Сиднокарб – Sydnocarbum. Препараттың дем беру әсері жәйлап дамиды және ұзаққа созылады. Малдың жүрісінде қозу процессі байқалмайды. Стимулдық эффектісінде тахикардия және гипертония болмайды.
Мал әлсірегенде, жұмысқа қабілеттілігі төмендегенде, улануларда, бас мидың жарақатында қолданады.
Препаратты ауыз қуысы арқылы береді. Малдың тәбетінің нашарлауы және артериялық қысымның жоғарылауы мүмкін. Бірақ ол дозасын азайтқаннан кейін жылдам қалпына келеді.
Қатты қозып тұрған малдарға, атеросклероз, гипертония ауруларында қолдануға болмайды. Жалпы препаратты аз уақыт қолданған дұрыс.
Препаратты 0,005; 0,01; 0,025 г таблетка түрінде шығарады. «Б» тізімі бойынша сақтайды.
Көбінесе жұлынның қызметтеріне дем беруші (стимуль) дәрілік заттар.
Стрихнин – Strychninum. Чилибухи өсімдігінің тұқымында, қабығында, ағашының өзінде болатын алкалоид. Көбінесе стрихнин нитраты қолданылады. Ащы дәмі бар, суда, спиртте еритін, түссіз, ине тәрізді кристалл. Жергілікті тітіркендіру әсері жоқ. Ащы дәмі өте аз концентрациясында (1:50 000 – 1 000 000) малдың тәбетін жақсартады, ас қорыту бездерінің секрет бөлуін үдетеді. Негізгі резорбтық әсері орталық нерв жүйесінің рефлексі арқылы іске асады.
Стрихниннің өзі күшті у, «А» тобының тізімінде. Препаратты өте сақтықпен сақтап, қолдану керек. Кумуляция мүмкін. Қолданғанда оптималды дозасынан асырмай, үнемі үзіліс сақтап отыру қажет.
Аз дозасының өзі әжептәуір тиімді стимулятор: орталық нерв жүйесін қоздырады; сезім мүшелерінің, жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтерін жақсартады; зат алмасу процессін белсендендіреді; нейронаралық синапстар арқылы импульстың берілуін жақсартады; адреналиннің продукциясы көбейеді; жылу өндіру жақсарады; бауырда гликогеннің жұмсалуы реттеледі; малдың улы заттардың әсеріне төзімділігі жоғарылайды.
Малдәрігерлік тәжірибеде терінің астына жібереді, бірақ күшті уландыратынын естен шығармау керек! Ұзақ уақыт сақталатын қасиеті бар. Сондықтан препаратты дайындауға және жіберуге қолданылған ыдыстарды, шприцтерді жақсы залалсыздандыру керек. Ішектерде дозасының 1/3 бөлігіндейі ыдырайды, көбінесе бауырда залалсыздандырылады. 20 %- ға жуығы өзгермеген түрінде бүйректер арқылы бөлінеді. Негізгі бөлігі 12 сағаттың ішінде организмнен шығып үлгереді, ал аздаған бөліктері организмде 5-8 күнге дейін сақталады.
Стрихнин сопақша мидағы орталықтарды қоздырады. Әсіресе дем алу орталығы мен қан тамырларының жирылуын реттейтін орталықтың қозуларының маңызы өте зор. Өкпелердің желдетілуі жақсарады, құрсақ қуысындағы ағзалардың қан тамырларының тонусы мен артериялық қысым жоғарылайды.
Қалай дегенмен де стрихнин әсіресе жұлынға әсер ететін стимулятор. Онда ол глициннің әсерін тежейді. Ал глицин синапстан кейінгі нерв үштері арқылы берілетін қозуды тежеу арқылы реттейтін зат.
Улылық әсерінде қабырға аралық еттердің спастикалық жирылуы салдарынан малдың дем алысы тоқтайды. Мұндай жағдайда неғұрлым тезірек, сақтықпен венаға гексенал, не хлоралгидрат жібереді; эфир, фторотан және т.б. антагонистермен дем алдырады.
Стрихнинді әртүрлі қозғалу парезінде; салдануда; зат алмасуын жақсартатын дәрі ретінде; ас қорытуды, дем алысты, жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтерін жақсарту үшін қолданады.
0,1 %-ды ертінді ретінде, 1мл ампулада шығарылады.
Достарыңызбен бөлісу: |