағысы келген маңызды тақырыпқа арналған журналистік материал. Оның негізгі бөлшектері: журналист өзге біреу жүргізбеген зерттеулермен айналысады, материалдың тақырыбы оқырман немесе телекөрермен үшін аса маңызды, қызықты» [35,246-247-б]»,- деп анықтама береді.
Қазіргі таңда журналистік зерттеу жанры орталық және жергілікті баспасөз беттерінде кең қолданыс табуда. Әртүрлі авторлар мен әртүрлі әдіспен дайындалған зерттеулер құлақ түрерлік және дау туғызудан ешқашан қаша алмайды.
Нағыз журналистік зерттеулер экономикадан, қоғамдық өмірден, өнегелі-құқықтық қатынастардан және т.б. алынған деректерге негізделеді. Ол деректер авторлық жалпылау мен талдаудан құралып, мазмұны жағынан публицистикалық және көкейкесті, көтерген тақырыптары бойынша өзекті болады. Журналистер әртүрлі әдістер арқылы ақпарат жинайды: бақылау, құжаттарды зерттеу, сұхбат алу, деректерді бере білу шеберлігі талап етіледі.
Журналистік зерттеуге тән белгілер: фактографиялық нақтылаудың үлкен дәрежесі, публицисшілдік, авторлық ұстаным, зерттеліп отырған тақырыптың жан-жақты ашылуы мен тегіс қамтылуына жағдай жасайтын авторлық ойдың терең болуы. Сонымен, журналистік зерттеу дегеніміз – кез-келген өзекті мәселенің себебін терең, жан-жақты, объективті талқылау мен зерттеу. Бұл жерде автор мәселенің түбіне, бастауына жетуге тырысады.
Журналистикадағы журналистік зерттеуге авиациядағы жоғарғы пилотаж сияқты кез-келген журналист қол жеткізе алмайды. Ол үлкен дайындық, рухани және моральдық күшті талап етеді. Бұл туралы журналист Эдуард Полетаев: «Зерттеумен кез-келген журналист айналыса береді. Тек қажетті адамды «сөйлете» білу қажет және маңызды құжаттарды іздеуге кеткен уақытымды босқа рәсуә еттім деп өкінбесе болғаны. Қалғанының бәрі тәжірибе барысында келетін дүниелер» [35,247-б],- дейді. Сонымен, журналистік зерттеу кең ауқымды бақылауды, құжаттармен тынбай жұмыс істеуді, оны қайта-қайта тексеруді, қосымша материалдарды көптеп жинақтауды талап ететін жанр.
Достарыңызбен бөлісу: |