Мұсаева Н. Р. Философия пәнінен студенттердің өзіндік жұмысына арналған әдістемелік құрал Шымкент-2008



Дата08.07.2016
өлшемі244.73 Kb.
#184530



Мұсаева Н.Р.

Философия пәнінен студенттердің өзіндік жұмысына арналған

әдістемелік құрал

Шымкент-2008

Ф.4.7-008-03
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

«Философия» кафедрасы


Философия пәнінен студенттердің өзіндік жұмысына арналған

әдістемелік құрал

Шымкент-2008

УДК 370.187

Құрастырушы: ф.ғ.д., проф.Мұсаева Н.Р.

Философия пәні бойынша студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру бойынша әдістемелік құрал. –Шымкент, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, 2008

Әдістемелік құрал оқу жоспарының және «Философия» пән бағдарламасының талаптарына сай құрастырылып, құрамына СӨЖ орындау үшін қажетті барлық мәліметтерді қамтиды.


Әдістемелік құралда студенттің өзіндік жұмыстарын сапалы ұйымдастыруға оқытушы міндеттері баяндалған.
Қысқаша аннотация.

Пікір жазғандар: ф.ғ.к., доцент Сулейменов Т.А.

ОҚМУ доценті

ф.ғ.к., доцент Арынғазиева Б.Б.

ХҚТУ доценті

«Философия» кафедрасының мәжілісінде қарастырылды және баспаға ұсынылды (№ ______хаттама «_____»________200__ ж)


«Заңтану және Халықаралық қатынастар» институт комиссиясы

(№ ______хаттама «_____»________200__ ж)


Баспаға М.Ауезов атындағы ОҚМУ-дың Әдістемелік Кеңесі ұсынған

№ _____ хаттама «____» _____________ 2008 ж.

© Мұсаева Н.Р.

М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, 2009

Алғы сөз

Білім алу процесі - өте күрделі және ұдайылықты, тиянақтылықты жүйелілікті қажет ететін ерекше іс-әрекет түрі. Мұнда адам болмысының барлық мүмкіндіктері қозғалысқа келіп, жан-жақты пайдаланылуы қажет.

Қазір біз ерекше әлеуметтік-тарихи, мәдени жағдайда өмір сүрудеміз. Дүрбелеңге толы, жүрдек, ақпараттар ағыны мен виртуалды әлем қанат жайып отырған жаңа әлемде білім алудың жаңа технологиялары мен тың жолдары пайда болуда. Бірақ ешқандай жаңа технологиялар мен тың әдістер адамның өзіндік іздену, ойлану, білімді игеру жұмыстарының орнын баса алмайды. Тек белсенді өзіндік іс-әрекет нәтижесінде ғана білім мен дағдыны меңгеруге және жаңа білімге деген шығармашылық ізденімпаздық қасиеттерді бекітуге болады.

Студенттерді болашақ мамандыққа дайындауға, сонымен қатар, болашақ маманның шығармашылық сапасын кәсіби дағдының негізінде қалыптастыруға аудиториядан тыс жұмыстардың қосар үлесі өте жоғары.

Оқытушыдан көп ізденіс пен дайындықты қажет ететін жұмыстың түрі - студенттердің өзіндік жұмысы. Кредит технологиясымен оқытуда білімді игерудің негізгі салмағы студенттердің өзіндік жұмысына түседі (Оқу уақытының 70%)

Ол пәрменді, пайдалы болу үшін оқытушы жағынан көптеген ұйымдастырушылық шаралар мен ақыл – кеңестер жасалуы қажет.

Ең алдымен, студенттердің интеллектуалдық өресін кеңейтуге, өзін - өзін дамытуға, мінезін тәрбиелеуге, өзін - өзін көрсетуге, ашуға бағытталған қызықты, жақсы тақырыптар тізбесі жасалуы қажет. Философия пәнінің кез-келген тақырыбы бұл талапқа жауап бере алады.

Студенттердің өзіндік жұмысының бастапқы мақсаты - өз бетімен білім алу дағдыларын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту, алған білімдерін іс жүзінде пайдалана білуге үйрету.

Философия пәнінде студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру кітаппен, тарихи көздермен, конспект, тезис, реферат, жоспар, әр түрлі кестелермен жұмыс істей білуді және оларды өзі жасай білуден басталады.

Өзіндік жұмыс, оны дайындаудағы ізденістер материалды бекітуге, тереңдетуге жағдай жасайды, оқытушының көмегінсіз алғашқы түйіндерді, қорытындыларды жасауға үйретеді.

Студентке өзіндік жұмыс тапсырмаларын беру үшін алдымен олардың қабілетін, оқуға ынтасын анықтап алып, сол даму деңгейіне сай жұмыстарды беру қажет.

Жалпы адамдардың танымдық іс - әрекетінің мүмкіндіктері жасына, табиғи қабілетінің, тәрбиесінің деңгейіне қарай әр түрлі болуы мүмкін. Кейбір студенттің мектептен алған білімі сапалы болғандықтан ұсынған тапсырманы бірден алып кетуі, екінші біреуі жайбырақаттық, немқұрайдылық танытуы мүмкін.

Өзіндік жұмыстардың өзі де әртүрлі сипатта болады.

1.Репродуктивтік жұмыстар: дайын дерек көздерін пайдаланып диаграммалар, кестелер жасау.

2.Реконструктивтік жұмыстар: өз бетімен жоспар құру, реферат, тезис, аңдатта, курстық жұмыс жазудан тұрады.

3.Шығармашылық жұмыс: өзіндік талдау, жаңа дерек көздерін игеру, оны орындау. Белгілі тақырып бойынша библиографиялық анықтама дайындау да осыған жатады.

Шығармашылық сипаттағы жұмыстардың арасынан студенттік ғылыми баяндамалар таңдап, оны шын мәніндегі ғылыми зерттеуге айналдыруға болады.

Мұндай күрделі тапсырмаларды кез келген топтың студенттері орындай алмайды. Сондықтан оқытушы өзі сабақ беретін топтардың мүмкіндігін біліп отыруы қажет.

Оқытушы да, студент те кез келген білімнің негізі оқулықтан басталатынын білгені жөн. Философия пәнінің оқытушысы осы уақытқа дейін жарық көрген оқулықтардың бәрінің сапасы мен сұрақтарды баяндау деңгейін біліп отыруы қажет. Жақсы баяндалғанын оқытушы білуге міндетті.

Кредит технологиясымен оқыту бірінші курс студенттерінен басталатындықтан оқытушы оған оқулық туралы жан – жақты мәлімет беріп, оны тиімді пайдаланудың жолын көрсетуі тиіс.

Оқытушының оқулықты пайдалану тұралы кеңестері мынадай сипатта болғаны орынды:

- берілген тапсырмаларға қатысы бар тақырыпты оқулықтан тауып алып, мұқият оқып шығыңыз.

- өзіңізге түсініксіз жаңа сөздерді ерекше бөлініз:

- олардың мәнін анықтау үшін сөздік немесе басқаша материалды пайдаланыңыз.

- түсініксіз сөздердің мәнін анықтауда ешнәрсе көмектеспеген жағдайда оны дәптерге жазып, оқытушының айтып беруін өтініңіз.

Берілген тақырыптың негізгі идеясы мен оқиғаларын фактілерін анықтап олардың өткен тақырыппен байланысы, ұқсастығы тұралы ойланып көріңіз. Оқыған материял төңірегінде өзіндік жоспар жасап көріңіз, оның мазмұнын өзініздің жеке тәжірибеңізбен байланыстыруға тырысыңыз.

Осындай маңызды бірнеше қадам сіздің оқыған, естіген ақпаратыңызды өз болмысыңыз үшін пайдалы және таптырмайтын етеді.

Жоспар құру оңай жұмыс емес. Оқытушы бұл бағыттағы студенттің әрбір қадамын құптап мақұлдап, қолдау көрсетуі тиіс. Студенттердің өзіндік жұмысының ең кұрделі түрі – реферат.

Реферат жазу үшін оқулық жеткіліксіз. Өйткені оқулық кез келген тақырып туралы тек жалпы және негізгі мәліметті ғана бере алады.

Оны тереңдету үшін яғни кез келген тақырыпты жан – жақты оқып үйрену үшін қосымша материалды іздестіру қажет. Ғылыми журналдағы мақалалар және ғалымдардың монографиялық енбектері, әртүрлі сараптамалардың нәтижелері, сөздіктер мен анықтама көздері.

Реферат күрделі жұмыс болғандықтан, онда міндетті түрде жоспар болуы керек. Жоспар қойылған тақырыптың мағынасын тереңдетуге бағыталған ізденістерді көрсетеді. Өйткені рефератты жазу кезінде автор онда анықталған сұрақтарға жауап іздеуге тырысады. Басқа авторлардың материалын пайдалану цитаталар немесе баяндау арқылы жұзеге асырылады.

Цитата немесе баяндауды пайдалануда міндетті түрде сілтеме жасалып, негізгі анықтама көзі көрсетіледі.

Реферат автордың қысқаша қорытындысымен аяқталады. Соңында міндетті түрде пайдаланылған әдебиеттердің тізімі келтіріледі.

Оқытушы негізгі оқулықтардан басқа философияға қатысы бар материялдарды біліп отыруға міндетті. Осы мақсатта Қазақстан мен Ресейде жарық көретін негізгі басылымдарды әрдайым қарап, ондағы маңызды материялдарды назарына алып отыруы қажет.

Қазақстанда «Тамыр», «Ақиқат», «Евразия», «Таң Шолпан», «Мысль», және әр түрлі оқу орыңдарының «Хабаршылары», ал Ресейде «Вопросы философии», «Философские науки», «Социально – политические науки» сияқты басылымдар шығады.

Соңғы кездері оқу процесінде дәстұрлі оқытумен қатар инновациялық технологиялар да кеңінен қолданылады.

Оқу процесінің дәстүрлі және инновациялық тәсілдері оқытушының дайындығының жоғары болғанын қажет етеді. Заманның жаңа талабына сай болу үшін оқытушыға біраз тер төгіп, жұмыс істеуіне тура келеді.

Қазіргі ғылыми – методикалық ізденістердің бағыт – бағдарын есепке ала отырып, мынадай талаптарды орындау қажет:



  • оқытушы үлкен қарқында жұмыс істеуге тиіс.

  • педагогикалық қызметке сүйіспеншілік.

  • өзінің іс- әрекетін бағалауға психологиялық дайындығы.

  • өзінің іс - әрекетінің нәтижесі үшін жауапкершілік сезімі

  • кәсіптік деңгейін көтеруге ұмтылыс

  • ішкі жан дүниесінің тазалығы

- студенттерге әруақытта, кез келген жағдайда көмек беруге дайындығы.

Кредит технологиясымен оқыту жұйесі оқытушыдан көп ізденісті, жан – жақты дайындықты қажет етеді.

Әрбір сабаққа оқытушы оны жан - жақты түсіндіруге, ұғындыруға жағдай жасайтын құралдар мен методикалық көмекші жабдықтар жиынтығын дайындайды.

Онда теориялық мәліметтер, қосымша материалдар болады. Яғни, өтілетін тақырып жан – жақты сан қырынан ежіктелген, сабақтын әрбір минуты бос болмауы тиіс.

Әдетте пәнді оқыту бір – екі оқулық, бір екі көмекші оқу құралымен шектелсе, қазіргі инновациялық технологияда білім, ақпарат көздері, әр қиыннан кең қамтылады.

Әрине, бұл талап оқытушыдан ұдайы дайындықты, ізденісті қажет етеді.

Үлгі бойынша өзіндік жұмыстарға мыналар жатады: типтік мәселелерді шешу, мысалдар құру, үлгі негізінде әртүрлі жаттығуларды орындау; мәтіндегі дайын жауапты табу, қарапайым жоспар жасау, оқу материалын ауызша, жазбаша безендіру және қалыптасқан үлгі мен мысал негізінде өңдеу; байқау өткізу, лабораториялық жұмыс және тәсіл үлгісі және әдістемелік нұсқау көрсеткіштерін оқытушылардың көмегімен жүргізу; жеке пәнді талдау және оның бөлімдерін және инструкция негізінде жүзеге асыру; өзіндік жұмыстың негізгі мақсаты – берілген жаңа фактіні белгілі түсінік негізінде білу, еске түсіру, ерекшеліктерін үлгі барысында нақтылау.

Өзіндік жұмыстың жалпы жетістіктері: студенттің жоғары белсенділігі, өз-өзімен болуы; оқу материалын өңдеуге даралық қасиеттерінің болуы.

Студенттердің өзіндік жұмыстарының деңгейлері: ұсынылған ақпаратты қабылдау және сақтауға, студент іс-әрекетін тыңдауға бағыттау; оқытушының ұсынған және өзінің жинақтаған мәліметін талдауға студент іс-әрекетін бағалау; ғылымның әртүрлі салаларын оқытуда өзіндік мақсат пен дағдыны қолдана отырып, нәтижеге қол жеткізу; студент қайта білім алу сәйкессіздіктерін ғылымның өзіндік жалпылау және іздеу жолдарын меңгеру мақсатында оқытушылардың ұсыныстарын пайдалануы тиіс.

Жоғары оқу орындарында кредиттік технология жүйесінде студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруда келесі міндеттерді жүзеге асыру қажет:

- білім алушыларды оқу-әдістемелік құралдармен және әрбір пән бойынша анықтама материалдарымен қамтамасыз ету қажет;

- кредиттік технология жүйесіндегі студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру бағыттарының орындалу сапасын қадағалау;

- студенттің өзіндік жұмысын бақылау формаларын нақтылау;

- студенттердің өздігінен білім алуы мен шығармашылықтарын бағалау және жарнама ету;

- студент және оқытушы байланыс жүйесін қалыптастыру.

Студенттің өзіндік жұмыстарының табысты болуының негіздері лекция мен семинар сабақтарынан басталады.

Ең алдымен, лекцияға тиянақты, жүйелі дайындалу қажет. Аудиторияға лекцияның мәтінін алып кіру міндетті.

Лекция мәтіні екі түрлі болуы мүмкін:



  1. лекцияда қарастырылатын мәселе төңірегіндегі материалдар түгел егжей – тегжей баяндалады.

  2. лекцияның мәтіні қысқа, бірақ негізгі мәселелерді қамтиды.

Екі жағдайдайда да лекцияның нақты белгіленген жоспары, алдын ала ойластырылған жүйелік құрылымы болуы қажет. Бір мәселе мен екінші мәселенің өзара қиыстырылуы лекцияның танымдық мүмкіндігін кеңейтеді.

Оқылатын тақырыпқа байланысты негізгі ұғымдар түсінікті әрі нақты түрде берілуі қажет! Мұны оқытушы әруақытта есінде ұстағаны жөн.

Сонымен қатар, лекция пәннің әрбір тақырыбын жеткілікті көлемде қорытындылап, келесі мәселеге қисынды өтуге негіз салынады. Тыңдаушы бір маңызды мәселеден екінші маңызды мәселе туындап отыратынына көз жеткізуі тиіс.

Тақырыптың қиындық деңгейіне байланысты кейбір мәселелер туралы библиографиялық анықтама беріп отырған пайдалы. Таңдаушылардың қүрамы күшті студенттерден тұратын болса, әрбір тақырыптың соңында қосымша ғылыми әдебиеттерді хабарлап отыру өзінің оң ықпалын тигізеді.

Лекция оқу оңай жұмыс емес. Әркім өз тәжірибесі арқылы өседі, жетіледі. Әркім өз тұлғасының мүмкіндігінше лекция оқиды. Дегенмен, барлық лекция оқитындар үшін бұлжымас бір ереже немесе талап бар: ол әруақытта дайындалып бару керектігі.

Қазіргі уақытта лекциялардың түрлері туралы көптеген методикалық әдебиеттер мен құрал жинақталған. Солардың негізгілерімен танысуды ұсынамыз.

Студенттермен жұмыс істегенде үлкен ізденісті, тиянақтылықты қажет ететін оқу – тәрбие жұмысының бір түрі – семинар сабағын жүргізу.

Лекция көп жағдайда бір адамның шығармашылығы, кез келген лекцияны диалогқа айналдыру мүмкін емес.

Ал семинар сабағы – диалогқа негізделген сабақтың түрі. Осы сабақта студент алған білімін бекітеді, өзі іздестірген, оқыған түсініктерін, ұғымдарын көпшіліктің назарына ұсынады. Семинардың пәрменді, қызықты болуы оқытушының ұйымдастырушылық қабілетімен тығыз байланысты. Семинар қызықты болу үшін мынадай дайындық жұмыстары істелуі керек:

а) Тақырыпты жан – жақты қамтыған жоспар құру;

в) Тақырыптағы студент игеруге міндетті ұғымдар, заңдылықтарды игерудің жолын қарастыру;

с) Тақырыптың жеке адам мен қоғам өмірімен байланыстылығы немесе оның практикалық маңыздылығына мән беру.

Жоспар қарапайым және күрделі болады. Қарапайым жоспар әдетте бірнеше маңызды сұрақты ғана қамтиды. Соған жауап іздестіріледі. Осы төңірегенде баяндама, рефераттар жазу ұсынылады.

Ал күрделі жоспарлар тақырыптың барлық қырын қамтиды, ондағы қойылған мәселе жан – жақты талданады, негізгі және қосалқы ұғымдар мен заңдылықтар бірдей қарастырылады. Бір сұрақтын өзі бірнеше нақтылау сұрақтарына бөлініп кетеді. Нақтылаудың, анықтаудың тереңдей түсуіне байланысты оған жауап беру де қиындай түседі. Яғни жеңіл – желпі жауап бере салу аздық етеді.

Мысалы, жоспар бойынша 5-тақырып «Софистика, схоластика және диалектиканы салыстырмалы талдау» деп аталады:

1.Софистика, схоластика, диалектика ұғымдарының мәні

2.Софистика, схоластика, диалектика ойлау стилі ретінде

3.Софистика, схоластика, диалектика әдіс ретінде

Бұл қарапайым жоспар. Мұнда айтылған ұғымдардың негізгі атқаратын танымдық қызметі, мәні мен мағынасы қарастырылған.

Ал енді осы тақырыпқа күрделі жоспар жасап көрейік:

1.Софистика ұғымының мәні, оның пайда болған уақыты.

2.Софистиканың жетістігі мен кемшілігі

3.Софистиканы дамытқан философтар, олардың қоғамдағы ролі.

4.Схоластика ұғымының мәні, оның пайда болған уақыты мен қалыптасу ерекшеліктері

5.Схоластикалық ойлаудың ерекшелігі

6.Схоластиканың жетілген формалары

7.Диалектика ұғымының пайда болуы

8.Диалектиканың тарихи типтері

9.Қазіргі замандағы диалектикалық ізденістер

10.Диалектика және диалогика. Күрделі жоспар семинарда талқыланатын тақырыпты жан-жақты қамтиды.

Студенттердің семинар сабақтарына шығармашылық сипат беру және оны қызықты, тартымды өткізу де оқытушының біліктілігі мен жауапкершілігіне байланысты. Дегенмен, бірнеше жолдарды атауға болады:

А) семинарда талқылайтын сұрақ түралы оқулықтан тыс қосымша әдебиетті іздестіруді ұсыну.

Б) талқыланатын мәселе туралы әдебиеттердің библиографиясын дайындау:

В) мәселенің бір қыры жөнінде тереңірек жақсы іздестірілген баяндама тыңдау және оны талдау.

Е) студенттің сұраққа жауап іздеу іс - әрекеті ғылыми – зерттеуге алмасып отыруын қадағалау.

Әрине, соңғы тәсіл өте қажет, бірақ өкінішке орай өте сирек іске асырылады. Өйткені философия негізгі пән болмағандықтан, кез келген студенттен оған терең дайындауды талап ете алмаймыз.

Студенттердің семинар сабағына дайындауға қызығуын тудыруың бір пәрменді жолы – семинарды жүргізуді олардың өздеріне тапсыру. Дайындығы күшті студенттер оқитын топтарда өздерінің әріптестері өткізетін семинар сабақтарына жоғары ынталық пен атсалысатындар көптеп табылады.

Философия курсы 2 бөлімнен тұрады:

Бірінші бөлім - философия тарихы.

Екінші бөлім – философия теориясы.

Философиялық емес мамандықтарға арналған оқу жоспарында философия тарихы жеке адамдар, ойшылдардың шығармашылығы тұрғысынан емес, әртүрлі дәуірлер, аймақтар сипаты есепке алынатын болғандықтан оған қызығушылық туғызу сол дәуірдің ерекшелігімен тығыз байланыстырылуы қажет:



  • Бұл қандай дәуір? Оның жалпы сипаты қандай?

  • Бұл дәуірде қандай мәселелер алдыңғы қатарға шығуы мүмкін?

  • Бұл аймақтарда дамудың қандай ерекшеліктері бар.

  • бұл аймақта философиялық мәселелер қай тұрпатта қойылуы мүмкін.

  • Осы дәуірде өмір сүрген атақты ойшылды ерекшелеңіз?

  • Оның қандай ізденістері мен толғаныстары бүкіл дәуірдің сипатына айналады?

Философия теориясының қиын абстрактілі сұрақтарын қарапайым түсініктермен салыстыра отырып, тереңдете оқытуға болады.

Мысалы: бір тұтам, арқан бойы, бір шақырым, бір елі, иненің көзіндей, қас пен көздің арасындай «алақандай», «бір күншілік жер», «алты айшылық жер», жер түбі- осы сияқты түсініктер философияның қай ұғымының мағынасын көрсетеді. Сол сияқты уақытты түсіндіретін сөздерді тауып алуға болады: «тәулік, апта», «ай», «жыл».

Семинарлар – студенттерді еңбек сүйгіштікке тәрбиелеудің әдісі. Сонымен қатар, ол студенттердің білім беру сапасын бақылаудың бір түрі.

Студенттердің семинар сабақтарына дайындалуы кафедрада жасалған семинар сабақтарының жоспарларына, бақылау сұрақтарына, реферат, эссе, дебат, жискуссия тақырыптарына, СӨЖ-тапсырмаларына негізделеді.

Оқытушы студентті сабаққа дұрыс дайындалуға үйретеді, ол мынадай жұмыстардың ретінен тұрады.

- семинар жоспарының мазмұнымен мұқият танысып шығу;

- белгіленген тақырып бойынша тыңдаған лекцияның конспектісін оқып шығу;

- ұсынылған түпнұсқаларды оқып шығу;

- қосымша әдебиетпен танысып шығу;

- семинарда беретін жауаптың жоспарын құрастыру.

Студенттердің өзіндік жұмысын бақылаудың бір формасы студенттермен жеке сұхбат жүргізу. Сұхбат барысында әр студенттің тұлғалық ерекшеліктері мен қабілеттері, өзіндік жұмысты жасау деңгейі анықталады.

Оқу процесінің маңызды элементі – аралық және қорытынды бақылау.

Оқытушы семестрдің басында студенттерді тапсырмаларды орындау және тапсыру түрлерімен, мерзімімен таныстыруы керек.

Аралық тапсырмаға дайындалу студенттердің өзіндік жұмысының маңызды бөлімі. Аралық тапсырма ретінде бақылау жұмыстарын жазу, практикалық тапсырмаларды орындау, реферат, эссе жазуды ұсынуға болады.


Философия пәнінде екі модуль бар.

1-модуль. Философия тарихындағы ағымдар мен әртүрлі бағыттарды баяндайды. Тарихи көзқарас тұрғысынан маңызды философиялық идеялардың туындау, қалыптасу, өсіп-өрбу заңдылықтарын түсіндіреді. Кез-келген философиялық ұғымның мәдени-тарихи негізі бар. Оқытушы әр ұғымның пайда болуына себеп болған даму архетиптерін студент назарына ұсынуға міндетті.

1.1-1.2 Философияны түсіндірудің әртүрлі типтері және оның дүниетаныммен байланысы туралы әңгіме қозғалады. Философияның мәдени-тарихи сипаты түсіндіріледі.

Реферат «Дүниетанымның қоғамдық-тарихи сипаты» тақырыбында ұсынылады.

Студент өз рефератында дүниеге қатынас және дүниетаным ұғымдарының мәнін ашып, оның философиямен байланысын көрсетуі тиіс. Философиянық дүниетанымның тарихи үшінші формасы екендігі де студент назарынан тыс қалмауы тиіс.

Бұл тақырып аясында:

Философия және философ

Философия және өнер

Философия және дін туралы эссе жазуға болады.

1.3-1.4 «Шығыс мәдениетіндегі философия феномені» тақырыбы бойынша Даосизмнің негізгі идеяларының мәні, Көне Үнді философиясы, оның ерекшелігі, сипатталады, негізгі мектептері, моральдық принциптері мәселелері туралы реферат жазу ұсынылған.

Көне Үнді мәдениеті үшін аса маңызды сансара, карма, реникарнация, дхарма ұғымдарының мәнін игеріп, ведалар мен упанишадтың мағынасына назар аудару қажет. Буддизм мен жайнизм философиясының негізгі ұстанымдарын білу арқылы ведаларға сүйенген негізгі философиялық бағыттардың мәнін түсінуге болады.

Көне Қытай философиясын оқып-үйрену барысында студент Қытай халқының өркениеттік құндылықтарының ойлау мәдениетінің ерекшелігін игере отырып, онда қалыптасқан негізгі ұғымдар жүйесіне мән беруі міндетті.

Рефератта Көне Қытай философиясының ци, дэ, ли, чжень, сяо, Дао, инь мен Ян, у-вэй ұғымдарының мәнін ашып, Конфуций мен Лао-Цзы философиялық жүйелерінің әлеуметтік-этикалық сипатын көрсетуі қажет.

Көне Үнді философиясы мен Көне Қытай мәдениетін салыстыра оқуда өз жемісін береді.

Эссенің тақырыбы: Лао-Цзы мен Конфуций ілімдерінің айырмашылығы деп аталады.

1.5 Ұсынылатын реферат тақырыптары «Антикалық философияның ерекшеліктері Платонның идея, эйдос, зат туралы түсініктері», «Антикалық философияның жалпы сипаты», «Алғашқы грек философтары еңбегінің маңызы».

Эссе тақырыптары «Аристотельше философиялық ойлаудың ерекшелігі» Сократтың өмір жолы мен тұлғалық қасиеттері.

Реферат жазу барысында антикалық философияның ерекшеліктері анықталып, оның космоцентристік сипаты аясында негізгі философиялық мәселелерін аша отырып, әлемнің түпнегізін іздестіру, оның құрылымын, оған адамның қарым-қатынасын түсіндіру қажет.

Антикалық философияның шоқтығы биік өкілдері Сократ, Платон, Аристотель шығармашылығына студенттердің назарын аудару қажет.

1.6 Реферат тақырыптары: «Патристиканың философиялық ілім ретіндегі ерекшеліктері», «Августин философиясының өзекті идеясы», «Ортағасырлық схоластика ұғымының мәні», «Сенім мен ақылдың өзара қарым-қатынасының ортағасырлық философия үшін өзекті мәселеге айналуының себептері». Эссе тақырыптары: Фома Аквинскийдің білім мен сенім туралы ойлары. «Діни сенім және сенім», «Сенім туралы не ойлайсыз?».

Реферат жазу барысында студент – Орта ғасырлық әлем мен философияның негізгі мәселелерін анықтап, оның космоцентристік, антропоцентристік, теоцентристік сипатын көрсетуі және пантеизм, деизм реализм мен номинализм, концептуализм бағыттарының мәнін ашуы қажет.

Сонымен қатар, осы философиялық жүйелерде пісіп жетілген креационистік, агностикалық, символдық, провиденциалдық, сыр ашу, аян беру идеяларын түсіну арқылы теизм, томизм, эсхатологияның мәніне көңіл аударуы қажет.

1.7 Реферат тақырыптары: «Ортағасырдағы арабтілді философтар қарастырған мәселелер сипаты», «Калам ағымының мәні».

Эссе тақырыптары: «Ортағасырлық арабтілді философияның гүлденуінің себептері». «Сопы – бұл өмірде бар ма, жоқ па», «Ортағасырлардағы араб философиясы мен мәдениетінің ерекшелігін» ескере отырып, ондағы философиялық мәселелердің сипатын анықтау барысында екі маңызды факторды есепке алу орынды: біріншіден, ислам діні мен ғылымның арақатынасы, философтардың қоғамдағы статусы, жаратылыстану ғылымдарындағы көрнекті табыстар; екіншіден, антикалық философия мен дәстүрдің ықпалы. Осы екі алғышарт араб-мұсылман философиясын алға жылжытты, оның аясында әл-Фараби сияқты алып ойшыл пісіп жетілді. Оның «Игілікті қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегі қазіргі мәдениет үшін де өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ.

1.8 Реферат тақырыптары: «Қайта Өркендеу дәуірі мәдениетінің негізгі сипаттары», «Қайта Өркендеу дәуірінде гуманизмнің туындауының алғышарттары».

Эссе тақырыптары: «Қайта Өркендеу дәуірінде шығармашылық тұлға культының сипаты», «Гуманизм идеясының мәні».

Бұл дәуірдің «Қайта Өркендеу» деп аталуының себебін түсіндіріп, студенттің бұл дәуірдің антропоцентристік, пантеистік сипатын игеруі қажеттілігіне назар аудару орынды. Қандай дәстүрлер қайта жаңғырғанын да естен шығармай, ортағасыр батыс европа философиясымен салыстыру да өз жемісін беретіні сөзсіз.

1.9 Реферат тақырыптары: «Жаңа дәуір мәдениетінің рационалдық табиғаты», «Декарттың мен ойлаймын, яғни мен өмір сүремін» деген пікірінің методикалық мәні, «Декарт методының негізгі идеялары».

Жаңа дәуір философиясының өзекті мәселесі болған білімнің туындауы төңірегіндегі сенсуализм, рационализм, эмпиризм сияқты ізденістерді жан-жақты қарастыра отырып, осы уақыттағы философиялық рефлексияларды игеру қажет.

10 Реферат тақырыптары: «Канттың трансцендентальді субъект ұғымының мәні», «Кант өзіндік заттардың ғылыми танымға тәуелсіздігі туралы», «Гегель философиясының ерекшелігі», «Гегель ақылдың әлемді басқаруы туралы».

Эссе тақырыптары: «Гегельдің ақыл туралы ойлары», «Даму және тарихилық», «Абсолютті идеяның орны».

Осы мәселелерді қарастыра отырып, студент неміс философиясының адамзат тарихындағы ролін айқындай алады.

1.11 Реферат тақырыптары: «Марксизм философиясының табысы мен кемшіліктері», «Позитивизмнің негізгі ерекшеліктері».

1.12 Реферат тақырыптары: «Бүкіл бірлік философиясының мәні», «Орыс философиясының даму кезеңдерінің ерекшеліктері», «Славянофильдер философиясы», «Славянофильдер мен батысшылдар философиясының негізгі ерекшеліктері», «Н.Я.Данилевскийдің мәдени-тарихи концепциясының мәні», «Космизмнің негізгі идеялары», «Н.Я.Бердяев философиясының негізгі ерекшеліктері».

ХІХ ғасырда, ХХ ғасырдың бас кезінде орыс философиясында космизм, антропологиялық материализм, прагматизм, экзистенциализм, интуитивизм, славяншылдар, діни философия, марксизм, өмір философиясы дамыды.

Студент рефераттарды дайындау барысында орыс мәдениетіндегі философияның жағдайына назар салып, оның негіздік ұғымдарын игеруі керек.

1.13-1.14 Реферат тақырыптары: «Қазақ философиясының ерекшеліктері», «Көшпенді өмір салты қазақтардың ойлау мәдениетінің негізі ретінде», «Қазақ философиясының экзистенциалды табиғаты», «Қазақ фольклорының ерекшелігі», «Қазақ мәдениетіндегі зороастризм үлгілері», «Жыраулар шығармашылығындағы философиялық сарындар», «Сопылық дәстүр, оның қазақ философиясына әсері», «Қазақ философиясының 15-18 ғасырлардағы дамуы», «Қазақ философиясының 19-20 ғғ. даму ерекшеліктері», «Абайдың адамгершілік философиясы».

Эссе тақырыптары: терме, айтыстың философиялық мәні.

Осы тақырыптар төңірегінде іздене отырып, студенттер қазақ философиясының антропологиялық, экзистенциалдық, гуманистік сипатын игереді. Оған ерекше рең, өзіндік келбет сыйлайтын құндылықтарды түсіне алатын болады.

2.15 Реферат тақырыптары. «ХІХ ғғ.аяғы мен ХХ ғ.тіл, сана, қарым-қатынас мәселелерінің өзекті болуының себептері». Анатиликалық философиядағы тіршілік ету мәселесінің қойылу сипаты, «Р.Ницше мәдениеттің дионисийлік және аполлондық бастаулары ұғымдарының мәні», «Герменевтика мен феноменология философиялық ағымдар ретінде».

Бұл рефераттарды жазу барысында ХХ ғасырда философияда пайда болған проблемалық бетбұрыстарды түсіндіруі қажет.

Классикалық және классикалық емес философиялық ұстанымдарды салыстыру барысында ХХ ғасырда қарқынды дамыған неопозитивизм, постпозитивизм, постмодернизм, психоанализ философиясының ерекшеліктері анықталады.

2-модуль. Философияның негізгі мәселелері

2.16-2.17 Реферат тақырыбы: «Болмыс ұғымының мәні», «Материя мен болмыс ұғымының ұқсастығы мен айырмашылығы», «Болмыс туралы философиялық ілімнің мәні».

Бұл тақырыптар философияның негізгі сұрағының бірінші бөлімін қамтиды және әлем құрылымының маңызды қабаттарына бойлайды.

Ерекше назар аударып ойланатын сұрақтар болмыс пен материя, қозғалыс, кеңістік пен уақыт ұғымдары. Осы ұғымдарды талқылаудағы негізгі ұстанымдардың өзгеруі мен дамуына назар аудару қажет.

2.18-2.19 Рефераттар тақырыптары: «Адамның шығуы туралы көзқарастар», «Адамдағы биологиялық пен әлеуметтік қарым-қатынасы тұлға, пенде, адам», «Кибернетикалық машина және адам». «Сананың қалыптасуы мен дамуындағы тілдің маңызы», «Жануарлар психикасы мен адам санасының айырмашылығы», «Бейсаналық ұғымының мәні».

Эссе тақырыптары: Сана және сезімдер әлемі.

Бейсаналық пен шығармашылық.

Бұл тақырыптарды оқыту барысында адамның ақылды тіршілік иесі ретіндегі қасиеттері сезімталдық, ақыл-парасат, қозғыштық, әлеуметтік белсенділігі, рефлексивтілігі, таптырмайтын ерекшелігі, біртұтастығы, еңбек құралдарын жасау қабілетін жан-жақты қарастырып, студент назарын соларға аудару қажет.

Өлім, күлкі, ұят, ақиқат, өмір, психика, махаббат, еңбек, еркіндік, бақыт сияқты ұғымдар да назардан тыс қалмау қажет.

2.20 Рефераттар тақырыбы: «Қоғам ұғымының мәні», «Қоғамның дамуындағы географиялық ортаның орны», «Қоғамның дамуындағы халықтың өсіп өркендеуінің орны», «Қоғам өміріндегі материалдық өндірістің мәні», «Ашық қоғам, жабық қоғам ұғымдарының мәні», «Халық пен ұлыс ұғымдарының арасындағы айырмашылық».

Эссенің тақырыбы: «Тоталитаризмнің мәні», «Қоғамның рухани дамуы туралы не ойлайсыз».

Бұл тақырыптар әлеуметтік философияны түсіндіруге бағытталған. Қазіргі әлеуметтік философияда тың ұғымдар мен өлшемдер пайда болды және дәстүрлі мәселелерді түсіндіру методологиясы өзгеріске ұшырады. Оқытушы осы маңызды факторларды еске алуы қажет.

Әлеуметтік мобилділік ұғымына, әлеуметтік динамиканың маңызды факторлары діни көзқарастардың сипатына, географиялық ортаға, экономикалық даму сипатына, демографиялық факторға, ғарыштық оқиғалар циклына, ұлттық мәдениет пен менталитет мәселелеріне мұқият назар аударыңыз. Қоғамдық сана мен рухани өмір ұғымдарының қарым-қатынасын анықтаңыз.

2.21 Рефераттар тақырыбы: «Мәдениет және табиғат», «Мәдениет пен өркениет», «Мәдениет және тіл», «Жастар субмәдениеті».

Эссе тақырыптары: «Бұқаралық мәдениет», «Бұқаралық ақпарат көздерінің маңызы».

Мәдениеттің құрылымына, психологиялық, әлеуметтік негіздеріне назар аударыңыз.қоғамның өркениеттік негіздерін қарастырып, мәдениет пен өркениет диалектикасын анықтаңыз.

2.22 Рефераттар тақырыбы: «Махабат – философиялық талдаудың нысаны ретінде», «Адам және махаббат», «Әртүрлі мәдени дәуірлердегі махаббат бейнесі», «Романтикалық және тән махабаты».

Эссе тақырыптары: «Өмірде махабат бар ма?», «Ана махабаты», «Әке махабаты», «Еркек пен әйел махабаты», «Махаббат пен патриоттық сезімі».

Махабат адам болмысының маңызды қасиеті, оған өзін-өзі қайталауға, із қалдыруына, өсіп-өнуіне мүмкіндік беретін маңызды құбылыс.

Философия махабатты адамның ажырамас атрибуты, мәдени, рухани, әлеуметтік өлшемі ретінде қарастырады.

2.23 Рефераттар тақырыбы: «Дүниеге діни көзқарастң ерекшелігі», «Діннің ерекшелігі», «Дін мен саясат», «Діншілдіктің конфессионалдық формасы», «Конфессиялық диалог мәселесі және діни толеранттылық».

Эссе тақырыптары: «Сіздің дінге көзқарасыңыз қандай?», «Діни сезімнің ерекшеліктері», «Киелі нәрселер туралы, не білесіз?», «Киелі адамдар бар ма?».

Дінді рухани өмірдің маңызды феномені ретінде қарастырып, оның қазіргі уақытта маңызды саяси, мәдени факторға айналғандығын студентке жеткізе отырып, оларға діни танымның негізгі ұғымы Құдайдың, монотеизм, политеизм сияқты бағыттардың мәнін түсіндіру қажет.

2.24 Рефераттар тақырыбы: «Тарихи таным мәселелері», «Тарихи процесс, оның қозғаушы күштері», «Тарихты кезеңдеу мәселесі», «Қазақстан тарихы дилемма алдында».

Эссе тақырыптары: «Дәстүрлік пен модернизм», «Қазіргі уақыт туралы не ойлайсыз», «Тарихи процесс тоқтап қалуы мүмкін бе?».

Тарих философиясы соңғы кезде оқу бағдарламасына енген тың тақырып. Бірақ өте қызықты және қажетті тақырып. Мұны оқыту барысында тарих, тарихи сана, тарихи оқиғаларды бағалау мәселесіне көңіл аудару қажет.

2.25 Рефераттар тақырыбы: «Саясат және әлеуметтік мифология», «Саясат және бұқаралық психология», «Саясат ұғымының мәні», «Либералдық демократияның мәні».

Эссе: «Демократия феномені», «Саясат туралы не ойлайсыз?».

Бұл тақырыптарды оқыту барысында оқытушы саяси сана, саяси мәдениет, қазіргі саясат ерекшеліктері мәселелеріне мұқият назар аударып, республикадағы көпвекторлы саясаттың мәнін ашуы тиіс.

2.26 Реферат тақырыптары: «Даму және білім», «Білім феноменінің мәні», «Тұлға және оқу-білім», «Сұхбат және білім», «Оқу-білімнің аксиологиялық аспектілері».

Эссе: «Білім дегеніміз не?»

Білім философиясын баяндау барысында оқытушы білімнің адамның тұлға айналу процесіндегі орнын көрсетіп, біліммен тығыз байланысқан барлық құндылықтарды баяндауы тиіс.

2.27-2.28 Рефераттар тақырыбы: «Диалектиканың мәні», «Диалектика туралы жалпы түсінік», «Диалектиканың негізгі заңдары», «Диалектиканың заңдарының практикалық мәні».

Эссе: «Даму дегеніміз не?», «Даму мен қозғалыс», «Кері дамуға болам ма?».

Диалектика тарихи тамыры терең, мол дәстүрлі ілім. Оның алғашқы түрлері көне философияда пайда болған. Оқытушының міндеті – осы тарихи дәстүрді жеткізумен қатар диалектиканың практикалық маңызы мен одан туындайтын салдарларды жан-жақты талдап, оның негізгі және негізгі емес заңдарына назар аудару. Диалектиканы әрбір топтың болашақ кәсібімен байланыстыра талдауға мүмкіндік бар.

2.29 Рефераттар тақырыбы: «Таным теориясы», «Гносеология», «Эпистемология ұғымдарының мәні», «Білім мен сенімнің арақатынасы», «Ғылымның шығуы туралы ұстанымдар», «Әдіс туралы түсінік», «Танымның негізгі әдістері», «Философиялық әдістердің сипаты».

Эссе тақырыптары: «Идеал және практика», «Идеал және идол», «Білім және сенім», «Таным және шығармашылық», «Шығармашылық және интуиция».

Оқытушы эпистемологияға байланысты барлық мәселелерді студент назарына ұсынуға міндетті. Білім негізгі іс-әрекет формасы ретінде әртүрлі ракурста көрініс береді. Сезімнің құрылымы өте күрделі. Сезімдік таным, рационалдық таным, түйсік, қабылдау, елес, ұғым, пікір, ой тұжырымы, интуиция – осының бәрін ескере отырып, адам танымының біртұтастығы мен жасампаздық табиғатын ашып көрсету керек.

Практика, оның түрлері мен танымдағы маңызы, ақиқат, оның сипаттары да назардан тыс болмағаны жөн. Бұл тақырыпты да студенттің кәсіби дайындығымен байланыстыруға мүмкіндік бар.

2.30 Рефераттар тақырыбы: «Қазіргі заман ерекшеліктері», «Глобалистиканың мәні», «Рим клубының қызметінің мәні», «Глобалдық мәселелерді зерттеудің негізгі бағыттары», «Футурологиялық мәселенің қалыптасуы».



Эссе тақырыптары: «Экологиялық мәселелерді шешуге сіз үлес қосасыз ба?», «Өзінің туған жерде қандай экологиялық мәселелер бар?», «Жаһандану мен ұлттық бірегейлену мәселесін» студентпен талқылауға толық негіз бар. Жаһандану, бір жағынан, жағымды процесс, өйткені, дүние жүзінде өмір сүріп отырған халықтарды экономикалық, экологиялық, демографиялық мәселелерді шешу жолында біріктіріп, әрекет жолдарын қарастыруға үндейді. Сонымен қатар, жағымсыз жақтары да бар. Көптеген ұлттар өзіндік келбетінен, тілінен, ділінен айрылып қалуы да мүмкін. Әр ұлт өзін-өзі сақтап қалуға ұмтылыс жасауы тиіс. Оқытушы студент санасына осы бағыттарды жеткізуі қажет.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет