Мәтінге аудармашылық талдау мәселелері Аңдатпа



Дата14.06.2016
өлшемі135.54 Kb.
#134476
Мәтінге аудармашылық талдау мәселелері

Аңдатпа

Данная статья посвящена проблеме переводческого анализа текста. Так как, текст является объектом перевода, рассматриваются определение, содержание, структура и функция текста, а так же анализируются точки зрения разных лингвистов по коммуникативной лингвистике.


Лингвистиканың бір саласы ретінде аударматану немесе транслатология ілімі тек ХХ ғасырдың ортасында пайда болған. Оған дейін аударма кезінде көп жағдайлар лингвистикалық фактормен анықталмайтындықтан, аударма лингвистика ғылымының мәселелеріне енбейді деп есептелінді. Бұл кезде тіл білімінің назарында жеке тілдің ерекшелігін оқып үйрену, оның грамматикалық құрылымы мен сөздік құрамы ғана болды.

Тек ХХ ғасырдың ортасында ғана аудармаға деген көзқарас өзгеріп, оны жүйелі зерттеуге көңіл бөлінді. Оған ең бірінші себеп «ақпараттық толқын» болды.

ХХ ғасырдың екінші жартысында лингвистиканың өзі көп өзгеріске ұшырады, яғни тілді жүйе мен құрылым тұрғысынан қарастырылып қана қоймай, тілдің қолданылуын зерттеуге көңіл бөлінді. Сондықтан, лингвистика ғылымы психология, әлеуметтану, мәдениеттану сияқты ғылым салаларымен байланысып, лингвопсихология, лингвоәлеуметтану, лингвомәдениеттану секілді жаңа салалары пайда болды. Ақырында,лингвистиканың өзі бүтін бір ғылымдар бірлестігіне, яғни макролингвистикаға айналды.

Қазіргі таңдағы аударма теориясына жан-жақты ерекшелік тән, өйткені аударма көп жақты құбылыс, оның кейбір бөлімдері жеке бір ғылымның нысаны болуы мүмкін. Соның ішінде негізгі орынды аударманы лингвистикалық құбылыс ретінде зерттейтін лингвистикалық аударматану алады. Дегенмен лингвистика көптеген экстралингвистикалық аспектілерді қамтиды. Лингвистикалық аударматану өзінің пайда болғанынан бастап ұзақ даму жолынан өтті.

А.В. Федоров пен Л.Н. Рецкердің аудармашылық сәйкестілік пен аудармашылық трансформация негізгі түсінігі болып саналатын сәйкестілік теориясы ең алғашқылардың бірі болды. Сонымен қатар, В.Г. Гактың «денотативті теориясы», В. Найданың «трансформациялық моделі», Л.Е. Бархударовтың «семантика-семиотикалық» моделін атауға болады.

Жоғарыда аталған теорияларға талдау жасай отырып В.Н. Комиссаров баламалық деңгейінің (коммуникативті теория) теориясын жасап шығарды. Осы теория- аударманың ең алғашқы лингвистикалық теориясы. Ол коммуникативті лингвистика ағымына негізделіп, тілді, оның ең маңызды қызметін – қарым-қатынас қызметі ретінде қарастырды. Осы коммуникативтік лингвистика негізінде мәтін – сөйлеу мен қарым-қатынас бірлігі екені дәлелденді, ал аударма қарым-қатынас құралы болғандықтан, мәтін – аударманың негізгі бірлігі болады[1,215].

Аударманы коммуникативті тұрғыдан қарстыру – қазіргі аударма теориясының негізгі қағидасы. Осыған байланысты, егер түп нұсқаға коммуникативті әсердің арқасында қол жеткізілсе, онда ол өте сәтті аударма болады және оған түп нұсқаға коммуникативті тең келетін аударылатын тілдегі мәтін тудыратын тілдік делдал түрі деп анықтама беріледі.

Коммуникативті тең келетін мәтіндер сол хабарламаның пайда болу формасы болып келеді де, коммуникация процесінде бүтін бір мәтінге біріктіріледі. Кез келген мәтіннің үш өлшемі: қызметі, мазмұны және құрылымы болса, мәтіннің коммуникативті теңдігі қабылдаушының аударманы түп нұсқаның қызметіне, мазмұнына және құрылымына қарай біріктіруінен көрінеді.

Баламалық пен адекваттық ұғымдарының арасындағы өзара байланысты қарастыра келе, «адекваттық» ұғымы аударма сапасының бағасын анықтап тұрғанына көз жеткізуге болады. А.В. Федоров пен Л.Н. Рецкердің «сәйкестілік теориясы» анықтамасына тоқталатын болсақ, бұл ұғым толыққанды аударма дегенге саяды. Осы теорияның соңынан баламалық ұғымы екі ұғымға бөлінеді – формалды және динамикалық баламалық[2,416].

Адекваттық және баламалық ұғымдарын ажыратып көрсету үшін «аударманың дәлдігі» ұғымын кірістіру қажет. Әрине, аударма дәл болу керек дегенмен келіспеу мүмкін емес, ал оның анықтамасы төмендегідей: «Дәлдік – бұл аударма жасау барысында түп нұсқаның мазмұнымен қоса, оның түрін аудармада берілетін тілдің барлық тілдік нормасын сақтай отырып аудару»[ 3,124].

Сөзбе-сөз аударма дәлме дәл аударма бола алмайды, көп жағдайда ол аударылатын тілдің тілдік нормасын бұрмалауға әкеліп соғады. Дәлме дәл аударма – адекватты (толық қанды) аудармаға грамматикалық, лексика-фразеологиялық және стилистикалық ауыстырулар арқылы қол жеткізе алу. Осы ауыстыруларды тиімді пайдалану – аудармашының кәсіби біліктілігі болып табылады. Сонымен, кез келген авторды толық қанды аудару үш компоненті құрайды:


  • Дәлме-дәл және толық (түп нұсқаның мазмұны) берілуі;

  • Түп нұсқаның тілдік формасының берілуі;

  • Аударма тілінің нормасының сақталуы.

Әр түрлі лингвистердің анықтамаларын қарастыра келе В.Н. Комиссаров (1999 ж.) еңбегінде мынадай қорытынды жасайды: адекватты (толыққанды) аударма эквиваленттіліктің белгілі бір деңгейін қамтиды, бірақ, эквивалентті аударма толыққанды аударма бола алмайды. Сонымен, эквиваленттік аударма – эквиваленттік деңгейдің бірінде орындалған аударма болса, толыққанды аударма – бұл прагматикалық жағынан эквиваленттік деңгейдің дұрыс таңдалуы, басқаша айтсақ, түп нұсқаның коммуникативтік мәнін сақтаған дәлме дәлдік. Адекватты немесе сапалы аударма ұғымымен «аударма инварианты» тығыз байланысты.[4,247].

Аударма дегеніміз – аналитикалық және синтетикалық қызмет болып табылады. Әрине, аударманың алғашқы сатысында осы мәтін талдаудың аналитикалық нысаны және соңғы сатысында синтез нысаны болады.

Мәтінді екі көзқарас тұрғысынан қарастыруға болады: дәйекті белгілері, прагматикасы, мақсатты құрылымы тұрғысынан, бұл көзқарас бойынша оның әр түрлі белгілерін, мысалы мәтінді «мәтін емес»-тіктен ажырату, кейбіреулер мәтінді тек жазбаша түрде, басқалары монологті тілдегі ауызша түрде, енді біреулер мәтінді тек диалогті түрде болуы мүмкін деп есептейді; ал енді екінші көзқарас бойынша, мәтін – ғаламдық белгі, дабыл деп түсіндіреді. Бұл тұрғыдан алғанда мәтін тек бір сөз ғана емес, мәліметтің бүкіл мазмұнын білдіретін әріп, тіпті кейбір тыныс белгілері болып табылады.

Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте мәтінге төмендегідей анықтама беріледі. «Мәтін – байланыстық және тұтастық қасиеттері бола тұра белгілік бірліктердің мағыналық байланысының біріккен түрі». И.Р. Галпериннің «Мәтін – лингвистикалық зерттеудің нысаны» атты кітабында берілген анықтамаға тоқталсақ, «Мәтін – бұл сөйлеу процесін тудыратын, әдеби әрленген, аяқталған объективті ойды білдіретін жазбаша құжат түріндегі шығарма. Белгілі бір мақсатқа бағытталғандық және прагматикалық құрылымы бар әр түрлі грамматикалық, лексикалық, стилистикалық байланыстарды біріктіретін ерекше бірліктер мен тақырыптан тұратын шығарма»[5,139]. Берілген анықтамада байланыстық, тұтастық және прагматикалық құрылым сияқты, мәтіннің оларсыз болмайтын негізгі ерекшеліктері көрсетілген.

Дегенмен тағы бір анықтаманы талқылап көрелік. В.Л. Наердің ұсынған анықтамасы: «Мәтін – бір тұтас құрылым, түрі жағынан тілдік (лексикалық бірліктер, грамматикалық формалар, байланыстар) және коммуникативті белгісі жағынан бір коммуникантқа қатысты және оның коммуникативті ыңғайын білдіреді. Мәтіннің басы мен соңы болады және жақсы құрастырылған мәтіннің басы мен соңы жақсы байланысады. Мәтіннің маңызды ерекшелігі – оның ішкі байланысы (мазмұны мен аяқталу бірлігі арқылы болатын), сонымен қатар байланыстың эксплицитті және имплицитті түрлері (логикалық, грамматикалық, лексикалық, стилистикалық, ассоциативті).

Мәтіннің тұтастығы (integrity) мен байланыстылығы салыстырмалы тұрақтылықпен ерекшеленеді және мәтіннің бір тұсында өзгерту қажет болған жағдайда, оның басқа тұстары да өзгеріске ұшырауы мүмкін, ол әрине өңдеу жасағанда анық байқалады»[6,75].

Мәтіннің лингвистикасы және оның практикалық бөлімі мәтінге лингвистикалық талдау мен әдебиеттанудың нысаны бір. Ол – мәтін. Мәтін лингвистикасы өзінің талдауында түрден мазмұнға қарай жүрсе, әдебиеттану мазмұннан түрге қарай жүреді, және тағы бір ерекшелігі лингвист мәтінді оқырман тұрғысынан талдаса, әдебиеттанушы автордың ыңғайымен, тарихи, әлеуметтік және философиялық зерттеу жасай отырып талдайды.

Мәтінге лингвистикалық талдау төмендегі қағидаларға негізделеді:



  • Тарихи (мәтіннің жазылған уақытындағы тілді ескеру);

  • Түр мен мазмұнның өзара байланысын, сабақтастығын ескеру;

  • Мәтінді талдаудағы деңгейлік ұғым;

Жалпы мен жекенің белгіленуі (координация, жалпы тілдік, жалпы стильдік, жанрлық өзара байланыстарын ескеру).

Осы жоғарыда айтылғандардан мәтінге аудармашылық талдау негізі лингвистикалық талдау деген тұжырым жасауға болады.

Аударма процесі үш кезеңнен тұратыны мәлім:

түп нұсқадағы мәтінді қабылдап түсіну;

аударма процесі;

өңдеу кезеңі

Мәтінге аудармашылық талдау дегеніміз бұл – аударылатын мәтіннің мазмұнын терең түсініп, оның аударылу инвариантын анықтау деңгейіне бағытталған аудармашылық талдау қызметі.

МАТ төмендегідей жағдайға сүйенеді:

Сөйлеу қарым-қатынас бірлігі- сөз де, сөйлем де емес, мәтін болып табылады. Аударма қарым-қатынас құралы болғандықтан, көлеміне қарамастан, мәтін аударманың негізгі бірлігі болып есептеледі.

Мәтінді аудару қарым-қатынас бірлігі ретінде жеке сөйлемдерді аударумен ерекшеленеді.

Жазбаша мәтіннің жүздеген, тіпті мыңдаған түрлері бар, кәсіби аудармашы солардың кез келгеніне жол таба білу керек.

Ешқандай мәтінді төмендегі үш сұраққа жауап алмай тұрып, табысты аудармаға қол жеткізе алмаймыз:



  • Мәтіннің авторы кім?

  • Кімге арналған?

  • Қандай мақсатпен?

Ал бұл сұрақтарға жауап беру тек мәтінмен толық танысқан соң ғана мүмкін болады. Сонымен МАТ аударылатын мәтінді бір тұтас күйінде қабылдап, содан соң компоненттерге бөліп, оның типологиялық түрін анықтап, қандай қиындықтардан тұратынын түсініп, аудармаға қайсысы маңызды, қандай тәсіл мен аударма бірліктерін таңдау керектігі үшін қажет.

Жоғарыда атап өткендей, аударма процесінде үш кезеңді құрылым теріске шығарылмайды. Дегенмен, кейбір жағдайларда бұл кезеңдердің арасында, белгілі бір шекара жоқ, аударманың түріне қарай әр кезеңнің айқындалуы әр түрлі. Мысалы аталған кезеңдер синхронды аударма кезінде бірігіп кетеді, ал жазбаша аудармада синхронды аудармаға мүлдем қарама-қарсы процесс орын алады.

Атап айтатын болсақ, жазбаша аудармада аталған үш кезең де ұсынынылып, аудармашының шығармашылық жұмысында тілдік құралды дұрыс таңдап және бағалау қабілеті болу үшін бірінші кезеңнің, яғни түп нұсқа мәтінді қабылдап түсінудің рөлі ерекше. Аударма процесінде бұл кезеңге ұзақ уақыт мән берілмей келсе де, көптеген авторлар аудармашының мәтінді түсіну мәселесін қарастыра бастады.

М.Т. Брандес, В.И. Проворотов, Л.К. Латышев, И.С. Алексеева, Е.В. Погорелов, Д.И. Ерманова сияқты лингвистердің соңғы еңбектерінде осы аталған мәселе жан жақты қарастырылып, «мәтінді аудару алдындағы талдау» термині енгізілді. Кейбір жағдайда бұл термин «аударма алды талдау» терминімен ауыстырылып, оның аударма процесі жүзеге асқанға дейінгі орындалатын талдауды білдіретіні атап өтілді. Осы екі кезең, яғни танысу мен түсіну бір-бірімен байланысты екені ескеріліп, «мәтінге аудармашылық талдау» терминін қолдану ұйғарылды.

Мәтінге аудармашылық талдау сапалы кәсіби аударма жасауда маңызды рөл атқаратынын В.Н. Комиссаров, Л.К Латышев және басқа да зерттеушілер атап көрсетеді. Е.В. Бреус тіпті аудармаға анықтама бергенде осы ұғымды қолданады. «Аударма дегеніміз – тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынас процесінде түп нұсқа мәтінді аудармашылық талдау негізінде жаңа тілдік және мәдени ортада алмастыратын екінші бір аударма мәтінді тудыру»[7,104].

Жоғарыда айтылғандай, мәтін үш өлшемнен, яғни қызметі, мазмұны және құрылымынан тұрса, мәтіннің негізгі алты тілдік қызметі бар: денотативті (референтті), экспрессивті (эмотивті), байланыс құрушы, металингвистикалық, дериктивалық және поэзиялық. Бұлардың бәрі мәтінде әр түрлі комбинацияларды құрайды. Сондықтан Л.К. Латышевтың тұжырымынан аударма инварианты дегеніміз – мәтіннің функционалды ерекшелігінің тұтастығы немесе коммуникативтік тапсырма болып табылады[8,192].

Мәтін дегеніміз ашық жүйе, ол оқырмандардың қолына тиген сәтте автормен байланысын толық үзеді. Оқырман автор көрген нәрсені емес, тек өзіне керек жерін ғана көре біледі. Аудармашы да, қарапайым оқырман да өзінің когнитивті тәжірибесіне, өзінің тезаурусына сүйене отырып, түпнұсқа мәтінін ұғынуы мүмкін.

Аудармадағы мәтін мазмұнының түсінікті болып жеткізілуі тілдік қолданыстың сауаттылығына байланысты.

Аудармаға түскен мәтіннің түсініксіз болуы, бастапқы мәтін тілінде жазылған нұсқасына амалдың жоғынан сүйенуіміз – аударма кезінде тілдік қолданыс құралының жөн – жосықсыз сөз тізбегімен беріле салуында жатыр.

Ең бастысы, аудармада тілдік қолданыс техникасы дұрыс болу үшін мына жайларға барынша көңіл аударылу қажет:

1. аудармадағы тілдік қолданыстың айқындылығы мен қарапайымдылығы;

2. ойдың нақты мағынасын ұғына алатындай барынша дәл бейнеленуі;

3. логикалық дәйектілік және баяндаудың жүйелілігінің сақталуы;

4. мәтіндегі екі тілдің де сөйлем құрылымындағы сөз тәртібінің орналасу ерекшеліктерін білу;

5. жалпы ақпараттық мазмұнды сақтай отырып, морфологиялық – лингвистикалық нормаларды бұлжытпай орындау.

Жоғарыда айтылған жайларға байланысты тілдің лексика-семантикалық заңдылықтарына сүйенуге тура келеді. Бұл жайында: «Түбір сөздің лексикалық мағынасы жаңа сөздің лексикалық мағынасына арқау болады. Өйткені, тілде бір лексикалық мағына екінші бір лексикалық мағына негізінде жасалады. Түбір сөздің мағынасы мен ол арқылы жасалған туынды сөздің мағынасы өте тығыз байланыста және ол кездейсоқ құбылыс емес, сөз жасауда үнемі сақталатын заңдылық», -дейді ғалымдар.

Аударма актісінде ана тіліне тән сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібін қатаң сақтап, оған қоса лексикалық тілдік заңдылықтарды дұрыс орынды пайдаланса, аудармадағы тіл мәдениеті, сөз әуезділігі өзара үйлесім табады. Аударма мәтініне тақырып төңірегіндегі біріккен сабақтастық пен тұтастық тән болу керек. Ақпаратты жеткізетін мазмұнды сөйлемдер тізбегі негізгі мәтіннен ауытқымауды өте-мөте қажет етеді.

Аударма технoлогиясы қазіргі заманда барынша ақпараттық және тілдік даму құбылысымен байланысып отырған күрделі тәсілдер жинағы.

Аударма үрдісі қаншалықты күрделі де қиын екенін тек қана осы іспен айналысқан адамдар ғана біледі. Бүгінгі аударма қызметінің кеңеюіне, қажеттілігіне қарай төмендегідей маңызды міндеттер анықталды:

1. Ұлттық мәдениеттің өзінің қайталанбас төлтума тұрпатын сырт елдерге таныту;

2. Сыртқы мәдениеттердің құндылықтарын жеткізу арқылы жасаң мәдениеттерді жаңғыртып, жаңартып, тың даму үрдісін жасау.

3. Елдердің өзара байланысында тіларалық жаңа ұғымдар мен түсініктерді бейнелеуге бейім сөздерін іздестіруге, саралауға бейімді етіп, тілді жаңартып, жасандыру.

4. Ана тіліндегі төл ұғымға жаңа заман тілдесімінің қондырғысы болу.

5. Сөйлем құрылымында еш өзгеріс болмаса да, грамматика-лингвистикалық стиліне толықтырулар жасап, өзгеріс енгізуіне себепші болу.

Аударманы салыстырмалы талдау, яғни аударма мәтінінің формасы мен мазмұнын түпнұсқаның формасы мен мазмұнымен салыстыра отырып талдау аударма лингвистикасында зерттеудің маңызды әдісі болады. Бұл ретте мәтіндер байқауға және талдауға жататын объективті деректер. Аударма үрдісі түрлі тілдердегі екі мәтіннің (түпнұсқа мәтіні мен аударма мәтіні) арасындағы белгілі ара қатынасты белгілейді. Мұндай мәтіндерді салыстыра отырып, аударманың ішкі механизмін ашуға, эквивалентті бірліктерді анықтауға, сол сияқты түпнұсқа бірліктерін аударма мәтінінің соған эквивалентті бірлігімен алмастыру кезінде болатын форма мен мазмұн өзгерістерін табуға болады. Мұндайда бір түпнұсқаның екі немесе бірнеше нұсқаларын салыстыру да мүмкін. Аударма нұсқаларын салыстырмалы талдау тілдердің әрқайсысының ерекшелігіне байланысты аударманың типтік қиыншылықтарының қалай еңсерілетінін, сол сияқты түпнұсқаның қандай элементтерінің аудармада берілмей қалғанын анықтауға мүмкіндік беріледі. Нәтижесінде нақты үрдіс сипатын беретін аудармашылық фактілерді сипаттау шығады. Аудармаларды салыстыра талдау лингвоаудармашылық зерттеулердің әдісі ретінде белгілі хронологиялық кезеңде жасалған аудармалар жиынтығының аударма теориясы мен практикасы дамуының толық кешенін оңтайлы шешу нәтижесі ретінде қаралу мүмкіндігіне негізделенеді. Аудармаларды салыстыра талдау әдісін қолдану аударма үрдісі нәтижесінің оның мазмұнын танытады дегенді де білдіреді. Білім алушының сөйлеу актісінің нәтижесі болып табылатын кез келген сөз бөлігі кез келген аудармада субъективті болып табылады. Аударма нұсқасын таңдау белгілі дәрежеде білім алушының біліктілігі мен жеке басының қабілетіне байланысты. Алайда, аударманың субъективтілігі түпнұсқа мәтінінің мазмұнын мүмкіндігінше толығырақ жеткізу қажеттілігімен шектеледі, ал мұндай жеткізу мүмкіндігі объективті түрде және үйренушіге қатысы жоқ екі тіл жүйесі қызметінің ерекшеліктерінің арасындағы қатынасқа тәуелді. Сөйтіп, аударма білім алушылардың объективті қатынастарды субъективті өткеруін білдіреді. Сөз үзіндісінің субъективтілігі одан белгілі бір тілдің жүйесі туралы объективті фактілерді алуға кедергі болмайтынындай аударма субъективтілігі де объективті ғылыми талдауға бөгет бола алмайды. Жекелеген аудармаларда түпнұсқа мен аударманың тиісті бірліктері арасындағы аудармашылық қатынастардың шынайы сипатын бұзатын қателіктердің кездесуі мүмкін, дегенмен зерделенетін материалдардың жеткілікті көлемінде мұндай қателер оңай байқалып, түзетіледі.

Аудармаларды салыстыра зерделеу аудармаға қатысушы тілдер арасындағы қатынастардан, сондай – ақ аударма үрдісінің барысында ықпал ететін лингвистикалық емес факторлардан туындайтын түпнұсқа мен аударманың жекелеген элементтерінің коррелятивтілігі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Қажетті қос тілді және аударма қызметінің тәжірибесін меңгерген мамандарға сауалнама жүргізу сондай ақпарат алудың қосымша әдісі бола алады. Сауалнама кезінде оларға аударуға лексикалық бірліктер бар түпнұсқа үзіндісі немесе аударуда белгілі қиындық тудыратын синтаксистік құрылымдар беріледі. Аудармашылық мәселелерді қарау және шешу сипатын анықтайтын жалпы лингвистикалық қағидалар аударманың негізгі теориясы болып табылады. Аударманың лингвистикалық теориясын жасау барысында «аударылмау теориясының» дұрыс еместігі көрсетіледі. Аударманы тіл білімі тұрғысынан қарау түпнұсқа мен аударма мазмұнының толықтай дөп келмейтінін айқын танытты. Кез келген мәтіннің тілдік өзгешілігі, мазмұнының өзіне ғана тән «реңдік» білімі мен мәдени – тарихи ерекшеліктері бар белгілі бір тілдік ұжымға бағдарлануы оның басқа тілде толығынан «жаңғыруына» жол бермейді. Сондықтан аударма дәлме дәл мәтін жасауды мақсат тұтпайды, дәлдіктің болмауы мәтіннің аударылмауына себеп болмақ емес. Аударма кезінде аударылатын мәтіннің әлдебір элементтерінің жоғалуы бұл мәтін «аударылмайды» дегенді білдірмейді, мұндай жоғалту әдетте мәтін аударылғанда, және аударманы түпнұсқамен салыстырғанда табылады. Аудармада түпнұсқаның әлдебір ерекшелігін жеткізу мүмкіндігінің болмауы – басқа тілдерде екі мәтіннің мазмұнының дәлсіздігінің жалпы ұстанымының жеке көрінісі ғана («абсалютті дәлдік» туралы айтсақ, тілдік бірліктердің әртүрлі жиынтығынан тұратын бір тілдегі екі мәтін). Дәлдіктің болмауы аударма процесінде түпнұсқа мәтініне коммуникативтік функцияларды атқаруына бөгет жасамайды. Мәтіннің айтылу мазмұнында сол хабар үшін мәні жоқ ой элементтерінің болатыны, оған тілдік бірліктердің семантикасымен бірге берілетіні белгілі.

Аударманың лингвистикалық теориясының дамуының алғы шарттарының шешімі болып табылатын екінші мәселе- зерттеу нысанын нақтылау. Аударма тіл білімінің нысаны ретінде не білдіреді? Мамандыққа қатысты әлдебір мәтінді шетел тіліне аудару жайлы айтқанда назарда, ең алдымен, аударма емес шетел тіліндегі басқа мәтіндерден сол мәтіннің әлдеқандай өзгешелігін байқаймыз. Тіл танушы мұндай мәтіндердің ерекшелігін оларды басқа тілдегі түпнұсқасымен, сондай-ақ сол тілде «аударылмайтын» мәтіндермен салыстыра отырып зерттейді. Басқа қырынан алғанда, аударма мәтіні аудармашы қызметінің соңғы нәтижелі өнімі болып табылады. Бұл «өнім» сол қызметтің барысында, аударма үрдісінде немесе аударма жолымен жасалады, сондықтан «аударма» аудармашы қызметінің белгілі сабақтастығын білдіреді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. В.Н.Комиссаров. Теория перевода. Москва: Высшая школа, 1990.-215

2.Федоров А.В. Основы общей теории перевода, Москва 2002.-416

3.Левицкая Т.Р., Фитерман А.М. Теория и практика перевода с английского языка на русский. –М., 1963.- 124

4.В.Н.Комиссаров. Современное переводоведение Курс лекций -М., 1999 -192

5.Гальперин И.Р. Текст как объект лингвистического исследования-М., Наука,1981.-139 б.

6.Наер В.Л. Из лекций по теоретическим основам интерпретации текста. М., МГЛУ,2001.-75 б.



7. Бреус Е.В. Основы теорий и практики перевода с русского на английский язык: учеб. пос. – М.: Изд УРАО, 2001.- 104

8.Латышев Л.К. Курс перевода-М. 1981.-247

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет