9. «Сан мөлшері» ұғымының тілдік парадигмасы
Болмыстағы заттар мен құбылыстардың мөлшері нақты сан арқылы да
сипатталады. Бұл – заттардың есептік саны. Ал «сан мөлшері» болмыстағы
заттардың нақты есептік саны емес. Ол – топтап, мөлшерлеп, шамалап, жобамен
айтылған зат санының мөлшері. Ол көбіне нақты санды көрсетпейді, нақты
сандық мәнге жуық сандық шаманы көрсетеді.
Сан есімдердің мағыналық топтарының ішінде нақты сандық мәнді
білдірмейтін, сандық мәні мөлшермен ғана берілетін (болжалдық, топтық) сан
есім топтарының бар екені белгілі. Бұл топтағы сан есімдердің білдіретін
лексикалық мағынасының өзегінде есептік сан есімдердің мәні тұрады да, сол
шамада аздап артық не кем екені мөлшермен айтылады. Сан мөлшерін білдіретін
сан есімнің мұндай мағыналық топтары санау мүмкін болмаған немесе санауды
қажет етпейтін тілдік қолданыстарға орай қалыптасқан. Ал мұндай қолданыстар
көбіне мөлшерге қатысты болады. Сан мөлшері де жалпы «мөлшер» ұғымын
құрайтын кіші ұғымдардың қатарына жатады. Олай болса, сан мөлшері дегеніміз
– болмыстағы заттар мен құбылыстардың, қимыл-әрекеттің сандық мәнінің
болжалмен айтылған шамасы.
Сан мөлшері семантикасы лексикалық деңгейде берілмейді. Ал
морфологиялық, синтаксистік дейгейде көптеп кездеседі.
Морфологиялық деңгейде:
- сан мөлшері семантикасы есептік сан есімдерге -лаған, -леген, - даған, -
деген, -таған, -теген жұрнақтары жалғану арқылы беріледі (ондаған, жүздеген,
мыңдаған т.б.). Мысалы:
1) Қазірдің өзінде мыңдаған ерлеріміз шалғай жерлерде жүр (М.Дулатұлы);
2) Ұлы дала мыңдаған жылдар бойы тағаттылықтың мекені болды
(Н.Назарбаев).
Бұл екі мысалда да ерлер мен жылдар санының нақты қанша екені белгісіз,
оның контекске нақтылығының да қажеті жоқ.
- сан мөлшері семантикасы есептік сан есімдерге -лап, -леп, -дап, -деп, -тап,
-теп жұрнақтары жалғану арқылы беріледі (ондап, жүздеп, мыңдап, онмыңдап
т.б.) Мысалы, Егер біз бұған дейін жүздеп, мыңдап қырған болсақ, енді, қажет
болғанда, он мыңдап қыра алатын ұйым, аппарат құратын мезгіл келді
(Ғ.Қабышұлы, Сегіз ауыз сөз).
Мұнда да жүздеп, мыңдап, он мыңдап сөздері нақты сол сандарды емес,
«осы санның шамасында» деген сандардың болжалды мөлшерін білдіреді.
- сан мөлшері семантикасы есептік сан есімдерге -дай, -дей, -тай, -тей
жұрнақтары жалғану арқылы беріледі (елудей, жүздей, мыңдай т.б.). Мысалы,
Дәл осы күннің түс кезінде Құнанбай жүз елудей атбал азаматқа ең жүйрік
аттарды мінгізіп, қолдарына тегіс сойылдарын ұстатып, айбалта, найза
бергізді (М.Әуезов, Абай жолы).
- сан мөлшері семантикасы есептік сан есімдерге -ларда, -лерде, -дарда, -
дерде, -тарда, -терде жұрнағының жалғануы арқылы беріледі (бестерде,
алтыларда, ондарда, жиырмаларда т.б.). Мысалы, Бұл үйде Маруся атты
қызметкер қазақ-орыс әйелі тұрады екен, жас шамасы сол кезде жиырмаларда
(С.Мұқанов, Өмір мектебі).
Бұл құранды жұрнақтардың құрамындағы жатыс септігінің орнына барыс,
шығыс септігі жалғаулары ауысып та келе береді. Мысалы, үштерге (қарай),
190
екілерге (жақын), үштерден (кейін), екілерден (кейін). Бұл құранды қосымшалар
есептік сан есімдермен тіркесіп келіп, адамның жас ерекшелігіне, уақытқа
қатысты жерлерде ғана айтылады және болжалды сандық мөлшер семантикасын
білдіреді.
Сан мөлшері семантикасы аналитикалық формалар арқылы да беріледі:
- сан мөлшері семантикасы іргелес тұрған есептік сан есімдердің
қосарланып келуі арқылы беріледі (бір-екі, он-жиырма, жүз-екі жүз т.б. ).
Мысалы, Қонақтар төрт тараптың бәрінен қырық-елуден, жиырма-отыздан
лек-лек болып, аттарын жай-жай бастырып, жылжып келе жатыр (М.Әуезов,
Абай жолы).
- сан мөлшері семантикасы есептік сан есімдерге шақты, шамалы, қаралы
неше, тарта, таман, таяу, жуық, астам, артық көмекші сөздердің тіркесуі
арқылы беріледі (оншақты, жүз шамалы, жүз қаралы, бірнеше, оннеше, онға
тарта, жүзге таман, онға таяу, мыңға жуық, миллионнан астам, он мыңнан
артық т.б. ). Мысалы:
1. Айтқандай, сол жаңағы үш жігіт Құнанбайдың мал айдатқан жігіттері
екен. Олардың алдарында жүз қаралы жылқы бар (М.Әуезов, «Абай жолы).
2. Жиыны жүз шамалы кісі болып, біраз тоқырап тұрысып, ақыры: «Қош,
қош, мырза... жолың болсын! .. Сапарыңды оңғарсын!» дескен тілектермен
қалды да, Құнанбайдың отыз шамалы тобы тобықтыға қарай тартты
(М.Әуезов, Абай жолы).
Жоғарыдағы мысалдарда анықталғандай, сан мөлшері семантикасы
синтетикалық, аналитикалық, аналитика-синтетикалық формалар арқылы
беріледі. Барлығы дерлік нақты сандық мәнді білдіруге емес, сол нақты
сандардың көмегінде мөлшермен, шамамен айтылған сандық мөлшерді білдіруге
жұмсалады. Сан мөлшерін білдіретін сөздердің бұл шоғыры бірлік орынды
сандардан бастап, шексіз сандық мөлшерді бере алады.
Достарыңызбен бөлісу: |