1.2 Зерттеп оқыту технологиясын математиканы оқыту үдерісінде қолдануға қойылатын педагогикалық-психологиялық талаптар
Қазақстан Республикасының білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында [6] еліміз дүниежүзілік экономикалық форумның «XXI ғасыр дағдыларындағы ауытқуларды зерттеу» рейтингі бойынша мектеп оқушыларының танымдық-шығармашылық, құзіреттілік деңгейлері төмен дәрежеде екендігін хабарлайды.
Математика пәні бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасында [7] жаңартылған оқу бағдарламасы аясындағы педагогикалық тәсілдер, соның ішінде оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту және зерттеу жұмысын іске асыруға арналған тапсырмаларды әзірлеу маңыздылығын атап көрсетеді.
Жаңа білімді игеру қабілеттілігімен түсіндірілетін зерттеу әрекеті белгісізді іздеу арқылы танымдық әрекетпен байланыстырылады. Осыған байланысты, қазіргі күнде оқушылардың зерттеу біліктілігін қарқынды дамытуды көздейтін, өз зерттеу жұмыстарында ой-тұжырымдарын айтқан ғалым-әдіскерлер: Қ.Б. Жарықбаев, А.Е. Әбілқасымова, Ж.И. Икрамов (ойлау), В.А. Далингер (ұғымішілік, ұғымаралық), В.И. Гусев, Ә.І. Сембаев және т.б. Соның ішінде, оқыту үдерісіндегі педагогикалық-психологиялық шеберлік жағынан зерттеп оқытуды танымдық көзқараспен ұштастырған әдіскер Р.С. Омарова болса, жалпы математика пәнін оқыту үдерісінде оқушыларды зерттеп оқытуға баулу қажеттілігін жоғары деңгейге көтеруді меңзеп, осы салада бірқатар жұмыстарды атқарып жүрген отандық ғалым-әдіскерлер: Ә.К. Қағазбаева, И.Б. Бекбоев, А.Е. Әбілқасымова, Е.Ж. Смағұлов, Д. Рахымбек, М. Есмұхан және т.б.
Бұл ғалымдардың еңбектерінде математика пәнін оқыту барысында оқушыларды жаңа білім алуға бағыттайтын, ақыл-ой қызметінің шарықтауына әсер ететін зерттеу қызметін дамыту үшін оқушылардың өз бетімен жұмыс жасау қабілеттіліктері және танымдық қызығушылығының қалыптасуына көбірек көңіл бөліп, мұғалімнің тарапынан таңдалынып алынған есептерді өздері орындауға итермелеу; зерттеуге үйрету; болжам жасау арқылы кері байланыс орнату; олардың жеке қызығушылықтары мен шығармашылық қасиеттерін тоғыстыра отырып, ізденушілік белсенділігін продуктивті етіп жасай білуді жекелеген сыныптарға емес, жалпылама тұрғыда пайымдау жасайды. Осы мәселеде арнайы сыныптар бойынша немесе математика пәнінің жеке салалары бойынша жасалынған зерттеу жұмыстарының саны айтарлықтай көп емес. Мысалы, геометрия пәнінен Б.Д. Дыбыспаевтың «Цилиндрді тең шамалы бөліктерге бөлетін қималар ауданын зерттеу», «Особенности руководства научными проектами школьников по геометрии» еңбектері, М.А. Утешова негізгі мектеп алгебрасын оқыту барысында деңгейлік тапсырмалар арқылы оқушылардың зерттеушілік қызметін дамыту әдістемесі, төменгі сынып оқушыларында зерттеушілік қызметті жетілдіруді М.Ө. Мұсабеков қарастырған болса, Р.І. Қадірбаеваның «Оқыту үдерісіндегі жаңа технологиялар» атты еңбегінде Р.Г. Хазанкиннің әдістемесі бойынша есептерді шешуде мақсатты бағдарланған технологияны пайдаланып, жалпылау мен жүйелеу алгебра пәнін оқытудағы оқушылардың логикалық ойлауын дамыту құралы екендігін көрсетіп, оқушылардың математикаға қызығушылығын зерттеу әрекеті арқылы арттыруды көздейді.
Қазіргі кездегі зерттеу қызметін танымдық ізденімпаздық қабілеттілікті қалыптастыру тұрғысынан Л.В. Занков, Т.И. Шамова, А.Е. Әбілқасымова және т.б. ғалымдардың саралауынша, ізденіс белсенділігінің жоғары деңгейіне - оқушылардың танымдық есептерді анықтауы; зерттеу әрекетін ойша бекітіп, оны өзгенің көмегінсіз ұйымдастыра алуы жатқызылады [8].
Зерттеу іс-әрекетін нәтижелі жүзеге асыра алатын оқушыны әзірлеуде төмендегідей педагогикалық-психологиялық талаптарды ескеру қажеттігін ұсынамыз:
алдағы қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін оның тәжірибелік және зерттеушілік даярлықтарының байланыс табуы және соған ынталы болуы қажет;
оқушыда ізденімпаздық, зерттеуге қызығушылық, сыни көзқарас, шығармашылық, байқағыштық секілді қасиеттер қалыптастырылуы тиіс;
тиімді ізденіс әдіс-тәсілдерін таңдауды, өз бетімен зерттеу мәселесін табуды, бастапқы ақпаратты алынған нәтижемен салыстыра отырып болжау жасауды, бағалауды, қосымша әдебиеттерді қолдану арқылы жаңа міндеттерді қоюды білуі қажет.
Теориялық талдау нәтижесінде математиканы оқыту үдерісінде зерттеу ізденісі мына кезеңдерден тұратынын айтуға болады:
1. Уәждемелік қызмет.
2. Мәселені қою.
3. Нақты материалды жинау;
4. Алынған материалдарды (нәтижелерді) талдау.
5. Болжамды ұсыну.
6. Болжамды тексеру.
7. Болжамның ақиқаттығының дәлелі.
8. Қорытынды.
Әрбір зерттеу ізденісі өзінің табысты жүзеге асыру бағытын ұйымдастыруда шығармашылық ойлау компоненттерін қалыптастыруды көздейді (1-кесте).
1-кесте. Шығармашылық ойлаудың компоненттері
Зерттеу кезеңдері
|
Шығармашылық ойлаудың компоненттерін қалыптастыру
|
1.Уәждемелік қызмет
|
Қарама қайшылықты көру
|
2. Мәселені қою
|
Мәселені тұжырымдау. Ойлаудың диалектілігі. Жалпылау.
|
3. Нақты ақпаратты жинақтау
|
Қажетті ақпаратты табу және оны тасымалдау, мәселенің жаңа жағдайында қолдану. Ойлау икемділігі. Идеяларды күшейту қабілеті.
|
4. Алынған нәтижелерді жүйелеу және талдау
|
Ойлаудың сынилығы, бағалау пайымдауларын жүргізу қабілеті, талдау, жіктеу, жалпылау.
|
5. Болжам ұсыну
|
Болжамды ұсыну қабілеті
|
6. Болжамды тексеру
|
Интеллектуалды - логикалық қабілеттер
|
7. Болжамның ақиқаттығының дәлелдемесі
|
Қажетті ақпаратты табу және оны тасымалдау, мәселенің жаңа жағдайында қолдану. Ойлау икемділігі. Идеяларды күшейту қабілеті.
|
8. Қорытынды
|
Бағалау пайымдауларын, талдауды, жіктеуді, қорытуды жүргізу қабілеті
|
Қазіргі таңда математиканы оқыту үдерісінде зерттеу әрекетін дұрыс ұйымдастыра алу мен оқушыларға жағдай жасау арқылы олардың зерттеу қабілетін дамытуға бағытталған тапсырмаларды құру мен қолдану қажеттілігі, әдістемелік тұрғыдан оны пәнішілік оқыту үдерісінде жүзеге асыру әлі де толыққанды қамтамасыз етілмей отыр. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша мектеп оқулықтары мен есептер жинағының басым көпшілігінде есептердің зерттеу қызметімен өзара байланысы аз екендігі: көп жағдайда белгілі-бір стандартталған ережеге сәйкес қолданылатындығы рас. Мұндай кезде астарлы мағынасы терең болатын, ойлануды қажет ететін есептер стандартты есептерге қарағанда оқушы үшін әлдеқайда қызықты және олардың танымдық қызығушылықтарын арттыруда пайда болатын жаңаша сұрақтардың тууына, оқушы санасында сол сұрақтардың көбеюімен зерттелінетін мәселені көре білуіне әкеп соғады.
Зерттеп оқыту қызметінің басты қасиеті зерттелуге қажетті нақты объектінің құрылымын көре білу яғни, бір есепті басқа есеппен салыстыра отырып құрылымдық ұқсастықтарын айқындау. Мысалы: "3 литр және 5 литр ыдыстың көмегімен үлкен бөшкеге 22 литр айранды қалай құюға болады?" немесе "Қалтаңыздағы 22 теңгеңізді 3 және 5 теңгелік тиындар арқылы қалай ұсақтайсыз?”
Бұл есептер сырттай қарағанда әр түрлі көрінгенімен математикалық құрылымдары жағынан ұқсас. Мұны шешуде оқушылар өзгенің көмегіне сүйенбейді керісінше, арнайы тәсіл болмағандықтан ойлану үстінде проблемалық жағдаятқа тап болады. Осыған орай білім алушының ізденушілік әрекеті мен ынтасы, қызығушылығы күшейе түседі. Миын шабуылдату арқылы әртүрлі кедергілерге жолығып, тіпті сабаққа бейжай қатынасатын оқушының өзі де қойылған мәселені шешуге тырысады. Бұл дегеніміз оқыту үдерісінде мұғалімнің тарапынан таңдалынатын есептердің белгілі-бір шекарамен шектеліп қалмауы, оқушылардың танымдық қызығушылықтарын арттыратын тапсырмаларды көбейтуді, оларды зерттеу іс-әрекетіне үйретуді, қойылған мәселені көре білуді және орнымен қолдануды, болжам жасай алуды қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |