Тақырып 11. Жасыл экономика
1.Жасыл экономика-ҚР-дағы шынайылық пен перспективалар
Қазіргі кезде қоғам «жасыл» экономика сөзінің мәнісін әр түрлі түсінеді. Бірі бұл елдің табиғатын жақсартатын экономиканың жаңа салалары деп түсінеді. Басқалары бұл сөзді табиғатқа көмектесуге және пайда келтіруге бағытталған жаңа технологиялар ретіндегі экожүйенің өзіндік түрі деп есептейді. Үшіншілері, бұл мақсаты экологиялық таза өнімдерді құру болып табылатын дамудың жаңа кезеңіне ауысу деп есептейді.
Түсінікті анықтаудың барлық осы жолдары сөздің мағынасына өте жақын. «Жасыл» экономика - бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл» экономика бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған (пайдалы қазбалар – мұнай, газ) ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.
Жалпы алғанда, осы бетбұрыс біздің елге қай жағынан және қалай пайда әкелетінін білу үшін, әрине, шетел тәжірибесіне үңіле көз жіберу маңызды. Бұл мәселеде түптеп келгенде ұтылудан ұтудың көп екендігін алғаш болып Оңтүстік Корея дәлелдеді десек, артық айтқандық болмас. Бұл елде 2011 жылдан бері экономиканың «жасыл» секторын дамытуға 60 миллиард АҚШ долларын бағыттау жоспарланған болатын, осы ретте 1,8 млн. жұмыс орны ашылды. Оңтүстік Корея бүгіннің өзінде жыл сайын «жасыл» секторға ІЖӨ-нің 2%-ын инвестициялайды. Ұлттық стратегия шеңберінде жасыл өсім тұжырымдамасын алға қойып отырған елде негізінен үш элементке басты назар аударылады. Олар: өнеркәсіп, инвестиция және энергетика, сонымен қатар, тұщы судың баламалы көздеріне, қалдықтарды өңдейтін технологиялар мен парктердің дамуына мән береді. Ал АҚШ-та «жасыл» экономиканы дамытудың басты бағыты ретінде баламалы энергетиканы дамыту жолға қойылған. Кез келген әлемнің неғұрлым дамыған елдері «жасыл» экономика қағидаттарын ұстанады. Атап айтсақ, Моңғолия, Қытай сияқты елдер де басшылары жария еткен өршіл «жасыл экономика» жоспарларын жүзеге асыруда. Мысалы, Бразилияда топырақты күтіп ұстаудың, ауылшаруашылық өнімдерін жинаудың және жеткізу тізбегін басқарудың жетілдірілген жүйесі есебінен ауылшаруашылық жерлерін қалпына келтіру жүргізілді. Немістің Дортмунд қаласы көмір индустриясы орталығынан «Үшінші индустриялық төңкеріс» инфрақұрылымы бар жаңа «жасыл» сектор орталығына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |