М.ӘУезовтің «абай жолы» романындағы дәмежан бейнесі



жүктеу 74.23 Kb.
Дата13.06.2016
өлшемі74.23 Kb.
М.ӘУЕЗОВТІҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАНЫНДАҒЫ ДӘМЕЖАН БЕЙНЕСІ

ф.ғ.к., доцент Айтбаева Айман Ералықызы

Нахатова Жансая К-12-1 оқу тобы студенті

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті


М.Әуезовтің «Абай жолы» романында тамаша сомдалған аяулы әже, асыл ана, сұлу әйел образдары –адамдықтың, адал махабаттың, пәк сезімнің иелері. Бойынан қазақ қызына тән ибалық, имандылық, қайсарлық пен батырлық қасиеттері қатар өрілген халық нанымындағы ерекше бейнелерді сомдау дәстүрі Әуезов шығармашылығында да өз жалғасын тапты. Эпопеяда жүзге тарта әйел кейіпкерлер бар. Характер жасауда қаламгер оларды жинақтай отырып даралаған, даралай отырып жинақтаған.

Қарымды қаламгер Әуезов те - әйелдің ішкі жан иірімдерін беруде өзіндік соқпағын салған жазушы. Оның әрбір туындасындағы әйел бейнесі (мейлі ол қыз бала, ана, кейуана) өзіндік рухани тазалығыман құнды. Қазақ қызы арын таптатпаған, намысын қорлатпаған. Жазушы әйел бойындағы адамдық қасиетті биік шыңға көтере отырып, оның арманы мен мақсатын білуге ұмтылады. Романда кесекті бейне болып көрінбегенімен бізді Дәмежан бейнесі ерекше қызықтырды. Сондықтан да Дәмежен бейнесін де жазушы шығармашылығындағы табыс қатарында көрсеткіміз келеді. Ең бастысы оның өмірде бар болғандығы. Жазушы оның маңындағылардың негізгілерін тірек ете отырып, әдеби бейне сомдап шыққан.

Дәмежан - Абайлардың өз аулының қызы. Ызғұттының үлкен қызы. Романдағы Ызғұтты кім еді? Саналы ғұмырында үнемі Құнанбай қасынан табылған сүйегі Ақшоқыдағы Құнанбай зиратының ішіне жерленген Ізғұтты да роман-эпопеяда өзіндік орны бар бейне есебінде суреттеледі. Өмірде Құнанбай төңірегіндегілердің Құнанбайға ең жақыны да, сенімдісі де қандай істе болсын ымын түсінер серіктесі де, тұрмыстағы ақша қаражатының есепшісі де – Ызғұтты болған. Алшынбай үйіне құдалыққа келген Ұлжан, Абай тобының жөн бастары мен сөз бастары да –Ызғұтты болған. Құнанбай өзі сенген тындырымды, өзім деген адамын ғана Алшынбайға бас құда етіп жіберсе керек. Құнанбай Қарқаралыда мешіт салдырғанда осы бір сауапты істің басы, қасында Ізғұттыны ұстайды. Осының бәрі Ызғұттыға деген сенімді білдіреді. Қажылыққа барғанда да қасына Ізғұттыны ала кетеді. Сапарында ол кіші қажы атанып қайтады. Керек жерінде Құнанбайға тоқтам салар сөз де айтады. Шын мәнінде Ізғұтты Құнанбаев болғанымен, ол оның кіндігінен тараған тікелей ұрпағы емес. Ізғұтты жайлы Б.Сапаралы мен Т.Жұртбай әртүрлі естеліктерді келтіреді. М.Бисембиев Мәскеу мұрағатынан алған дерегі бойынша Ізғұтты Құнанбаев 1830-1887 жылдар арасында өмір сүрген. Қ.Алтынбаев пен Е.Жұмахан «Ақсуат» атты кітапта әркім өз ата-бабасын жақсырақ білмек деген ұстаныммен Ізғұттының немересі Далба ақсақал мен оның баласы Әлімханның деректеріне сүйенеді. «Ізғұттының шын аты – Бақыбай. Бірге туған інісінің аты- Шибай. Бұл екеуі Мұрынның Тоқабай руындағы Нұранның Сақауы дейтін дәулетті адамның балалары болған. Екеуі де байдың бәйбішесінен туған. Нұран бай баласы Сақауға Өскенбайдың қызы Тайбаланы айттырады. Құдаласады. Бұл құдалыққа Құнанбай наразы болады. Құнанбай әртүрлі бұлталаққа салып, қарындасын бергісі келмейді. Өскенбай қартайып, жатып қалған болса керек. Арада 4-5 жыл өтіп кеткен соң Сақау бай қалың малын төлеп, басқа әйелге үйленеді. Ашу қысқан Құнанбай Тайбаланы басқа біреуге ұзатпақ болады. Бірақ Тайбала атастырылған найман еліне екі жігітті ертіп кетіп қалады. Олар бұларды құшақ жая қарсы алады. Тайбалаға ағасының мінезі белгілі. Көрмей кетуі әбден мүмкін. Ақылды Тайбала Сақау байды көндіріп, бәйбішеден қалған екі ұлдың бірін 11 жасар Бақыбайды серіктеріне ілестіріп жібереді. Ағасына: -Аға, мына бала менің бодауыма берілген бала. Жатсынбай, бауырыңа бас,-деп хат жазады. Құнанбайды ағайын туыс көндіреді. Құнанбай төңіректі шақырып, той жасап, қолына асықты жілік ұстатып, өзіне ұл етеді. Бірақ атын өзгертіп «Ізғұтты» деген есім береді» [1,286] .

Ежелгі дәстүрден бастау алған ел мен ел арасындағы тыныштық пен берекені көздеп қыз алысып, қыз берісу аманатқа адам тапсыру салтын бұл өлкенің елі қатты ұстанған. Соның дәлелі болған аманат бала Бақыбай - Ізғұтты Құнанбайдың нәрін танып, етбауыр інісіндей тілеулесі болып, Ырғызбай әулетімен өмірінің соңына дейін біте қайнасып кетеді. Дәмежан – Құнанбай өз баласындай бауырына басқан, бірбеттілігі мен батылдығына, адалдығына шүбәсіз сенген Ізғұттының ең үлкен қызы. Дәмежен бейнесін де жазушы шығармашылығындағы табыс қатарында көрсеткіміз келеді. Романның «Түн-түнекте» бөлімінде Дәмежанмен кездесеміз. Абай мен Баймағанбет екеуі қала жатақтарына жақын Дәмежан үйіне келіп түседі. Кейіпкер характерінің іс-әрекеттердің барлығы да бір ғана қасиет -туысқандық сезім төңірегінде топтастырылған. Дәмежан елден келген ағайын-туыс, жерлестеріне құшағын жая қарсы алады. Ешкімді жатсынбайды. Жазушы Дәмежан мінездерін ширақ, жанды диалогтар үстінде ашады. Абаймен, Мұхамбетжан арасындағы диалогтарда көп нәрсе аңғарылады.

Әдебиеттану ғылымында мәтінге портреттік сипаттаманың енуінің тәсілі белгілі. «Портреттер тек пішіндік белгі емес, олар қаһарманды мінездеуге ұласып отырады. Автор жанама мінездеуге ден қоятындығын көрсетеді. Кейіпкер ойы мен талдауы монолог, диалогтар кезінде айқын көрініп отырады.Әдеби портреттерде автор кейіпкердің дене бітімі мен бет-әлбеті оның қандай сезім мен жан толғанысын туғызатыннына аса мән береді»[2,302]. Мысалы, «Абай жолы» романындағы Дәмежанның кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, киім киісі сұлу көрінетіндігі шығарманың өне бойында қайталанып беріліп, оқырман назарына аудартады. «Дәмежан ашық жауап беріп амандығын айтып, Абайдың үй-жайын, ауыл аймақ, ел-жұртының амандығын сұрады. Даусы саңқылдаған, сөздері сонша анық, айқын естілетін үні ажарлы әйел екен. Дәмежан сұңғақ бойлы, көтеріңкі кесектеу мұрны бар, жаудыраған үлкен, әдемі қара көзді әйел»[3,6] . «Ақ, қарасы айқын көзі – тұнжырай біткен, анық бота көзддің өзі. Ашық дауысты Дәмежан сөйлеген сайын оның үлкен аппақ тістері кең ашылады. Жұқа еріндерінің қызылына жарасып жиі көрініп тұр» [3,10], «Абай мен қарттарға қараған үлкен көздерінде әдемі ұшқын, шұғылалы сәуле бар. Аппақ ұзын тістерін қоршаған сұлу еріндері кейде күлкі мен ызаны қатар, қабат білдіретін дағдысы да бар. Сол ажармен сөйлеп тұр»[3,12] , «Дәмежан бұл қонақтар арасында өжет, өр сөйледі. Ол тегі үнемі солай болу керек. Абай оның шешендігін жаңа байқады. Ал өжеттігімен әкесіне тартқан секілді» [3,14] деген сияқты портреттік суреттеулер туындыда жиі кездеседі. Сонымен бірге оның ішкі әлемінің иірімдерін де қатар суреттейді.

Оның отбасындағы ролі тым ерекше көрсетіледі: «Күйеуі үнсіздеу, аз сөзді бұйығы кісі болғанда, Дәмежан мүлде басқаша. Адамға тез қабысатын, жол мен жөнді өзі біліп басқаратын көшелі кісідей. Бұл үйдің еркегі ері емес, өзі тәрізді. Жаңа отыра бере, үлкен баласына самауыр қой деп бұйрық берсе, күйеуіне де іс тапсырған. Тұрып қазақ астына отын жарып әкел деген еді. Абай Дәмежанның жаудыр көзіне сәл тамашалай отырып, күле сөйлеп тіл қатты» [3,15]. Әрине, бұл жерде қонақтардың көзінше күйеуі жұмсауы біздің қазақи қалпымыз үшін әдепсіздеу көрінуі мүмкін. Әуезовтің айтайын дегені: рухы мықты әйелдердің отбасындағы іс-әрекеті арқылы қазақ әйелінің басқа да жағдайда ер азаматқа тән қасиеттерін көрсеткісі келгендігі деп ойлаймын. Дәмежан отбасының тірлігі романда былайша суреттеледі: «Бұлар әлі де қаланың әлсіз ғана тұрғын кедейінің бірі. Рас, өздерінен бала туды. Жаман да болса, өз алдына тірлігі бар. Осы қаланың шетінен елдің көп керуені түсіп жүретін жұпыны ғана қора-жай салып алған. Сонымен отырған үйдің түп қазығы осы Дәмежанның өзі. Ол аса намыскер, басынан сөз асыра алмайды. Көрші қолаңға да сол мінезі мәлім. Сонысымен және барлық Слободканың басжатақтағы көп қазақтарына қадірлі, сүйкімді болатын. Жаңағы тұста Абай да оны дәл осы күйде түсініп қабылдады»[3,15]. Намыскерлігі сол ауқатты әкеге арқа сүйеп, ештеңе сұрамады. Өзінің еңбегі арқылы барлық қиындықты жеңуге дайын. Неге басынан сөз асырмайды, қандай жағдайда? Әділетсіздік болған жағдайда.

Шынында да, Дәмежан - адал еңбек етіп, адал ас ішуге балаларын тәрбиелеп жатқан Ана. «Әл-ауқат дейтін шамалары өте шағын. Тек қолдарында жалғыз сиыр. Сауып сүтін сатады. Үйдегілердің барлығы қаракет етеді. Дәмежан қысы –жазы тымақ, бөрік, тақия тігеді. Соны Жәбікен күйеуі базарға апарып сатып келеді. Кейде осы басжатақтағы әлді үйлердің әйелдеріне оқалы жағалы ішік, кемзал, бешбет, көйлек сияқты киімдерді тігіп береді. Бұдан бұрынғы жылдарда осы үйдегі бес жанды асырап келген Дәмежанның қолөнері. Бұл маңдағы қазақ көршілерінің барлығы Дәмежанның сөзін де, өзін де, қолөнерін де сыйлайды» [3,17] .

Жазушы суреттеп отырғанындай қазақ әйелі нендей ауыртпалақты болса да халқымен бірге көтеріп, жаугершілікте ерлермен бірге атқа қонып, қолына қару алса, бейбіт кезеңде бесік тербетіп, ұл-қызын дала даналығына баулыған. Дәмежан бейнесі арқылы қазіргі нарықтық заманда барлық істің басында жүрген, кәсіпкерлігімен отбасын да, елін де қамтамасыз етіп жүрген қайсар қазақ қыздары ойымызға оралады.

Қандай істе де ол өз-өзіне нық сенім қалыптастырған. Аспайды, таспайды. Үркітпейді, ештеңеден үркімейді. Келген қонақты күліп қарсы алу, оны жайғай білу үлкен тәрбиеліктің белгісі. Бұл қасиет онда жетіп артылады. Дәмежен тазалықты сүйетін, әдемілікті дәріптейтін әйел. Қанша кедей тұрсын, халі нашар болсын ешкімге сездірер емес. Киім киісі, үй жабдықтарының тазалығы көз тартады. Жоқты бар етіп, шаңырақ берекесін келтіріп отырған әйел. Барынша қонақжай. «Көкбаразданған аппақ, тап-таза кимешек-шаршысын аса сәнді етіп тартқан Дәмежан, үкен таза самаурынның қасына отырды. Құлағында үлкен күміс сырғасы сілкіне түсіп, дастархан басы толы жұртқа жіті қозғалып, шай құйып отыр. Абайға арнап пісрген құймағы, мол бауырсақтың ортасына табаққа салынып қойылған еді. Абай аға, құймақ алыңыз деп қонағуарлық көрсетті» [3,17].

Дәмежан тұлғасы, адамгершілік келбеті, орнықты мінезі ел ішіндігі шытырман күндердер де даралана көрінеді. Ел ішінде обадан қырылып жатқан хабарды айту барысындағы сабырлылығы, жүйелі, көшелі сөз сөйлеудегі шешендігі Абайды таңқалдырады.

Ел ішінде обадан қырылып жатқан жайды жастары үлкен Мақа мен Жұман Абайға тез айтуға, тезірек бұл жақтан елге қашуды ақыл қылып айтпақ болады. Абай олардан естігеннен гөрі Дәмежан аузынан естігенді жөн көріп оған қарайды. Дәмежан Абайды үркітпей сөйледі.

-Алып қашты, өсек-өтірік деген осындайдан шығады-ау. Бала емес, сақалды бастарымен сонша үркітпесе несі кетеді екен?,-деп қойды» [3,18].

Дәмежанның шешендігін Мұханбетжан екеуінің арасындағы диалогтан көруге болады:

-Құдайым тегі жақсыны да, жаманды да Ырғызбайға берген ғой. Мені жазғырып отырғанын қарашы. Ұзақ жолдан шаршап келген қонаққа «мұнда апат болып жатыр», «бұнда қонба» десем, ол не болар еді? Әлдеқайдағы ауруды сылтау етіп үркітіп, қашырғаным не болар еді? Онда мен Абай ағамнан бір самауыр шайды, бір асым етті аяған, жоқтан сылтау іздеген, ит болмас па едім?» [3,18]. Дәмежан Абайдың ұлы Әбіш дүниеден озғандағы көңіл хош білдіріп, қайғысын бөлісіп, ұзақ күн қасында болуының өзі оның үлкен адамдығының белгісі.

Авторлық концепциядағы ұлттық мән – қазақ әйелінің төзімділігінің бір ұшы оның арлылығында, ата-ана тәрбиесіне кір келтірмеуін ойлауда жатса керек. Қарапайым тірлігі бар, отбасындағы отырған қазақ әйелі ағайын-туыс, жатақтар арасында қалайша беделге ие, несімен сүйкімді? Жазушының айтпағы не? Біздіңше, «адамдықтың негізі - әйел» дейтін қаламгердің ұрпағына тәлімді тәрбие берген, ағайын-туыстың қамын жеп, сонымен бірге ел басына түскен ауырпалыққа жаны күйзелген Дәмежан бейнесі арқылы да ел анасының бейнесін беру міндетін ойдағыдай іске асырғанын көреміз.

Қорыта келгенде, қаламгер қазақ әйелі бойындағы керемет назды да биязды қылығын, адамилық қалпын жазушыға тән шеберлікпен бере білді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Жұртбай Т.Бесігіңді аяла. -Астана.Фолиант,2003.-286б



2.Бердібай Р.Тарихи роман.-Алматы: Санат,1997.-302б

3.Әуезов М. Абай жолы. 4Т.2-кітап.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет