ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР
Ертедегі ескі мәдени мұрамыздың ескерткіші есебінде ел арасында сақталып, біздің заманымызға жеткен көне жырдың бірі – «Қарақыпшақ Қобыланды батыр». Бұл жырдың ертеден келе жатқандығына және оны талай жыршы-ақындардың айтып өткеніне осы жырды жырлаушының бірі Нұрпейіс Байғаниннің мына бір сөзі дәлел. «Мен, – дейді Нұрпейіс, – «Қобыландыны» он жеті жасымнан жырладым. Сол кезде тұқымы жыршы Махует деген ақыннан осы «Қобыландыны» үйрендім. Махуеттің әкесі Ділмағамбет, Ділмағамбеттің әкесі Бітеген, Бітегеннің әкесі Терлікбай, Терлікбайдың әкесі Бақы, Бақының әкесі Жаскелең, Жаскелеңнің әкесі Текберген деген атақты жыраулар өтіпті. Атадан балаға «Қобыландының» мен айтатын осы желісі қалған екен. Мен мазмұнын бұзбай, ертегісін сол күйінде жырладым. Ожырай деген елден шыққан асқан ақын Қонақберген де, Кенжеқара жыршы да «Қобыландыны» осылай жырлады125. Мұндай деректі «Қобыланды батырды» жырлаған Марабай, Мергенбай, Біржан Толымбаев, Айса Байтабынов, Мұрын жырау Сеңгірбаев, Есмұрат Нұрабыллаев (қарақалпақ ақыны) сияқты жыршылар да айтады. Әрқайсысы бұл жырды кімнен үйренгенін хабарлайды. (Бұған кейінірек тоқтаймыз.)
Жырдың жиналуы
Біз жоғарыда ел арасынан қазақ ауыз әдебиетінің кейбір үлгілері XIX ғасырдың ішінде жинала бастағанын және бұл жөнінде еңбек сіңірген кісілерді атап өткенбіз. Сол аталған адамдардың ішінен «Қобыланды батыр» жырын алғаш рет жинаған Ыбырай Алтынсарин деуге болады. Бұған келтірір дәлеліміз төмендегідей.
Ыбырай Алтансарин Орынбор қаласында оқып жүрген кезінде (1850 жылдары) орыс халқының бірнеше ағартушы-ғалымдарымен танысады. Оған, әсіресе Н.И.Ильминский, В.В.Григорьев секілді оқымысты адамдар көп жәрдем, көмек етеді; білім алу, халыққа қызмет ету жолдарын көрсетеді. Орысша оқып білім алған, ой-өрісі кеңейген Ыбырай өз халқына қызмет етуді қазақ ауылдарында оқу-ағарту жұмысын жүргізуден бастайды, мектептер ашады. Оқуға қазақ жастарын тартады, оларға арнап өлең, әңгімелер жазады, жастарды оқуға, білімге шақырады. Оқушы балалар үшін оқу құралдарын (сөзі қазақша, әрпі орысша) жазады да, оларды жоғарыда аталған жолдастарының көмегімен бастырып шығарады. Бұл кітаптарына Ыбырай, бір жағынан, өзінің шығармаларын енгізсе; екіншіден, ел арасынан халық әдебиетінің халықты оқуға, өнер-білімге, ерлікке шақыратын таңдамалы үлгілерін жинап енгізіп отырады.
Н.Ильминскийге жазған бір хатында Ыбырай былай дейді: «Мен ел арасынан көптеген әдебиеттік материалдар жинадым. оны мүмкін болғанынша сізге жіберіп те отырмақпын»126. Ыбырайдың қазақ ауыз әдебиетін жинауға кіріскендігін Н.Ильминский өте құптайды және оған жазған көптеген хаттарында қазақ елінің ауыз әдебиетке өте бай екендігін, халықтың нелер тамаша әдебиеттік шығармалары ауызекі сақталып келе жатқандығын, соларды жинап, жазып алуға көңіл бөлу керектігін айтады; бұл материалдарды қазақ балаларына арналған оқу құралдарына молырақ енгізудің мәні зор екендігін білдіреді.
Бұдан былайғы жерде де ауыз әдебиетінің әр түрлі үлгілерін молырақ жинау ісіне кіріскен Ыбырай, өзінің атасы Балғожа бидің (Балғожа да ақын болған адам) ауылына келіп жүретін ірі ақындармен танысып, олардың жырларын қызыға тыңдайды және кейбіреулерін жазып алады.
Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, жазып алу бір кісінің қолынан келетін жұмыс емес екендігін Ыбырай жақсы түсінеді. Сондықтан, ол бұл іске өзінің досы Н.Ильминскийдің де атсалысуын өтінеді. Ильминский Ыбырайдың бұл тілегін қабыл алады да, халық әдебиетін жинауға кіріседі. Ыбырай Н.Ильминскийді қазақ халқының өмірімен таныстырады және қазақ тілін үйренуіне көмектеседі. Н.Ильминский мен Ыбырай көп уақыт қазақ ауылдарын аралайды. Осындай ел аралап жүрген кезінде Ыбырай оны Марабай ақынмен таныстырған секілді. Олар Марабайдың көптеген жырларын тыңдайды, кейбіреулерін жазып алады. Бұл жөнінде Н.Ильминский былай деп жазады:
«Мен 1859 жылдың қысының бас кезінде, Батыс Қазақстанда тұрушы суырыпсалма айтқыш Марабай ақынды Орынбор қаласына шақырып алдым. Марабай «Ер Тарғын» әңгімесін жырлап берді. Мен бұл жырды татар әрпімен жазып алдым .«Ер Тарғынды» өз алдына кітапша етіп Қазан қаласында бастырып шығардым. »127.
Марабай ақыннан Н.Ильминский жазып алған «Ер Тарғын» жырының өз алдына жеке кітапша болып шығуын Ыбырай аса зор қуанышпен қарсы алады, оған шын көңілмен қуанады. Бұл жөнінде Ыбырай 1862 жылы Н.Ильминскийге жазған бір хатында былай дейді: «Мен сіз бастырып шығарған «Ер Тарғын» жырын оқыдым. Бұған өте қатты қуанам. Қазақ тілінде еш уақытта кітап басылған емес. Сондықтан қазақтар өзінің ана тілінде кітап шыққанына өте қатты қуануда.»128 – дейді де, ел арасынан «Ер Тарғын» секілді бірнеше жыр, ертегі-әңгімелерді жинағандығын хабарлайды және оларды баспа жүзіне шығару үшін Н. Ильминскийдің көмектесуін сұрайды129.
Н.Ильминскийден кейін Марабай ақыннан Ыбырай «Қобыланды батыр» жырын жазып алады. Жырдың бір тарауын 1879 жылы (Орынбор қаласында) шыққан «Киргизская хрестоматия» (книга первая) деген кітабына енгізеді. Ыбырайдың хрестоматиясына енген бұл тарауда Тайбурылдың жүрісі («Әйт, жануар, шу! – деді» деп басталатын бөлім) суреттеледі. Бұл үзіндіні осы күні жұртшылыққа таныс болған Марабай ақын айтуындағы «Қобыланды батыр» жырымен салыстырсақ, екеуі сөзбе-сөз қабысып, тура шығады. Бұл жырды Ыбырайдан бұрын ел арасынан жинап жазып алған және баспа жүзіне шығарған адамды кездестірмейміз.
Міне, осы секілді фактілерге сүйене отырып, біз Марабай ақыннан «Қобыланды батыр» жырын XIX ғасырда жазып алып, бірінші рет баспа жүзіне шығарған адам деп Ыбрай Алтынсаринді атамақпыз. Ыбырай Марабайдан «Қобыланды батыр» жырын толығынан жазып алды ма, жоқ па, ол арасы әзірге мәлім емес. Бірақ Ыбырайдың «Хрестоматиясындағы» үзіндіге қарағанда, ол бұл жырды толығынан жазып алғандығы байқалады. Бірақ баспаға жырдың аса бір көркем бөлімін ғана таңдап алып шығарған секілді.
Алтынсариннің «Қобыланды батырды» Марабай ақыннан (бір вариантын) жазып алып, оны пайдалануы кейінгілерге үлгі болады. Осыдан былай «Қобыланды батыр» жырының басқа варианттарын жинап алу ісі басталады. Мәселен, жырдың бір кішкене үзіндісі «Торғай» газетінде (1901 жыл, №15) басылады және «Орынбор оқымысты комиссиясының еңбектеріне» (1910 ж., XXII том) бір үзінді енеді. Бұдан кейін Махмұт-Сұлтан Тұяқбаев деген кісі «Қобыланды батыр» жырын бұрынғы Қостанай уезі, Қарабалық болысындағы, жыршы ақын Біржан Толымбаевтан жазып алады да, ең алғаш рет өз алдына кітапша етіп 1914 жылы «Қарақыпшақ Қобыланды батыр» деген атпен бастырып шығарады. Мұны «Қобыланды батыр» жырының ең көлемдісі, толық айтылған түрі деуге болады. Мұнда Қобыландының тууынан басталып, қартайғанға дейінгі ерлік істері жырланады.
Жырдың Марабай ақын айтуындағы вариантын 1922 жылы Ә.Диваев бастырып шығарды. Мұнымен қатар, «Қобыланды батырды» Мергенбай, Нұрпейіс, Мұрын, Айса секілді ақындар да жырлаған. Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына соңғы кездерде жырдың тағы бірнеше варианттары түсті.
Бұларды Еламанов (Гурьевтен) Аманкелдіұлы Күнұзақ (Қарағандының Нұра ауданынан), Досжан ақын (Ақтөбеден) жырлаған. Жырдың жаңадан үш вариантын Шапай Қалмағамбетов (Ақтөбеден) тапсырған.
Достарыңызбен бөлісу: |