Мемлекет – саяси жүйенің негізгі буыны



жүктеу 83.28 Kb.
Дата07.07.2016
өлшемі83.28 Kb.
МЕМЛЕКЕТ – САЯСИ ЖҮЙЕНІҢ НЕГІЗГІ БУЫНЫ

Мемлекеттің негізгі белгілері. Мемлекет белгілі бір тер­ритория шеңберіне халықты ырықсыз көндіру монополиясына ие, бүкіл қоғам атынан ішкі және сыртқы саясатты жүргізіп отыру құқығына ие, барлық жұртқа міндетті заңдар мен ережелер шығарудың ерекше құқығына, салық салып отыру құқығына ие болатын құрылым.

Мемлекеттің белгілері мынандай:

– мемлекеттік өкіметті іске асырушы органдар мен меке­мелердің ерекше жүйесінің болуы;

– мемлекетте белгіленген белгілі бір нормалар жүйесін нығайтатын құқықтың болуы;

– сол мемлекет заңдарының күші жүретін тұтас территория­ның болуы.

Мемлекеттің өмір сүруі өндірістік қатынастардың сипатына және тұтастай өндіріс тәсіліне байланысты. Мемлекет – базистің қондырмасы. Осы сияқты диалектикалық байланы­сын, өзара тәуелсіздігін айқындамайынша, мемлекеттің шыққан тегін (генезисін), оның бір тарихи тұрғыдан екінші бір тарихи тұрғыға өту заңдылығын түсіну мүмкін емес. Тарихтың барысында мемлекет бірте-бірте базистен біршама дербестік алды. Оның қоғам өмірінің негізгі салаларына ықпалы өте қомақты және ол қоғамдық қатынастардың дамуына әсер ете алады немесе бөгет болуы да мүмкін. Қоғамның ұйымдас­тырылуы күрделенген сайын мемлекеттің оған ықпал жасау рөлі арта түседі.

Міне мемлекеттің пайда болуы соған байланысты, атының, терминінің шығуы, оның мәні мен белгілері туралы қысқаша түсінік осындай. Енді мемлекет туралы ілімнің қалыптасуына біраз зейін аударайық.

Мемлекеттің түрлері және атқаратын қызметі. Алғашқы рет мемлекет түрлерін жіктеуді Аристотель жасады. Ол Геро­дот пен Платонның ілімдерін басшылыққа ала отырып, мемле­кетті монархияға (бір адамның үстемдігі), аристократияға (элитаның үстемдігі), политияға (тіке демократия мағы­насында халықтық үстемдік) бөлді. Оның ойынша, мемлекеттің бұл үш түрі де халыққа мансапқорлықсыз, пайдакүнемдіксіз қызмет ететін болса, олар заңды болып табылады.

Қайта өрлеу заманынан бастап мемлекетті үш түрге бөлу қалып, ол енді монархия және республика деп екі түрге бөлінетін болды. Ал бұл күнде демократияны оған қарама-қарсы автократиядан айырып алуға тура келеді. Бұл жерде демократияның конституциялық мемлекет түрінде кездесетінін ескерсек, парламенттік үкімет пен президенттік басқару жүйесін ажырату да қажет. Қазіргі дүниеде тағы бір ескеретін жай конституциялық мемлекеттер түріне жатпайтын, бір мемлекеттік жүйеге біріктіруге болмайтын толып жатқан плюралистік тұрғыдағы мемлекеттер бар. Мәселен, бұрынғы КСРО-ның пролетариат диктатурасы мемлекеті дегеніміз шын мәнінде коммунистік партия басшылығының олигархиясы болды. Ал үшінші әлемнің көптеген мемлекеттері өздеріне не батыстық, не шығыстық мемлекеттік үлгіні алса да оларда бұрынғы ескі басқарушылық түрі араласып отырды.

Мемлекеттердің түрлеріне келсек, қазір абсолюттік және конституциялық монархия, әскери диктатура, автократия, хунталар, әлеуметтік тап, тайпа басшылығы, отбасылық қауым дегендерді білеміз. Діннен ажыратылған (советтік) мемлекет­тер типіне қарсы діни мемлекеттер типі бар. Міне осының бәрі әлі күнге дейін қазіргі мемлекеттерді дұрыстап жүйеге бөлудің жоқ екендігін көрсетеді. Конституциялық мемлекеттің бірнеше антитиптері бар. Оның бірі бір адамның, не бірнеше адамның үстемдік етуі түрінде көрінеді. Автократиялық мемлекеттің өзіндік бір типі – ол авторитарлық пен тоталитарлық түрлер қосылған тоталитарлық мемлекет. Мұның үлгілерін Ленин, Сталин, Гитлер нақты жасап берді. Ол адамды өзінің идеоло­гиясын сөзсіз орындауға пайдаланумен, қоғамдық және жеке адам өмірін саясаттандырумен сипатталады. Сонымен мемле­кеттік құрылыстың сан алуандығына байланысты да олардың түрлері де әр түрлі болып келеді.

Мемлекеттің типі оның мәнінен, міндеттерінен туындайды. Яғни мемлекет белгілі бір таптың, не қоғамдық күштің үстемдік ету құралы (механизмінің) әлеуметтік бағыты болып та табылады. Мемлекеттің түрі үстем өндірістік қаты­настардың түрімен айқындалады. Сонымен қатар мемлекеттің өтпелі түрі де болады. Осындай күйді қазір Қазақстан басынан кешуде. Қазақстанда құқықтық мемлекет құру міндетін шешу – мемле­кетіміздің ұлттық-демократиялық типін жасауға бағыт алуда. 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған еліміздің Ата заңы – Конституцияда: «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зиялы және біртұтас мемлекет», – деп жария етіліп, тәуелсіз мемлекет заңды түрде жарияланды.

Мемлекеттер басқарушылық формасы мен саяси өкіметтің негізгі институттарының құрылысына қарай да әр түрлі бола­ды. Ал басқарушылық формасы дегеніміз өзінің заңдан­дырылған тәртібімен сипатталатын өкіметті ұйымдастыру болып саналады.

Басқарушылықтың монархиялық формасы – мемлекеттік өкімет билігін жүргізетін бір адам – монарх. Ал мемлекеттің республикалық формасында – заң бойынша өкімет билігін халықтың көпшілігі жүзеге асырады. Өйткені онда өкімет билігінің көзі халықтан шығады. Басқарушылықтың басқа да түрлері бар. Олар: демократиялық, әміршілдік, т.б.

Мемлекет құрылысы бойынша, унитарлық біртұтас мемле­кет және федеративтік заң бойынша біршама ерікті мемлекет­тер одағы – республикалар, штаттар, контондар, т.б. конфе­деративтік мемлекеттік-құқықтық бірлестіктер болып бөлінеді. Әр түрлі мемлекеттердің маңызы оның ішкі саяси құрылысына қарай бағаланады. Саяси құрылысы дегеніміз – бұл мемлекет­тік өкімет билігін жүргізу әдістерінің біртұтас жүйесі, жеке адамдардың демократиялық құқығы мен бостандығын іске асыру дәрежесі, өкіметтің өз қызметінің құқықтық негіздеріне қатысты, ресми конституциялық және құқықтық нормалардың нақты саяси өмірге сәйкестігі. Осы кездегі адамзат қоғамында демократиялық, авторитарлық, диктаторлық, фашистік, т.б. саяси құрылыстар бар. Саяси даму құрылысынан қарағанда агрессивтік, бейбітшіл, бейтарап, консервативтік, либералдық және т.б. мемлекеттерді ажыратуға болады.

Мемлекеттердің негізгі функциялары ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Ішкі функциялары мыналар: өмір сүріп отырған өндіріс тәсілін, экономикалық және әлеуметтік жүйені қорғау, экономиканы басқару, шаруашылық қызметін көрсету, тәртіп пен қоғамдық тыныштықты сақтау, әлеуметтік қатынас­тарды реттеу, мәдени тәртіп және идеологиялық қызмет. Ал сыртқы функцияларына: халықаралық қатынас жасағанда өзінің (осы мемлекеттің) мүддесін қорғау, елдің қорғанысын қамтамасыз ету, басқа мемлекеттермен дұрыс қарым-қатынас­тарды дамыту, жаңа саяси ойлау шеңберінде, бейбіт қатар өмір сүру принциптері негізінде өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жатады.



Құқықты мемлекет. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде дүние­нің көптеген елдерінде жаңа, ерекше белгілері бар құқықты мемлекеттер қалыптаса бастады. Мемлекет атауында «құқық» деген сөздің бірінші болып тұруының үлкен мәні бар. Ол қоғамның саяси-әлеуметтік өмірінде, оның барлық аясында құқық жоғары орында тұру керек деген сөз. Ол әрбір елдің Конституциясында – негізгі заңында бекітіліп, ал басқа заң­дары мен жарлықтарында нұсқа болуы тиіс. Мәселен, Қазақстанның Конституциясында Республика өзін демократия­лық, құқықты мемлекет деп жариялады. Конституцияның жиырма бабында адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтарын қорғау жан-жақты қамтылған. Адамдардың құқығының өрескел бұзылуы бұрынғы КСРО мемлекетінде кең өріс алды. КГБ, оның жергілікті органдары адамдардың ізін бағып, олардың телефонмен сөйлесулеріне дейін құпия тың­дап, адамдардың жеке өмірлерін де бақылап отырды. Мұны сезген жұрт қорқынышта өмір сүрді.

Құқықты мемлекет адамдардың бостандығы мен теңдігін кісінің туа біткен қасиеті деп жариялайды.

Жалпы мемлекет – мемлекеттік құрылыстың мыңжылдық жемісі. Біз оның алғашқы идеялары мен жобаларын көне Грекияның, Қытайдың, ортағасырлық ұлы ойшылдардың мұраларынан кездестіреміз. Платон, Аристотель, Цицерон, Мао-цзы тұжырымдарына зер салсақ, заңның беделі болмаған жерде мемлекет те жойылады. Заң үстемдігі – қоғамдағы әділеттік пен тұрақтылықтың тірегі. Ал И. Кант: «Мемлекет дегеніміз – заңдарға бағынған жеке адамдардың бірлестігі, жиынтығы», – дейді.

Құқықты мемлекеттің нышандарын қазақ хандықтарының елді басқару тәсілдерінен де байқаймыз. Айталық, «Кодекс куманикус», «Тас жазу», «Жеті Жарғы», «Қасым мен Есім хандардың жарлықтары», «Абылайдың ақ жолы», т.б.

ХХ ғасырдың соңғы жылдарында әлемнің көптеген ел­дерінде ерекше белгілері бар құқықтық мемлекеттер қалып­тасты. Оның негізінде АҚШ-тың Конституциясы, Ұлы Француз революциясының жеке адам мен азаматтар құқықтары декла­рациясы, БҰҰ-ның 1948 жылғы 12 желтоқсанда қабылдаған жеке адам құқықтары декларациясы, адамзат қоғамында ежелден қалыптасып келе жатқан адамзаттық, тарихи, саяси-әлеуметтік дәстүрлер мен салт-саналар алынды.

Құқықты мемлекеттің негізгі белгілері мыналар: құқықтың үстемдігі, біртұтастығы мен бөлінбейтіндігі, құқықтың мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын сот, прокуратура, конституциялық бақылау органдарының біртұтас жүйесінің болуы, биліктің үш тармағының дербестігі (заңдық, атқарушы, сот билігі), мемле­кет пен жеке адамның өзара жауапкершілігі, атқару билігі мен жарлық шығару, оның орындалуын ұйымдастыру мен бақы­лауда президенттік басшылықтың күшеюі, Президент – мемле­кеттің басшысы, әрі сол елдің Ата Заңының бұлжымай жүзеге асуымен орындалуының кепілі.

Осы тұста ХХ ғасырдың ең әйгілі мемлекет қайраткері, тамаша ғалым, зерттеуші, публицист, әдебиетші, ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов­тың рөлі туралы айтпасқа болмайды.

Мемлекет қалпы, жергілікті бостандық негізі, құқық, дін ісі, билік пен сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі деген он түрлі қоғамдық мәселе туралы нақты шартты мақсат – болашақты, нақты тұжырым-тұғырна­маны демократиялық, еуропалық үлгіде көрсетіп берген, әсіресе қазақ жерінің автономиясын жариялаған, елді президенттің билеуін мойындаған, жердің сатылмайтынын әйгілеген «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасын жасаушылардың кеуде тұсында Әлихан Бөкейханов тұр.

Бұл құжат қазақ елінің ішкі-сыртқы дұшпандардың қорлық-зорлығын көре жүріп, ғасырлар бойы мойымай, бостандық, әділет, туысқандық үшін күрес жолында небір асылдарын құрбан етіп, ата даналығы, ер қайраты, оқыған білімін ұштас­тырып, ұлт топырағындағы ізгілікті дәстүр, салт-сана мен озық елдер тәжірибесін ұластыра отырып жасаған мемлекет құрылысы, адам құқығы, тіршілік қалыбы жөніндегі мақсат-арманының жобасы еді.

Сонымен құқықты мемлекет елді жалпыға белгілі заң арқылы басқарады. Ал заңдар әділ болса ғана әділетті шаралар іске асырылып отырады. Осы мақсатпен өкімет билігін бөліп жүргізу принципі іске асырылады. Енді сол принцип бойынша құқықты мемлекеттерден заңдандырылған өкімет билігінің үш тармағына тоқталайық. Бұл – өкіметті мемлекеттің заң шығару, атқару және сот билігін жүргізу органдарына бөлу.

Ал енді өкіметтің осы үш тармағында алға шығуға тырысу­шылықты, үстемдік үшін таласқа түсуді болдырмау үшін солар­дың біріне құқықтық мемлекетте жоғары мәртебе берілуі қажет. Ондай мәртебе заң шығарушы өкіметке берілген. Өйткені сол ғана ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарына заңдылық негіз, күш береді, қоғамда заңның үстем болуын қамтамасыз етіп отырады. Барлық құқықтық мемлекеттерде заңдық өкіметте парламенттер формалары әр түрлі болып келеді, өйткені парламент – өкілетті, сайланбалы орган. АҚШ сияқты елдерде парламент екі палатадан, ал демократия жолына жаңа түсе бастаған кейбір мемлекеттерде Жоғарғы Кеңес түріндегі парламенттер бір палатадан тұрады.

Барлық құқықтық мемлекеттерде заңдардың конституция­лығын бақылап отырған Конституциялық соттар құрылған. Мәселен, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты­ның азамат Т.Г. Квятковскаяның талабы бойынша, 1995 жыл­дың 6 наурызындағы қабылдаған қаулысына сәйкес кезінде сайланған Жоғарғы Кеңесті заңсыз деп тануы соның дәлелі.



Осындай өте сирек кездесетін қателіктер мен ағаттықтарға қарамастан, құқықты мемлекетте адамның қоғамдық дамуға қайшы келетін процестерді ауыздықтап, бостандыққа, әділ­дікке, демократияға тоқтаусыз ұмтыла беретінін көрсетіп берді.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет