Меңдігүл шындалиева



бет56/76
Дата18.05.2022
өлшемі1.76 Mb.
#456877
түріОқулық
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   76
Шындалиева М.Б. Публ.жанрлары мен пішіндері

Публицистикалық очерк. Публицистикалық очеркте материалға ерекше әлеуметтік, саяси тереңдік бере отырып, публицистикалық бастама басты орын алады. Публицистикалық очерк өмірді көрсетуде қарапайымдылыққа, келтірілген суреттің қоғамдық ойын мазмұндауға бейім, мұнда образдық жүйе екінші орынға қойылады. Публицистикалық очеркке Т.Ыдырысов былай анықтама береді: «Публицистикалық очерк - әлеуметтік-саяси құбылыстардан, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының, мәдениеттің түйінді мәселелерінен келелі ой қозғау, пікір айту үшін таптырмайтын форма. Очеркист оқушылармен сыр шертіседі, ой мен сезім арқылы өз дәуірінің тынысын оқушыға жеткізуге тырысады» [11,91-б],- дейді. Сонымен, публицистикалық очеркте ойлау, сараптау, толғау басты рөл атқарады. Өз пікірінің шындыққа сай екендігіне оқырман көзін жеткізу үшін жазушы сұрақтар қоя отырып, оған жауапты өзі қайтарып, болған оқиға дәйектерін суреттейді. Мұнда сюжет емес, публицистикалық тапсырма ұйымдастырушы элемент болып саналады. Өмірдің әр қырын автор көкейіндегі сұрақпен байланыстыра отырып, шығармадағы публицистика әрқашан бірінші орында тұрады.
«Публицистикалық очеркте автор әлдеқайда кеңірек көсіле алады, оқушысының санасы мен сезіміне бірдей әсер етуге тырысады, оқушымен тікелей әңгімелесіп, шүйіркелеседі, өзі суреттеген картина турасында ойласуға шақырады» [12],- дейді 1962 жылы шыққан «Қазақ баспасөзі» бюллетені журналының №3 санындағы ғылыми мақалада.
Нәзір Төреқұловтың 1920 жылдары жазған очерктері қазақ халқының өмірінде болып жатқан сан қилы оқиғалар, заманның рухани көркі туралы болып келеді. Н.Төреқұлов публицист ретінде өз кезеңіндегі өмірдің өзекті мәселелеріне үн қосып қана қоймай, журналистиканың күрделі жанрларының бірі – очерк жазуда да өзінің білімділігін, әдеби әзірлігін байқата алған талант иесі.
Нәзір Төреқұловтың көзін көрген Ж.Арыстанов өзінің естелігінде публицистің әр қыры туралы былай дейді: “Нәзір Төреқұлов неше алуан саяси, ғылыми мақалалармен қатар очерктер, памфлеттер, әдеби сын мен фельетондар, әртүрлі маңызды хабарлар оның дарынды қаламынан тынымсыз туындап жатты” [13,57-б]. Саяси қайраткер қыруар қоғамдық жұмыстармен қатар, публицистикалық еңбектер жазып қана қоймай, редакторлық, баспагерлік жұмыстарды да қоса атқарған.
Нәзір Төреқұловтың журналистік шығармашылығындағы назар аударатын, рухани мұра ретінде қабылдап, қызығып оқитын бір саласы - оның тарихи-әлеуметтік мәселелерге байланысты жазған публицистикалық очерктері дер едік. Нәзірдің публицистикалық очерктерінде алған тақырыбын терең зерттеп, көрген, білген, көкейіне түйгендерін оқушысына ұсынып отырған. Н.Төреқұловтың журналистік шығармашылығына филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Қожакеев былай деп баға береді: “...Нәзір негізінен сыни материалдар жазған. Оларын ерекше екпінмен, адуынды арынмен, сын объектісін ықтыра, бұқтыра жазған. Нысанаға алып, діттеген адамдарын сілкілеп, шаңын қаға, есін кетіре, сауырлап-сауырлап тастайтын болған” [14,211-б].
Өз кезеңінде автор әрбір тарихи оқиғаларға байланысты жеке көзқарасын білдіріп, қазақ халқының ұлттық мүддесін әр қырынан алып, ХХ ғасыр басындағы төңкерістердің шиеленісу, қазақ халқына тигізіп отырған әсерін нақты ғылыми тұрғыдан дәлелдеп береді. 1918 жылы жазған “Екі өзгеріс” деген публицистикалық очеркінде Нәзір Төреқұлов уақытша үкімет, оның қол қойып отырған талаптары, Ресейдегі саяси күштер мен Қазақстандағы саяси ағымдардың құрамы, мақсат-мүддесіне кеңінен тоқталады. Осы публицистикалық очеркі шыққан “Қазақ мұңы” газетінің жауапты редакторы Нәзірдің өзі болған. Газеттің бірінші санында редактордың “Торғай съезі” атты публицистикалық очеркі басылады. Нәзір Төреқұловтың шығармашылығын зерттеуші ғалым Жолтай Әлмешов бұл мақала туралы пікірін былай түйіндейді: “Бұл материал өзінің тілімен, маңыздылығымен ерекшеленеді. Қазақ еңбекшілерінің мұң-мұқтажын баса сөз еткен бұл мақала ресми мақаладан гөрі толғанысқа көбірек ұқсайды. Әрбір сөйлемнің астарында Нәзірдің ащы тілі, “мақтамен” бауыздайтын тапқыр теңеуі байқалып отырады” [15,40-б]. Біздің ойымызша, Нәзір Төреқұловтың “Торғай съезі” публицистикалық очеркке жататын сияқты. Себебі, онда әлеуметтік-саяси құбылыстарға, қазақ халқының түйінді мәселелеріне байланысты ой қозғау, пікір айту, қарапайым халықпен сыр шертісу формасын таңдаған. Публицист өз ойы мен сезімі арқылы өз дәуірінің тынысын, сол кездегі өмір картинасын көз алдыңызға елестетеді. “Қазақ не істесең, соны біреу істе деп айтты деп, құр селқос істей салма, осы істі істегенде тұрмысыма пайда бар-ау деп, өз ырқыңмен сүйсініп істе” [15,43- б],- деп оқушымен шын сыр бөлісіп, шүйіркелеседі. Бұл публицистикалық очерктің ерекшелігі автор көкейіндегі ойды өз атынан баяндап, ой-өріс диапозонын, ақыл-парасатын, әр қилы мағлұмат-бағдардың молдығын байқата білген.
“Съезде бір күдікті мәселе – жер мәселесі еді. Осы кәмәсияда жүз елу шақты адам қосылып, әр мәселені қырық өлшеп, бір кесте ережесі бойынша іс атқарғандықтан жақсы шықты. Жер кәмәсиясының докладшысы бұрыннан іс басында тұрып ысылған Т.Таврилов болуы кәмәсияға өзгеше бір ажар берді” [15,43-б], - деп сол кездің де, бүгінгі күннің де тәртібінен түспей отырған жер мәселесіне өз пікірін білдіреді. Мұнда публицистикалық очерктің компоненттері молынан пайдаланылып, фактілерді іріктеп, шығармашылық електен өткізіп, әлеуметтік мәні бар мәселелерді қозғай білген деуге болады. “Үміт етеміз, Торғай облысындағы қазақ пен орыс тату тұрса, қолда барды әділдікпен бөліп тұтынса, облыстың байлығы екеуіне де жетерлік” [15,43-б] деген жолдардан публицист сол кездегі замандастарының рухани көркі мен сыр-сипатын жақсартуға шақырып, уағыздайды. Бұл очеркте әскери өнер, салық, жаңа келген үкімет, сайлау, советтендіру туралы да айта келе, нәтижелі үгіт-насихат жүргізгенін де айқын көруге болады. Сонымен, Нәзір Төреқұловтың “Торғай съезі” очеркі - ХХ ғасыр басындағы қазақ тұрмысындағы оқиғалар мен құбылыстарды батыл, терең талдап, тартымды тілмен жазған тегеурінді публицистикалық очерк.
Қазақ әдебиетінде публицистикалық очерк туралы келелі пікір айтып, оның өзіндік ерекшелігін Т.Ыдырысов былай түсіндіреді: “Публицистикалық очеркте автор әлдеқайда кеңірек көсіле алады, өз көрген-білгендерін кірістіре алады, оқушының санасы мен сезіміне бірдей әсер етуге тырысады, оқушымен тікелей әңгімелесіп, шүйіркелесуі, өзі суреттеген картина турасында ойласуға шақырады” [9,91-б].
Нәзір Төреқұлов та өзінің публицистикалық қарымын тіл мәселесіне бұрған тұста оқырмандармен тікелей әңгімелесіп, өзі әңгіме етіп отырған мәселе турасында халықпен ойласуға шақырады. 1925 жылдың 28 қарашасында “Қашан болады?” атты публицистикалық сарындағы кең философиялық түйіндермен құнды мәселе төңірегінде әңгіме қозғайды. “Қазақ тілінің үкімет тілі, мемлекет тілі жарияланғанына талай уақыт өтті. Сөйтсе де, әлі қазақтың “дара әліппесі жоқ”, жазба машинкасы жоқ. Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді бұрын езіліп келген ұлттық тілі кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана, бел, буыны қатады” [15, 62-б]. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған бұл пікір бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе екенінде дау жоқ. Автор ауқымды мәселені жеріне жеткізе жазып, қазақ тілінің зәру проблемаларын публицист көзімен көре білген. Сол кездегі тіл саясатын бағалай отырып, қорытындылары мен тұжырымдарын әрі нанымды, әрі дәлелді бейнелейді.
“Екі өзгеріс” деген публицистикалық очеркінде Нәзір нақты өмір шындығын көркем публицистикалық тұрғыдан ашып көрсетуге бағындырған. Келтірілген деректердің бәріне дерлік көркем публицистикалық тұрғыда талдау жасауға, өз қабылдауындағы, түйсігіндегі бейнені суреттеуіндегі дерек туралы әңгімелейді. Мысалы: өткен жылдардағы өзгерістерге тоқтай келе, төңкеріске дейінгі және одан кейінгі халық жайын әңгімеге өзек ете келе, бұл өзгерістердің соғыс, аштық пен жалаңаштық арқасында келгендігіне оқушының көзін жеткізеді. Уақытша үкіметтің кемшілігін, кеңес үкіметінің артықшылығын түйіндей келе, екі өзгерістің де халық үшін алға басушылыққа алып келе жатқанын көрсетеді.
“Екі өзгеріс” Нәзір Төреқұловтың заман тарихын суреттеген, сол кездегі өмір құбылыстарының шежіресін жасауға қол жеткізген, саяси ұстамдылық таныта отырып, сол кезеңдегі тұрмыс пен мораль мәселелері жөнінде салиқалы ой-толғанысын ортаға салған шығармасы.
Нәзір Төреқұловтың публицистикалық мұрасынан байқайтынымыз - қай туындысын алсақ та, өз кезеңінің желпінісін, келелі істердің әуенін, дәуір үнін, сол оқиғалардың лебін сезініп отыруға мүмкіндік бар. Нәзір ұлт мәселесіне арнаған “Ұлт мәселесі 3-ші Интернационалдың 4-ші конгресінде” [15,47-б] атты публицистикалық мақаласында ұлттық қарым-қатынастардағы бұрын ашып айтылмаған жайларға талдау жасап, ұлттар мүдделерінің тең құқықтығы туралы көп сырлар жатыр. Бұл мақаладан автордың саяси өресі мен білім көкжиегін көрсете білгеніне куә боламыз. Еуропадағы пролетариат, буржуазия дүниесіне кеңінен түсінік бере келе, күншығыс халықтары мен Еуропа пролетариатының да жауы бар екенін таратып түсіндіреді: “Ұлт мәселесі жайынан” [15,48-б] мақаласында да Ресейдің отарлау саясатын, зардап шегіп отырған ұлттарға іш тартып, ұсақ ұлттардың бөтен бөтен ұлттарды билеп үйреніп қалған әдетін әшкерелей отырып, ұлттарға сенімсіздігінің түбін ашып көрсетуі публицистің саяси сауаттылығын дәлелдейтін тұсы деуге толық мүмкіндік бар. Публицистің қай мақаласын алсақ та, қарапайым халықтың саяси сауатын ашу, көкірек көзін ояту мақсатын ұстанғанын байқаймыз.
Нәзір Төреқұлов өмір кешкен дәуір мен орта өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Публицистің өз заманында атқарған ісі мен журналистік мұрасы баспасөз тарихындағы тұтас жүйе болып саналады. Ол - қазақ елінің ұлт мәселесіне, тіл, әдеби-сын мәселесіне үн қосып, бірнеше дүркін мақалалар жазып, қоғамдық-саяси мәселелер төңірегінде публицистік қарымын танытқан қоғам қайраткері, мұсылман халықтары арасынан шыққан тұңғыш елші ғана емес, қаламы қарымды журналист ретінде де қазақ баспасөзі тарихында өзіндік орны бар тұлға демекпіз.
Кейініректе жазылған қазақ әдебиетіндегі публицистикалық очерктің үздік үлгілеріне М.Әуезовтің «Алтындай асыл болашақты ұрпақ бар», Ж.Молдағалиевтің «Күй толғауы», М.Қаратаевтың «Көзі ашылған бұлақтар», С.Мәуленовтің «Жұмысшы – ардақты ат» очерктерін жатқызуға болады.
Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов шығармашылығының бет-пердесі көсемсөзден басталады. Әсіресе, 1930 жылдары жазған көсемсөздерінде ұлт қамын жеген, ел болашағына алаңдаған ойлары мен байламдарының мәні ерекше. Жазушы кейініректе әлемге әйгілі роман-эпопея туғызып, суреткерліктің шеберлік шыңына жеткен шағында да өз заманының тарихын, өзі өмір сүрген кезеңнің қарапайым еңбекшілері мен қаһармандарын суреттеу үшін көсемсөзге қайта-қайта айналып соғып отырды. Өзінің болашақ романдарына апаратын жолды да осы көсемсөз арқылы дайындық жасап барып, сара жол тауып отырды десек қателеспеспіз.
Мұхтар Әуезов публицистикалық мұрасының ішінде очерктері - қаламгер шығармашылығының жеткілікті дәрежеде зерттелмей, назардан тыс қалып келе жатқан қыры. Жазушы очерктерінің күрделі эволюциясы, публицистік шеберлігінің шыңдалу кезеңдері арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. Публицист ойынан туған әрбір очеркі өз заманының толғағын толғап, қазақ елінің көкейкесті проблемаларын алға тартуға арналып отырған.
М.Әуезов очерктің барлық түріне қалам тартқан, соның ішінде жолсапар, проблемалық, портретті, оқиғалы очерктерінің шоқтығы биік және мәні терең шығармалары деуге болады.
Жазушы 1933 жылы Түлкібас пен Жуалы аудандарына сапар шегіп, осы аудандар өмірімен етене танысып, еңбек адамдарымен тікелей жүзбе-жүз кездесіп, сырласу, әңгімелесу арқылы көрген-білгендерін, сезген-түйгендерін сұрыптап, осы шығармашылық сапарының нәтижесінде «Жуалы колхозшысы», «Сөз алған – тау сағыз бен көк сағыз», «Біз әткөшнекпіз», «Істер сөйлейді» атты публицистикалық очерктер жазған. Бұлар жанрлық жағынан жолсапар мен публицистикалық очерктің элементтерін өз бойына сіңірген және сапар кезінде көрген оқиғаларына, кездескен адамдарына көркемдік реңк бере отырып суреттейді. «Жуалы колхозшысы» очеркінде бірнеше еңбек адамдарының бейнелері сомдалып, публицист сол арқылы ауданның шаруашылық жетістіктеріне кеңінен тоқталады. Күздің бұлыңғыр күнінде аудан орталығы Ванновка жанындағы көпірді қалыпқа келтіруге аттанған үш жұмысшыны оқырманға өзара әдемі диалог арқылы таныстыра келе, бірден еңбек адамдарының портреттерін сомдаған очеркші олардың мінез-құлқын, отбасы жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, жұмыс істеп жүрген колхоздың еңбек ырғағын да шебер суреттеген.
«... Мәметпен қатар отырған Ырысбек торы дөненге иегін нұсқап:
- Мынау тартады ! Мынау,- деп көрсетіп,- тек заты әлсіз бе дейім,
әрдайым тартпайт жүдә! Ия, а, а, һ !- деп нағыз дауыспен көкті тықсырыңқырап қойды.
Ырысбек – қызыл күрең, еңбекке піскен, ірі денелі, сом етті. Өзі де көңілді. Даусы қатаң. Әрбір қозғалыс қимылында иелік, өз-өзіне сенімділік екпіні бар. Әңгімеде ақ тістерін ақсита жиі-жиі керіп қояды. «Шұқырбұлақ» колхозындағы екпіндінің бірі. Жақында бір бұзаулайтын сиыр алыпты.
Үшінші Қалдыбай. Ұзын бойлы, ол да ажарлы, денелі» [16,6-б].
Соғыстан кейінгі жылдары М.Әуезов қаламынан туған шоқтығы биік публицистік шығармасы - «Түркістан солай туған» очеркі. Жазушының аталмыш очеркі тың туралы және 1955 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 12- ші санында жарияланып, кейіннен жеке кітап болып шыққан.
