7.3 Металдың қаттылығы
Материалдың беткі қабатына әсер еткен пластикалық деформацияға қарсылық көрсету қабілеті қаттылық деп аталады. Қаттылықты өлшеу арқылы металл материалдарының сапасын анықтау кең тараған. Себебі сынақққа түскен материалдар бастапқы қалпын өзгертпей, бүлінбей сақтап қалады және өлшеу процесі оңай, жылдам жүреді. Қаттылықты сынау тәсілдері көп.
34- сурет. Қаттылықты Бринель (а), Роквелл (б) және Виккерс (в) тәсілдерімен анықтау сұлбасы.
7.3.1 Бринель тәсілімен қаттылықты өлшеу
Бұл тәсілдің мәніне сынақ үлгісіне Д (мм) диаметрлі болаттан жасалған шарикті F(Р), Н(кгс) күшімен батырып, түсірілген күш тоқтатылғаннан кейінгі шариктен түскен іздің диаметрін d (мм) өлшеу жатады (34,а- сурет). Алынған нәтиже бойынша арнаулы аударма кестесіне сүйеніп немесе НВ = 2 F(P) / πD (D- ) формуласы бойынша қаттылық анықталады. Мұндағы Н- қаттылықтың символы, В - Бринель тәсілі. Шариктен түскен іздің диаметрі қанша кішкене болса, қаттылық сонша жоғары болады.
Беріктік шегімен қаттылық саны арасында келесідей байланыс бар: болат үшін в = 0,34 НВ,
мыс қорытпалары үшін в = 0,45 НВ,
алюминий қорытпалары үшін в = 0,35 НВ.
Бринель тәсілін қолдануда болаттың қаттылығы 450 НВ аспауы керек, ал түсті металдардікі 200 НВ шектеледі.
7.3.2 Роквелл тәсілімен қаттылықты өлшеу
Бұл тәсілмен өлшеуде төбесінің бұрышы 1200-қа тең алмаздан жасалған конус ұштықты (А және С шкалалары) немесе диаметрі 1,5875мм шыңдалған болат шаригін (В шкаласы) біртіндеп түсірілетін күштер (алдын ала Р0 кгс, негізгі Р1, кгс) арқылы үлгіге батырып, оның ену тереңдігі анықталады. Өлшем бірлігі аспаптың шкаласының әрбір бөлігінің 0,002мм тереңдікті көрсетуіне сәйкес алынады. Роквелл тәсілімен анықталатын қаттылық HRA, HRB, HRC әріптерімен белгіленеді. Олардың бәрі үлгінің бетіне түсірілетін ұштықтың шартты тереңдігіне кері, өлшемсіз шамалар. Өлшеу сұлбасы 29,б- суретінде көрсетілген. Ұштықтың ену тереңдігі азайған сайын, сынақтағы материалдың қаттылығы жоғары. Қаттылықты:
алмазды ұштықпен өлшегенде - HRC (HRA) = 100 - e формуласымен
болат шарикті қолданғанда - HRB = 130 – e формуласы арқылы есептейді.
Мұндағы e =(h - h0) 0,002 мм., (0,002 мм – Роквелл тәсілімен қаттылықты өлшейтін аспаптағы өлшем бірлігі).
R- Роквелл тәсілі, А, В, С – шкала белгілері, қаттылығы жоғары материалдар ( ≥ 450 НВ) С шкаласы бойымен, қалыңдығы жұқа (0,5-1,0мм) және өте қатты материалдар А шкаласы бойымен, қаттылығы төмен ( ≤ 400 НВ) материалдар В шкаласы бойымен өлшенеді.
7.3.3 Виккерс тәсілімен қаттылықты өлшеу
Бұл тәсіл формасы төрт қырлы пирамидалы алмаз ұштықты Р күшімен үлгіге батырып, түскен іздің диаметрінің диагоналін өлшеу арқылы жүргізіледі. Қаттылық HV = 1,854 F/ d2, кгс формуласымен анықталады. Виккерс тәсілімен беткі қабаты жұқа қалыңдығы жіңішке, қатты материалдарды өлшейді. Түсетін күштің салмағы материалдың қалыңдығы жұқарған сайын азайып отыру керек. Виккерс бойынша қаттылық өлшенген d шамасы бойынша арнаулы аударма кестенің көмегімен анықталады.
7.3.4 Микроқаттылық. Құрылымның бөліктерінің, жұқа жабындардың микроқаттылығын өлшеу үшін арнаулы ПМТ аспабы қолданылады. Өлшенетін үлгіге 0,05-5Н күшімен алмаз пирамидасы батырылады. Нәтижесі Н = 0,189 F/d2 формуласымен анықталады.
Достарыңызбен бөлісу: |