Лобелин – Lobelinum. Өсімдіктен және синтетикалық жолмен алынатын алкалоид. Ащы дәмі бар, судың 100, спирттің 15 бөлгінде еритін ақ түсті ұнтақ. Ұнтақ және ампулада 1 %-ды судағы ертіндісі түрінде шығарылады. Күн көзінде, қайнатқанда бұзылады.
Лобелин дем алу орталығын қоздырады, аздап қан қысымын жоғарылатады, кезбе нерв орталығына әсер етеді. Осындай комплекс әсерлерінің салдарынан тыныс алу терең болады, өкпелердің желдетілуі жақсарады, оттегін пайдалану ұлғаяды. Ерекшелігі: препаратты терінің астына жібергеннен кейін бастапқы 2-5 мин. дем алу бәсеңдейді. Мұндай өзгеріс жылқыларда айқын білінеді. Кейде «апноэ» болуы да мүмкін.
Жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсері әлсіз.
Организмде тез ыдырайтындықтан, препаратты қайталап жіберу онша қауіпті емес. Токсикалық дозасы нерв ганглияларын, орталық нерв жүйесін қоздырады.
Малдың дем алысы нашарлағанда; тұншыққанда; форфинмен, наркотиктермен уланғанда қолдануға болады.
Бемегрид – Bemegridum. Ұйықтататын дәрілердің антагонисі. Барбитураттардың улылығын азайтады, әлсіреген дем алуды және қан айналысын қалпына келтіреді. Орталық нерв жүйесіне стимульдық әсері бар. Барбитураттармен уланғанда, малды наркоздан кейін ояту үшін, оттегінің жетіспеушілігінде қолданады. Препаратты венаның ішіне өте ақырын, жәй жібереді! Иттер аяқтарын селкілдетіп тарта бастағанда препаратты жіберуді тоқтату керек. Қатты қозып тұрған малға жіберуге болмайды.
Ампулада 0,5 %-ды 10 мл ертінді ретінде шығарылады. «Б» тізімі бойынша сақталады. Төменгі температурада шөгінді береді, оны қыздыру арқылы ерітуге болады.
Бақылау сұрақтары
Дәрілік заттардың жіктелуі. Әсер ету ерекшеліктері.
Психостимуляторлар. Негізгі өкілдері, әсер ету ерекшеліктері.
Кофеин тұздарының әсер ету механизмі.
Теобромин, теофилин препараттары туралы не білесіз ?
Марал шөбінің тамырының экстракті, қытай лимоннигі мен женьшень тұнбалары туралы айтып беріңіз.
Жұлынға басымырақ әсер ететін дәрілік заттар. Әсер ету ерекшеліктері.
Аналептиктер. Негізгі өкілдері, әсер ету ерекшеліктері.
Достарыңызбен бөлісу: |