6.3 Салқын және ыстық деформация
Деформациялау температурасы мен қайта кристалдану температурасының ара қатынасына қарай деформация салқын және ыстық болып ажыратылады. Салқын деформация қайта кристалдану температурасынан төменгi температурада жүредi. Cондықтан салқын деформацияланған металдың берiктiгi артады.
Қайта кристалдану температурасынан жоғары температурада жүретін деформация ыстық деформация деп аталады. Ыстық деформация кезінде металдың берiктiгi көтеріледi, бiрақ бұл температурада жүретін қайта кристалдану процесi оны жартылай немесе толығымен жойып отырады.
Ыстық деформация температурасы қорытпаның құрамына қарай (0,7-0,75)Тпл өрнегiмен анықталынады.
7 Металдардың механикалық қасиеттері
7.1 Механикалық қасиеттердің жалпы сипаттамалары
Сырттан түскен механикалық күштерге металл материалдарының көрсетер қабілетінің сипаттамалары оның механикалық қасиеті деп танылады. Механикалық қасиеттерге металдың немесе қорытпаның деформацияға қарсылығы (беріктік), сынуға қарсылығы (созымталдық, тұтқырлық т.б.) жатады.
Металдың механикалық қасиетіне баға беру критерийлерін келесі топтарға бөлуге болады:
1) бұйымдардың жұмыс атқару шарты мен конструктивтік ерекшеліктерін ескермейтін критерийлер. Демек, сынаққа түсетін үлгілер ешқандай кедір-бұдырсыз бірбеткей жазық күйінде сыналады. Олардың созымталдығы, беріктігі, соққы тұтқырлығы жұмыс қолданатын бұйымдардың қасиеттеріне сәйкес келмейді;
2) материалдың жұмыс атқару шартына сәйкес конструктивтік
беріктігіне баға беру критерийлері. Мұндай критерийлер екі топқа бөлінеді:
а) материалдың кенеттен қирауға қарсылық көрсетуге сенімділігін анықтайтын критерий;
б) материалдың мәңгілігін (шалдығуға, тозуға, коррозияға қарсылық көрсету) анықтайтын критерий.
3) стендтер арқылы, тетіктердің іс жүзінде және пайдалану сынақтары арқылы конструкцияның жалпы (конструкциялық беріктік) беріктігін бағалау критерийлері.
Мұндай сынақтарда конструкцияның сенімділігі мен мәңгілігіне металл бұйымдарындағы технологиялық ақаулар, қалдық кернеулер шамасының әсерлері қаралады.
Металтанудың практикалық мәселелерін шешу үшін стандартты механикалық қасиеттерді анықтаумен қатар конструктивті беріктік критерийін анықтау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |