2. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға ниет білдірген мемлекеттік сатып алудың веб-порталында конкурстық құжаттама жобасының көшірмесін алған тұлғалар туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алудың веб-порталында автоматты түрде тіркеледі.
3. Конкурстық құжаттама жобасын алдын ала талқылау мен оның ережелерін түсіндіру осы Заңның 19-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
25-бап. Конкурсқа қатысуға өтінім
1. Конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарға және шарттарға келісім беру нысаны, сондай-ақ осы Заңның 6-бабында белгіленген біліктілік талаптары мен шектеулерге сәйкестігі расталатын ол туралы мәлімет алуға әлеуетті өнім берушінің келісім беру нысаны болып табылады.
2. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға оны ұсынудың конкурстық құжаттамада көрсетілген соңғы мерзімі өткенге дейін мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық құжат нысанында ұсынады.
3. Конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің:
1) осы Заңның 6-бабында көзделген шектеулерді бұзушылықтың болмағандығы туралы;
2) өзінің және тапсырыс берушінің не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының арасында осы Заңда тыйым салынған қарым-қатынастардың болмағандығы туралы;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен осы Заңның 47-бабының 14-тармағында көзделген фактілер анықталған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шартты бұзуға келісімі туралы растауды қамтуға тиіс.
Конкурстық баға ұсынысы, сондай-ақ конкурсқа қатысуға өтінімде қамтылуға тиісті мәліметтер, сондай-ақ құжаттар мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалады.
4. Әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімі:
1) әлеуетті өнім беруші осы конкурсқа қатысуға бұрын өтінім берген;
2) конкурсқа қатысуға өтінім мемлекеттік сатып алу веб-порталына осы конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін келіп түскен;
3) конкурсқа қатысушы осы конкурс бойынша баға ұсынысын берген;
4) конкурстық баға ұсынысы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген асып түссе;
5) осы Заңның 6-бабы 1-тармағының 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу веб-порталының автоматты түрде қабылдамауына жатады.
5. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдер ұсыну мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей:
1) конкурсқа қатысуға енгізілген өтінімді өзгертуге және (немесе) толықтыруға;
2) конкурсқа қатысуға өзі енгізген өтінімді қамтамасыз етуді қайтарып алу құқығын жоғалтпастан, өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін кері қайтарып алуға құқылы.
6. Конкурсқа қатысуға өтінімнің қолданылу мерзімі конкурстық құжаттамада белгіленген талап етілетін мерзімге сәйкес келуге тиіс.
26-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету
1. Әлеуетті өнім беруші конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді:
1) өзін конкурстың жеңімпазы деп анықтаған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасатындығының;
2) конкурстық құжаттамада белгіленген мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасатындығының, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) оны енгізу мерзімдері туралы талаптарды уақтылы және тиісті түрде орындайтындығының кепілі ретінде енгізеді.
2. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалған тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.
3. Әлеуетті өнім беруші конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің біреуін:
1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының банктік шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарнаны;
2) электрондық құжат түріндегі банктік кепілдікті таңдауға құқылы.
Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімнің қолданылу мерзімі өткенге дейін әлеуетті өнім берушінің енгізілген кепілдікті ақшалай жарнасына тұтастай не оның бір бөлігіне талап ету құқығының үшінші тұлғаларда туындауына әкеп соқтыратын іс-қимылдар жасауына жол берілмейді.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, осы баптың 5 және 6-тармақтарында аталған іс-әрекеттерді қоспағанда, әлеуетті өнім беруші енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.
4. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі туындаған кезде:
1) конкурс жеңімпазы не екінші орын алды деп анықталған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған;
2) конкурс жеңімпазы не екінші орын алған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаса отырып, конкурстық құжаттамада белгіленген, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) енгізу мерзімі туралы талаптарды орындамаған не тиісті түрде, оның ішінде уақтылы орындамаған жағдайларда, конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді әлеуетті өнім берушіге қайтармайды.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардың бірі туындаған кезде, конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджет, мемлекеттік кәсіпорын, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлға немесе олармен үлестес заңды тұлғалар табысының есебіне жатқызылады.
6. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі туындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады:
1) осы әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдер табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін кері қайтарып алған жағдайда;
2) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған жағдайда. Аталған жағдай конкурс жеңімпазы деп айқындалған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;
3) мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген және конкурс жеңімпазы конкурстық құжаттамада көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізген жағдайда.
27-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі демпингке қарсы шаралар
1. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде әлеуетті өнім беруші демпингтік деп танылған жол берілген шекті бағаның төмендетілген бағаға тең мөлшердегі сомада шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізген жағдайда ғана демпингтік баға ұсынуға жол беріледі.
2. Демпингтік баға ұсыну қорытындылары бойынша жеңімпаз не екінші орын алған деп айқындалған және мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім беруші осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізіледі.
28-бап. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау
1. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындау және оларды конкурсқа қатысушылар деп тану мақсатында жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілер ұсынатын жұмыстардың конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындау үшін сараптама комиссиясын құруға не сарапшыны айқындауға құқылы.
Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы қажет болған кезде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезінде тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілер ұсынатын жұмыстардың конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындау үшін сараптама комиссиясын құрады не сарапшыны айқындайды.
Бұл ретте:
1) мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижелеріне мүдделі;
2) тапсырыс берушімен, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушымен, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушымен не олардың ведомстволық бағынысты, еншілес және тәуелді ұйымдарымен не әлеуетті өнім берушілермен еңбек қатынастарында байланысты;
3) тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының не олардың ведомстволық бағынысты, еншілес және тәуелді ұйымдарының басшыларының жақын туысы болып табылатын адам сарапшы бола алмайды. Осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талаптарға сай келетін сарапшылар болмаған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші сарапшы ретінде жұмыс істеу үшін тиісті бейіндегі мемлекеттік қызметшілерді не сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге мамандығы сәйкес келетін өзге мамандарды тартады. Мемлекеттік қызметшілер сарапшылар ретінде өтеусіз негізде тартылады, ал өзге мамандар тараптардың уағдаластығы бойынша ақылы да, өтеусіз де негізде тартылады.
Бұл ретте сарапшылар ретінде тартылатын мемлекеттік қызметшілер осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Конкурстық комиссия шешім қабылдаған кезде сарапшылардың дауыс беруге құқығы жоқ.
Ақылы негізде сарапшылар ретінде тартылатын адамдарды таңдау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша конкурсқа қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасы ресімделеді, оған конкурстық комиссияның төрағасы және барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы конкурсқа қатысуға әлеуетті өнім берушілерге алдын ала рұқсат беру туралы шешім қабылданған күні қол қояды.
Конкурсқа қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасы әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмеуі туралы себептерінің егжей-тегжейлі сипаттамасы бар ақпаратты қамтуы тиіс.
Әлеуетті өнім берушілер біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келген жағдайда, конкурсқа қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасы ресімделмейді.
4. Конкурстық комиссия біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келмейтін әлеуетті өнім берушілерді анықтаған жағдайда, мұндай әлеуетті өнім берушілерге конкурсқа қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасы жарияланған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысуға өтінімдерді біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру құқығын береді.
Осы Заңның 6-бабын бұзған Әлеуетті өнім берушілерге конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерін біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келтіру үшін құқық берілмейді.
5. Осы баптың 5-тармағына сәйкес біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтірілген конкурсқа қатысуға өтінімдерді қайтадан қарау кезінде конкурстық комиссия:
1) конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды, бағалауды және салыстыруды жеңілдету үшін әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірулерді жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға;
2) конкурсқа қатысуға өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында тиісті жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға құқылы.
Конкурсқа қатысуға өтінімдерді біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтірудің осы баптың 4-тармағында көзделген мерзімі өткеннен кейін конкурсқа қатысуға өтінімді жеткіліксіз құжаттармен толықтырудан, конкурсқа қатысуға өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстырудан, тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды сәйкес кептіруден көрінетін конкурсқа қатысуға өтінімді конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіруге байланысты конкурстық комиссияның сауал жіберуіне және өзге де әрекеттеріне жол берілмейді..
Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімді, егер онда ұсынылған өтінім мәнін қозғамай түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келеді деп қарайды.
Конкурс комиссиясы конкурсқа қатысуға өтінімді қайта қараған кезде алдын ала рұқсат хаттамасында көзделмеген негіздемелер бойынша әлеуетті өнім берушілерді қабылдамауға жол берілмейді.
6. Әлеуетті өнім берушіге осы баптың 5-тармағына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінімдерді біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіргеннен кейін, егер:
1) ол және (немесе) оның қосалқы мердігері осы Заңда және электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалған негіздер бойынша біліктілік талаптарына сай келмейді деп айқындалса;
2) ол осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзса;
3) оның конкурсқа қатысуға өтінімі осы Заңда және электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалған негіздер бойынша конкурстық құжаттаманың талаптары мен шарттарына сәйкес келмейді деп айқындалса, конкурсқа қатысуға рұқсат берілмейді.
7. Егер әлеуетті өнім берушіге осы баптың 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша конкурсқа қатысуға рұқсат берілмесе, онда:
1) конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада мұндай әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімін қабылдамаудың негіздемелері көрсетіледі;
2) осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзған әлеуетті өнім беруші туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілуге жатады.
8. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдерді қайтадан қарау нәтижелері бойынша:
1) біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындайды және конкурсқа қатысушылар деп таниды;
2) конкурсқа қатысушыларға осы Заңның 24-бабының 4-тармағында көзделген критерийлердің салыстырмалы мәндерін қолданады;
9. Біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестік мәніне конкурсқа қатысуға өтінімді қарау қорытындылары бойынша конкурстық баға ұсынысы өтінімді қарау қорытындылары бойынша веб-порталда автоматты түрде ашылады;
10. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы конкурсқа қатысушылардың шартты бағаларын автоматты түрде салыстырады және ең төменгі шартты баға негiзiнде конкурс жеңiмпазын айқындайды.
Конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру қорытындылары бойынша екінші орын алған конкурсқа қатысушы ең төмен шартты бағадан кейінгі келесі баға негізінде айқындалады.
Конкурстық баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде конкурс нысанасы болып табылатын сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, қызметтер нарығында мол жұмыс тәжірибесі бар әлеуетті өнім беруші жеңімпаз (конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру қорытындылары бойынша екінші орын алған конкурсқа қатысушы) деп танылады. Шартты бағалары тең бірнеше әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесі тең болған кезде конкурстық баға ұсынысы басқа әлеуетті өнім берушілердің конкурстық баға ұсыныстарынан бұрынырақ келіп түскен әлеуетті өнім беруші жеңімпаз (конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру қорытындылары бойынша екінші орын алған конкурсқа қатысушы) деп танылады.
29-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттама
1. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттама конкурстық комиссияның барлық мүшелерін және өздері туралы мәліметтер конкурстық баға ұсыныстарын тіркеу журналына енгізілген барлық әлеуетті өнім берушілерді электрондық пошта арқылы бір мезгілде хабардар ете отырып, мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде қалыптастырылады және жарияланады.
2. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттамаға конкурсқа қатысушы Заңда белгіленген тәртіпте шағымдануы мүмкін.
3. Тапсырыс беруші шағымдану мерзімі өткеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде конкурс жеңімпазына веб-портал арқылы электрондық-цифрлық қолтаңба қойылған мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасын конкурс жеңімпазына жібереді.
30-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өтпеді деп тану негіздері мен салдарлары
1. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай жағдайлардың бірі болған кезде:
1) конкурсқа қатысуға ұсынылған өтінім болмағанда;
2) конкурсқа қатысуға екі өтінімнен аз ұсынылғанда;
3) конкурсқа қатысуға бір де бір әлеуетті өнім беруші жіберілмегенде;
4) конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім беруші жіберілгенде конкурс өтпеді деп танылады.
2. Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өтпеді деп танылса, тапсырыс беруші мынадай шешімдердің бірін:
1) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайта өткізу туралы;
2) конкурстық құжаттаманың өзгеруі және конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайта өткізу туралы;
3) мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілімен жүзеге асыру туралы қабылдауға құқылы.
3. Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өтпеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші мынадай жағдайларда бір көзден сатып алуды:
1) конкурсқа қатысуға ұсынылған өтінім болмағанда жүзеге асырады. Бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалатын әлеуетті өнім берушіні тапсырыс беруші анықтайды;
2) конкурсқа қатысуға екеуден кем өтінім түссе. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы конкурсқа қатысуға берілген өтінімде көрсетілген әлеуетті өнім берушінің конкурстық баға ұсынысынан аспауы тиіс;
3) егер конкурсқа қатысуға бірде бір әлеуетті өнім беруші жіберілмесе. Бұл ретте шарт осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзған тұлғаны қоспағанда, шартты жеңілдікті ескере отырып, ең төмен шартты бағамен конкурстық өтінім ұсынған әлеуетті өнім берушімен жасалады;
4) егер конкурсқа қатысуға бір ғана әлеуетті өнім беруші жіберілсе. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу туралы шарт әлеуетті өнім берушімен оның конкурсқа қатысуға өтінімінде көзделген талаптары бойынша жасалады және жасалған шарттың бағасы оның конкурстық баға ұсынысынан аспауы тиіс.
31-бап. Екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізудің ерекшеліктері
1. Екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу:
1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің егжей-тегжейлі өзіндік ерекшелігін толық тұжырымдау әрі олардың техникалық және өзге де сипаттамаларын айқындау қиын және (немесе) әлеуетті өнім берушілердің ұсыныстарын сұрату не туындаған мәселелер бойынша олармен келіссөз жүргізу қажет болған;
2) зерттеулер, эксперименттер, іздестірулер жүргізу немесе әзірлемелер жасау қажет болған жағдайларда өткізілуі мүмкін.
3) инновациялық және жоғары технологиялық тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынады;
2. Екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай дәйекті кезеңдердің жиынтығын білдіреді:
1) бірінші кезеңде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны айқындауы;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының сараптама комиссиясын құруы не сарапшыны айқындауы;
сараптама комиссиясының не сарапшының тапсырыс берушінің қажеттілігі негізінде сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге техникалық тапсырманы қалыптастыруы;
тапсырыс берушінің интернет-ресурсын айқындау;
екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы хабарландыруды мемлекеттік сатып алу веб-порталында және тапсырыс берушінің интернет-ресурсында жариялау;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың бірінші кезеңіне қатысуға мүдделі тұлғаларға техникалық тапсырма ұсынуы;
әлеуетті өнім берушілердің техникалық тапсырмаға сәйкес әзірленген техникалық ұсыныстарды ұсынуы;
сараптама комиссиясының не сарапшының әлеуетті өнім берушілердің техникалық ұсыныстарын қарауы және олармен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық, сапалық және (немесе) өзге де сипаттамаларына, оларды жеткізудің (орындаудың, көрсетудің) шарттық талаптарына қатысты мәселелерді талқылауы;
сараптама комиссиясының не сарапшының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшеліктерін әзірлеуі;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурстық құжаттаманы әзірлеуі және оны тапсырыс берушінің бірінші басшысының не жауапты хатшының немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де лауазымды тұлғаның не оның міндетін атқаратын тұлғаның бекітуі;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының бірінші кезеңде техникалық ұсыныстарды табыс еткен әлеуетті өнім берушілерге екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың екінші кезеңіне қатысуға шақыру жіберуі;
2) екінші кезеңде конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу үшін көзделген іс-шаралар жүзеге асырылады.
3. Егер әлеуетті өнім беруші екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың бірінші кезеңіне қатысса, ол конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.
4. Екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын конкурсты өткізу тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
32-бап. Алдын ала біліктілікпен іріктелген конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу ерекшеліктері
1. Алдын ала біліктілікпен іріктеу қолданылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу уәкілетті орган анықтайтын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізімі бойынша жүзеге асырылады.
2. Алдын ала біліктілікпен іріктеу қолданылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай ретпен жүзеге асырылады:
1) бірінші кезеңде мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы Ұлттық палата кәсіпкерлері және өзге де коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен білікті әлеуетті өнім берушілердің тізбесі қалыптастырылады. Білікті әлеуетті өнім берушілердің тізіліміне Мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидаларында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілер туралы ақпаратты қамтуы тиіс;
2) екінші кезеңде тапсырыс беруші білікті әлеуетті өнім берушілердің тізіліміне енетін әлеуетті өнім берушілер арасында конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады.
3. Конкурстық құжаттамаға, конкурстық құжаттаманың хабарламасына, оның ұсынылуына, конкурсқа қатысуға өтінімге, конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуге, конкурсқа қатысуға өтінімді ашуға, конкурсқа қатысуға өтінімді қарауға, конкурсқа қатысуға рұқсат беруге қойылатын талаптар осы бапта айқындалған ерекшеліктерді ескере отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға сәйкес келеді.
4. Алдын ала біліктілікпен іріктелген конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
33-бап. Мемлекеттік сатып алуды жабық конкурс тәсілімен өткізу ерекшеліктері
1. Мемлекеттік сатып алуды жабық конкурс тәсілімен өткізу ерекшеліктері мынадай жағдайларда өткізіледі:
1) егер мәліметтер Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтаған таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты, мемлекеттік құпияны қамтитын болса, құқықтық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздіктің қажеттігін қамтамасыз ету үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтаған таратылуы шектеулі мемлекеттік құпияны және (немесе) қызметтік ақпаратты қамтитын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу.
Достарыңызбен бөлісу: |