Мысырдың аймақТЫҚ геосаяси қауіпсіздігі және қазақстанмен қатынастарды дамытуындағы маңызды аспектілер



жүктеу 57.17 Kb.
Дата27.06.2016
өлшемі57.17 Kb.
МЫСЫРДЫҢ АЙМАҚТЫҚ ГЕОСАЯСИ ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНМЕН ҚАТЫНАСТАРДЫ ДАМЫТУЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ АСПЕКТІЛЕР

ӘБДІҚАДЫРОВА Ж.Б.

Алматы қ., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Мысыр аймақтың барлық елдерін әлеуметтік-экономикалық деңгейі мен қоғамдық-саяси дамуы жағынан озатын, араб әлемінің жер көлемі және халық саны бойынша ірі, Таяу Шығыста аса маңызды рөл ойнайтын мемлекеті. Азия, Африка және Еуропаны байланыстыратын жолдар торабындағы географиялық орналасуы, сондай-ақ Батысқа араб мұнайын жеткізуді қамтамасыз ететін Суэц каналының арқасында Мысыр аймақтық саясатта ғана емес, сонымен бірге әлемдік саясатта да маңызды стратегиялық орынға ие. Мыңжылдықтар бойына бұл елдің көршілес елдер тарапынан да, дүниедегі жетекші орынға талаптанған шалғайдағы мемлекеттердің де толассыз таластарының объектісі болғаны кездейсоқ емес.

Әлемдік тарихтың қазіргі кезеңінде Мысырдың мемлекетаралық серіктестік, одақтастық қатынастар тұрғысында ықыласына бөлену төңірегіндегі бақталастық өзектілігін сақтап келеді. Себебі Мысыр Араб Республикасы (МАР) қандай ұстанымдарды қолдайтынынан және қандай сыртқы саясат жүргізетінінен көп жағдайда таяу шығыстық аймақтағы күштердің жалпы ара қатысы анықталады. Мысырдың аймақтық рөліне әлемдік қауымдастық күмән келтірген емес, өйткені Мысыр президенті Хосни Мүбарактың көмекшісі әл-Фики айтқандай, «Мысыр әрқашанда Таяу Шығыстың қақпасы болған» [1].

Географиялық орналасуы, халық саны, саяси тәртіптің сипаты, әскери қауқары, халықтың мәдени деңгейі сияқты геосаяси факторлар елге араб әлемі мен Таяу Шығыстағы жетекшілікке шынайы үміткерленуіне жол ашады.

Панарабизм көсемі мысырлық президент Гәмәл Әбдәл Насыр Мысыр үш – араб, африкалық және мұсылман «өрістерінің» орталығы болып есептелетін, мақсатына елдің «үшінші әлемдегі» жетекші ұстанымдарын нығайту жататын геосаяси концепция ұсынды [2].

Шетелдік саясаттанудың жалпы қабылданған «күш орталығы концепциясына», атап айтқанда американ ғалымы Р.Клайнның пікіріне сәйкес, Мысыр толық түрде «халық саны, жер көлемі, экономикалық мүмкіндіктер, стратегиялық мақсаттар, сондай-ақ белсенді ұлттық стратегияны жүзеге асыру еркі» сияқты аймақтық «күш орталығының» негізгі сипаттамаларына ие [3].

Қазақстан мен Мысыр арасындағы қатынастардың тұрақтанған тарихи тамырлары мен дәстүрлері бар. Тәртіптер өзгеріп, мемлекеттердің жаңа атаулары пайда болып жоқ болып жатты, екі ел серіктестігінің мазмұны өзгеріп жатты, дегенмен олардың өзара әрекеттесуінің, ынтымақтастығының құндылығы екі тараппен де ұдайы жоғары бағаланып отырды. Мысыр араб дүниесінің жетекші елі, Таяу Шығыстағы көшбасшы елдердің бірі болды және қазір де сондай, ал Таяу Шығыс әрқашанда Қазақстанның геосаяси мүдделері аясында болды. Қазақстанның араб, жерорта теңіздік және таяу шығыстық бағыттарында МАР-мен қатынастары маңызды рөл ойнайтынын түсінген жөн.

Мысырда Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы ықпалын, қалыптасып келе жатқан көпполярлы орта азиялық әлемде «ықпал ету орталықтардың» бірі екенін ескереді. Мысырда қазіргі монополияланған әлемде Қазақстанның бойынан халықаралық қатынастар жүйесіне мейлінше тепе-теңдіктегі сипат бере алатын күшті көретіндерін жасырмайды. Сонымен бірге Мысыр үшін дәстүрлі мысырлық экспортқа қажеттілігі үнемі артып келе жатқан қазақстандық нарық өте маңызды.

Жалпы, бүгінгі күні қазақстан-мысыр қатынастарының айқын жағымды динамикасы байқалады. Бұл жайт екі ел арасындағы байланыстар жаңа кезеңде басқа ұлы державалармен қатынастарының «туындысы» болуды тоқтатып, «дербес» негізде дами алатындығын белгілейді.

Екі тарапты өзара әрекеттестік пен ынтымақтастыққа итермелейтін объективті факторға олардың геосаяси жағдайы жатады. Қазақстан Таяу Шығысқа тікелей жақындықта орналасқан еуроазиялық держава болып есептеледі. Мысыр жетекші араб елі және ең ықпалы зор африкалық мемлекеттердің бірі болып отыр. Ол Жерорта теңізі аймағында және ислам әлемінде маңызды рөлге ие. Ең ақыры Қазақстан мен Мысырды дін жүйесі – ислам біріктіреді.

Мысырлық дипломатия тарихта Қазақстан арабтарды Мәуереннахр елдеріне апарған керуен және сауда жолдарының торабы болғанын түсінеді. Олардың ішіндегі ең әйгілісі тарихи Жібек жолы. Каир Қазақстанның бай табиғи ресурстарын – қуат көздерін, ауыл шаруашылығы байлықтарын, металдар мен шикізаттың кендерін ескереді. Бұл маңызды элементтер екі елдің жақындасуы мен өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді, ортақ мүдделердің мықты жүйесін қалыптастыруға, өзара тиімді сипаттағы қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыт МАР сыртқы саясаты үшін әлем Қазақстанды стратегиялық және экономикалық тұрғыдағы маңызды аймақ ретінде мойындап, аймақтық және әлемдік бақталастық өріс алған кезде өзекті міндетке жатады.

Мысыр Қазақстанмен тек саяси және экономикалық бағытта қатынастарды дамытып қана қоймай, мәдени және діни байланыстарды да тереңдетуге мүдделі. Мәдени байланыстарды тереңдету екі мемлекет арасындағы қатынастарды дамыту үшін негіз қалыптастырудың ең қолайлы және жеңіл жолы. Мысыр мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстар өзара түсіністік пен мүдделер тепе-теңдігіне негізделген, мәдениет арқылы бейбітшілікке үндейтін, бейбіт және тұрақты қатынастарды орнатудағы көпір болып саналады.

Әл-Азхар діни университеті Қазақстан жеріндегі ислам орталықтарымен байланыстарды орнатуда маңызды рөл ойнайды. Университет Қазақстанға өз имамдарын және діни уағызшыларын жіберу, қазақстандық азаматтар үшін Мысырда оқуға грант бөлу сияқты жұмыстар атқарады. МАР-дың вакуфтер министрлігі де мешіттер мен мәдени орталықтарды салуға, мұсылман мәдениетінің ескерткіштерін қайта қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлген.

Араб аймағындағы мәдениет пен өркениеттегі рөлі мен беделі зор Мысыр Қазақстан үшін басқа халықаралық күштермен өзара әрекет етуге жол ашатын саясаттағы стратегиялық ауданды құрайды.

Мысырдың Қазақстанға қатысты саясаты экономикалық мүдделер, тәжірибе және көмек көрсетумен байланысты мәдени және діни құндылықтарды көтеру стратегиясына негізделеді.

Қазақстанның Мысырдан географиялық тұрғыдағы алыстығы оның саяси, экономикалық және стратегиялық маңыздылығын төмендетпейді. Оған қоса Каир Қазақстанның халықаралық деңгейде көптеген мәселе бойынша араб халықтарының құқықтары мен мүдделерін қорғап келгендігін естен шығармайды. Сол себепті Мысыр Қазақстанмен «шекаралар арқылы достықты» орнатуға мейлінше мүдделі. МАР-да Қазақстанмен аймақтық байланыстар арқылы да ынтымақтастықты нығайту көзделеді. Аймақаралық қатынастарды орнату Мысыр үшін өзіндік дипломатиялық «әуесқойлық» емес. Бұл қатынастарды дамыту «шектен асқандық» емес [4]. Әр мемлекеттің құрамына өзін-өзі жатқызатын өз аймақтық жүйесі және болып жатқан оқиғаларға қызығушылық танытатын, мемлекеттермен әртүрлі мақсатта өзара әрекеттесетін, сондай-ақ сыртқы саяси бағдарламаларды жүзеге асыратын болмашы екінші дәрежелі аймақтық жүйесі бар. Бұл екінші дәрежелі жүйелер кеңістік тұрғысында алшақ болуы мүмкін, дегенмен мүмкіндіктер мен мүдделерге қатысты маңызды болады. Дәл осы ұйғарым географиялық тұрғыда алыс Қазақстанды Мысыр сыртқы саясатындағы негізгі орындарға жатқызады.

Қорытындылай келе, Мысырдың араб әлеміндегі беделін орнықтыру үшін, халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөлін арттырып, мүдделерін қорғап, ұстанымдарын нығайту үшін Каирге өзінің аймақтық геосаяси қауіпсіздігін қамтамасыз етуі абзал. Ал ондай аймақтық геосаяси қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қазақстан сияқты Орталық Азиядағы жетекші мемлекетпен тұрақты және берік қатынастар орнату маңызды міндет болып есептеледі.

1. Al-Ahram Weekly. – 2001. - 11-17 October. - Issue No. 555.

2. Рубин М.О. Эволюция позиции Египта по ближневосточному урегулированию (1970 – 2003 гг.) // http://humanities.edu.ru/db/msg/38678

3. Азия: роль ключевых стран в международных отношениях в 1990-е годы. – М.: Институт Востоковедения РАН, Международная Ассоциация «За диалог и сотрудничество в АТР», 1995. – С. 48.



4. Д-р Ибрагим Арафат. Отношения Египта с государствами Средней Азии и Монголией // علاقات مصر بدول رابطة الدول المستقلة، وألبانيا، والبوسنة و الهرسك، ومقدونيا، ومنغوليا. // تحرير أ.د. محمد السيد سليم أ.د. محمد صفى الدين خربوش د. عبد العزيز شادى. – القاهرة، ٢٠٠٠. (Отношения Египта со странами Содружества Независимых Государств, Албанией, Боснией и Герцеговиной, Македонией и Монголией // Под редакцией проф. Мухаммада Саййида Салима, проф. Мухаммада Сафииддина Харбуша, д-ра Абдулазиза Шади. - Каир: Издательство Центра азиатских исследований, факультет экономики и политических наук Каирского университета, 2000) – С. 117.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет