8. «Сандық мөлшер» ұғымының тілдік парадигмасы
Табиғаттағы, болмыстағы заттар мен құбылыстардың тағы бір ажырамас
белгісі – саны, сандық мөлшері. Яғни заттарда, өзге мөлшерлік ұғымдарымен
қатар, қандай да бір сандық мәні болады. Заттар біреу ме? Жоқ, әлденешеу ме?
Ол да – ұғынуды қажет ететін зат мазмұны. Тілде заттардың санын білдіру
қызметін тек сан есімдер ғана атқармайды, кейде айрықша стильдік мақсат,
тілдік қажеттілік туғанда сандық ұғымды білдіретін түрліше сөздер мен
құрылымдар қолданылады. Тіпті, кейде сандық семантиканы беруде бұл
«сандық» ұғымды білдіретін сөздердің қызметі ерекше. Кейде сан есімдер атқара
алмайтын айрықша тілдік қызметі бар. Мұндай «сан есім емес» сөздер, бір
жағынан, сандық семантиканы білдірсе, екінші жағынан, сол заттарды сапа, сын,
қасиет жағынан сипаттайды. Мысалы, түп, қора сөздерін алайық: түп – діңі бар,
жер бетінен өсіп шыққан өсімдіктерге (ағаш түрлеріне) қолданылады; ал қора –
бірлесіп өмір сүретін, тобымен жүретін, жануарларға, аң-құстарға қатысты
қолданылады. Бір алма десек, бір тал алманы (жемісті), бір түп алма десек, алма
ағашының бір түбін (өсімдікті); бір қой десек, қойдың біреуін (мал), бір қора қой
десек, белгілі сандық мәнге ие қойдың тобын көрсетеді. Міне, сандық
мөлшерліктердің сан есімдерден ерекшеленетін осындай лексика-
грамматикалық қызметі бар. Демек, сандық мөлшерліктер белгілі заттың бірлік
мәндегі санын немесе әлденеше сандық мәнінің шоғырын көрсетеді.
Олай болса, сандық мөлшерліктерге мына сөздерді жатқызуға болады:
сабақ, шоқ, буда, тал, топ, түп, ауыз, қора, үйір, бас, дана, пар, жұп, есе, жаңқа,
қабат, қанат, түрлі, қатар, тізбек, шумақ, тұяқ, түйір, бет, орам, бума, парақ,
тайпа, рулы, ауыл, ұя, шақпақ, келе, табын, отар т.б.
Сандық мөлшер семантикасы негізінен күрделі құрамдар арқылы беріледі.
Мұнда мөлшерлік конструкция бұның ең оңтайлы жолы. Сондықтан жоғарыдағы
сөздердің бәрінің де сандық, зат қасиетін сипаттау семантикасы осы конструкция
құрамында нақты ашылады. Жоғарыдағы сандық мөлшерліктердің ішінде ең жиі
қолданылатыны тал, топ сөздері. Мұнда тал сөзі бірлік ұғымды, топ сандық
көптікті білдіреді. Осы үш сөз адам, жан-жануар, өсімдік, аң-құстардың, т.б.
барлығына қатысты айтылады. Мысалы, бір тал гүл, бір тал шөп, бір тал алма,
бір тал сіріңке, бір тал бала, бір тал шаш; бір топ гүл, бір топ адам, бір топ
ағаш т.б.
Бұл тіркестердегі тал сөзі мынадай мағыналарды білдіреді:
1) «бір» сандық ұғымын білдіреді;
2) «ұзын, жіңішке» деген сындық ұғымды білдіреді;
188
3) «жар дегенде жалғыз» деген сындық ұғымды білдіреді т.б.;
Ал топ сөзі мынадай мағыналарды білдіреді:
1) әлденеше сандық ұғымды білдіреді;
2) бір жерге шоғырлы орналасқанды білдіреді;
3) заттардың ажырамай, жұбын жазбай бірге жүретіндігін білдіреді т.б.
Бұл тіркестерде, көбіне, бір сөзі мен топ, тал сөздерінің семантикалық
жағынан тоғысып, бір күрделі сөз ретінде қалыптасу құбылысы да бар.
- өсімдіктерге ғана қолданылатын сөздер : түп, шоқ, буда, сабақ, сап т.б.
Бұл сөздерден мынадай тіркестер түзіледі: бір түп ағаш, бір шоқ гүл, бір
буда, бір күлте гүл, бір сабақ гүл, бір сап жүзім т.б.
Бұлар жеке тұрғанда дербес лексикалық мағынасы бар зат есім сөздер. Десе
де мөлшерлік қызметінде жиі қолданылуына байланысты кейде лексикалық
мағынасы көмескіленгендей, қандай да бір сөздердің тіркесуін қажет етіп
тұрғандай болып көрінеді. Бұл сөздер өсімдіктердің өзіндік сипатына
байланысты қалыптасқан. Яғни діңі бар, жер бетінен өсіп шыққан қандай да бір
өсімдікке түп сөзі қолданылса, бір сабақтан тараған немесе бір сапқа тізіліп
тұрған жеміс, өсімдіктерге сол қасиетіне байланысты сап, сабақ сөзі
қолданылады. Ал өсімдіктердің жиынтық түрін не әдемілігін білдіруге шоқ, буда
сөздері қолданылады. Бұдан осы мөлшерліктер заттардың сандық мөлшерін
білдірумен қатар, ең басты сындық белгісін де білдіретіндігі айқын көрінеді.
- адамдар тобына қатысты қолданылатын тайпа, ру, ауыл т.б. сөздерден
мынадай тіркестер жасалады: бір тайпа ел, бір рулы ел, бір ауыл ел т.б.;
- малға, жан-жануарларға ғана қолданылатын үйір, қора, табын, отар, келе,
бас, тұяқ, соқыр т.б. сөздерден мынадай тіркестер жасалады: бір үйір жылқы,
бір үйір қасқыр, бір бас сиыр, бір қора аң, бір тұяқ қой, бір келе түйе, бір соқыр
түйе, бір табын сиыр, бір отар қой т.б.;
- жұп заттарға қолданылатын пар, жұп т.б. сөздерден мынадай тіркестер
жасалады: бір пар шұлық, бес пар ат, бір жұп аяқкиім, бір жұп қолғап т.б.;
- әртүрлі заттарға аралас қолданылатын жасар, ауыз, сабақ, бас, шумақ,
қабат, дана, қатар, тізбек т.б. сөздерден мынадай тіркестер жасауға болады:
жетпіс жасар қария, бір ауыз сөз, бір ауыз үй, бір сабақ жіп, бір бас сарымсақ,
бір бас сиыр, екі қабат үй, бес дана қарбыз, екі қатар кітап, бір тізбек маржан
т.б.;
- заттардың сандық мөлшер семантикасы қайталама қос сөздер арқылы да
беріледі. Мысалы: құшақ-құшақ гүл, тал-тал шаш, топ-топ адам, түп-түп
ағаш, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой т.б. Мұнда аталған мөлшерліктердің сан
есімнің орнына жұмсалғаны нақты көрініс табады.
Конструкцияның мөлшерлік компоненті синтетикалық формаларды да
қабылдап, болжалды сандық семантика тудырады. Бұл төмендегідей:
- сандық мөлшер семантикасы -дай, -дей, -тай, -тей салыстыру
формасының конструкцияның құрамында келуі арқылы беріледі. Мысалы, бір
қорадай, бір үйірдей, екі тізбектей, үш шумақтай, төрт орамдай; бір қорадай
қой, бір үйірдей жылқы, екі тізбектей маржан, үш шумақтай өлең, төрт
орамдай қағаз т.б.;
- сандық мөлшер семантикасы -лап, -леп, -дап, -деп, -тап, -теп жұрнағының
конструкцияның құрамында келуі арқылы беріледі. Мысалы, бір талдап (бір-
бірлеп), қоралап, үйірлеп т.б.
189
Достарыңызбен бөлісу: |