Камфора – Camphora. Өзіне тән күшті ароматты иісі бар, ащы дәмді, суда нашар, спиртте, майда жақсы еритін, ақ түсті ұнтақ. Емдеу тәжірибесінде камфорлы лаврдан алынатын, оңға айналдыратын түрін пайдаланады. Ал солға айналдыратын түрін синтетикалық жолмен скипидар мен май қарағайдың эфир майынан алады. Ұшқыш, сондықтан нығыз жабылатын ыдыста, салқын жерде сақтайды.
Жергілікті әсері тітіркендіреді, антисептикалық әсер етеді. Жағу арқылы ревматикалық қабынуларда қолданады. Майлы ертінділерін тек терінің астына ғана жіберуге болады.
Препаратты жібергеннен кейін бірден дем алудың қозғаны байқалады. Дем алу тереңдігі, минуттық дем алу көлемі ұлғаяды, газдың алмасуы жақсарады.
Қан тамырларының қозғалысын реттейтін орталық аз дозасының өзінде қозады, қан қысымы көтеріліп, қалпына келеді. Қан тамырларының өзектерінің өзгеруі барлық жерде бірдей емес: ішкі ағзаларда тарылады, ал басқа жерлерде кеңейеді. Кеңейген тері тамырлары арқылы жылу көп бөлінуі салдарынан дене қызуы төмендеп, қалпына келеді.
Камфораның жүрекке әсері күрделі және ерекше. Сау малдың жүрегінің қызметін өзгертпейді. Шаршаған жүрекке тиімді әсер етеді: систоллалық жирылу күшейеді, жүректің қозғыштық және өткізгіштік қасиеттері артады, жүрек ритмі қалпына келеді. Минуттық көлемі ұлғаяды, соның салдарынан қанның ағуы жылдамдайды. Жүрек етінің торшаларының өткізгіштігі жоғарылайды, ондағы зат алмасуының қалдықтары мен улы заттардың организмнен шығуы жылдамдайды, торшаның ішіндегі алмасу процессі жақсарады, жүректің қызметі қалпына келеді. Бұған жүрек қан тамырларының өзегінің кеңеюі де себеп болады. Газдың алмасуы жақсарады.
Камфора бронхылардың бездерінің секрециясын жақсартады, ауру малдарда онда жиналатын экссудат сұйылады, қақырықтың түсуі жеңілдейді. Камфора бүйректер арқылы бөлінгенде диурез жоғарылайды. Сүт беретін малдардың сүті азаяды.
Камфора қанның құрамында эритроциттерде жинақталады. Бұл құбылыс эритроциттердің амин қышқылдарын қабылдауын азайтады да, олар көптеп зәр арқылы бөліне бастайды.
Микроорганизмдерге қарсы әсері онша күшті емес, бірақ оның ішек таяқшаларына, стафилококктар мен пневмококктарға әсері бар.
Оның улылығы аз, уланғанда орталық нерв жүйесінің және жүректің қызметтері нашарлайды.
Малдәрігерлік тәжірибеде камфораны орталық нерв жүйесі қажығанда оны қоздыратын препарат ретінде, дем алыс нашарлағанда, қан айналысы бұзылғанда, ұйықтататын және наркотикалық заттармен уланғанда, жүректің қызметі әлсірегенде, дене қызуын төмендететін дәрі ретінде қолданады. Оның зәрдің бөлінуіне, қақырық түсіруге әсері аз уақытқа созылады және әрқашанда тиімді емес.
Камфораны сырттай май, линимент, камфора спирті түрінде жағу арқылы қолданады. Хирургияда ет ревматизмінде, бітеу жарада, іріңді тендовагинитте, соқыдан пайда болған қабынуларда қолдануға болады.
Сойылатын малдарға қолданбайды, себебі оның жағымсыз иісі малдың етінде, ішкі ағзаларында көпке дейін сақталады.
Камфора майын шекілдеуік майында 10 % - ды концентрацияда дайындайды. Камфора иісі бар, сары түсті, мөлдір сұйық. 20 % - ды камфора майын 1-5 мл және 10 мл ампулада шығарады. Терінің астына жібереді.
Достарыңызбен бөлісу: |