Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Семей облысы, Абай ауданында туған. Жасынан ауыл мектебінде, одан кейін Семейдегі орыс мектебінде, қалалық училищеде, мұғалімдік семинарияда білім алған



жүктеу 36.98 Kb.
Дата25.02.2016
өлшемі36.98 Kb.
Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Семей облысы, Абай ауданында туған. Жасынан ауыл мектебінде, одан кейін Семейдегі орыс мектебінде, қалалық училищеде, мұғалімдік семинарияда білім алған. Атасы Әуездің тәрбиесінде өскен болашақ жазушы бала күнінен Абай өлеңдерін оқып өскен екен.

«Бір ел – бір кітап» оқырман акциясы бойынша биылғы таңдау қазақ классигі М.О.Әуезовтің «Қилы заман» повесіне түсіп отыр. Акцияның мақсаты – оқу ісін ілгерілету, оқу мәдениеті мен сауаттылықты қалыптастыру, рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық көзқарас, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу болып табылады. Осы мақсатта жалпыұлттық оқуға «Қилы заман» тарихи шығармасының ұсынылуы өте орынды. «Қилы заман» - көркем сөздің шебері, көп қырлы талант иесі М.О.Әуезовтің шығармаларының ішіндегі ең алғашқы туындыларының бірі. М.Әуезов шығармашылығының алғашқы кезеңдерін зерттеу үстінде жас қаламгер Р.Нұрғали кезінде «Қилы заман» повесін ешқандай кітапханадан, сирек дүниелер қорынан да таппай Сапарғали Бегалиннен алып оқыған екен.

Қазақ – қазақ болғалы басынан небір қилы замандарды кешірді. Қай уақытта болмасын қазақ халқы өзінің тәуелсіздігі үшін, елі мен жері үшін күрескен. Ауыздан – ауызға тарап бүгінгіге жеткен аңыз - ертегілер, батырлық жырлар, мақал – мәтелдер осының дәлелі.

«Қилы заман» повесіне арқау болған уақиға да қазақ халқының басынан өткерген ақтаңдақтардың бірі – 1916 жылғы ұлт – азаттық көтеріліс еді. 1928 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан араб әрпімен басылғанда 175 бет болатын тарихи шығармамен оқырман қауым 40 жылдай уақыттан кейін табысты. Бүгінде Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рымғали Нұрғали 1967 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 1-қыркүйектегі санында ««Қилы заман» қандай туынды?» - деген мақаласында тарихи повестің жазылу тарихы мен ондағы уақиғаның тарихи шындық екеніне назар аудара отырып, мақаласын «Қилы заманды» қалың оқушысының қолына қайта беретін уақыт жеткен секілді - деп аяқтаса, «Жас қаламгерлер кітапханасының» 1984 жылы шыққан 5-кітабында жарияланған «Бір мақала хақында» атты еңбегінде жоғарыдағы аталып өткен мақала туралы «септігі тиді ме, тимеді ме кім білсін осыдан кейін «Қилы заманның жолы бола бастады» - дейді. А.Н.Пантилев «Ұлан даланың ұлы жыршысы» (1975 жылғы «Жұлдыз» журналы, №2) мақаласында «Әуезов өзінің ертеректе жазған шығармаларын, әсіресе осы повесін, орыс оқырмандарына, қаламдас орыс достарына көрсетуді өмір бойы арман етті» - деп жазады. «Қилы заман» А.Н.Пантиелевтің аудармасымен «Лихая година» деген атпен 1972 жылы «Новый мир» журналында, одан кейін 1974 жылы «Жұлдыз» журналының №8 санында жарияланып, өз оқырмандарына жол тартса ,1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қилы заман» Повестер мен әңгімелер кітабына кіреді. Содан бергі уақытта «Қилы заман» повесін оқымаған адам аз шығар. Мектеп бағдарламасында арнайы сағат бөлінбеген «Қилы заман» повесі, бүгінгі технологиялар заманында өмір сүріп отырған жеткіншектеріміздің санасына, халқымызда ғасырлар бойы жіпсіз жалғасып келе жатқан отансүйгіштік рухтың дәнін себетіні ақиқат.

«Қилы заман» тарихи повесі негізінен ойға алған трилогияның бірінші бөлімі екен. Повесть Жетісудағы Албан мен Бұғы руларының жайлаған жері Үш Мерке, Дөңгелек саз, Үшқарқара, Сырт, Лабас жайлауларының тамаша табиғатын суреттеумен басталады. Осы мол дүниенің ортасында жыл он екі айда бір рет болатын Қарқара жәрмеңкесі үш-төрт ай бойы дәурен сүреді. Жәрмеңкенің тұрған жері – тоғыз жолдың түйіскен жері. Бір жағында орыс қалалары болса, екінші жағында Құлжа, Қашқар, Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ташкент орналасқан. Небір саудагерлердің жотасын жылтыратқан Қарқара жәрмеңкесінің думанында өз жеріне өгей болған қаймана қазақтың патша чиновниктері мен қазақ тілмаштарының қанауына түсуі, «Маусым жарлығының» шығуы – іштегі бұғып жатқан наразылық отының тұтануына әкеледі. Мұны Ұзақ батырдың «Қазақтың аяғына жем түсіп, ұлы бойына оқ тигені бүгін бе екен? Мойныңа бұғалықтың түскені әлдеқашан емес пе еді?.....Көптен торып, обырдай обып келіп, енді түгіңмен жалмағалы отырғаны осы. Бұл бүгін емес, көптен келген пәле де. Енді жетер жеріңе жеттік.... Айтқаныңдай асау болсаң, енді тұяқ серпетін шағыңа келдің.....Ел болар болсаң, енді сіресіп, ұстасып көр... Шыдаймын деп ұстас..» - деген сөздерінен көруге болады. Отаршылдық саясаттың да күткені осы сияқты. «Маусым жарлығымен» қатар «...жаз ортасынан бергі бетке қарағанда, қырғыз, қазақ сияқты мол жерге ие болып отырған жабайылар көтеріліс, ереуіл жасаймын десе, жасап көрсін. Кішкене еркіндетіп жіберіп, кінәні өз мойнына артатындай ұпай салып алып, өздері істеген істі өздеріне кінә қылып қатты қырғын ашу керек. Бостырып тоздырып, тұқымын құртып жіберіп, олар отырған шұрайлы жердің барлығын қазынаға алу, қалаған кісіні отырту керек. Сондықтан бұл көтерілісті ойласа, ойласын; істесе, істесін.»- деген хабар да шыққан еді. Сол кездегі патшалық саясаттың озбыр ойы Кеңес үкіметі орнағаннан кейінде өз жалғасын тауып жатты.

Қорыта айтқанда, «Қилы заман» повесі тарихта «Қарқара көтерілісі» деген атпен белгілі болған Жетісу жеріндегі ұлт-азаттық көтеріліс туралы жазылған. Бұл туындыдан халықтың мүддесі үшін өздерін құрбан етуге даяр Ұзақ, Жәмеңке, Әубәкір, Серікбай, Тұрлығожа, Ыбырай, Көкбай секілді ерлер бейнесін көреміз.



Біздің Тәуелсіз ел болуымыз - осындай елі үшін жанын пида еткен ерлеріміздің арқасында орнаған, бұл жолда көптеген боздақтарымыз шейіт болған. Келер ұрпақтың санасына Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешумен, бұралаңы көп соқпақ жолдар арқылы келгенін осындай туындыларды оқыту арқылы жеткізу біздің парызымыз.

2007 жылдан бері елімізде басталған «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында жүргізілген шаралар - жастарды кітап оқуға ынталандырып, оқу арқылы олардың бойындағы отаншылдық сезімін оятуға, рухани жан дүниесін байытуға ықпал ететін игі шара. Сондықтан барлық ұстаздар мен кітапханашыларды осы акцияға бір кісідей атсалысуға шақырамыз.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет