10.7 Үздіксіз суыту кезіндегі аустениттің өзгеруі
Аустениттің ыдырау температурасына суыту жылдамдығының тигізер әсері 54- суретте көрсетілген.
Суыту жылдамдығы артқан сайын және аустениттің ыдырау температурасы төмендеген сайын одан өнетін ферритті-цементитті құрылым жіңішкеріп, ұсақтала түседі. Демек, суыту жылдамдығы баяу кезінде (V1) перлит, жылдамырақ кезінде V2 – сорбит және одан жылдам болса V3 - троостит түзіледі (54- сурет).
Үздіксіз суыту кезінде бейнит түзілмейді. Суыту жылдамдығы жоғары V4 кезде аустенит жартылай Mн нүктесіне дейін аса суынып, мартенситке өзгереді. Ондағы құрылымы троостит пен мартенситтен тұрады.
Суыту жылдамдығы өте жоғары болған кезде аустениттің диффузиялық ыдырау мүмкіншілігі болмайды да, ол Мн нүктесіне дейін аса суынып, ары қарай мартенситке өзгереді. Мартенситке аустенит толығымен өзгере қоймайды, біраз мөлшері қалдық аустенит түрінде мартенситпен бірге түзіледі. Аустениттің толығымен Mн нүктесіне дейін артық суынып, мартенситке өзгеруін қамтамасыз ететін ең кіші суыну жылдамдығы межелік (критикалық) суыну жылдамдығы (Vк) деп аталады.
54- сурет. Аустениттің изотермиялық ыдырау диаграммасына суыту жылдамдықтарын салу.
Болаттың межелік суыну жылдамдығы оның құрамына қарай аустениттің тұрақтылығына байланысты өзгеріп отырады. Аустениттің тұрақтылығы үлкен болса, межелік суыну жылдамдығы кішкене болады. Көміртекті болаттардың межелік шынықтыру жылдамдығы жоғары (800-200ºС/с) болады. Эвтектоидты болаттың суыну жылдамдығы кіші келеді. Аустениттің түйіршіктері ірі, біртекті болып келсе, оның тұрақтылығы көтеріліп, болаттың суыну жылдамдығы төмендейді. Легірлеуші элементтер аустениттің тұрақтылығын көтеріп, межелік суыну жылдамдығын төмендетеді. Әсіресе Cr, Mo, Mn, Ni енгізілген болаттың межелік суыну жылдамдығы 200-ден 50С/с дейін төмендейді. Көпшілік легірлеуші элементтер 20ºС/с дейін төмендетеді. Жалғыз кобальт қана легірлеуші элемент ретінде аустениттің тұрақтылығын төмендетіп, межелік шынықтыру жылдамдығын көтереді.
Достарыңызбен бөлісу: |