93. Көрші
Ойын көбіне сауық кештерінде ойналады. Ойнаған кезде көрші болып бір жігіт, бір қыз жұптасып қатар отырады. Ойынға қатысушылардың біреуі көршісіз (ол ер немесе қыз бала болуы ықтимал) болады. Жүргізушінің мақсаты көршісіз қалған ойыншыға көрші іздеу. Жүргізуші: Сіз кімнің көршісін қалайсыз? – деп көршісі жоқ ойыншыдан сұрайды, ол: – Маған бәленшенің көршісі керек дейді. Ойын жүргізуші көрсеткен көршілерден келіп (ер баладан:) «Көршіңмен аразбысың, татумысың?» (Қассың ба, доссың ба?) –деп сұрайды. Егер «аразбын» немесе «қаспын» десе, көршісі (қыз бала) тақ қалған ойыншыға келіп көрші болады, ал ол көршісін бергісі келмесе, «татумын», – дейді. Ондай жағдайда тату болғаны үшін, яғни көршісін бермегені үшін жаза тартады немесе тақ ойыншының ұйғаруымен көпшілікке өнер көрсетеді немесе татулықтың белгісін көрсет деген бұйрықты орындайды көршісін сүйеді, құшақтайды, көтереді т.б. Тақ қалған ойыншы көрші тауып алса, екінші тақ қалған ойыншы көрші іздейді. Ойын осылай жалғаса береді. Осы ойынды ойнау үстінде cерігін бермеген не сұраған адам төмендегідей өлеңдерді айтуы ықтимал:
Дегенде қалың қамыс, қалың қамыс,
Ішінде қалың қамыс атпен жарыс.
Бірге өскен кішкентайдан беу замандас,
Бергенім серігімді болар намыс.
Ендеше мия аламын, мия аламын,
Мияны төкпей-шашпай жия аламын,
Беруге сіздің жаққа беу, қарағым,
Қалайша серігімді қия аламын.
Дегенде қарағай ма, қарағай ма,
Қара аттың жал-құйрығын тарамай ма?
Серігімді сұрайсың беу, замандас,
Серігің серіктікке жарамай ма?
Ендеше үрсін-дүрсін, үрсін-дүрсін,
Көзіңнің бірі күлмей, бәрі күлсін.
Серігімді қалайсың, беу, замандас,
Серігім барам десе өзі білсін.
Дегенде әлі уақта, әлі уақта,
Сары самаурын қайнайды сәрі уақта.
Кішкенеден бірге өскен құрбыларым
Бермеймін серігімді сіздің жаққа.
Ендеше дөнен кер ме, дөнен кер ме,
Зулап ұшқан құстаймын жөнел десе
Серігімді сұрасаң беу, замандас,
Бермеймін серігімді жөні келсе.
Дегенде аппар-наппар, аппар-наппар,
Біздерде өлең десең, бірер қап бар.
Сұраймын серігіңді, беу, құдаша,
Бермесең өлеңменен ұстап ап қал.
Дегенде адыр-қырат, адыр-қырат,
Жасайық тамашаны басты құрап.
Бермеймін қасымдағы серігімді,
Болма әуре бізден бұл жол серік сұрап.
Ендеше мия аламын, мия аламын,
Мияны төкпей-шашпай жия аламын.
Бірге өскен кішкентайдан, ой, замандас,
Беруге серігімді ұяламын.
94. Жасырынбақ
Бұл ойын жылдың жылы айларында, ай жарығында шөптесін алаңдарда, ал күндіз қора-қопсысы көп, яғни ойыншыларға жасырынатын мүмкіндіктері бар жерлерде өткізіледі. Ойнаушылар жиналғаннан кейін іздеуші адам тағайындалады, яғни жасырынғандарды тауып әкелуші болады. Кейде іздеуші мен ойын жүргізуші тақпақ айту арқылы да тағайындалады. Мысалы:
Бірім,
Екім,
Тығыл!
Бекін!
Мен санайын:
Сен бол дайын.
Сары шымшық,
Сыртылдауық.
Сен тұр,
Сен шық!
Соңғы «сен» сөзі түскен адам ойын жүргізуші де, кезегі «шық» сөзіне келген бала іздеуші болады. Ойын жүргізуші іздеушінің көзін басып тұрып қатты айқайлап, елуге дейін санайды да (осы кезде ойнаушылар жасырынып үлгірулері керек) іздеушіні қоя береді. Ол жасырынған ойыншыларды табуға кіріседі. Іздеуші екінші рет кезекші болмас үшін бірінші көрген ойыншыдан көмбеге бұрын келіп хабар беруі керек. Іздеуші көрген ойыншысын көрген жерден оның атын айтып «Сәкен мұнда» деп дауыстап, көмбеге қарай жүгіріп алдымен келуі керек. Содан кейін басқаларын іздейді.
Достарыңызбен бөлісу: |