Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мәдени-сауықтыру шараларын ұйымдастыру



Дата05.07.2016
өлшемі60.22 Kb.
#179190
түріСтатья
ӘОЖ 373.2:379.8

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА МӘДЕНИ-САУЫҚТЫРУ ШАРАЛАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ

Қ.Оразбекова, М.К.Жайлауова

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университеті, Қызылорда



Аннотация
Статья посвящена проблеме организации культурно-досуговых мероприятий в дошкольных образовательных учреждениях.
Тірек сөздер: мәдени-сауықтық шаралар, ойын-сауықтар, шығармашылық жұмыстар, мерекелер, көркем және танымдық әрекет, демалыс, белсенділік.
Мәдени-сауықтық іс-шаралар – мектепке дейінгі білім беру ұйымдары әрекетінің құрамды бөлігі.Мерекелерді, ойын-сауықтарды, балалардың шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыру тәрбиелеу, білім беру үдерісінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді, әрбір баланың тұлғасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасайды.

Мұндай сауықтық сәттер тәрбиешіге балалардың шаршағандығын басуға, зейіннің мәдени-сауықтық іс-әрекеттің бір түрінен екінші түріне ауысуына мүмкіндік береді.Сондықтан оларды кез келген сәтте өткізуге болады.

Мәдени-сауықтық әрекетке 1) демалыс; 2)ойын-сауық; 3) мерекелер; 4) өз бетінше көркем және танымдық әрекет; 5)шығармашылық жатады[1].

Демалыс орындықта отыруды немесе диванда жатуды білдірмейді. Демалыс кезінде тәрбиеші балалармен сан алуан әрекет түрлерімен айналысу барысында топта эмоционалдық ұнамды ахуал туғызады:ойындар, иллюстрацияларды қарау, илеу, сурет салу, құрастыру, спорт, музыка тыңдау, мультфильмдер көру және т.б. Демалыс дегеніміз - сан алуан әрекет түрлеріндегі балалардың белсенділігі.

Ойын-сауық – балабақшаның күнделікті өмірінде балаларды ұйымдастырудың бір формасы.Ол балалар өміріндегі жарқын сәттер болып табылады, оларды қуантады, жаңа, ұзақ есте сақталатын әсерлермен байытады, шығармашылық белсенділікке, ынтымақты ұжымды ұйымдастыруға ықпал етеді.

Балалардың қатысу белсенділігінің деңгейіне байланысты ойын-сауық түрлерін төмендегідей топтастыруға болады:

- балалар тек тыңдаушы немесе қатысушы;

- балалар – тікелей қатысушылар;

- қатысушылар – ересектер мен балалар.

Ойын-сауықтың екінші түрі балаларды дайындау және орындау үдерісіне кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Олар орындайтын нөмірлерін өздері дайындайды, спектакль қояды, рөлдерді орындайды, түрлі ойындарға қатысып, белсенділік танытады.Ойын-сауықтың бұл түрі әр бала үшін айналысатын жұмыс табуға көмектеседі. Бұл өз кезегінде тұлға мәдениетінің негіздерін қалыптастыруға ұнамды әсер етеді.

Үшінші түрі – аралас. Ол баланың ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Тәрбиешінің мәдени-сауықтық әрекетінің осы түріне ата-аналарды тарту – балабақшаның отбасымен жұмысының жақсы формасы.

Мазмұндық бағыты бойынша ойын-сауық төмендегідей жіктеледі:



  • театрландырылған: қуыршақ және көлеңке театрлары, ойыншықтар театры, фланелеграф, кеңістіктік театр және т.б.;

  • танымдық: КТК (көңілді, тапқырлар клубы), композитор, суретші, жазушы, әртіс, ақындардың өмірі мен шығармашылығы, өз елінің, халқының салт-дәстүрлері жайлы, экологиялық викториналар;

  • спорттық: спорттық ойындар, аттракциондар, қимыл-қозғалыс ойындары, жарыстар, эстафеталар;

- музыкалық әдеби концерттер[2].

Шығармашылық - баланың мәдени-сауықтық іс-әрекетінің маңызды түрлерінің бірі.Адам мәдениетті болған сайын оның бос уақыты да сан алуан болады.Мектепке дейінгі балалық шақ шығармашылық болмыстың әмбебап және табиғи әдісі болатын адам өміріндегі қайталанбас кезең.

Баланың шығармашылық әрекеті (бос уақыты) міндетті түрде шығармашылық нәтижеге әкелмейді, бірақ оған қатысу ізсіз өтпейді, себебі шығармашылық тұлға ретінде оның сапалары жетілдіріледі. Әрбір баланың белгілі бір қабілеті бар.Балалар табиғатынан қызықты бір нәрсені білгісі және жасағысы келіп тұрады, бірақ барлық уақытта олардың іскерліктері мен дағдылары жете бермейді. Сондықтан қажетті жағдай, яғни шығармашылық жобалық орта құру қажет.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бару кезеңінде балада оның шығармашылық қабілеттері толыққанды дамуы, өмір бойғы сүйікті ісінің пайда болуы, мәдени уақыт өткізуге деген қажеттіліктің пайда болуы үшін мектепке дейінгі жастағы баланың дамуына қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қажет. Олар мыналар:

- балалар мен ересектердің тұлғаға бағдарланған өзара байланыс;

- құрдастар арасындағы эмоционалдық ұнамды қатынас;

- әр балаға жеке дара қатынас және оның негізінде қарым-қатынас және тәрбие әдістемесін қүру[3].

Егер ұжымдық шығармашылық әрекетте балалар алдында шешуді қажет ететін белгілі бір проблема пайда болатын болса, онда тәрбиеші балаларды проблеманың шешімін іздеуге бағыттайды, жаңа тәжірибе жинақтауға көмектеседі, өзіндік жұмысты белсендіреді, ұнамды эмоционалдық қалыпты қолдайды.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бос уақыт әр апта сайын ортаңғы топта 15-25 минут, ересек және мектепалды даярлық топтарында 25-35 минут ұзақтықта ұйымдастырылады.

Балалар мерекесі - өскелең ұрпаққа педагогикалық ықпал етудің неғұрлым тиімді формаларының бірі.Әдетте мереке эстетикалық әлеуметтік, кіріктірілген және кешенді құбылыс ретінде қарастырылады.

Балалар мерекесінің мақсаты бала тұлғасын қалыптастырудың жалпы мақсатымен айқындалады және оған мектепке дейінгі жастағы балалардың психологиясы мен өмірлік құндылықтарына нақты бағдарланған жағдайда қол жеткізуге болады.

Мерекені тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді:

- оның барлық құрамды бөліктерін басты мақсат төңірегіне топтастыру;

- көркем материалды іріктеу;

- эмоционалдық бейнелі құралдарды таңдау;

- орындаушыларды іріктеу;

- ұжымдық қорытынды шығару және орындалған жұмысты бағалау.

Балалар мерекесінің сценарийі – театрландырылған әрекет мазмұны мен барысының толық әдеби мәтіндік және ұйымдастырушылық жобасы.

Сценарийде тақырып ашылады, әрекеттің бір бөлігінен екінші бөлігіне өту, пайдаланылатын көркем шығармалар немесе олардан алынған үзінділер енгізіледі.

Сценарийге қойылатын талаптар:



  • тақырыпты құру мен дамытудың қатаң бірізділігі;

  • әр эпизодтың аяқталғандығы;

  • эпизодтардың өзара байланысы;

  • әрекеттің кульминацияға қарай өсуі.

Балалар мерекесін ұйымдастыра отырып, эмоционалдық әсер ету құралдарымен тиянақты түрде жұмыс жүргізу қажет.

Мәселен, музыка балалардың сезіміне тікелей әсер етеді. Бастапқыда көңіл-күйді көтеру, мерекелік ахуал тудыру маңызды.

Балалар мерекесіндегі ән мен би – барлық жиналғандардың қарым-қатынасы мен бірлігінің құралы. Ойынның арқасында барлығы мерекелік әрекет пен қуанышқа қатысады.Музыкалық ритмикалық әрекетте балалар би ырғағымен қозғала отырып, би қимылдарын ойлап табады, құрастырады.

Ақпарат құралы ретінде сөз мерекедегі қосымша ақпарат болып табылады. Өлең, мақалмәтел, жұмбақ, т.б. түрінде естіле отырып, ол қатысушыларды қанаттандырады. Балаларға көркем сөздің сұлулығын, көлемін, олардың санасында сөз белгілі бір мақсатта қолданылатынын жеткізу маңызды.

Балалар мерекесінде ойын, бір жағынан, баланы белсендіру тәсілі, екінші жағынан, халық шығармашылығын меңгерудің маңызды формасы ретінде қолданылады. Мерекелердің тақырыбы мен мазмұны күнтізбелік мерекелермен байланысты болады.

Мерекенің түрлері:1)халықтық және фольклорлық; 2) мемлекеттік-азаматтық; 3) халықаралық; 4) тұрмыстық және отбасылық; 5) ересектердің балаларға қуаныш сыйлау мақсатында арнайы ойластыратын мерекелері, мәселен, «Оригами», «Сабын көпіршіктері» және т.б. [2]

Мерекелерді таңғы уақытта немесе күннің екінші жартысында өткізуге болады. Олардың ұзақтығы балалардың жас шамасы мен мерекенің мазмұнына байланысты 20 минуттан 1 сағатқа дейін созылады. Балалар мерекелерде өздерінің жетістіктерін көрсетеді.Мерекелер бала үшін жаңа көңіл-күйдің бастауы, оның одан әрі дамуының ынталандырушысы болып табылады.

Денешынықтыру ойын-сауықтары айына бір рет 30 минуттан 50 минутқа дейінгі ұзақтықта өткізіледі. Олар арнайы дайындықты қажет етпейді, балаларға таныс материалдардан құрылады.Ойын-сауықты жас мөлшері бойынша жақын бірнеше топтармен өткізген жөн. Аталмыш іс-шараға тәрбиеші белсенді түрде қатысуы тиіс.Ол команда береді, қорытынды шығарады, жарыстардың төрешісі болады.

Мерекелердің тақырыбы мен мазмұны күнтізбелік мерекелермен байланысты болады.

Ата-аналармен төмендегідей мәдени-сауықтыру шараларын ұйымдастыруға болады:



  • «Аналар» мерекесі;

  • отбасылық отырыстар;

  • вернисаж «Біздің қыздарымыз бен ұлдарымыз»;

  • отбасылық газеттер;

  • балалардың туған күндері;

  • жорықтар;

  • топсеруендер;

  • көрмелер;

  • ашық есік күндері[3].

Сонымен, ойын-сауықтық әрекет адам мәдениетінің барлық түрлерін біріктіреді: эстетикалық, адамгершілік, танымдық, ойындық этикалық және т.б.

Бос уақыттағы әрекет баланы тәрбиелейді, естің дамуына ықпал етеді, рухани әлемді қалыптастырады.Балалар бір-біріне және ересектерге дұрыс қарым-қатынас жасауға үйренеді.

Әдебиеттер:

1.Жұмабекова Ф.Н. Мектепке дейінгі педагогика Астана: Фолиант, 2008.-336 б.



2.Зацепина М.Б. Культурно-досуговая деятельность в детском саду. Программа и методические рекомендации.– М.: Мозаика-Синтез, 2009.-80 с.

3.Гуз А.А. Взаимодействие дошкольного учреждения и семьи.- Мозырь:ООО ИД «Белый ветер», 2007. – 191 с

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет