Сын есімдердің жасалуы
Сын есімдер морфологиялық (синтетикалық), синтаксистік (аналитикалық), морфология-синтаксистік (семантикалық) тәсілдер арқылы жасалады.
Морфологиялық тәсіл бойынша туатын сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы жасалады.
Синтаксистік тәсіл бойынша жасалатын сын есімдер жалаң сын есімдердің бір-бірімен тіркесуі арқылы (ақ сары, қара көк, ақ шұбар), негізіг сындар мен туынды сындардың тіркесуі арқылы (ақ көйлекті, қара польтолы), зат есім мен туынды сын есімнің бір-бірімен тіркесуі арқылы(көп балалы, ауыз жолды, жібек көйлекті) негізгі және туынды сын есімдердің қайталануы, қосарлануы арқылы (үлкен-үлкен, таулы-таусыз) жасалады.
Морфология-синтаксистік (семантикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер белгілі бір синтаксистік формадағы сөздің семантикалық жағынан бірте-бірте дами отырып, адъективтенуі арқылы(басқа, өзге, шала-жансар) жасалады. Семантикалық тәсіл өнімсіз.
Есімдерден сын есім тудыратын өнімді жұрнақтар: -қы,-кі,-ғы,-гі (ішкі, ауызғы, күзгі, кешкі, түнгі);-лы,-лі,-ды,-ді (арлы, инабатты, әсерлі, ақ басты, қаз мойынды, ағалы-інілі);-сыз,-сіз(таусыз, білімсіз, ақылсыз); -шыл,шіл (ұйқышыл, сауықшыл, ойшыл, күлкішіл);-дай,-дей, -тай, -тей(аттай, судай, кісідей, біздей, сіздей, отыздай, қырықтай, өлердей, жылардай); -лық,-лік,-дық,-дік (орталық, қоғамдық, көйлектік, өздік, мендік);-лас,-лес,-дас, дес (аралас, сыйлас, қадірлес, пікірлес, туыстас, жерлес, замандас, серіктес);-шаң,-шең (көйлекшең, етікшең, ашушаң, сөзшең, тершең, кіршең).
Есімдерден сын есім тудыратын өнімсіз жұрнақтар: -ыл,-іл,-л,-ал,-ел (батыл, жеңіл, қызыл, жасыл); -дар,-дер,-тар,-тер(қарыздар, хабардар, борыштар); -и(әскери, мәдени, әдеби); -паз(өнерпаз, әсемпаз, білімпаз); -қой(сәнқой, әзілқой, кәсіпқой); -қор (жемқор,ызақор, намысқор, шаруақор).
Етістіктерден сын есім тудыратын өнімді жұрнақтар:-қ,-к,-ық,-ік,-ақ,-ек (ашық, тұнық, бітік, құрғақ, жалпақ, бұрқақ, ортақ, ирек);-уық,-уік (жылауық, сұрауық, сыбырлауық);-ыңқы,-іңкі(асыранды, құранды,туынды, шұбырынды);-малы, -мелі (көшпелі, серіппелі, бүрмелі,аспалы);-қыш,-кіш,-ғыш,-гіш (білгіш, оңғыш, сезгіш, ренжігіш); -шақ,-шек (аяншақ, ұрыншақ, еріншек);-ымды,-імді(жағымды,ұтымды, ұстамды); -улы,-улі(жинаулы, ерттеулі, бүктеулі); -қақ,-кек,-ғақ,-гек(асқақ, тоңғақ, жабысқақ, тайғақ, қатқақ); -ма,-ме (қызба, жалдама, жайылма, аспа, көшпе).
Етістіктерден сын есім тудыратын өнімсіз жұрнақтар:-ыс,-іс,-с (ұқсас, таныс, жалғас); -қыр,-кір (ұшқыр, өткір, білгір);-мыс,-мыш (жасамыс, тарамыс, жазылмыш);-ымтал(ұғымтал, өсімтал);-қы, -кі,-ғы,-гі (бұралқы, жинақы, күлдіргі);-ыр, ір,-ар,-ер (жалтыр, сылбыр, болбыр, шымыр, былжыр);-у (жарау, жадау, баяу, көлбеу);-аған,-еген(тебеген, сүзеген, алаған);-ын,-ін(ортан, бүтін, ұзын);-қалақ, -келек (сасқалақ, ұшқалақ);-алақ,-елек(еңкелек, қаңғалақ);-анақ (сұғанақ, шығанақ); -ғылықты,-гілікті (жеткілікті, тұрғылықты, жергілікті);-мсақ,-мсек (сұрамсақ, тілемсек, берімсек).
Бақылау сұрақтары:
1. Қазақ тіл білімінде сын есімнің зерттелуі.
2. Сын есімнің мағынасы, морфологиялық белгісі және қызметі.
3. Сапалық сын есімдер, құрамы, мағынасы.
4 .Қатыстық сын есімдер, ерекшелігі, құрамы, мағынасы.
5. Жалаң және күрделі сын есімдер.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Қазақ грамматикасы . – Астана .2002.
2. А.Ысқақов .Қазіргі қазақ тілі. – Алматы:Ана тілі. 1991 .
3. С.Исаев.Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты.-Алматы : Рауан , 1998.
4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.
5. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы . – Алматы. 2007.
6. Момынова Б., Саткенова Ж. Қазақ тілінің морфологиясы. Есімдер. – Алматы: Арыс, 2007.
7. Сыздыкова Г. Қазіргі қазақ тілі морфологиясы. –Алматы, 2012
Достарыңызбен бөлісу: |