Қазір тың игеру туралы екі ұшты пікірлер айтылып жүргенімен, очерк заман ағымы ыңғайында жазылғандықтан, біз оның көркемдік белгілеріне назар аударамыз. М.Әуезовтің бұл шығармасына өз уақытында лайықты баға берілген. Сәбит Мұқанов М.Әуезовтің 60 жылдығына арналған баяндамасында: «Мұхтар очерктер де жазды. Солардың ішінде көпшіліктен жақсы баға алғаны - тың және тыңайған жерлерді игеру тақырыбына арналып 1955 жылы жазылған «Түркістан солай туған» деген очеркі» [17,14-б], - деп атап көрсетіпті. Публицист тың совхозының тыныс-тіршілігіне байланысты ұтымды сюжет желісін тауып, бір-бірімен жалғасып жатқан оқиғалармен әдемі өрбітеді. Сабақтас алты тарауда бірнеше адамдардың бейнесі сомдалады. Сол адамдардың кескін-келбетін табиғат көріністерімен астастырып суреттеу де қаламгер шеберлігін көрсетеді. «Түпсіз кең, мөлдір көк аспанда шырқау бір биікте салқар-салқар топтарымен ақ қанаттары күнге шағылыса соншалық мол аққулар өтіп жатты. Сұңқыл-сұңқыл әдемі бір үндері кейде тына қалып, тыңдаған жанға ақ қанаттардың сытырлаған үндерімен ілісе жетеді» [16,37-б], - деген сөйлемдердегі табиғат суреттері арқылы егіс даласында жүрген Нина Петровнаның жайдары көңіл-күйі әдемі астастырылады. Бұл психологиялық параллелизм де – очеркистің шеберлігін айғақтайтын бір мысал. Академик З.Қабдоловтың: «Осының бәрі жан тебірентер ғажап, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар тұтас бір образ, адам мекені, халық мекені – дала образы» [19,92-б] - деген тұжырымы осындайда айтылса керек. Очеркте келелі проблемалар, көкейкесті мәселелер қозғалып, әлеуметтік мәні бар қорытындылар жасалады. Бұның бәрі шығармада кейіпкерлер характері, лирикалық шегіністер арқылы ашылып, пейзаж, диалог, психологиялық детальдардың шебер қиыстырылуынан туындайды.
Очерктің басынан аяғына дейін бірнеше оқиғалардың куәгері боласыз. Ол оқиғалар кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы, әңгімелесуі, еңбек етуі негізінде қалыптасады. Бұл очерктің жанрлық жағын айқындайды. Сондықтан да болар, профессор Т.Қожакеев «Түркістан солай туған» очеркін «оқиғалы очерк» санатына қосады [19,20-б].
Осы тәрізді «Ер серігі - сергек ой» (Жауынгер полковник Б.Момышұлының басынан кешкен бір хал баяны), «Оның аты – екінші», т.б. очерктерін де оқиғалы очерк жанрына жатқызуға болады.
М.Әуезов очерктерін зерттеу барысында жазушы шеберлігінің негізгі үш қырына тоқталуды жөн көрдік. Олар: деректерге тіл бітіру өнері, кез келген публицистік шығарманың жүрегі – факті десек, фактілерді «сөйлетуге» келгенде, ұлы суреткер М.Әуезов ұтымды тәсілдерді тыңнан тауып қолданады. Бұл тұжырымға дәлел ретінде оның - «Жуалы колхозшысы» очеркін алсақ та жеткілікті. Очеркте автор кеңшар жетістіктерін айғақтайтын нақтылы деректерді тізбектеп жеткізбестен, оны кейіпкерлердің аузына салуды жөн көреді.
«Мәмет көселеу сары жүзін артта отырған бізге бұрып қарап, колхоз жайын айтады.
- Еңбектен біз қорықпаймыз. Біздің «Шұқырбұлақ» Жуалыдағы қазақ колхозының алды. 750 га астық ектік. Өкіметке жаңадан 17 мың пұттан аса бидай бердік. Астық жинауға өзіміздікін бітіріп тастап, жанымыздағы «Азаттық» колхозы - өзбек колхозының да 100 га бидайын орып бердік» [16,7- б]. Осы үзіндіде келтірілген деректер үстірт айтыла салғанда, оқырман назарын аудара алмайтындығы өз-өзінен түсінікті. Шаруашылықтың жаңағыдай табыстарға жетуі сонда еңбек ететін азаматтар арқасында емес пе? Әуезовтің колхоз жетістіктерін баяндайтын әңгімені қарапайым колхозшының аузына салуының кілті осында. Фактілерді сөйлете білуі жайына тоқтағанда, айта кетер жайт, осы очеркті жазу үшін автордың қалай факті жинақтап, қалай ізденгені жайында да дәлелді деректер бар. Мәселен, М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейінде сақталған «Жолдан» деп тақырып қойылған қойын дәптерінен бір мысал келтіре кетейік:
«Сапар Тілеуімбетұлы:
«Красная звезда» колхозы 104 үй едік, соның 24 үйі қазақ, әр рудан. Былтыр бір сиыр алдық. 10 пұттан жүгері, 15 пұттан тары алдық. Еңбек күнім 335 күн, әр күнге 1 кг алдым. Ақшалай 180 сом алдым. Мен ертеден орысқа жақын жүруші ем. Әкем Ақтөбеге алып кетіп еді, шешем қайта әкелді. Көкірекпен екі арада жаяу жүрдім. 1928 жылы қазақ колхозына кірдім. Кейін орыс колхозында болдым. Шошқа баққанды кім жемейді. Енді қоян асырайын деп жүрмін. Пошта істеуші еді ғой, онда Масат еді, енді Көкірек (Ванновка) аралас. Егісте, қырманда премия алдым. Балам бар, он жаста... заем оқып біле алады. Өзім оқымадым» [16,1-44-б]. Бұл кейіпкерлермен әңгіме барысында алынған жалаң фактілер ғана. Ал, очерктің газеттік нұсқасындағы осы деректердің қалай пайдаланылғанына назар аударсақ, автордың фактілерді іріктеп-сұрыптауындағы, оны шығармашылықпен жандандырудағы публицистік шеберлігінің куәсі боламыз. «Көркем-публицистикалық жанрлар тобына жататын очерктің басты ерекшеліктерінің бірі – онда публицистік фактілермен бірге көркемдік белгілердің болуы да шарт» [20,30-б],- дейді ғалым Т.Амандосов. Табиғат тұлғасын сомдауға, табиғат көріністерін суреттеуге келгенде, М.Әуезов таланты жаңа қырынан көрініп, сұлу сөздерден салынған әсем көріністер шығармаға жан бітіріп қоя береді.
«Әуезов пейзажы – бай палитраның түрлі-түсті бояуларымен келістіре салынған сурет қана емес, шынында да құдды жанды адам: дем алады, қозғалады, жадырайды, күледі, жылайды - дәл адамша әрекет етеді» [18,92-б],- деген академик З.Қабдоловтың тұжырымы осындайдан туындаса керек. Шындығында да, Әуезов пейзажы оның қай шығармасының шырайын енгізетін көркемдік компонент. М.Әуезов табиғат көріністерін суреттеуге келгенде көсіліп сала береді және жай ғана суреттеп қоймайды, табиғаттың келбеті, реңі, бояуы арқылы адам бейнесін аша түседі. Мысалы «Түркістан солай туған» очеркінде: «Аспан ылаңы әлі айықпаған. Жақын заманда айығардай түрі де жоқ. Жұмырланған қою сұр бұлт қана қаптаған. Жотадан айналаға көз жіберсе, көз тоқтатарлық бірде-бір қарауытқан бұдыр жоқ. Тек қана ақ көрпесін қалың жамылған, дүңкиген қалың-қалың жоталар жатыр. Кей жақта көкжиекке шейін созылып жатқан ұшан-теңіз ақсұр дала, суық дала жүргіншілерге әлі соншалық жат, жұмбақ. Бірде-бір жерде адам жайы білінбейтін» [16,8-9-б]. Осы эпизодтан қақаған қыста иесіз далада келе жатқан жолаушылардың кейпін, ойын, көңіл-күйін, іс-әрекетін аңғарғандай боласыз. Публицист табиғат суреттері арқылы адам тұлғасын сомдайды. Бұған мысал «Көктемнен бері» очеркінің пердесін ашатын табиғат көрінісін суреттеген алғашқы сөйлемдер сөз зергерінің шын шеберлігін байқатады.
«... Кешелер қар жатқан бергі беттегі балапан Алатаулар бүгін ала-құла боп қарауытқан шал бас тау бопты. Күн ұзын бөктер ойымен арғы төмен ойқыл далаларда қалың сұр тұман қалықтап жүр...
... Алатаудың ең бөктерінде биікте тұрған бізге осы қалың бұлт-тұманның үстінен аспанға асылғандай боп, Құландының қарлы басы, Қаратаудың жотасы, Киіктінің де төбесі көрінеді. Әншейіндегі аласа адырларды төмендеп орнаған қалың бұлттар арқаларына міндіріп, аспандатып әкеткен сияқты» [16,13-б]. Оңтүстік өңірінің табиғатын бұлтартпай көз алдыңа әкелетін осы суреттер оқырманды бірден баурап алады да, әрі қарай оқуға жетелейді. М.Әуезов пейзажында теңеу, эпитет, метафора, метонимия, синекдоха сияқты көркемдік компоненттердің барлығы да кездесіп отырады.
«Қарғалы совхозында өткізген төрт күн» очеркінің әр жерінде кездесетін табиғат суреттері, қойлы ауыл көріністері жазушының жан тебіреністерінен, жүрек түкпірінен қайнап шығып жатады. Мәселен, даланың таңғажайып табиғаты жайлы жол үстіндегі мына бір толғаныс оқырманды сол далаға, сол табиғат құшағына жетелейтіндей.
«... Жолдың екі жағы қалың көк, бойлап шыққан жусан, ақ-қызыл гүл атқан қалың шатыр. Ара-арасында бала күнде «қан қызы» деп қуалайтын қызыл қанат, қара оюлы үлкен көбелек болушы еді, дәл сол сияқтанып жаңадан басын жарған қызғалдақтың үлкен қызыл гүлдері көрінеді. Жусан басын изелткен салқын самал бұның да сабағын дірілдетіп, дірілдеген сайын қанатын жалт-жұлт қағып отырған орнынан көтеріліп, ұшып жөнелетін көбелекке ұқсай түседі. Кейде әлдеқандай ұзақ жоталарға көзің түссе, тұп-тұтас толқынды қызыл торғын жамылғандай боп құлпыра қалады. Бұл - тұтасып қалың біткен қызғалдақ жоталары. Анда-санда жалғыз-жалғыз боп шашыраған үкі көзіндей сап-сары бәйшешек жарық беріп қалады...» [16,34-35-б]. Осы үзіндідегі тіл байлығы, тамаша теңеулер қызылды-жасылды бояуымен көз алдыңа табиғаттың өзін алып келеді. Тіпті, сол әсемдіктің құшағынан шыға алмай шырмаласың да қаласың. Бала кезінен ауыл табиғатымен бетпе-бет тілдесіп, әр тал гүлімен сырласып, ұшқан көбелекпен бірге қанат қаққан жанның жазысындай әсер қалдырады. Шығарманың шырайын енгізіп, әр жерінде әрлендіріп отыратын мұндай пейзаждар Мұхтар Әуезов очерктерінде көп-ақ.
Очеркші шеберлігі қойлардың сыртқы бітімін суреттейтін мынау штрихтардан да көрінеді: «Мынау – орақ бас, биік бойлы, тегене құйрық, үлкен қойлар – сол Еділбай»; «Аттай керілген имек денелі, үлкен бас, орақ тұмсық Еділбайлар кейде таң құйрық, кейде салпы құйрық болып өзгереді екен»; «Өздері мықынды, бүйірлі, бөшке бейнелес». Келтірілген мысалдардағы бейнелеу элементтері шығарманың көркемдік деңгейін көтеріп, айтар ойын айшықтай түседі.
«Ақын елінде» көркем очеркіндегі Мұхтар Әуезов қаламынан ғана туатындай әдемі табиғат суреті бірден баурап алады. Автор: «Қазіргі Құндызды, Мұқыр ауылдары отырған Шет, Құндызды, Сарықорық, Мұқыр-Тақыр дейтұғын өзен, өлкелер ол күндерде Сыбан, Тобықты, Мырза-Жөкен, Мамай, Көкше деген сыбайлас елдердің мекені болған... Абай айтты деген сөз, істеді деген іс, көрді деген хал, Абай болды деген той, ас, сияз, құс салған Арқат, Байжандай тастары, Қан мен Қарақойтас сияқты шат-шатқалдары - бәрі-бәрі де ақын асып өткен бел-белестей аңыз сияқты әңгіме шертіп тұр» [16,88-б],- деген тұсында жағрапиялық дәлдікпен аталған жер-су аттарын қиял көзімен тарих қойнауына қайта сүңгітіп сыр шертсе, енді бірде: «Түс ауа бастағанда Есболаттың Қарасуына жеттік. Бұл ұзын өзен, шалғын Оразбай қонысы... Сондай- сондай Абай тұсында болған көп-көп оқиғалардың куәлары Бұғылы, Бестамақ, Мәйімбет сияқты биік тау, қалың адыр, көп қырқалар жатыр...» [16,93-б],- деп, оймен өткенге оралады. Көнекөз қариялардан естіген әңгімелер Абай заманының сан-сан оқиғаларын жазушы көзіне елестетеді және қасиетті мекеннің әр нүктесі, тау-тасы қаламгер санасында тірі шежіредей сөйлеп береді. Жолда көрген аңшылық оқиғаларын да жазушы әдемі суреттерге ұластырады. Қазақ әдебиетін шырқау биікке көтерген «Абай жолы» роман-эпопеясында жоғарыда көрсетілген жер-су, тау-тас түгелдей кездеседі. М.Әуезовтің бұл очеркі үлкен шығарманың кішкене баспалдағы тәрізді.
Осы тұста жалпы шығармашылық қызметін публицистикадан бастаған М.Әуезовтің өзіне тән жазу мәнерінің бет-пердесі ашылады. Жазушының қашан да көлемді деректі әдеби шығармаға барар жолда сол тақырып төңірегінде бірнеше көркем очерктер мен мақалалар жазатындығы. Публицистиканы кесек әдеби дүниелерге бастайтын баспалдақ тұту – М.Әуезов шығармашылығының ерекшеліктерінің бірі деуге әбден болады. Бұл тұжырымды жоғарыда айтылған «Абай жолы», аяқталмаған «Өскен өркен» романдарына деректер жинақтау барысында мерзімдік басылым беттерінде әр қилы жанрда жазылған публицистік шығармалары айғақтай түседі.
Ш.Мұртаза - қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар дара тұлға. Жазушылық пен журналистік тізгінді қатар алып келе жатқан тұлғаларды жан-жақты зерттеп, қаламынан туған дүниелерді жанрларға бөліп талдау, оның ішіндегі очеркистік қырын арнайы саралау - үлкен парыз. Шерхан Мұртазаның шығармашылық пен қайраткерлік жолы қазақ журналистикасы арқылы қалыптасып, сол арқылы оқырманға танылған. Қырық жылдан астам уақыт қаламын қолынан түсірмеген майталман жазушы - ел өмірі, ұлт тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, жақсысы мен жасығы туралы кестелі ойларын ортаға салып, қазақ әдебиетіндегі публицистика жанрының қанат жаюына сүбелі үлес қосқан бірегейлердің бірі.
Автордың публицистикалық жанрда жазған еңбектері алдымен баспасөз бетінде жарияланып, кейіннен әртүрлі жинақ болып жарық көріп келген. “Алғашқы қадамы” 1958 жылы “Құрылысшы Дәку” атты очерктер жинағынан бастау алса, 1990 жылдары “Жазушы” баспасынан “Не жетпейді?” атты таза публицистикалық туындыларын жинақтайды. 1998 жылы “Қазақстан” баспасынан “Елім саған айтам, елбасы, сен тыңда!” атты эпистолярлық жанрда жазылған кітабын оқырман қауым жылы қабылдады. Жазушының бұл кітаптарындағы очерктерінің өзегі – өмірлік қым-қиғаш оқиғаларды жедел таразылап, саралап, сыни көзбен ақиқат безбеніне салып игеруге күш-қуат жұмсағаны айғақ.
Шерхан Мұртазаның шын мәніндегі көркем публицистикалық очерк талаптарының биігінен танылған туындылары баршылық. Соның ішінде, Шыңғыс Айтматовтың 60 жылдығына арнап жазылған “Шыңғыс және шындық” атты көркем публицистикалық очеркінде жазушы оқырманын кейіпкермен былай таныстырады: “Адамның бойы таудан аса алмас. Ал сол асқарлардан асып көрініп, бүкіл әлем таныған, талантына таңырқаған адам бар. Ол – Шыңғыс Айтматов” [21,90-б],- деп, жазушы өзі берген баға, ой-пікірге жауапкершілікті өз мойнына алады.
Ш.Айтматовтың “Ақ кеме”, “Әселім”, “Ботакөз”, “Боранды бекет”, “Жан пида” шығармаларындағы Қазақстанға байланысты тұстарына очеркші ерекше мән бере отырып, заңғар жазушының бауырмалдығын, ұлы парасаттылығын көсемсөз құдіретімен жеткізеді. Очеркші Ш.Айтматовтың көтерген өзекті проблемаларының бірлі-жарымына ғана тоқталады да, әлем, адамзат алдына қойылған сансыз сұрақтар тұрғанын нақты мысалдармен ашады. Адамзаттың өз тарихын, ата-баба дәстүрін, тілін, салт-санасын ұмытуы мәңгүрттік екенін, Айтматовтың пайымдауынша, бұл ұлттық трагедияға ұрындыратын үлкен қауіп өз арамызда екендігін оқырманына қарапайым және түсінікті тілмен жеткізе білгендігін жеріне жеткізе суреттеген очеркші біраз көркемдік құралдарды пайдаланған. Соның ішінде, ұлы жазушының әдеби портретін нанымды жасап, жазушы қауымның қиын да қызықты еңбегін өрнектейді. Бұл очерктің жазылу әдісі де өзгеше. Автор Шыңғыстың Қазақстанмен байланысы, туыстығы, қазақ өмірі мен қырғыз тіршілігі арасындағы ұқсастықтарды салыстыра сыр шертеді.
“Fабит Мүсірепов - тәлімгер” деп аталатын очеркінде Ш.Мұртаза: “ ... ол қаламгерлікпен қатар азаматтық, қоғамдық, тіпті мемлекеттік міндеттерді қатар алып жүрді. 1924 жылы, яғни 22 жасында Fабең Темірбай деген сыншыны мақтамен бауыздайды. Темірбай сыншы “Ақжол” газетінде Сәкенге жала жауып, қодаршылап кеткен екен. Fабит Мүсірепов “Қисық сынға әділ төре” атты мақаласында сол кездегі қазақ қауымына, тіпті қазіргілерге де баспасөз Батыраштың балтасы болмауы керек екендігін, сын деген бет тырнасу емес екендігін үйретеді. Әділ сынның үлгісін көрсетеді” [21,109-б],- деп Fабиттің жиырма екі жасында-ақ әділеттің ақ боз атын мінгендігін, қазіргі жазушы, сыншыларға дәл осындай жағымды белсенділік жетісе бермейтінін өкіне айтады.
Ш.Мұртаза осы очеркінде F. Мүсіреповтің жастар тәрбиесіне үлкен мән беріп, болашақтың тағдырына сергек қарайтындығын, жастар шығармашылығымен танысып, таланттың аяқ алысын жіті байқап, бірсыпыра қаламгерлердің қанат жаюына мұрындық болып жүргені жайында да тебірене баяндайды.
Автор Fабит Мүсірепов бейнесін сомдауда тіл туралы тұжырымдарына, хас талантты тани білетін көрегендігіне, бүкіл шығармаларының өмірі әдемілікке, сұлулыққа қызмет етіп келе жатқанын рет-ретімен шебер суреттеу арқылы өнегелік, тағылымдық танытқан. Очеркшінің Fабит Мүсірепов бейнесін сомдаудағы үлкен табысы – әдебиет алыбының өзі қандай таудай болса, жүрегінің де сондай нәзік, сұлулыққа ғашық жан екендігін тап басуы дер едік.
Публицистің “Тұрар Рысқұлов” атты өмірбаяндық публицисти-калық очеркінде алаш азаматының өнегелі өмірі, сыр-сипаты, характер ерекшелігі, рухани көркі әдемі ашылады. Тұрар Рысқұлов кім? Оның есімі халыққа, қазіргі ұрпаққа несімен қымбат? деген сауалдарға жауап беретін бұл очеркте өмір фактілеріне көркем-публицистикалық талдау жасала отырып, фактінің табиғатын, идеялық мағынасын, әлеуметтік маңызын ашып көрсетуге қол жеткізген. Очеркші Тұрар Рысқұловтың табиғатынан ерекше туған жан екенін, миллиондаған халықты апаттан аман алып қалу үшін жеке басын қатерге тігіп, ұлы қайрат көрсеткен кезеңін: 1918-1919 жылдардағы Орта Азия мен Қазақстанда үлкен аштық болып, аштықпен күрес комиссиясын басқарып, халықты жаппай қырылудан алып қалғанына, адал, іскер, көреген басшы бола білгендігіне нақты дәлелдер келтіре отырып, көркем-публицистикалық байыпты талдау жасайды.
Тарихтан белгілі екінші аштық 1932-1933 жылдары жаппай коллективтендіру кезіндегі аштықта да Тұрар халық жағында болып Сталинге хат жазуы, ол хатта қазақ халқының басына төніп отырған қауіпті бұлтартпайтын факті, құжаттар батылдықпен ашына жазылғаны да ашық, әрі нанымды баяндалады.
Бұл өмірбаяндық публицистикалық очеркте Ш.Мұртаза фактілер мен құбылыстарды тірнектеп жинап, алаш ардагерінің өмір жолы мен халық тағдырын бір арнада қиыстырады.
Сонымен, қорыта айтқанда, публицистикалық очерктерде фактілер дұрыс іріктеліп, белгілі бір құбылысқа, саяси оқиғаға, қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға дұрыс баға берілуі тиіс және осы мәселелер әдеби жағынан да шебер қиыстырылуы шарт.

Оқиғалы очерк. Этюд (суреттеу емес, суреттеме). Очеркші алдындағы мақсат көбінде мәселенің басын ашатын өмірдің көріністеріне көңіл аударуды талап етеді. Очеркші суретші секілді белгілі бір нүктені тауып алып суреттейді, егерде жазушы дұрыс бағытта жүріп, шығармашылық қиялы бай болса, ол өмір шындығын білуге, құбылыстарға әлеуметтік мағына беруге қол жеткізеді. Бірақ, мұнда да тақырыптың тың, өзекті болуы бірінші орында, ал олай болмаған жағдайда, сурет өзінің танымдық, тәрбиелік мәнін жоғалтады. Очеркшінің өмірге қаншалықты бейім екендігін осыдан байқауға болады.


Очерк түріне жақындастыратындай тақырыбы әртүрлі суреттерді не байланыстырады? Басқа очерк түрлері секілді ұқсастық ішкі құрылысында, яғни шындықты көрсете білу әдісі – бір құбылысқа қатысты нақты оқиғаларды, фактілер жиынтығын ұштастыру. Суреттемеде портретті очерктегідей жазушының бір ғана кейіпкерге тоқталуы болмайды, мұнда беллетристикалық очерктегідей кейіпкерлер соқтығыспайды, сюжет жоқ. Басты кейіпкер міндетін көбінде ұжым атқарады. Өмір динамикасын дұрыс жеткізу үшін, шығарма тақырыбын анық ашу үшін, суреттеме өзгеше орналасады. Әрбір суреттеу М.Пришвин пікірінше бұл: « ...қиын бір нәрсені ерітуге» тырысу. Онда очеркші «өз ойын физикалық түрде іске асырады» [2,11-13-б],- дейді. Басқа да очерк түрлерімен қатар, суреттеме де өз тарихына ие.
Әртүрлі әлеуметтік ортада туған мінездердің соқтығысуы беллетристикалық очерк зерттеуінің объектісі болып табылады. Егер публицистикалық очерктегі идея оқырманға автордың құбылыстарды сараптауы арқылы жетсе, беллетристикалық очеркте көркем әдебиет жолымен көрінеді. Беллетристикалық очерктің негізі кез келген драмалық конфликт, мінездер соқтығысы болып табылады. Сонымен қатар, мұндай очерктерде басты ойды көрсететін бірнеше өзара байланысатын сюжет желісін табуға болады. Беллетристикалық очеркке В.Овечкин былай деп анықтама береді: «Ол өмірдің қандай да бір құбылыстары жайындағы көркем түрдегі оқырманмен жүргізілетін үлкен бір әңгіме» [23,190-б].
Беллетристикалық очерк жеткізе білу күшімен, тартымдылы-ғымен ешбір публицистикалық туындыға орын бермейді, алайда, мазмұндау амалы осы заманға лайықты орналастыру әдісімен өзгешеленеді. Беллетристикалық очеркте жазушының кейіпкерлерді тудыру, сомдау, адамдардың жан-жақтылығын көрсете білу шеберлігі негізгі маңызы болып табылады. Публицистикалық пен беллетристикалық очерктер бір-біріне қарама-қарсы, бірақ екі жағдайда да беллетрист пен публицист жолдары бір ізге түседі.
Публицистикадан беллетристикаға көшу баяу, біртіндеп іске асады және очерк бір элементін жоғалтып алып, екіншісіне ие болып жатса, заңды құбылыс. Себебі, мінездердің зерттеуін құбылысқа тәуелсіз жүргізе алмайтыны сияқты, әдебиетте құбылыстарды зерттеуде адамдарды бөліп қарауға болмайды. Очеркші жай ғана «беллетрист» болып қала алмайды, сонымен қатар ғылымнан да алынған элементтер болғандықтан зерттеушінің де міндетін атқарады.
Оқиғалы очерк - қазақ әдебиетінде көрнекті орын алатын очерктің белсенді түрі, себебі, әрдайым жазуға лайық ғажайып оқиғалар болып жатады және оқырмандарға эмоциялық әсер беру қызметін де атқарады. Бұл туралы Төлеубай Ыдырысов: «Очерктің бұл түрінің «оқиғалы» деп аталуы әсте бірыңғай оқиғаны суреттеу деген сөз емес. Очерктің бәрінде де негізгі кейіпкер болып еңбек адамы алынатыны сияқты, бұл түрдің де түп қазығы - адам» [24,88 б],- дейді. Жазушылар өмірде болып жатқан ғажайып оқиғалардың куәгері ғана болып қоймайды, қаламгер тіліне тиек, шығармасына арқау етіп өзі куә болған оқиғаларды алады. Оқиғалы очеркте де көркемдік элементтермен қатар, деректер, авторлық шегініс, публицистикалық ой мен түйін қатар жүреді.
Қазақ жазушыларының оқиғалы очерктерінің қайсысын алсақ та, қазақ елінің тұрмыс-тіршілігін, кең байтақ өлке, небір батыр, қарапайым адамдар туралы, олардың басынан кешкен оқиғалар, талай қызық тағдырлар жайлы толғайды. Өмір құбылыстарын үңіле зерттеген очеркшілер жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болу мақсатында оқиғалы, мазмұны тартымды очерктерді өмірге әкеліп отырған.
І.Жансүгіровтің 1923 жылы жазған «Қойшы мен аэроплан», 1924 жылы жазған «Батырақ» очерктері - бас-аяғы жинақы, артық оқиға, артық адамы жоқ, пісіп-жетілген шығармалар. Сол кездегі қазақ аулындағы Бәкен сияқты қарапайым адамдар санасының өсуін, жазушы ауылдағы жаңа өмір көріністерін ойдым-ойдым әдемі оқиғалар арқылы суреттейді. І.Жансүгіровтің көркем очерктері туралы ғалым М.Дүйсенов: «І.Жансүгіров хабар ретінде жазылатын жалаң очеркке ден қоймай, көркем очерк жазуға талаптанған, бұл талабы жеміссіз болмаған. Әңгіме-очерктерінің сәтті шыққан-дарының композициялық тұтастығы берік, сюжеттік желісі тұтас, суреттеу, бейнелеу жағынан да кәдімгі көркем шығармалар талаптарына жауап бере алады» [25,46-б],- деп оң баға береді. Шынында да, жазушы көркем очерктерімен танысқанда, оқиғалы очерктер жазуға ұста екеніне көз жеткізгендей болдық.
Б.Майлиннің «Боранбайдың бірінші адымы» очеркі оқиғалы сюжетке құрылған, тақырыбы мен көркемдік қасиеті тепе-тең. Қарағандыда қара алтынды ағылшындар иемденіп тұрғанда ел басшылары жұмысшымен ісі болмай, подрядчиктер жұмысшыларды таяқпен айдағанын, үйдегі шиеттей бала-шағаны асырау үшін көрдей қараңғы шахтада жұмыс істеген шахтерлер өмірі оқиғаға желі болған. Боранбайдың әкесі көрген бейнет очеркте былай суреттеледі: «... денелі келген қартаң кісі қою қара сақалы ұйысып, екі иінінен дем алып, көптің бірі болып, көмірмен алысып жүр. Маңдайынан шұбырған тер көмір күлімен баттасып, екі көзі ғана жалтырайды» [26,125-б],- деп бейнетті қазақ өмірінің бір сәтін көрсеткен жазушы бала Боранбайдың әкесін соққыға жыққан ағылшынды өз көзімен көрген оқиғасын баяндай келе, Баянды, Тілеубердімен қақтығыстарын, зорлыққа бас имей, қиянатқа қарсы тұра алатынын, Боранбай кейіннен дұрыс, адал азамат болғанын нанымды әңгімелейді. Қарағандының жаңа Боранбайын үлгі етерліктей етіп тебірене жазған жазушы әке өмірінен көріністер беріп, оқиға желісін Боранбайдың кешегі мен бүгінгі тағдырын байланыстыра үдетіп отырған.
Қасым Аманжоловтың «Естен қалмас бір оқиға» атты очеркі жауынгер жазушының соғыс кезінде басынан кешкен оқиғаларына арналған. Ұлы Отан соғысы кезінде үгітшілік жұмысқа аттанып, жол-жөнекей Москва қаласында Қазақбаевпен, Мұқановпен кездесулерін әсерлі баяндаған.
«Ендігі бір сәтте алдымдағы переулоктан бір адам шықты да, менің алдыма түсіп, кете барды. Қуып жеттім, сыртынан байқасам – Сәбит!
- Сәке! – дедім мен. Менің осы үнім не көктен, не жерден шыққанын білмей қалды-ау деймін, Сәбит жалт қарап, біраз кідіріп тұрып қалды. Кенет есін жиған кісідей:
- Ойбай-ау, Қасым! – деді де, мол денесімен тарпа бас салып,
құшақтап алып, сүймесі бар ма мені. Мен көңілім бұзылып кетті. «Бақытты екенмін» деп ойладым мен» [27,48-б],- деген үзіндіден бұл оқиғаның шын өмірде болғанын, Сәбиттің өзіне ғана тән, басқаға ұқсамайтын мінезін даралап, өз басынан кешкен оқиғаны очеркші қаз-қалпында баяндайды. Қасым Аманжоловтың бұл оқиғалы очеркі 1944 жылы жазылған, белгісіз себептермен аяқталмай қалған.
Очеркшінің «Айқасу» атты очеркі де болған оқиға ізімен жазылған және онда қызыл партизандар өмірінен, басынан кешкен қызғылықты оқиғалар тізбегін, сол кездегі шолғыншылар қызметін, ақтармен күресін, жаулардың өз еркімен берілуін қезең-кезеңмен жазады.
Жазушы Зейнолла Қабдолов «Жамал» [28] атты очеркін «Өлімді жеңген ана» шығармасынан үзінді беру арқылы бастайды. Очеркшінің басты кейіпкері өмірде болған, күйеуін соғысқа аттандырып, екі жасар сәбиімен қалған Жамалмен автор өз әкесін майданға шығарып салғанда алғаш көргенін, одан кейінгі ауыр бейнетін, қоштасудың қиын сәттерін сенімді сезіммен әңгімелейді. Очерктің композициясы шебер қиысқан, бейнеленіп отырған оқиғалары үзілмей, табиғат суреттері мен адамның көңіл-күйі астасып жатады. Енді қоштасып болғанда, аспан күңіреніп, өзеннің теңізге құяр сағасындағы зеңбіректер зіркілдей бастағаны, жұрт ортасында қанға боялған әйел, бауырындағы сәбиді ажалдан құтқарған ана бейнесі шынайы шыққан. Бұл көлемі шағын оқиғалы очерк сырттай ықшам көрінгенімен, жеке адамның тағдырын әлеуметтік түйінге жетелеп, мемлекет мүддесімен ұштастырған. Бұл жерде автор жадағай суреттеуге бармай, өз кейіпкерінің соғыс алдындағы, соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі көңіл-күйін, ой сандығын ашып, қаһарманның жан-дүниесіне бойлайды. Мұнай қайнарын бақылаушы Жамалдың ендігі тұрағы үй емес, мұнай мұнаралары болғанын, осы іс-әрекетімен дұшпан еңсесін басқан ер, өр әйелдің бейнесі сәтті шыққан. Жазушы он бес жыл өткеннен кейінгі Жамал өмірін сырға да, жырға да лайық деп баға береді. З.Қабдоловтың «Жамал» очеркі - реалистік стильде жазылған, тосын оқиғаларымен байланысты сөз кестелері де өткір, характерлері заңды түрде дамып отырған, соғыс кезіндегі қарапайым қазақ әйелінің жан дүниесіндегі рухани өзгерістерді сәтті ашқан, өмір құбылыстарын үңіле зерттеген шығармасы. Очерктің негізгі идеясы – адамдағы бар жақсылық күннің көзі мен ананың сүтінен алынған қасиет дегенге бағындырады.
З.Қабдоловтың «Орақ үстінде» оқиғалы очеркі былай басталады: «Түн ортасы тақау. Ай батқалы әлдеқашан. Аспанның алыс шалғайында – сонау Қызылжар үстінде көшкен керуеннің жұртында қалған сексеуіл шоқтарындай жылтырап бір шоғыр жұлдыз тұр. Басқа тұстың бәрі түнек, меңіреу» [28,89-б]. Осы кішкентай алымды пейзажбен басталған очерктің лейтмотиві ретінде оқиға сырын ашады. Астық жинау науқанындағы қарбаластар, адамдардың бір-бірімен қақтығыстары, іскер басшы Петр Яковлевич Филиппенконың ұйымдастыру жұмысындағы келбеті суреттеледі. Аудан еңбекшілерін егін науқанына ұйымдастыру жағынан, өз қарамағындағы Цимбалюк, Абдуллин сияқты қарапайым адамдардың еңбегін бірінші басшының бағалауы, әртүрлі колхоздарды аралағанда олардың жетістіктерін көре білуі очерктің бояуын қалыңдатып, эстетикалық әсерін күшейтіп тұр. Автор әр оқиғаны сюжеттік желімен берік қабыстырып, композициясын ширата түскен. Очерктегі суреттелетін көріністер мен эпизодтар негізгі оқиғаны айқындай түсуге бағытталғандықтан, бірінші хатшы П.Я.Филиппенко образы мейлінше толыққанды, нанымды шыққан. Бұл оқиғалы очерк баяндау тәсілімен жазылған, көріністерді толықтыру қажет болған жағдайда лирикалық шегіністерге де жол беріп отырған. Басты кейіпкердің өсу жолдарын, өмір өткелдерін очеркші толық суреттеп жатпайды, оның қажеті де жоқ. Очерктің логикалық мотивировкасы егіс даласындағы екпінді еңбек, жеңістер, ел қамын жеген ерлер туралы әңгімелеп, очерк қаһармандарының тағдырына очеркші ортақтасып отырады.
М.Әлімбаевтың «Елдіктің туын көтеріп» оқиғалы очеркі қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевқа арналған. Очерк Ұлы Отан соғысы оқиғаларының сырын ашуға, батырдың басынан кешкен оқиғаларды байыппен баяндауға арналған. Жазушы өмірінде талай тарландармен сапарлас, дәмдес, мәжілістес болғанын айта келе, бірден 1977 жылдың ақпанындағы жамбылдықтардың шақыруымен Рақымжан екеуінің жолға шыққандағы оқиғасынан бастайды.
Жолға шығатын күні Рақымжан Қошқарбаев кешігіп келген себебін былай түсіндіреді:
« - Ойбай-ай, бәрінен құр қалдым-ау!
- Әу, қайда қаңғып жүрсің?
- Сендер сұрамаңдар, мен айтпайын.
- Е, не болды?
- Дәнеңе де болған жоқ.
- Енді қайда жүрсің?
- «Каменское плато» курортынан жаңа ғана шықтым.
Демалушылармен кездесіп... сөйлеп.... өзің білесің.
- Сапарға шығатыныңды ұмытқансың ғой.
- Ұмытсам, келем бе? Анау көкірек ауруына шалдығып, пұшайман болып жүрген бишаралар екінші рет Алматыға жолы түсіп келері қашан?! Сондайлардың меселін қалай қайтарасың? Әй, сендер өздерің ауырмаған соң, сырқағандардың зарығуын қайдан білесіңдер?!» [29,7-б],-деген диалогтан батырдың жайма шуақ мінез-құлқының психологиялық штрихтарын толық көреміз. Очерктің бар мазмұны болған оқиға ізі суымай тұрған кезде жазылған. Шынайы өмірдің өзі куә болған көріністеріне арқа сүйей отырып жазған Мұзафар Әлімбаев құры суреттеу, жадағай баяндаумен әуестеніп кетпейді, керісінше, шығарма өзегі етіп батырдың Рейхстагқа ту тігуін, ерлікке толы өмірін, ішкі жан-дүниесін, қоғамдық маңызы бар істерге араласуын ашып көрсете алған. Батыр бейнесін: «Рақымжан - әзілкеш, моюды білмейтін, қылжақсыз жүрмейтін кісі. Оның өткір күлкілі, шақпа әңгімелері бірсыпыра. Солардың ауызша ғана, аз ғана топ ортасында айтылатыны да жетерлік, кітап бетіне түсерлік құндысы да аз емес» [29,17-б],- деп әңгімелей келе, Рақымжан Қошқарбаев аузынан тараған күлдіргі әңгімелердің көп екендігін тілге тиек етеді.
Ә.Нұршайықовтың шығармашылығында соғыс тақырыбы едәуір орын алған. Қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбындағы очерктерді жазушылар ішінде өндіріп жазған да - осы Ә.Нұршайықов. Оның очерктерінің кейіпкерлері - қатарлас, қаламдас, өз ортасынан шыққандар. Соғыс өмірінің ащы-тұщысынан дәм татып, басынан кешірген Әзілхан Нұршайықовтың «Хас батыр Қасым Қайсенов» оқиғалы очеркі де тартымды.
Әзілхан Нұршайықов – психолог очеркші. Ол өз кейіпкерлерінің сырт келбетін суреттеумен шектеліп қалмай, ішкі дүние, жан сырын да ашып отырады. Бұл очерктегі жарқ ете түсетін, оқушыны баурап алатын шағын психологиялық көріністердің өзін шығарманың өзекті тұтқасы деп тануға мәжбүр боласың. Ұлы Отан соғысының батыры Б.Момышұлы науқастанып, ауруханада жатқанда Қ.Қайсенов көңіл сұрай барғанын былай баяндайды:
«Баукеңе партизан ағай:
- Қасым ауруханадағы ағасына келіп, алақанын сипап, бетінен сүйе алмай, ол несіне кісі болып жүреді, - депті де, айқара құшақтап, екі бетінен кезек пе кезек сүйіпті. - Өзіңді арқалап алып кетейін бе үйге, - деп, әзілдей еркелепті інісі ағасына. Жүдеп жатқан жанға жылы бір сөз тауып айта білу - жігіттік, нарлық, мәрттік. Бұ да – Қасым секілді хас батырға жарасымды мінез» [30,49-б]. Осы екі алыптың кездесуіндегі сыйластық, адамгершілік жағына ой жібере қарасақ, кіршіксіз таза көңілдің, мейірімнің ұтымды штрихтары жазушы шеберлігі арқылы жүзеге асқан.
Әзілхан Нұршайықов жоғарыдағы екі оқиғалы очеркінде де тартымды образ жасау үшін өрен қимылды, жанды тұлғалардың, бет­-пішіндерін, келбетін жасаған. Мысалы: «Рақымжанның омыраусоқ өзімшілдігі, тас көз тасырлығы жоқ, қашан жолықсаң да, қашанғы ашық қабағын, жылы жанарын көресің» деген сөздермен Рақымжан портретін сомдаса, «Қасым көп үшін туғандай, көпшіл, алдындағы жасы үлкендерге жаны ашыған іні, өзінен кейінгілерге қамқор аға» дегенінен жазушы әр кейіпкеріне ғана тән тіл тауып бере алған. Екі очеркте де ұзақ сонар баяндаулар жоқ, негізгі кейіпкер тағдырына байланысты жайттарды әңгімеге араласа бастаған басқа кейіпкерлер арқылы да жеткізіп, өзі аз сөйлеп, кейіпкерлерін әр қилы мәнермен сөйлетеді.
Ғабдол Слановтың очерктерінің көпшілігі - өнеркәсіп орындары туралы, ауыл шаруашылығы озаттары, Қазақстан ғылымының өкілдері, бәрі-бәрі өмір шындығымен тығыз байланыста суреттеліп, өрелі құбылыстарды қызықты оқиғалар арқылы бейнелеген туындылар. «Депутат Әдидегі» Әди Шарипов, «Жарқылдаған бір жалынындағы» әйгілі партизан Қасым Қайсенов, «Алтай баласындағы» ардагер ұстаз Хамза Санбаев, «Бәйтерегіндегі» азамат соғысы ардагері Қабыл Күленов бейнелері - ісімен де, жайдары жайсаң мінездерімен де үлгі боларлық қаһармандар. Бұл очерктерінде жазушы сол кезеңнің өзекті мәселелерін қозғай отырып, келешектің абзал мұратын, еңбек үстіндегі адамдардың ерліктерін, кездескен қиыншылықтарды қызықты оқиға желісі арқылы сәтті көз алдымызға елестетеді. Очеркші қазақ жерінің о шеті мен бұ шетін аралап, Атырау алабынан, Жайық жағалауынан, Жетісу жайлауларынан, Оңтүстік өңірінен, Тың танабынан да көптеген очерктер жазып, сол кезеңде болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларды, өмір фактілерін жинақтап көз алдымызға әкеледі.
Ғабдол Слановтың «Дән мен ұшық» атты қысқа оқиғалы очеркі жастар тәрбиесіне, әдептілік, көрегендік қасиеттер төңірегінде кеңінен сөз қозғайды. Очерк оқиғасы трамвайда болған қысқа оқиғадан туған тәрбиелік мәні бар ойдан туындаған. Очерктегі қысқа оқиға былай басталады:
«- Сәлеметсіз бе, ағай?- дегені ғой. – Отырыңыз.
Босатқан орнына отырмас бұрын сәлем берген жігітке қараппын. Алаң көздеу, шашын тақырлап қырған, шолақ жеңді ақ көйлек киген, еңселі, қынама бел, қара торы жас жігіт. Танымағанымды аңғартып, өзіне жалтақтап қарай берем:
- Танымай қалдым, білем, қалқам?..
- Мен де Сізді танымаймын,- деді ол.
- Ендеше?...-деп кідіріп қалдым.
- «Жасы үлкенге атыңнан түсіп сәлем бер» деуші еді атам. Заманымыздың көлігі трамвай, машина емес пе. Орнымды бергенім атымнан түскенім-дағы. – Жігіт осыны айтып жымиды да, сәлемет болыңыз,- деп, ілгері оза берді. Одан әрі сөйлесе алмай отырып қала бердім» [31,55-б],- деп, осы жігіттен көрген ілтипаты кейіннен стадионға барғанда жалғасқанын қызықты баяндаған. Оқиғаны одан әрі өрбіте отырып, стадионнан шыққаннан кейін биязы жігітті тоқтатып, жақынырақ танысады. Бас қаһарман Өнеге Заманбаевтың үйі ішінде екі жік қалыптасқандығы, шешесі мен әпкесінің дүниеқор болып бара жатқандығына алаңдаған жас жігіттің іс-әрекеті, ой-санасы, шешесімен екеуі арасындағы көзқарас қайшылықтары қызықты әңгімеленеді. Шеше мен бала арасындағы қайшылық қоғамдық өмірдегі күрес-тартыспен қабысып жатады, осы жеке кейіпкер Өнеге бойынан, іс-әрекетінен, тағдырынан оқырмандар заманның, дәуірдің шындығын көріп, әлеуметтік қайшылықтардың сырын ұғады. Өнеге Заманбаевтың характерін жазушы киім киісі, жүріс-тұрысы, ой-сезімдері, сөздері арқылы аша білген. Бұл оқиғалы очерктегі жайттар бір-бірімен ұласып, жалғасып, кейіпкер бет-бейнесі толық ашылу барысында іс-әрекеттері нанымды көрсетілген.
1977 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Р. Нұрғалидың «Дән»[32] атты үш циклдан тұратын новеллалар жинағы - үлкен идеялық-көркемдік жүк арқалаған туынды. Бұл кітап «Жігер», «Алау», «Серпін» деген тарауларға бөлінген, әр тараудың өзіндік ерекшелігі бар. Бірінші тарауда тың ерлерінің қажыр-қайраты, ой-санасы, болмысы суреттелсе, екінші тарауда өндіріс саласындағы адамдардың басынан кешкен оқиғалары қамтылып, үшінші тарауда екінші тың еңбеккерлерінің ерен еңбегі, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігі, өзіндік характері сәтті ашылған. «Дән» жинағының формалық ізденісі мен композициялық құрылымы ерекше және автор тек фактілер мен цифрларды беруді мақсат етпей, болған оқиғаларды қысқа да, әсерлі баяндай білгендігімен ұтқан. Атақты комбайншы Михаил Довжик туралы үшінші новеллада оқиғалар желісі шымыр, қарапайым еңбеккердің тек еңбегін ғана көрсетіп қоймай, оның ішкі жан-дүниесі, адамдармен қарым-қатынасы, еңбекқор комбайншы ғана емес жаңалыққа жаны құмар жан ретінде де көрсетеді. Бұл шығармадағы оқиғаның өрілуі мен шиеленістің дамуы шындыққа негізделіп баяндалады. Тың төсіне қара бидай шығару ниетінің дұрыс шешім тауып, өніп-өсіп кетуі, басқалардан жасырып егіс алқабының ортасына қара бидай егіп өз мақсатына жетуі бәрі-бәрі Михаил Довжиктің іс-әрекеттерінің төңірегіне жинақталып, оның психологиясын, характерін толық ашуға мүмкіндік жасайды.
Бұл кітапқа филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай былай баға береді: «Рымғали Нұрғалиевтің публицистикалық новеллалар жинағының мазмұны терең. Жастардың әр жылдардағы даңқты дәстүрі, еңбек жолы көркем суретпен бейнеленген. Жанрлық ізденістері де ерекше назар аудартады. Тек қана диалогке, күнделікке, психологиялық шегініске, интервьюге құрылған новеллалардың мазмұны ғана емес, формалық құбылтулары да жүрекке жылы әсер етеді» [33,99-б]. «Дәннің» кейіпкерлері - заман, өмір жайлы айқын түсінігі бар азаматтар. Оларды қайнаған өмір ортасынан көре отырып, олардың да қуанып, ашуланатынын көреміз. Бұл жинақтағы новеллалар қысқа-қысқа эпизодтардан тұрады, бірде тың төсіне, бірде өндіріс орындарына, бірде жайлауға алып кететін эпизодтар бірімен-бірі заңды жалғасын тауып, оқыған сайын бір арнадан екінші арнаға жетелеп, қысқа да нұсқа қызықты оқиғаларымен есте қалады.
М.Әуезовтің «Оның аты екінші» атты очеркі - 1940 жылдары жазылған, көлемді, көркем оқиғалары қою. Бір эпизодтан екінші эпизод өрбіп отырады да, характерлер қақтығысы, тұрмыс-тіршіліктегі таластар да өрістеп, әлеуметтік үлкен мәселелер төңірегінде жүйелі әңгіме болады. Бұл салада жазушы очерктің сюжеттік арқауын ширықтыра түсу үшін, композициялық құрылысын шашыратпау үшін, барлық оқиғаны характерлер тағдырымен байланыста суреттейді. «Шыңғыс жолы» атты бірінші тарауында – ақ «Көктем - талайдан болмаған көктем. Өзі тіпті, күзге ұқсай ма, әлде не» [16,127-б],- деп басталады. Көк шығып қалғанда қардың жаууы, сілбі жауын жер жұмысын өндіртпейтінін Файзырахман Омаров бірден түсініп, күндегідей емес, жылдамырақ қамдану керек екенін ұғады. Бұл очерктегі оқиғалар көбіне Үржармен, яғни ең күшті, ең даңқты деген учаскемен ең әлсіз деген Аякөздің жарысқа түскені, ерен еңбектерінің арқасында ең алдыңғы орында келе жатқан бригадалармен тең түсіп, бірлескен, бауырласқан қазақ, орыс, украин, молдова, татар ұлттарының өкілдері бірлесіп жеңіске жеткені қызықты және тартымды суреттеледі. Бұл көркем очерктегі оқиға желісі бірнеше тараушаларға бөлініп, артта қалған бригада мен алда келе жатқан бригадалар еңбектері қатар суреттеліп, бір-бірінен үлгі алған тұстары қатарласа келіп, соңынан бір арнаға құйылады. Бұл оқиғаларға қатысқан кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-бітімі, характерлері де жан-жақты ашылған. «Бүгінгі жиыннан Ахмеди намыстанып, қиналып шықты. Талай жүрген кісінің ішінен басы асып, кең қапсағай иығы жардай боп көрінетін Ахмеди, шынымен-ақ еңбекпен туысқан жан еді» [16,156-б],- деп очеркші Ахмедидің ер денесінің қайратпен қатып, бұлшық еттері мықты, ұршықтай зырылдап, дамыл алмай, аянбай еңбек етудің арқасында норманы бірнеше есе артық орындап алға шыққаны әсерлі және оқиға желісін ширықтырып отырады.
А.Сейдімбектің «Құлағында үні кетті сәбидің» оқиғалы очеркі - қысқа да нұсқа. Очерктің бас-аяғы үш-ақ кейіпкері бар. Бірі – Сейіткүл, екіншісі – оның зайыбы Кәсіп, үшіншісі – Кәсіптің інісі Мұхит. Очерктегі оқиға «Үшқайың» қыстағындағы шопан көмекшісі Сейіткүл жайында, жас келіншектің қоғамның малы үшін табиғаттың дүлей күшімен арпалысып, ақыр соңында мерт болады. Әуелі далада қар ұшқындап, арты алапат ақ түтек боранға ұласады. Қорадан екі күн шығарылмаған мал далаға апыр-топыр ұмтылғанын көрген Сейіткүл шәлісін қымтана бүркеніп, белін тастүйін буып алып, сұрапыл дауылмен айқаста сілесі қата шаршап, дем алғысы келеді. Жасы отызға әлі келмесе де, бес баланың анасы аязда тоңып, үсіп қалған сәтте де көз алдынан бес баласы, аялап өсірген бауыр еті, екілене соққан боранның үні емес, кенже баласының үнінің құлағына келуі келісті суреттелген. Кірпігі қимылдап жатып, жанына тақалған қайнысы Мұхитқа мынадай бір ауыз ғана сөз айтып үлгереді:
«Менің кенже кішкентайыма сүтті жылытып бермесе, тамағы ауырып қалушы еді» [34,252-б],- деп, өмірмен қоштасар сәтте де баласының жағдайын ойлауын, бұл дүниемен қоштасуын жазушы жас ананың жан дүниесінің қылаусыздығына бас ие отырып, тәжім етеді. Тіршілікпен қоштасу сәтінде де сәбиін ойлаған ана бейнесі жарық дүниенің тірегі екенін шебер сомдаған очеркші қазақтың шағын қыстағында болған оқиғаны өз шығармасына сәтті арқау еткен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   76




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет